Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Тарихи тұлғаларды сомдағым келеді»

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер ­театрында еңбек ететін актер Мақсат Сәбитов кино саласында да өз рөлдерін кәсіби дәрежесінде сомдап келеді. Жуырда өнер иесімен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Қай жерде туып-өстіңіз? Жалпы, өнер әлеміне қалай келдіңіз?
– Мен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылында дүниеге келдім. Алматыға өнер жолына түсемін деп келдім. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына Маман Байсеркеновтің шеберханасына актер мамандығы бойынша оқуға түстім. Дипломдық жұмыста біз Шекспирдің «Отелло» пьесасын қойдық. Сол кезде мен Отеллоның рөлін сомдадым. Спектакль көруге Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссерлары мен директоры келген болатын. Қойылымнан кейін, театрға шақырды. Сөйтіп, 2010 жылдан бері осы театрда жұмыс істеймін.
– Театрдағы ең алғашқы сомдаған басты рөліңіз қандай еді?
– Ең алғашқы басты рөлім, Талғат Теменовтің «Карменсита» қойылымындағы Хосе рөлі болды. Одан кейін де 6 жылдың ішінде басқа да басты кейіпкерлерді сомдадым. Бірақ қанша екенін санап көрмеппін.
– Кейіпкерлеріңіздің ішіндегі жүрегіңізге жақын бейнені атап өтсеңіз?
– Өзімнің жаныма жақын шеберлігімді көрсетіп, көрерменге жеткізе алдым-ау деген рөл «Қара шекпен» қойылымындағы Тұзардың образы деп айта аламын. Өйткені академияға барсаң, ол туралы барлық студенттер аңыз қылып айтып жүреді.
– Ал енді жақында ғана премьерасы болған «Ромео мен Джульетта» спектакліндегі Меркуцио рөлі сізге қаншалықты жақын?
– Актер болғаннан кейін қай жанрға болса да дайын болуың керек. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» қойылымындағы Меркуцио комедиялық образ болса, екінші жағынан, Маб мыстан туралы монолог оқитын жерінде, қайғы мен мұң бар екенін байқайсың. Режиссердің шешімі бойынша, Меркуцио философ кейпінде болсын деген мақсат қойылды. Бірақ оның ойындағы нәрселерін айналасындағы көп адамдар түсіне бермейді. Сондықтан ол бәрін әзіл-қалжыңға айналдырғысы келеді. Арасында өзі ғана әлеміне кіріп, мұң-шерін тарқатып алады. Ал бұл рөл қаншалықты жақын десеңіз, Өнер академия­сында Шекспирдің туындысы Отеллоны сомдағаннан кейін бұл рөл маған қиын болды деп айта алмаймын.
– Алдағы уақытта сахнаға алып шықсам деп армандап жүрген рөлдеріңіз бар ма?
– Театрда армандап жүрген рөлім жоқ. Құдайға шүкір, 6 жылдың ішінде театрда 6-7 басты рөлдерді сомдаппын. Ол мен үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Ал фильм жағынан айтатын болсам, тарихи фильмге түсіп, қазақтың тарихи тұлғаларының бірін сомдағым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Жадыра БҰЛЖАН,
Сүлейман Демирель
университетінің 3-курс студенті

Ақпарат көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=37857

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғ. Мүсірепов театры шілде айында да көрерменін күтеді

admin

“Өзекжарды” радио-бағдарламасының қонағы Бақыт Беделхан.

admin

Халық әртісі Роза Әшірбекова өмірден өтті

admin