Қазір не көп, сериал көп. Бірақ «сериал» деген сөздің жанында көбіне-көп «халтура» деген анықтама еріп жүрсе, маңдайында сапасыздықтың мөрі тұрады. Өзін сыйлайтын актерлердің де, режиссерлердің де сериалға жоламауға тырысатыны содан.
Жоқ демейміз, Ақан Сатаев түсірген «Ағайындылар», Аманжол Айтуаров түсірген «Елім-ай», Рашид Сүлейменов түсірген «Сырғалым», ресейліктер түсірген «Базарбаевтар» сияқты әр жанрда көрерменнің көзайымына айналған дүниелер бар. Бірақ олар аз, сирек. Сондықтан да «Талғат Теменов сериал түсіріп жатыр» деген хабарды естігенде қуандық. Өйткені «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті», т.б. көпшілік сүйіп көретін фильмдердің режиссері сериалға «станок машинасындай қарамайтыны» анық еді.
Біріншіден, ол – ескі мектептің өкілі. Кейінгілер сияқты екі күнде жиырма серияны топырлатып түсіріп, қиқалап монтаж жасап, қисынсыз жапсырып ұсына салмас еді. Екіншіден, қалай десең де бұл режиссер де мәскеулік білім, үлкен кинодағы тәжірибесі, қалыптасқан қолтаңбасы бар. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, Теменов түсірген сериалдың тауар емес, өнім емес, туынды болып шығуы ықтималдығы басым.
Айтқандай-ақ сериалдың таныстырылымы кезінде көңіліміз толды. Қазір Американың, Британияның сериалдары қандай деңгейде түсіріліп жүргені ешкімге құпия емес қой. Сол идеал деңгейінде болмаса да (оған миллиондаған бюджет қайда), кәдімгі толықметражды, кеңтынысты киноға ұқсайтын дүние көрдік. Ол көркемдік критерийлер бойынша Қазақстандағы сериал атаулыны жаңа деңгейге көтерді десек те асылық айтпаспыз. Камераның қозғалуы да, жарықтың қойылуы да, қайта-қайта ауысатын локация, оны түсіретін крандар мен рельстер, қысқасы, таспалық киноның сапасы менмұндалап тұр. Ең бастысы, түсіріп жатқан дүниеге деген сүйіспеншілік бар.
Сериалдың ең үлкен жетістігі – өмір шындығын экранға көшіруінде. Кейіпкерлердің әрқайсысы көз алдыңызда есейеді. Олармен бірге мемлекетте аяғына тұрады, өз жолын тауып жатады.
Алғашқы серия егде тартқан Мұқанның бүгінгі Алматыда көлікпен кетіп бара жатуымен басталады. Терезеден қарап отырып, өмірін еске алады. Олар үш жігіт, үш дос еді. Математик Мұқан кластағы ең әдемі қыз әрі бұлардың досы Нәркеске сөз айта алмайтын. Спортшы Қасымжан сол қызды қорғаймын деп түрмеге түскен еді бір кезде. Сылқым Роллан Мұқанның қарындасын жүкті қылып, баладан бас тартты. Кішкентай ғана ауылда елдің сөзінен қорқып, қызын қалаға тасимыз деп жүріп, мұның ата-анасы жол апатынан қайтыс болды. Қарындас босанды. Босанып жатып өзі де үзіліп кетті. Мұқан қорғансыз, дәрменсіз кішкентай жиені үшін болашағынан бас тартып, жетімді жеткізу үшін ауылда қалды… Жылдар өткенде отбасылы Мұқанға «Мен жалғыз жігітті сүйдім» дейді Нәркес. Сонда Мұқан сұрайды: «Қасымжанды ма?». «Ақымақ» дейді қыз, «Біздің Алғабастың Эйнштейні». Былай қарасаң жаңалық ашып тұрған ештеңесі жоқ. Бірақ кіршіксіз сезімдер шынайылығымен баурайды.
Кейінгі бір сериалдардағыдай жасанды ситуациялар, жаттанды диалогтар, картон декорациялар жоқ. Бәрі шынайы. Төрт мезгіл: қыс та, жаз да, күз де, көктем де бар. Су ішіндегі төбелес, алаудың жанында сезім білдіру, қарда домалап шекісу, желдің үп еткені, кептер қанатының сыбдыры, күннің қызарып батқаны мен таңның ағарып атқаны… Бәрін сезіп отырасыз. Режиссердің үнемдемегені, үнемдеуге тырыспағаны көрініп тұр. Әйтпесе, қазір эстетика кімді толғандырып жатыр?!
Ал мағыналық, оқиғалық жағынан алсаңыз, қайнап жатқан өмір. Тәуелсіздік жылдарының шежіресі. Мұнда Кеңестер Одағын ыдыратқан ГКЧП-дан бастап тоқсаныншы жылдары еліміз бастан, өткерген бүкіл күйлер бар. Қиыншылық та, дағдарыс та, сана мен тұрмыстағы сілкініс те. Үш достың, олардың отбасыларындағы драма елдегі өзгерістер фонында өтеді.Әр серияда сол дәуірдің ең маңызды оқиғаларынан ақпар, жаңалық сюжеттерінің кадрлары қамтылған: толқулар, әлеуметтік дүмпулер, өшірет, дефицит… Сіз Алғабас ауылының тұрғындарымен бірге Қазақстанның қалай алға басқанын көресіз.
Тағы бір ерекшелігі, кейіпкерлерінің бәрі «тірі». Бәрі қателеседі, кейде асығыс шешім қабылдайды, өкінеді, опық жейді, тәубасына келеді. Түрлі мінездер, түрлі тағдырлар… бәрі де бар. Қандай жағдай болса да, үшеудің достығына сызат түспеген. Барлық қателіктерді жігіттік сабыр мен парасат жеңген.
Сондай-ақ Төлеубек Аралбаев, Гүлжамал Қазақбаева, Айгүл Иманбаева, Жомарт Зейнәбіл, Ақылбек Мақашев, Таңсұлу Мұзафар, Дәстен Шәкіров, Әсел Сәдуақасова сияқты актерлердің шынайы ойындарына куә болдық. «Сұлу қыз, көркем жігіт, бәрі сонда, дариға сол ортадан неге кеттім?» дегізгендей.
Қорыта келгенде, «Судағы із» – қазіргі көп сериалдан сойы бөлек дүние. Бізге ең алдымен сериалға деген көзқарасымызды, қатынасымызды өзгерту керек. Көрерменді сыйлап үйрену керек. Сол үдеден шығар-ау деп өзіміз қызыға күтіп жүрген «Судағы ізді» «КТК» арнасынан көрсетеді деген хабар тарады. Енді тиісінше жарнамалап, көпшілік үшін көруге ыңғайлы уақытқа қойса екен деген тілек бар.
А.ДОСПАМБЕТ
Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/articles/show/20921-_suda_y_z_serialdardy_zha_a_de_geige_k_tered_