Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Қуаныш Керімқұлов: Табиғатыма жақын деген образды әлі сомдап көрген жоқпын

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрыбиыл 71-ші маусымын ашты. Дүркіретіп тойланған 70 жылдық мерейтой Уилям Шекспир трагедиясының жаңа нұсқасы «Бір сен үшін тудым» спектаклімен жалғасын тапты. Әуезді ән, әсем би, шебер қойылған сахна сайысы мен актерлік шеберлікпен көрермендерін баураған бұл қойлым талайдың таңдайын қақтырды. Басты рөлді сомдаған талантты актер Қуаныш Керімқұловпенсұхбаттасудың сәті түсті.

– Қуаныш аға, өзіңіз, отбасыңыз және туған жеріңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз?

– 1991 жылы 20 тамызда Алматы облысы Әуеқұрауда, Тастықарасу деген ауылда дүниеге келдім. Бес жасыма дейін сол ауылда тұрдық. Кейіннен Алматы қаласына көшіп келдік. Отбасымда үш ағайындымыз. Әкем, шешем және екі әпкем бар.

 Өнер саласына қалай келдіңіз? Cіздің бұл жолға түсуіңізге не себеп болды?

 – Бала күнімде өнер адамы боламын деп ойлаған емеспін. Мектеп қабырғасында ер балалардың барлығы ойынға құмар болады ғой. Мен де футбол секциясына қатысып, футболист боламын деп ойладым. Тоғызыншы сыныпты бітіріп  спорт мектебіне түскен де болатынмын. Бірақ ол ойдан бас тартып, мектепке қайта келдім. Оныншы сыныпты бітірген соң ойым күрт өзгерді. Нақты себебін өзім де білмеймін (күліп). Сол жылдан кейін өнер саласына бет бұрсам деген ой болды, арман болды, ол арман мақсатқа айналды.

 Сіз үшін «актер» деген қандай халық?

 – «Көңіліміз құлазыса шөл даламыз,

Телегей кейде шалқып көл боламыз.

Түсінер біреу бізді түсінбесте,

Ағайын, актер деген ел боламыз », – деп жырлаған Шөмішбай ағамыздың өлеңі есіме түсіп отыр. Актер деген, менің жеке пікірім, ол алты жасқа толмаған кішкентай бала сияқты. Өйткені адамның назарын қажет ететін, сол арқылы өшетін де, өрлейтін де қанаттанатын да актер. Актер деген сөздің мағынасы «сахнада әрекет етуші» деген түсінікті білдіретіні барлығымызға аян. Сол себепті актерге басынан өткен түрлі жағдайға қарамастан сахнаға шығуға, тіпті комедия жанрында ойнауға тура келеді. Егер бұл жолға түссең, кейде біреудің қуанышын бөлісе алмай, қайғысына ортақтаса алмайтын да кездерің болады.

Сіз отандық «Әпке», «Бажалар», «Олимп», «Сырғалым 2», «+17», «Сүйе білсең», «Аяулы арман» атты сериалдарға түстіңіз. Өзіңіз сомдаған кейіпкерлер ішінде жаныңызға жақын образ және не үшін?

– Табиғатыма жақын деген образды әлі сомдап көрген жоқпын. Өзіме аса бір қызығушылық танытқан «Көркем Фильм» киностудиясы ұсынған жетімдер үйінде тәрбиеленген балалар жайлы «Аяулы арман» телехикаясы. Бұл телехикаяда мен Беркін деген жетім жігітті сомдадым. Осы кейіпкер қызығушылығымды оятты. Мен бұл сериалға түспес бұрын жетімдер үйіне бірнеше мәрте бардым, сонда байқағаным олардың әлемге деген көзқарасы мүлде бөлек. Олар әкенің қамқорлығы, ананың жылулығын көрмей өскен балалар. Бірақ өкінішке орай, мен ол кейіпкерді толықтай алып шықтым деп айта алмаймын.

–  Жақында Ұлттық Арна тапсырысы бойынша түсірілген «Сүйе білсең» телехикаясы жайлы әңгімелеп берсеңіз.

– Бұл телехикаяға ұсыныс келген кезден бастап қызықтым, себебі ол футболистер жайлы. Асқар Ұзабаев бастаған «567 Creative Laboratory» киностудиясымен жасаған алғашқы жұмысым. Маған бұл ұжыммен жұмыс жасаған ұнады, бұл киностудияны кино саласында қазіргі таңда жетпейтін «жаңа тыныс» деп айтсам артық айтқаным емес. Біздің кино саламызға жетіспейтін креатив оларда бар және «567 Creative Laboratory» эксперимент жасаудан қашпайды.

Фильм, сериалдарға шақырту жиі келеді ме?

– Алғаш кино саласындағы жұмысым 2011 жылы «Туған елдің түтіні» телехикаясынан басталды. Содан бері жыл сайын жұмыс жасап, құдайға шүкір, шақыртулар келіп тұрады.

Әлемдік кинематографиядағы сүйікті актеріңіз? Қандай фильмді көруге кеңес берер едіңіз?

– Әлемдік деңгейде маған өзіндік шеберлігімен ұнайтын актерлар өте көп. Соның ішінде Мэл Гибсон, Том Хэнкс, Роберт Де Ниро, Леонардо Ди Каприо т.б. Мен бір әншінің барлық репертуарын тыңдамаймын, сол сияқты бір актердің барлық жұмысы ұнайды деп айта алмаймын. Көрермендеріме жоғарыда аталып өтілген актерлардың мына фильмдерін көруге кеңес беремін: «Храброе сердце», «Изгой», «Крестный отец», «Ромео и Джульетта» және «Титаник», «Остров проклятых».

«Ромео мен Джульетта» пьесасындағы Ромеоны сомдау арманыңыз орындалды. Осы образды алып шығу сізге қаншалықты қиын болды?

– Ол рөлді сомдау маған әлі де қиын. Мен Ромеоны жасау процесі үстіндемін, егер 100%-дық мөлшермен есептейтін болсақ, әзірге  17%-ын ғана орындадым деп айтар едім. Толыққанды бұл образды сомдап бітіремін деп те айтпаймын, мүмкін, екі жылдан кейін Ромеоны мен емес, жасырақ бір актер ойнауы да ғажап емес. Ол уақыт еншісіне тиесілі нәрсе.

– Театр әлде кино? Сіздің таңдауыңыз.

– Әрине, театр. Өйткені кино түсірілімі барысында сен сахнадағыдай ләззат ала алмайсың. Егер театрда сенің жерге тиген маңдайдағы терің болмаса, сені киноға кім шақырады? Менің кино саласында еңбек еткенім, академия қабырғасында төрт жыл бойы дәріс алған, Рахилям Машурова шеберханасынан алған еңбегім, сол кісінің арқасы деп білемін. Менің біреуге ұнаған жұмысым болса, ол тек қана еңбекпен келген.

Өзіңіз айтпақшы, театр өнерінде «қазақы стиль» пайда болу үшін не қажет деп ойлайсыз?

– Ал «қазақы стиль» жайлы үш жыл төңірегінде ойлап жүрмін. Осы сұраққа мен әлі де жауап бере алмаймын. Қарапайым мысалмен жауап беретін болсам, қазаққа тән қасиет қонақжайлық екенін барлығы біледі, ал театр өнерінде «қазақы стиль» қандай екенін оның қандай да бір нәрсемен ұштастыруға болатынын кесіп айта алмаймын. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін біздегі барлық кадр Ресейге кетті, ал біз болсақ жаңа туылған сәбидей болып қалдық. Бізде сахналанып жүрген спектакльдерде бұрынғы Совет өкіметінің қалдықтары қалып қойған. Қазір қазақы стильді іздеу үстіндеміз және бұл жолда тікелей тарихшылармен жұмыс жасауымыз қажет. Сахнаға ұлттық киімдер кигізіп, жігіттерімізге шапан, батырдың сауытын кигізіп, қолына найзасын ұстатсақ, ал қыздарымызға сәукеле, шашбау таққызып шығарсақ болады. Алайда бұл тек көзбен көретін нәрсе, киімді киіп тұрған актердің ойлау қабілеті мен көрерменге жеткізу тәсілі қазақы болуы керек. Сонда ғана ол көрерменнің жүрегіне жетіп, оның жан-дүниесіне әсер ете алады.

 Болашақтағы жоспарыңызбен бөліссеңіз.

– Жоспарларым көп. Осы жылдағы басты жұмысым өзім екі жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының колледжінде өз мамандығым бойынша, яғни актер шеберлігінен сабақ беремін. Биыл менің жетекшілік еткен тобым колледжді бітіргелі отыр. Димломдық спектакліміз «Король Лев» музыкалық қойылымын жоғары деңгейде тапсырып шығу басты мақсатым. Неге басты мақсаттың бірі, себебі бұл менің бірінші тәжірибем болғандықтан, өзім үшін үлкен сын болмақ.

Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Ұстаным  болмаса тілерім деп айтсам болады, ешқашан тауым шағылмаса, өмірден бетім қайтпай, сағым сынбаса деймін. Егер осы аталғандар орындалса, ал қалғанының барлығы болады деп ойлаймын.

– Қуаныш аға, уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет. Өнеріңіз өрге жүзсін. Сізді тек биік белестерден көре берейік!                                  Дайындаған: Гүлдана ЖАМАЛБЕК

Ақпарат көзі: https://kinostan.kz/interview/view?id=25

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«Бұрынғы әртістерде қазіргідей кеудемсоқтық болмайтын»

admin

1 Қыркүйек- “Білім күні” құтты болсын!

admin

Жомарт Зейнәбілмен сырлы сұхбат

admin