Тәуелсіздігіне ширек ғасырдан асқан тұғырлы еліміздің сан ғасырлық тарихында небір қиын-қыстау, ұлт ретіндегі ұзақ жолында соқпағы мен бұралаңы көп тағдырлы шақтар өткен. Ата-бабаларымыз аңсаған бүгінгі ақ таңдарға біз бен біздің балаларымыз жетіп отыр.
Келешек ұрпағымыздың болашағы кемел боларына алаңдамай, еңсемізді тік ұстап, ертеңімізге нық сене қарап, алаңсыз еңбек етудеміз. Дүние жүзінің кей түкпірлерінде саяси һәм әлеуметтік тұрғыда қым-қуыт қиыншылық көріп немесе қыспаққа ілігіп, тіпті, қан кешіп жатқан елдер де аз емес. Бағымызға қарай, еліміз жыл санап жаңару, жаңғыру және ай санап айбары аса түсіп, күн санап көркею үстінде. Елбасымыздың бүгініміз бен келер ширек ғасырға жасаған сарабдал саясаты мен атаулы айқын бағдарламалары мемлекеттігіміздің мығым болуы мен елдігіміздің әлем алдындағы бет-бедер, абыройының арта түсуі межесінде адастырмас шырағдан сынды тура жол сілтеп келеді.
Президентіміз Н.Назарбаевтың жыл сайынғы кезекті Халыққа Жолдауы – тиісті атқарушы орындар мен әрбір қазақ елінің азаматына бағыт-бағдар берер қолдағы сүйеніш-картасы іспетті. Елбасымыздың биылғы Жолдауы жүзеге асырылуы тиіс нақты 10 міндет, мәселелерді қамтиды екен. Елдік тұрғыда не атқарылды, нелер атқарылуда, ендігі жерде атқарылуы кезек күттірмейтін нендей істер жалпы еңбекте, өндіріс пен кәсіпте алғы шепке шығуы тиіс? Міне, осындай сұрақтар төңірегінде ой түйер болсақ, әрбіріміз үшін жол сілтер жауаптар осы «ондықтың» төңірегіне топтастырылыпты.
Жолдау «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» аясында жүзеге асырылуы керек негізгі 10 міндет төңірегінде өрбиді. Президент Жолдауын: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде», – деген түйінмен бастайды. Одан ары «Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын қабылдадық», – делінген. Шынында, әлемде жаһандық ғаламат өзгерістер өту үстінде. Тағдырын сын-қатерлерге торлатып алған елдер де жоқ емес. Бағымызға қарай, Еліміз – Елбасымыздың: «дамыған отыз елдің қатарына кіру…», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы», «Индустрияландыру бағдарламасы», «Цифрлы Қазақстан» және «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары» ұзақмерзімді мақсатты бағдарламаларын ұстанып, жан-жақты қарқынды даму үстінде. Биылғы Жолдау өнеркәсіптік шарықтап даму мен соған бейімделу және жетістікке жету жолында не істеу қажеттігін айқындайды екен.
Олар: Индустрияландыру – жаңа технологияларды енгізу. Кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бейімдік, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу. Инновациялық орталықтар мен технологиялардың қызметін арттыру, ұйымдастыру және қайта қарау. Экономиканы цифрландыру. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын индустрияландыру талаптарына бейімдеу; Ресурстық әлеуетті дамыту; «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі; Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру; Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу; Қаржы секторын «қайта жаңғырту»; Адами капитал – жаңғыру негізі.
«Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімдімін», – дейді Елбасымыз Н.Назарбаев. Біз де, еліміздің әлемнің ең озық көшбасшы мемлекеттерінің қатарына енуі жолында аянбай тер төгіп, ортақ жүгімізді жұмыла көтерісіп, Жолдауда атап көрсетілген атқарылуы тиіс міндеттердің жүзеге асырылуына үлес қосатын боламыз.
Сәбит ӘБДІҚАЛЫҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2018/01/13/38993.html