Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Қазақстанда театр фестивальдерін өткізудің кейбір мәселелері

Бүгінгі күн театрының барлық қарама-қайшылықтарын, шарықтауы мен құлдырауының айғағын осы фестивальдар көрсетеді.

Анар Еркебай
Өнертану кандидаты
М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты
Театр және кино бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Ұлттық мәдениеттің дамуы әр мемлекет саясатының маңызды бөлігі болып есептеледі. Осыны ескерген көптеген елдер кең көлемді халықаралық және аймақтың фестивальдар өткізеді. Фестиваль – театр, музыка, эстрада, цирк пен кино өнерінің жетістіктерін көрсететін көпшілікке арналған ойын сауықтың бір түрі. Фестивальдер ашық түрде өтіп, орындаушылардың шығармашылығының дамуына, олардың кәсіби шеберлігінің арттуына ықпал тигізіп, жас дарындар мен жаңашылдықты қолдайды. Көптеген тәжірибелердің көрсетуінше, фестиваль өткен елдердің экономикасы мен мәдениеті өсіп, туристер саны көбейіп және жергілікті халықтың жұмыспен қамтамасыз етілуі байқалады.
ХХ ғасырдың ортасындағы мәдениеттің ерекшелігі бүкіл әлем елдерінің мәдениаралық байланыстарды орнатуға деген ұмтылыс болып табылады. Оның мысалы – әр елдің «визит карточкасына» айналған халықаралық фестивальдар, халықаралық әрі жаһандық концерттер, түрлі акциялар.
Әлемдiк көзқарас тұрғысынан алғанда қай елде де мәдени құндылықтар артып, адамзаттың рухани даму ерекшелiгiнде айтарлықтай тың сiлкiнiстер жүрiп жатыр. Экономикалық-демократиялық принциптер барысындағы бүкiл халықтық өркениеттiң тамыры тереңдеп, жоғары деңгейге көтерiлдi. Сондықтан да, замнауи театрдың бүкіл жетістіктері мен мүмкіндіктерін байқататын, бағыт бағдарын айқындайтын халықаралық театр фестивалі – бүгінгі өмір талабы әрі қажеттілігі. Қоғамның мәдени, әлеуметтік және экономикалық дамуына танымал режиссерлардың жаңалықтарына, театрлардың даму тенденциясына тигізетін әсерінің маңыздылығына байланысты театр фестивальдарының ақпараттық инфрақұрылымдағы орны ерекше екенін атап өткен жөн.
Информациялық алмасу, театр жетекшілерінің қарым-қатынасы, жаңа жобаларды құру, қазіргі заманның театр фестиваль өмірінің негізгі бөлігін құрайды. Өйткені, информацияның көптігі мен сан қилылығы, театр көрермендерінің өзгеруі, комерцияланған театр ұжымдары сияқты көптеген факторлар бүгінгі театр өміріне өз әсерін тигізіп келеді.
Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстан мемлекетіндегі саяси идеологиялық көзқарасының өзгеруіне байланысты мәдени шекаралардың кеңейіп, шетелдермен мәдени байланыстар орнатылып, халықаралық театр фестивальдарын тек посткеңестік қана емес, сондай ақ Еуропа мемлекеттерінің өкілдерімен өткізе алу, қазақ театрларының халықаралық шараларға шығу мүмкіндігі ашыла түсуі – қуантарлық жағдай.
Бүгінгі таңда отандық арт нарық қалыптасу үдерісін басынан өткізуде. Бірақ қазақ театрының әлемдік мәдени кеңістікте бәсекелестік деңгейіне жету үшін әлі талай жұмыс істеу керектігін елімізде өтетін театр фестивальдері дәлелдеп отыр. Ұлттық театрларымыздың өз өнімін шетелге ұсыну мен өз еліміздегі театр фестивальдарын ұйымдастыру проблемасы өте өзекті.
Ұлттық театрымыздың бүгінгі қал-жағдайы еліміздің өнер сүйер қауымын ойландыртпай отырған емес. Танымал театртанушылар мен режиссерлар, зиялы қауым өз ойларын баспасөз бетіне шығарып, театрды тоқыраудан қалай шығару керек деген ойларын ортамызға паш етіп отыр.
Әрине, тоқсан жылдық тарихы бар қазақ театрының биікке көтерілген кездерін аға буынымыз көріп өссе, біз, жастар кітап беттерінен оқыдық. Репертуарда жылдар бойы тұрақтаған қойылымдар, Кеңес көлемінде танымал болған режиссерлар мен актерларды бүгінгі күні ұмытпай мақтан тұтамыз. Қазақ театр өнерiнiң дамуы кезеңiн сөз еткенде, алдымен, елiмiздiң бас театры – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының репертуары мен жеткен жетiстiктерi айтылады. Өйткенi, елiмiздiң басқа театрларының iзденiсіне ол ерекше әсер етiп, бағыт-бағдар сiлтеп отыр.
Тәуелсіздікпен бірге театрлардың да жұмыс істеу әдісі, репертуар саясаты өзгеріске ұшырады. Бүгінде республикамыздағы барлық театрларға шығармашылық еркіндік берілген. Репертуар таңдау, спектакль қою, режиссер мен актерлерді іріктеп алу, гастрольдік сапарларға шығу-шықпау секілді мәселелерді әр театр өзі шешеді. Мұның мысалы ретінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының 1995 жылдан бастап «Театр көктемі» атты театр фестивалін өткізуі дәстүрге айналғанын айтуға болады. Бұл фестивальде бір жыл ішінде қойылған жаңа спектакльдер көрсетіліп, театртанушылар мен белгілі театр қайраткерлерінің пікірі ортаға салынады. Осы фестивальдің арқасында спектакльдің шығуына қатысқан бүкіл шығармашылық топтың шеберлігін көріп, театрдың даму деңгейін бақылайсың. Өкінішке орай, жылдан жылға «Театр көктемі» фестивалінің көркемдік сапасы төмендегенін айта кету жөн. Біріншіден, егер бастапқы жылдары фестивальге алты жеті қойылым қатысса, яғни бір маусымда осыншама премьера өткен, соңғы жылдары олардың саны екі есе азайды. Екіншіден, әділқазылар алқасы әр қойылымнан кейін пікірлерін бүкіл ұжымның алдында ғана емес, сонымен қатар тыңдап, қатысам деген театр мамандарының алдында ашық айтса, соңғы кезде тек жабық түрде өтіп, ал 2016 жылы спектакльдер тіпті талқыланбады. Кәсіби мамандардың пікірінен бас тартуы, актерлік, режиссерлік жұмыстарының әділ бағасын білгісі келмеуі – театрдың бүгінгі шығармашылығының өсуіне кері әсерін тигізетінін ұжым басшыларының ұмытпағаны дұрыс.
Бұл фестивальмен қатар жылына бір рет республикамыздың әр қаласында арнайы бір тақырыпқа байланыстырылып республикалық театр фестивалін ұйымдастырылып жүр. Мәдениет министрлігі ұйымдастырып отырған бұл шараның да көркемдік деңгейі ойландырады. Мұндағы ең басты мәселе – қойылымдардың сапасында. Өзге елдердің тәжірибесінен байқағандай, фестивальға қатысатын қойылымдар үлкен іріктеуден өту керек. Қуантатыны, соңғы үш жыл көлемінде министрлік тарапынан театртанушыларды эксперттік кеңеске шақырып, түскен өтінімдерді соларға таңдауға мүмкіндік беріп отырғанында. Бірақ бұл жерде де үлкен бір мәселе туындап отыр. Мәселен өтінім берген отыз спектакльдің тек бесеуінің ғана көркемдік деңгейі жоғары, бірақ мамандар фестиваль бағдарламасын ортаңқол үш төрт дүниемен толықтыруға мәжбүр болып отыр. Өйткені, министрлік міндетті түрде сегіз, не тоғыз қойылым болу керек деп талап етеді. Фестивальға тек режиссура, актерлік өнер, не драматургия жағынан ізденісі, жаңалығы бар қойылымдар қатысу керек. Сол бес алты қойылыммен ақ фестивальді өткізуге әбден болады. Бұл іріктеуден өтпей қалған театрларды ойландырады, ізденіске итермелейді, қойылымдарының сапасын көтеруге түрткі болады. Екінші мәселе, әділқазылар мүшелеріне келіп тіреледі. Тек біздің елде ғана, сонымен қатар тек театр фестивальдерінде ғана әділқазылар алқасында театртанушылардан басқасы бәрі отырады. Бес, алты қазының ішінде бір ғана театр сыншысы, қалғандары драматург, журналист, режиссер, актер, ақын, философ, түрлі бастықтардың орынбасарлары. Ал, спектакльден кейінгі талқылаудың ауыр жүгін бір ғана театртанушы арқалап шығады. Бұл мәселе әрдайым көтеріліп отырғанына қарамастан әлі өз шешімін таба алмай отыр.
Қазақстанда егемендік алғаннан кейін халықаралық фестивальдер өткізе бастады. Ең бірінші осындай фестиваль 1998 жылы Алматыда «Оңтүстік-батыс самалы» деген атпен өтті. Келесі үлкен фестиваль – 2000 жылы Алматыда өткен «Қазіргі заман театр фестивалі».
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің (қазіргі Мәдениет және спорт министрлігі) ұйымдастыруымен 2006 жылдан Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театрлар фестивалі өз жұмысын бастаған. Екі жылда бір рет өтетін бұл фестивальдің да ең басты мәселесі – ұйымдастырушылардың фестиваль өткізер алдында театрлардан келіп түскен өтініштердің барлығы қабылдап, барлығын қатысуға мүмкіндік бергенінде. Сан қуып сапасына көңіл бөлмегендігінде. Бұл ұстанған саясатты қалай түсінеміз? Министрлік жоспарында бар екен деп жағрапиялық, сандық көрсеткіш қуалағандық па? Ойлану керек секілді.
Басқа елдер фестивальдер тәжірибесінде келіп түскен өтініштердің ішінен таңдаулысы ғана шақыртылады. Ал біздің халықаралық фестивалімізде көркемдік жағынан да, режиссерлік және актерлік жағынан да жаңалықтарымен таңқалдырған қойылымдар жылдан жылға азайып барады. Әрине, қатысам деген ұжымдардың барлығын шақырып, өзіміздің халықаралық фестивалімізге «пиар» (PR) жасаймыз деген ойымыз да болар. Бірақ, көркемдік деңгейі ортаңқол қойылымдар қатысқан фестивалдің «пиары» да нашар болады емес пе? Сонымен қатар, әлемнің ірі фестивальдеріне ең үздік қойылымдарды шығармашылық тәжірибе алмасу үшін, бірінің-бірі жаңа жұмыс тәсілдерін байқау үшін, жаңа форма, эксперименттерімен сынға түсу үшін шығаратын еді. Біз жалпақшешейлікке салынып кеткен секілдіміз. Қатысқан әр театр ұжымына ат мінгізбесек те, құлын жетектетіп, ал бас жүлдені өз театрымыздың еншісіне алып қалуға тырысамыз (академиялық театрымыз қатысса – міндетті түрде соған). Бұл жайт республикалық фестивальдер де жиі кездесіп отыратын тұрақты құбылысқа айналды. Театр фестивалі қай облыс орталығында өтсе, сол облыстық театр бас, қыл аяғы бірінші жүлдені иемденіп қалады
Бастапқы жылдары фестивалге қатысқан қойылымдарға әділқазылар алқасы жүлделерін бөліп берсе, сыншылар коллегиясы әр спектакльден кейін орындаушылар мен фестивальға қатысушылар арасында талдау жасап, өз бағаларын беріп отырды. Соңғы жылдары министрлік сыншылар коллегиясынан да бас тартты. Яғни, халықаралық деңгейдегі театр фестиваліміздің әділқазылар алқасының мәселесі дәл жоғарыда айтылғандай жайда.
Осыдан ұйымдастырушыларға келесі сұрақ туады: әділқазылар мүшелерін таңдап алу қандай принциппен жүргізілді? Басқа елдерден арнайы қаражат бөліп шақыртқанда неліктен білікті мамандарды шақырмасқа?
Соңғы жылдары Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театрлар фестивалінде тағы бір үлкен мәселе пайда болды. Ол – өткізілу жеріне байланысты. Мәдениет министрлігінің шешімімен жыл сайын Алматыда өтіп жүрген фестиваль енді көшпелі халге енді. 2014 жылы Ақтауда, 2016 жылы Талдықорғанда өтуі – театрсүйер қауымды қатты қобалжытты. Сонымен қатар, фестивальға бір екі апта уақыт қалғанша нақты қай қалада, қай уақытта өтетінін, қандай қойылымдар қатысатынын, әділқазылар алқасында кім болатынын білмей дал болу – өте ұят құбылыс.
Қорытындылай келе, фестивалді ұйымдастыру комитетіне өз тарапымыздан ұсыныс енгізгіміз келеді. Біріншіден, фестивальдің нақты өтетін уақыты мен қаласын бір жыл бұрын анықтап, интернет желісіне ақпаратты таратып, өтінім берудің мерзімін көрсету керек. Түскен өтінімдерді міндетті түрде театртанушылардың эксперттік пікірінен өткізу керек. Бұл дүниежүзінде өтетін театр фестивальдерінің талаптары. Екіншіден, қазылар алқасында қойылымды талқылап, обьективті пікірін бере алатын шетелдік және отандық театр сыншылары отыру керек. Үшіншіден, өзіміздің жас театртанушыларды осындай аламан бәйгеде салмағанда қашан, қайтіп кәсіби тәрбиелейміз. Республикалық, халықаралық театр форумдарында жас театртанушылар үніне де құлақ салған жөн болар еді. Жастарға деп бөлінетін азын аулақ қаражат бірер жылда кәсіби сыншыларымыздың өсіп жетілуіне мүмкіндік береді.
Уақыт талабына сай болған өмірдегі және адамдардың көзқарасындағы өзгерістерді қоғамдық маңызы зор өнер түрі – театрдың сахнасынан көрініп келеді. Бүгінгі күн театрының барлық қарама-қайшылықтарын, шарықтауы мен құлдырауының айғағын осы фестивальдар көрсетеді. Соңғы өткен халықаралық фестиваліміз тәжірибе алмасудағы жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізе алды ма екен? Мұны уақыт-сыншы келесі фестивалдерден көрсетер.

Ақпарат көзі: http://www.oner.kz/theatre/view/1969-kazakstanda-teatr-festivalderin-otcizuding-cejbir-maseleleri

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” 2015 жылдың 20-қарашасында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған “Қазақстан Республикасындағы білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың бойында патриотизм мен азаматтықты қалыптастыру” атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Театрымыздың бірқатар дарынды артистері театрландырылған көрініс көрсетіп, көптің ризашылығына бөленіп қайтты. ‪#‎қазақхандығына550жыл‬

admin

Новый художественный руководитель

admin

«Көңіл толқыны». Мерзімді басылымның орны бөлек

admin