Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

“Бір түп алма ағашы” көрерменін жылатты

“Бір түп алма ағашы” көрерменін жылатты
Көп ата-ана балаларының өсіп, жетіліп, бір-бір отбасы болғанын қалайды, кішкентайынан бағып-қағып өсірген балалары ержеткенде бір-біріне сүйеу болып, қуанышта да, қайғы да да бірге болса екен деп армандайды.
Қазіргі кезде қамқор әкесі, мейірімді анасы, тәрбиелі балалары бар толық отбасыларды көргенде көңіміз толады. Бірақ айрандай ұйыған отбасылардың ертеңі қандай болады екен деп ойлағанда іштей бір алаңдаушылық болатыны да рас.Салмақты әке мен салиқалы анадан тараған ұрпақты жамандыққа қимайсың, бірақ кейде адамдардың өзгеруіне, бір-біріне жат болып кетуіне заман да, қоғам да, қым-қуыт тұрмыс та өз әсерін тигізбей қоймайтынын да мойындау керек.
DSC_9819(1)Неге туған бауырлар бір-бірінен суып, жат бауыр болып кетеді? Кішкентай кездерінде ұялас күшіктердей бір-біріне жақын болып өскен ет-жақын адамдар неге ержеткен соң бөтен болып кетуі керек? Міне, осы сұраққа жауап іздеген шығармалардың бірі – Әлібек Оразбековтың “Бір түп алма ағашы” спектаклі жақында Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемелкеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды.
“Бір түп алма ағашы” бұған дейін де еліміздегі бірнеше театрларда қойылған. Спектакльді әр режиссер өзінше сахналады. Бірақ күні бүгінгі дейін бұл қойылым өзектілігін жоғалтқан емес. Мәңгілік тақырыпқа айналған шығарманың көрерменге берері көп.
14-15 қаңтарда балалар мен жасөсмпірімдер театрында алғаш қойылған “Бір түп алма ағашы” спектаклінің премьерасына бардық. Көрермен ретінде қойылымнан ерекше әсер алып қайттым. Басқа да театрлар қойған нұсқасымен салыстыра отырып, театр сыншылары өз пікірлерін де айта жатар.Бүгін біз көрермен ретінде алған әсерімізбен бөлісіп отырмыз. Премьераға барған көрермен қойылымды селт етпей бір деммен тамашалады. Залда көзінен жас алмаған көрермен болмады десек қателеспейміз.
Сахнаның безендірілуі де, музыкамен көркемделуі де өте көңілге қонымды. Спектакльдің режиссеры, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Ахмановтың айтуынша, сахнада одағай сөздерді мейілінше қолданбай, мәдениетті қоюға тырыстық дейді. Ал спектакльдегі актерлердің ойыны бөлек әңгіме.
Өмірлік серігінен ерте айрылса да, балаларын оқытып-тоқытып, қыздарын қияға, ұлын ұяға қондырған Дәметкен әжей қанша қиындық көрсе де мойымаған жан. Жарынан қалған қара шаңырақта мүгедек баласын қарайлап, қаладағы балаларының әрқайсысына алаңдап күнін өткізеді. Ананың көңілі қаладағы балаларында болғанымен, балаларының көңілі далада еді. Өйткені қаладағы күйбең тірліктен олар ауылға жылына бір келуге де уақыт таба алмайды. Ал Дәметкен апаның қасынан кетпеген, кете де алмайтын кенжесі Мақсат анасын қуантқысы келеді, алыстағы ағасы мен әпкелерін сағынады. Өйткені ауылдағы үйінен аттап шықпаған, арбаға таңылған Мақсаттың жан-дүниесі тұп-тұнық еді. Ұшқыш болуды армандаған жас бала кішкене кезінде ойнап жүріп құлап, омыртқасын мертіктіріп алған болатын.
DSC_9783Анасына тосынсый жасап, оның 70 жасқа толған туған күніне бауырларын қара шаңыраққа жинағысы келген Мақсаттың бар арманы, пәк көңілі бір күнде күл-талқан болды. Бір бірін жеп қоюға әзір ағасы мен әпкелерінің бір-біріне айтқан ауыр сөздері Мақсаттың жанын жаралады. Ал күні кеше бір-бірінен бір елі ажырамай өсен балаларының көз алдында бір-бірін түтіп жеп жатқанын көрген бейбақ ана дүниеден баз кешердей болды.
Мақсаттың үлкен әпкесі Әлия күйеуін адам санамайды, ал жездесі Тұрсын өмірде жолы болмаған пақыр. Ал екінші әпкесі Ләйлә керісінше, күйеуінен аса алмайды. Оның күйеуі Зарқынбек зырылдап сөйлегенде алдына жан салмайтын қылжақбас.
Отбасының тұңғышы Ерғалидан ата-анасы да, бауырлары да көп үміт күткен еді. Алайда оның да отбасылық өмірде жолы болмады. Жоны күдірейіп бастық-сымақ болып жүргені болмаса, асханадан ас ішіп, жалғыз баласын жылына бір көруге зар мүсәпір еркек.
Міне, осы образдарды әр актер өзінше ашуға тырысты және бұл олардың қолынан келді. Өйткені олар көрерменді сендіре білді. Әсіресе Мақсаттың рөліндегі Дархан Сүйлейменов өз рөлін жақсы алып шыға алды. Ал Зарқынбектің рөліндегі Рахман Омар көпшілікті жалықтырмай, өзінің комедиялық образымен, қыршаңқы әрі күлкілі сөздерімен көрерменді серпілтіп отырды.
Қазіргі қоғамда әке бөлек, шеше бөлек, балалар өз беттерімен тұрып жатқан отбасылар көп өкінішке орай. Бұл бізге батыстан келген дерт. Өйткені еуропалықтар үшін ата-ана мен баланың бір отбасында ұйып өмір сүруі әлдеқашан арманға айналған. Ал қазақ үшін ықылым заманнан-ақ отбасылық құндылық қастерлі ұғым болған.Әсіресе бір шаңырақтан өрбіп шыққан туған бауырлардың арасындағы бауырмалдық, ата-анаға деген құрметі ерекше еді.
“Қатын жолда, бала белде, бірақ туған бауыр табылмайды” деген бір ауыз сөзбен бабаларымыз бауырмалдықтың қаншалықты қымбат екенін айтқан болатын. “Бір түп алма ағашы” спектаклі арқылы адамдар бұл өмірде туысқандық, бауырмалдық деген құндылықтардан артық ештеңе жоқ екеніне тағы да көз жеткізе түседі. Өйткені бір әке бір шешеден туған ағайындылардың басы тек біреуі өмірден өткенде ғана қосылмай, бір-бірінің қадірін тіріде білгені абзал.
Мәуелі ағаштың нәрін бойына тұтас дарыта алмаған бұтақтар да жарытып жеміс бере алмайды. Сол секілді адам да алма ағашымен тағдырлас.
Айнұр СЕНБАЕВА

Ақпарат көзі: http://www.elarna.com/koru_kk.php?id=555739

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Таң шолпан” бағдарламасы. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына 70 жыл

admin

Тұңғыш рет “Алтын сақа” фестивалі өткізіліп жатыр

admin

Ғ.Мүсірепов театрына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Марат Камзолдаев келіп жобалық кеңсенің алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

admin