Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

О, сахна, күрсіндірген, күлдірген…

О, сахна, күрсіндірген, күлдірген…Төрт елдің театрлары Тараз төрінде шеберлік сынасты

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Тараз қаласында дәстүрлі «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты актер өнеріне арналған II халықаралық театр фестивалі өтті. Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен облыстық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен өткізілген шара бекзада өнердің қасиетін тағы да даралай түсті. Фестивальдың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков фестивальға қатысушыларға сәттілік тіледі. Тараз топырағы таланттардан кенде болмағанын айтып, соның бірі қазақ театр және кино өнерінің жарық жұлдызы – Тұңғышбай әл-Тарази екенін атап өтті. Бұдан кейін сахнаға фестиваль иесі, ҚР Театр қайраткерлері одағының төрағасы, ҚР Халық артисі Тұңғышбай әл-Тарази көтеріліп, өзінің жүрекжарды сөздерін тебіреніп, көпшілікке жеткізді. 
Фестиваль барысында Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасынан келген театрлар өз қойылымдарын сахналап, шеберлік сынасты. Олардың өнеріне ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған қазылар алқасы баға берді.
Алғаш Бішкек қаласынан келген «Сахна» экспериментальды театр ұжымы «Шамал ыры» қойылымын көрермендер назарына ұсынды. Жаңа үлгіде сахналанған спектакль көпшілік көрермендердің көңілінен шықты. Шығарма жас ғашықтар Ұлан мен Аққу атты арудың махаббат аңызының желісі бойынша көрініс табады. Жаны мен тәні жарасымнан жаралған Аққудың сұлулығы кімді болсын баурап алатындығы сөзсіз. Ал оның Ұлан екеуінің арасындағы іңкәрлік сезімге толы байланысы әдемі суреттелгені баршаны сүйсіндірді. Алайда, талдырмаш аруға ханның да ойы кетіп, ақыры махаббат дертіне шалдыққан әмірі күшті хан Аққуды өз сарайына, қасына алдыртып, екі ғашықты бөліп тынады. Оқиға барысы осы сәттен шиеленісе бастайды. Қос ғашық жүректің иесі бір-бірін іздеп шарқ ұрады. Бұл тұста қоюшы режиссер Кенжегүл Сатыбалдиеваның жаңаша сипаттағы қойылымның өз қалыбында өрбуіне көп еңбектенгені байқалады. Олай дейтініміз, аңыз жыр жолдары бойынша баяндау түрінде түсіндіріліп отырса да қойылым соншалықты сенімді суреттеліп, көрерменді баурап алды. Режиссерлік шешім арқылы шығарманың шарықтау шегі де сәтті бейнеленді. Ондағы би ырғақтарымен Ұланның ғашығын іздеп сабылғандағы күйзелісі көрермендер санасын сан-саққа жүгірткені сөзсіз. Осы ретте Ұлан образында өмір сүрген актер Умарбек Кадыров, Аққу бейнесіндегі актриса Даарыбю Асанбекқызының өз міндеттерін тиісті деңгейде алып шыққанын ерекше айтып өту керек. Ал аңыз желісіндегі жыр жолдарын сахна тіліне ыңғайлаған Нұрлан Асанбековтің жұмысы да нәтижелі.
Осы күні тараздықтар мен қала қонақтары Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының «Абылай» атты тарихи драмасын да тамашалады. Иран-Ғайыптың туындысын көпшілікке сахна арқылы ұсынған режиссер Ерғали Оразымбетовтің қойылымы да өзінің өзектілігімен, мазмұндылығымен фестивальдың мәнін арттыра түсті. Шығарма арқылы жиналғандар өткен күнге көз жүгіртіп, атақты Абылай ханның тұлғалық болмысымен тереңнен таныса түсті. Ал Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымын ұсынған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының өнері барша көрермендерді тәнті етіп, рухани демалыс сыйлағанының куәсі болдық. Көпшілікпен бірге біз де әдемі әсерді бастан кештік. «Қара шекпеннің» кейіпкері – хайуандар десек, автор әртүрлі аңдар мен малдарды пайдалана отырып, қоғамның кемшіліктерін солардың тілімен жеткізуге тырысады. «Қара шекпен» – махаббат пен достық, адалдық пен сатқындық тоғысқан философиялық әпсана. Қойылым кейіпкерлері – сөйлеу қабілетіне ие хайуандар: Тұзар-төбет, Қуқар-қарға, Қосүрей-қоян, Сылаң-түлкі, Кико-есек және басқалары. Бүгінгі түлкiдей құбылған заманның ащы шындығын образдар арқылы жеткізген. Мысалы, қуқар – байсалдылық, қасқыр – зұлымдық пен айла, төбет – адалдық, кико – қырсықтық, түлкі – қулық пен екіжүзділік.
Актерлер, музыкамен көркемдеуші, суретші, балетмейстер және басқалары автордың ойын жоғары деңгейде ұсынды. Режиссер Асхат Маемиров актер таңдауда қателеспегендігін аңғартты. Орындаушылардың жүріс-тұрысы, бет-әлпеті өздері сомдаған образдарға сай келіп, рөлдерді көрерменге сәтті жеткізді. Содан болар, қойылымның идеясы анық, өзектілігі талас тудырмайды. Режиссерлік ізденісте де, актерлік ойын мәнерлерінде де, сценографиялық шешімінде үлкен еңбек пен шеберлік байқалады. Орындаушылардың ойын өрнегінде рөл сұлбасы, терең психология, астарлы ой сынды шеберлік элементтері бар.
Әр образ өзінің қара басын ойлайды. Тек Тұзар емес. Ол өмірге ғашық, адал, болашаққа сенімі бар адам кейпінде. Тұзар қасқырлардың айласына ілігіп, сұм қасқыр Көкшуланға ғашық болады. Дегенмен, төніп келген сезімнің бетін қайтарып, қожайынына адал қызмет етуді таңдайды. Ал қожайыны төбетінің бұл ерлігі мен адалдығын бағалай ма?! Аңдардың бұл сәтті тамашалауға келгені көрерменді одан әрі ойландырады. Бұл орайда шопанның жауабын сезе тұра, бақылаушы ретінде аңдардың жиналуы – бүгінгі өзекті мәселелерге, зұлымдықтарға тек бақылаушы ұстаным ұстанатын қоғамды елестетеді. Мұндай тапқыр шешімнің астарында үлкен трагедия жатыр.
Актерлер комедиялық, трагедиялық сәттерді шебер жеткізді. Басында позитивті, қозы Бе-бемен қалжыңдасып ойнайтын Тұзар, кейін келе қара шекпенмен бірге өз қайғысын да жамылады. Осындай шебер образдардың бірі – Қосүрей (Лидия Каденова). Әзілқой, көңілді образдан кейін балаларынан айырылған бейшара ананың рөлімен залдағы көрерменнің көзіне жас әкелді.
Осы секілді тартымды дүниелер фестивальдың екінші күні де жалғасын тапты. Шараның екінші күні Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Нұрлан Абдыкадыров жас актерлермен шеберлік сыныбын өткізді. Бұдан соң аталмыш елдің Талас облыстық музыкалық драма театры Хаким Хамзаның «Аялдардан Шан Кече» атты драмасын режиссер Ходжагули Овлягулидің сахналауында ұсынса, Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласынан келген М.Вахидов атындағы мемлекеттік жастар театры режиссер Нозим Меликовтың сахналауындағы «Ночь в дали от Родины» қойылымын тарту етті. Одан кейін тараздықтар Өзбекстаннан келген Ферғана облыстық мемлекеттік орыс драма театрының «Крутые Виражи» комедиясын тамашалап, шат-шадыман күйге бөленді. Сондай-ақ, қонақтар шара барысында Тараз қаласының тарихи орындарына саяхат жасап, көне шаһардың бүгінгі шырайына ризашылық танытты.
Екі күнге созылған театр думаны өз мәресіне жетіп, үздік өнер көрсеткен театр ұжымдары мен актерлер марапатқа ие болды. Марапаттау салтанатында сөз алған облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев фестивальға қатысқан театрларға ризашылығын жеткізіп, басқарма атынан театр режиссерлеріне Алғыс хат табыстады. Бұдан кейін қазылар алқасының төрағасы, ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов жеңімпаздарды жария етті. Қазылар алқасының шешімімен «Режиссураға деген актерлік адалдық» аталымы бойынша Талас облыстық музыкалық драма театры, «Үздік актерлік ансамбль» аталымы бойынша Бішкек қаласының «Сахна» экспериментальды театры, «Актерлік дуэт» аталымы бойынша Ферғана облыстық мемлекеттік орыс драма театры, ал «Тарихи тақырыптағы қойылым» аталымы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының орыс драма театры марапатталды. Сонымен қатар, «Үздік эпизодтық әйел рөлі» аталымына Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденова лайық деп табылды. Ал «Үздік эпизодтық ер адам рөлі» аталымы бойынша осы театрдың актері Ербол Садырбаев марапатталды. Сондай-ақ, «Ең үздік ер адам рөлі» аталымын Тәжікстан Республикасы М.Вахидов атындағы мемлекеттік жастар театрының актері Абдумумин Шарифи жеңіп алды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол». Тараз қаласы
Мақала www.akjolgazet.kz сайтынан алынды

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Оралда Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың гастролі өтіп жатыр

admin

Алматыда «Алтын сақа» атты балаларға арналған спектакльдер фестивалі басталды

admin

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СТИПЕНДИЯСЫ ИЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ!

admin