«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлері жыл басынан бері шетелдік әріптестерімен бірге бірнеше археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, құнды жәдігерлер қатарын көбейтіп отыр.
Мекеме басшысы Гүлмира Мұхтарованың айтуынша, алғашқы ізденіс жұмыстары Рахат және Өрнек қорымдарында жүзеге асқан. Қазақ-кәріс археологтарының бірлесуімен үш жыл қатарынан үш бірдей Сақ дәуірінің қорғандары қазылыпты. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Сеул ұлттық университетінің тарихи зерттеулер институты, Mahan мәдениеті ғылыми-зерттеу орталығы, Dеhan мәдени құндылықтар институты заманауи технологияларды пайдалана отырып, әуелі Өрнек және Рахат қорымдарының топографиялық жоспарын түсірген. Trimble жабдығы арқылы қолға алынған жұмыстар болашақта ArcGIS геоақпараттық жүйесінде көрініс табатын болады. Осындай заманауи технологияларды ғылыми-зерттеу ісінде пайдалану зерттеу объектілерінің нақты стратиграфиялық сипаттамасын жасауға, ескерткіштерді бөлуге және классификациялауға көмектесетін көрінеді.
Аэрофото түсірілімдердің қолданудың арқасында Рахат және Өрнек ескерткіштерінің 50 сантиметр көлбеу кеңістіктегі топографиялық жоспары және барлық нысанның ортофото жоспары бекітілген. – Ортофото жоспар – аэрофото түсірілімдер және оларды түрлендіру арқылы нақты геодезиялық деректерге негізделген жергілікті жердің фотографиялық жоспары. Осындай әдіспен түрлендірілген аэротүсірілімдер (ортофото түсірілімдер) кез келген ауданның Ортофото жоспарын жасауға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде топографиялық, геологиялық және басқа да жобалық-зерттеу жұмыстары кезінде аэро-фото түсірілім материалдарын қолдану аясын кеңейте түседі, – дейді Гүлмира Мұхтарова. Сонымен, қысқа уақыт ішінде Рахат қорымында (V топ) үлкен көлемдегі жұмыстар атқарылған. Әуелі қорғандардың өсімдік қабаты түсіріліп, осының нәтижесінде бұрындары белгісіз болып келген 15-тен астам үлкенді-кішілі қорғандар анықталған. Олардың арасында ерте Сақ дәуіріне жататын 10 қорған белгілі бір жүйемен орналасқан болса, қалғандары ешбір жүйесіз, бей-берекет орналасқан екен. Өрнек Сақ дәуірінің қорымында барлау жұмыстары жүргізіліп, қалың ағаштың арасында қалған, бұрындары белгісіз болып келген үш бірдей элиталық қорған орны табылыпты. Оған қоса, кәріс мамандары зертханалық жұмыс кезінде оның алдында жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде табылған барлық олжаның графикалық суретін салып шыққан. «Есік» қорық-музейі Есік қаласындағы қазба жұмыстарын биылғы маусымда да жалғастырған. – Бұл жолғы археологиялық қазба жұмыстары ерте темір дәуірінің және б.з.д. VІІ ғасырға жататын ерте сақ кезеңінің жерлеу орнына қорытынды қазба жұмыстары болып саналады. Археологиялық қазба орны бұған дейін 2016 жылы зерттеліп, тас қабаты аршылып, үш бірдей жерлеу орны қазылды. Өкінішке қарай, олардың бәрі де тоналып кеткендіктен, «Есік» қорық-музейінің қорына тонаушылардың суық қолына ілінбей қалған ежелгі тас құрбандық ыдысы мен қола ауыздық, қыштар мен бірнеше сүйек қалдықтары ғана берілген еді. Аталған жерлеу орны әулеттік бейіт болғандықтан, басқа да жасырын қабірлер болуы мүмкін еді. Сондай жасырын қабір орнын анықтау және қорғанды түпкілікті зерттеу мақсатында биыл да Есік қаласындағы жерлеу орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, оған Қазақ туризм және спорт академиясының студенттері де қатысты. Биылғы зерттеу жұмыстарына металдарды анықтайтын детектор қолданылғанымен, қабірде ешқандай да металл бұйымдар болмай шықты, – дейді мекеме басшысы. 2017 жылдың 7 шілдесінде «Есік» қорық-музейінің Қытайдың Шәнси аймағындағы Археология институтымен бірлескен Рахат қалашығында жүргізген жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталған болатын. Археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде ерте темір дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі аралықтағы заттар табылды. Барлау жұмыстарының нәтижесінде табылған қыш күйдіруге арналған пештердің бірі сол жердегі төбелердің адам қолымен жасалғандығы туралы болжамды растады. Қытайлық мамандармен бірлескен барлау жұмыстары 5 жылға жоспарланған.
9 шілдеде Рахат қалашығында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің екінші кезеңі басталды. Жұмыс 20 тамызға дейін жүргізіліп, кыркүйек айында жалғастырылады. Биылғы негізгі жоспар ескерткіштің кезеңін анықтау. Бүгінгі күні 400 метрден астам жерде қазба жұмысы жүргізіліп, жерлеу орындары мен шаруашылық орындар анықталып отыр. Бұдан бөлек, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Ресей ғылым академиясы Археология институтының қорық-музейдің қорғау аумағына жақын маңдағы Рахат сайында, «Рахат тұрағы» палеолиттік ескерткішіне де археологиялық жұмыстар жүргізді. Ескерткіш 2006 жылы жергілікті тұрғындар төбенің етегінен топырақ алып жатқан сәтінде кездейсоқ ашылып, оған сол сәтте төбе кесіндісін зерттеп жатқан экспедиция жетекшісі Ольга Артюхова сараптау жүргізіп, археолог Талғат Мамыров алғаш болып тас артефакттер негізіндегі алғашқы қауымдық құрылыс адамының тұрмыс іздерін байқаған еді. – Тау етегінде орналасқан нысандағы тұрақтың мәдени қабаттары Іле Алатауы маңындағы шаң-топырақты кертпештің қабатына сіңісіп кеткен. Ескерткіште бірнеше жыл бойы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, аршылған кесінділердегі жекелеген бөліктерді тазарту, тазартылған бөліктегі археологиялық материалдарды жинау, сараптама қорытындыларын іріктеу сынды жұмыстар жүргізілгенмен, ескерткіштің стратиграфиясы мен оның мерзімі туралы нақты мәліметтер мен қорытындылар бола қоймады.
Бұл жағдай қолда бар материалдардың нақты талдауына кедергі келтірді. Осылайша, тарихи-мәдени мұра объектісі жыл өткен сайын табиғи және жергілікті тұрғындардың топырақ қабатын үңгуінің кесірінен біртіндеп жойылуға ұшырап бара жатты. Осыларды ескере келе, ескерткіштің бір бөлігін қазып, археологиялық зерттеу үшін аршып көру туралы шешім қабылданды. Зерттеу жұмыстарын директордың орынбасары міндетін атқарушы Е.Жасыбаев пен Ресей ғылым академиясы Археология институтының ғылыми қызметкері Д.Ожерельев жүргізді. Далалық зерттеу жұмыстары нәтижесінде ашылған алаңның жалпы тереңдігі 12,5 метрді құрады (өзеннің қиыршық тастарына дейін). Тұрақтың толық стратиграфистикалық пішіні анықталды. Шаң-топырақты қабаттан кейінгі плейстоценге жататын қоңырқай сұр топырақты екі бірдей қабат табылды. Осы палеоқабатпен негізгі мәдени қабаттар байланысты болып келеді. Осындай сегіз қабат анықталып, жүзден астам тас артефактілер табылып, Жетісу аумағының ежелгі тұрғындарының от жаққан орындарының ізі табылды.
Тас өнеркәсібінің алдын ала мәліметтері мен сипаттамасына қарағанда, ескерткішті Алматы қаласының батыс жағындағы 44 шақырым қашықтықта жатқан жасы 35 мың болатын Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Майбұлақ тұрағымен салыстыруға болады. Осылайша, Рахат тұрағы кейінгі палеолит ескерткіштерінің бүкіл Жетісу аумағы бойынша екінші стратифициланған ескерткіші болып қана қоймай, ол жерде кешенді ғылыми зерттеу жұмыстары да басталды. Тұрақты алдын ала зерттеу жұмыстары оның жасын шамамен 40-30 мың деген байламға келіп отыр, – дейді Гүлмира Райылқызы. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылы Есік өзенінің оң жағалауындағы апатты қорған орнына жүргізілген археологиялық экспедиция да нәтижесіз емес. 5 маусым күні Бөлек ауылының тұрғыны, фермер Зейнұр Асановтан жеке жер телімінде Сақ дәуіріне жататын апатты жағдайдағы қорған бар екені туралы хабарлама түскен. «Тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштерді пайдалану мен қорғау туралы» Заңға сәйкес ол нысанды зерттеп, археологиялық сараптама беруді сұрайды. Қорған оның жер телімінің ортасында орналасқандықтан, жер өңдеу жұмыстары кезінде қиындық тудырып отыр екен.
– Бақылау барысында қорған орнының бұзылып кеткені, қорған үйіндісінің 30 пайызға жуығы ғана сақталғаны анықталды. Оның өзі шамамен 1,5 метр биіктікте, ені 12,5 метр болды. Қорған бірнеше рет тоналғандықтан, қабір орны құрылысын анықтау мүмкін болмады. Алайда қабір орнындағы тас қалдықтарынан жерлеу орнының шығыс-батыс бағыты бойынша тастан қаланғанын болжауға болады. Тонаушылардан қалған топырақ қалдықтары мен тастарды аршыған соң шұңқыр түбінен бірнеше қызықты олжалар табылды.
Олардың арасынан ең қызықтысы, алтын фольгамен қапталған, қоладан жасалған грифон болды. «Аңдық стилде» орындалып, кемер белдікке қылшанды бекітуші рөлін атқарған бұл бұйым Қара теңіз жағалауындағы скифтер мен Алтай сақтарының бұйымдарына өте ұқсайды. Бұл өз кезегінде Алтайдан басталған ежелгі халықтардың Ұлы көшінің тағы бір дәлелі десек болады. Оған қоса, он алты жебе ұшынан тұратын қылшан табылды. Жалпы алғанда жебе ұштары ерекше олжа болып саналмағанмен мұндай көлемде және осындай жақсы сақталған түрде сирек кездесетінін атап айту керек. Апатты қорған орнынан құм қайрақ, асық (жерлеу орындарында жиі кездеседі), алтын фольга, грифон бейнелі, алтын фольгамен қапталған қол ілмек, тоға (түйме болуы да мүмкін), алтын жалатылған темір (белдік бөлігі болуы да мүмкін), нақыш бөлігі алтын фольга, үш қырлы жебе ұштары сияқты археологиялық олжалар табылды. Осы және басқа да олжалар арқылы қорғанның б.з.д. V-IV ғасырларға жататын, дәстүрлі сақ дәуіріне тән қорған екенін анықтау мүмкін болып отыр, – дейді ғалым.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағына биыл Қазақстан мен Оңтүстік Корея елдерінің біріккен «Ұлы Жібек жолы бойындағы достық және әріптестік» естелік-белгісі қойылды. Бұл естелік-белгі Корея Республикасы тарапынан 2013 жылдан бастап Корея, Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде қойылған. Қазақстанда тұңғыш рет қойылған естелік-белгіні орналастыру мәртебесі ежелгі Жібек жолының бойында жатқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне бұйырды. Халықаралық іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, әйгілі археолог К.Байпақов, әйгілі қалпына келтіруші шебер, суретші Қ.Алтынбеков, Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен, Алматы қаласындағы Корея Республикасының бас Консулы Жон Сын Мин және т.б. қадірлі қонақтар қатысты. Алдағы уақытта тиісті орындардың қолдауымен «Есік» қорық-музейінің қорғау аумағын толықтай қоршау, «Есік бейіттері» тобына жататын қорғандарды толықтай құжаттандыру және оны республикалық дәрежеге өткізу, «Есік бейіттері» аумағындағы жекеменшікке заңсыз сатылып немесе ұзақ жылға жалға беріліп кеткен жер телімдерін қайтарып алу, қорық-музей алдындағы автотұрақ жұмыстарын толықтай аяқтау сияқты жұмыстар жалғаса бермек.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2018/08/06/63276.html