Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Алдар көсені» балалар жылы қабылдады

Бір кездері «Алдар көсе кім? Ол жүрген – бір алаяқ, балаларға оны үлгі етуге болмайды!» – деген пікірлер айтылды. Алайда, қай қоғамда болса да Алдар өзінің өміршең кейіпкер екенін дәлелдеумен келеді.
Елдің несібесін жеген тоғышар, халқын қанаған ынсапсыз, әлсізге әлім­жеттік жасаған әлді адамзат та­рихы­мен бірге жасасады. Ендеше, жы­ла­ғанды жұбататын, тоғышарлықты әш­керелеп, жарлының жаршысы болатын Алдар көседей айлалы, әділетшіл кейіпкерлердің болуы – заңдылық. Алдар халыққа алаяқтығымен емес, тапқыр, адалдығымен жақын. Сол себепті де ертедегі ескі кейіпкер әлі күнге дейін ортамызда.
Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры сахнасындағы «Алдар көсе» де оптимистік көз­қа­ра­сымен, тапқыр, адалдығымен кішкен­тай көрермендерін тәнті етуде. Сахналанғанына көп бола қоймаса да бұл спектакль кішкентай көрерменнің көңілінен шықты. Ш.Құсайыновтың авторлығымен сахналаған спектакльдің режиссері Е.Нұртазин.
Сараң, әділетсіз Шығайбайдың ха­лыққа көрсететін қысымын, көрсе­қызар дүниеқұмарлығын, түсінігі таяз топастығын Алдар өзінің тап­қыр­лығымен әшкерелейді. Еркетотай жалғыз қызының да кеудемсоқ паң­дығын, шолақ ойлы, шайпау мінезін жеңіл қағытпа, ұтымды әжуасымен түйрей жүріп, кішкентай көрерменді бұндай жағымсыз мінездерден алыс болуға шақырады. Бұл сахнада адами құндылықтар жайлы сала-құлаш мәтіндер айтылмайды. Жеңіл әуен, кө­ңілді ырғақ, ұтымды кекесін, қысқа диалог залды бір сәт өзінен алыстатпайды. Көрермен Алдармен бірге сахналық әрекеттерге өзінше атсалысып отырады. Бұл қойылымда балалар аға буын «қауіп қылып, қам жеген» алаяқ Алдарды емес, кішіпейіл, әділетшіл, ақылы кемел, оптимист Алдарды көреді. Алдар арқылы қазақтың ежелгі ертегі, аңыз, әфсаналарындағы кейіпкерлермен танысады. Қолынан бәрі келетін өжет, батыл, ақылы асқан кейіпкер осылайша жас жеткіншекті өзіміздің ежелгі кумирлермен қауыштырады. «Балалар өзіміздің Ер Төстік, Алпамыс, Таусоғар сияқты кейіпкерлерден алыстап барады. Оның орнын неше түрлі батыстың Наруто, Бэтмендері жаулап алды» – дейтін, талайдан бері көтеріліп жүрген мәселеге осындай қойылымдар арқылы тосқауыл қоюға болады. Театрдың бұл қойылымын тамашалау барысында менің де ойымда: «Балалар бұл кейіпкерді қалай қабылдайды екен?» – деген сауал тұрды. Музыка мен қимыл-қозғалысы көп, қазіргі заманауи элементтері қосылған, жеңіл әзіл, ұтымды шешімдер жоғарыдағы күдігімді сейілт­кендей болды. Залдағы кішкентай көрермендердің жаңа қойылымды қабылдауы ерекше. Іші пысып, құса боп, қабағы қатулы отырған баланы көрмедік. Бұл тұрғыдағы, балалар мен жасөспірімдер театрының ізденісі ақ­талған сияқты. Төл мәдениетімізден бүлдіршіндерді алыстатуда, оған жа­қын­датуда өзіміздің қолымызда екен. Бізге керегі – өзіміздің ежелгі қисса-дас­таннан, қазақ ертегілерінен болсын ұтымды тұстарды дұрыс таңдап, бүгінгі кішкене көрермен санасына лайықтап ұсыну ғана. Одан Алдардың ақылына еріп, баламыздың алаяқ болып кетпейтіні анық.
Театр – идеологиялық үлкен құрал. Сол арқылы жас ұрпақтың дүниетанымы қалыптасып, туған тілге, тарихқа, бо­ла­шаққа деген сүйіспеншілігі оянатынын ескерсек, өзіміздің ежелгі ертегілерді қайта қарап, ескі кейіпкерлерімізді жаңа формада ұсыну маңызды.

Ақпарат көзі: http://zanmedia.kz/so-maalalar/алдар-көсені-балалар-жылы-қабылдад

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ЖАСТАР ТЕАТРЫ ҚАРТТАР ҮЙІНДЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРА ӨТКІЗДІ

admin

Сахна саңлағы Мәкіл Құланбаевтың еске алу кеші өтеді

admin

Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Астанаға келді

admin