Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары

Гүлбаһрам БАЙБОСЫНОВА, актриса: СУРЕТКЕР СЫНМЕН ӨСЕДІ

Бүгінде өнерге аяқ басқан адамының көпшілігі, әсіресе жастар жағы кино саласында бақ сынағанды құп көреді. Кино мен театрды қатар алып жүрген актерлер де аз емес. Өзін кинода да, театрда да көрсетіп, тіпті телебағдарламалардың тізгінін ұстап та жүрген талантты жастың бірі – Гүлбаһрам Байбосынова. 

«Шал» фильмінде Қасымның анасы, «Ұлжан» телехикасында – Динара, «Ұзақ жол» сериалында – Мәдина, «Қара шаңырақта» – Алтынай, «Таңдауда» – Айгүл, «Көк тарландарында» майор Шәріповтың жары рөлдерін ойнаған театр актрисасы «Қазақстан» телеарнасындағы «Дала-думан», «Хит TV» арнасындағы «Қалайсың?» және «Еларнада» «Жарайсың» бағдарламаларын жүргізген. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Гүлбаһрам Байбосынова театр әлемі туралы сыр бөлісті.

– Гүлбаһрам, өнерлі отбасынан шыққа­ныңыз белгілі. Дегенмен, өнер саласында дәл театрды таңдауыңызға не себеп болды?

– Кезінде режиссер, марқұм Жанат ­Хаджиев Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында «Қыз Жібек» спектаклін қойған еді. Сол «Қыз Жібекті» менің әпкем (әкемнің қарындасы) 16 ­жасында ойнаған. Яғни актерлік өнер біздің қанымызда бар ғой. Мен актриса ­болуды ешқашан армандаған емеспін. Өзім ­физика-математика мектебінде білім алып, әдебиет пәнін сүйіп оқыдым. Билегенді де жақсы көретінмін. Мектеп бітіргенде журналистикаға немесе хореографияға ­баратын шығармын деп ойлағанмын. Алайда әпкемнің кеңесімен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма театр және кино» актер мамандығына оқуға түстім. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рашида Хаджиеваның класында тәлім алдым. Жоғары оқу орнын 2009 жылы бітіріп, осы жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етіп келемін.

– Ең алғашқы жұмыс орны, алғашқы рөл адамды толқытатын дүниелер ғой. Студент болып жүрген кезде алғашқы рөлді сомдай бастайсыздар. Ал кәсіби сахнаға келгендегі алғашқы рөліңіз қандай еді?

– Әрине, оқып жүргенде бәрі басқа. Үлкен театрға келгеннен кейін қобалжисың, бұл жерде тілді де, дауысты да тексереді. Алғашқы рөлімнің бірі – «Көгілдір таксидегі» Мариям. Содан кейін «Бөлтірік бөрік астында» – Марфуға, Жәмила, «Келіндер көтерілісінде» – ­Мухайе, ­Нигора, «Жұбайлар-ай, жұбайлар!» спектаклінде Элиза деген сияқты кете береді… Негізі мен оқу бітіріп, театрға жұмысқа орналасқанда екі жыл істеп, сосын телевидение саласына кетемін деп ойлайтынмын. Алайда спектакльдің дәмін сезгеннен кейін бір тылсым күш сахнада қалдырды ғой.

– Телевидениеге журналистика бағыты бойынша ауысқыңыз келді ме?

–Жалпы жүргізуші-дикторлықты байқап көріп, ары қарай продюсерлік ­немесе режиссерлік мамандықты оқимын деген ойым болған. Режиссер болу үшін міндетті түрде театр сахнасында ойнап, бұл жердің тамыр бүлкілін байқап көру керек деп ойладым. Сахнаның сын тезінен өтіп, спектакльде ойнап көрген дұрыс қой. Ал қазір сүйікті мекенімнің бірі, сондықтан бұл жерден кете алмаймын.

– Қазіргі жастар негізінен театрды емес, киноны таңдайды. Өзіңіздің де бірнеше рет киноға түскен тәжірибеңіз бар. Сіз үшін қайсысы маңызды, театр әлде кино?

– Дәл біздің театрдағы актерлер ­театрды таңдайды. Ал киноға кетіп қалған актерлер сырттан, кастинг арқылы алынады. Олар театрда жұмыс істеп көрмеген актерлер. Сондықтан, әрине киноны таңдап жатады. Мен студент кезімнен киноға түстім, киноны да жақсы көремін. Бірақ театрда рухани ләззат аламын. Кез келген киноға түсе бермейсің ғой. Қазір сериалдар да, ­кинолар да көбейіп кетті. Театр мәдени орта, адамның ой-өрісін өсіретін, құлашын кеңейтетін жер. Менің де ордам – театр.

– Әдетте осы жастар және балалар театрына келсек, көп жағдайда актерлер екіге бөлініп кетеді. Бірі балаларға арналған қойылымдарға, енді бірі жастарға арналған  қойылымға бой түзейді. Ал өзіңізге қайсысы жақынырақ?

–Балаларға арналған қойылымдарды жақсы көремін. Бұйрық шығарып, «балаларға арналған қойылымда ойнайсың» десе, әрине ойнаймын. Патшайым Герданы енді ғана ойнап жатырмын, «Мұз патшайымы» спектаклі өткен жылы қойылды. Мен үшін бұл балаларға арналған үлкен спектакль. Иә, болмысым балалар қойылымына келеді. Бірақ нақты бір бағытқа байланып қалғым келмейді. Оның үстіне кешкі қойылымдарды қаттырақ сүйетін сияқтымын. Әрі уақыт өткен сайын балалар қойылымдарында жастар ойнасын деп жол бере бастаймыз. Өйткені онда бала дауыс, бала күлкі аса маңызды.

– Өнерде жүрген соң, үлкен толқынның сын-пікірлері ауырлау тиіп, жүрекке алатын тұс болатын шығар?

– Болған. Алғашында балалықпен ренжіп, тіпті жылап қалатынмын. Бірақ ­актер сынмен өседі, сынды қабылдай білу керек. Қазір маған сын айтса, көңіліме алмаймын. Керісінше, қай жерінде қате кетті, қайтсем сынды түзеймін деп сұраймын. Көбіне сөзден қате кетуі мүмкін. «Әй, мына сөз мынадай мағына білдіреді» деген сияқты үлкендер сын айтады. Онда тұрған ештеңе жоқ.

– Бүгінгі жас көрермен бәрібір басқа көрермен. Сіздер олардың сұранысын, не көргісі келетінін, тіпті ең қарапайым нәрсе, адамды қандай келбетте көргісі келетінін жақсырақ білесіздер. Өйткені сол жастардың өкілісіздер. Осы тұрғыдан қан­дай да бір келіспеушілік, өз пікір­ле­ріңізді барынша мойындататын сәт бола ма?

– Болады, әрине. 80-90 жылдарда мүлде басқаша ойлайтын.  Қазір ­заман өзгерді, заманауи қойылымдарды осы заманға сай қойып жатыр. Қазіргі көрерменді таңғалдыру оңай емес. Сондықтан біздің режиссерлер жан-жақты жұмыс істеп жатыр. Көрерменге жақын болғымыз келеді. Дәл өзім жастар үшін қаһарман болып саналатын қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүкті сомдағым келеді. Кинода ма, театрда ма – маңызды емес. Қазір, өкінішке қарай, көп жастар Абайды, Мұхтар Әуезовті жете білмей жатады… Сондықтан тұлғаларға арналған қойылымдардың болғанын қолдаймын.

– Бұл өз кезегінде үлкен мәселенің шетін шығармай ма? Кішкентай адамдар арқылы үлкен тұлғалардың бет-бейнесін қалыптастыру бүгінгі заман сұранысы. Осы тұрғыдан келгенде Әлия мен Мәншүктен өзге кімнің кескін-келбеті, тұлғасы біздің театрға керек деп ойлайсыз?

– Қазіргі заманда Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов ағаларымыз ­туралы неге қоймасқа… Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева сынды аты тарихта қалатын әншілер бар… Сол жайлы фильмдер түсірілсе, спектакльдер қойылса деймін.

– Енді осы кезге дейін өзіңіз ойнаған рөлдер туралы айтсақ. Қайсы рөл өзіңізге көбірек әсер етті?

– Мен әр спектакльде рөл ойнаған ­сайын «осы рөл маған сай, менің болмысымды, мінезімді ашты» деп ойлайтынмын. Көбіне келіннің, арудың рөлін ойнадым. Көпшілік маған лирикалық рөлдер жақын екенін айтып жүретін. Ал Г.Хугаевтің «Қара шекпенінде» Сылаңды сомдағанда бәрі таңғалды. «Сен осындай да рөлді ойнай алады екенсің ғой» деп мақтап жүрді. Өзім де «бұл менің «бомба» рөлім» деп ойладым. Бірақ адам күн сайын өседі, санасы, ойы өзгереді. Ал қазір ­жаныма жақыны – «Құлагер» және сондағы рөлім. Рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Осы «Құлагер» спектаклінен  шынайы ләззат аламын. Бұл рөлді қанша рет болса да ойнай беретін сияқтымын.

– Қазақстандағы театрлардағы ­ойынына, актерлік жолдағы ұстанымына көңіліңіз ­толатын замандастарыңыз туралы айтсаңыз?

– Біздің театрда жастар көп. Қатарла­сымыз да, үлкеніміз де, жасымыз да бірге жүреміз. Солардың ішінде Ерлан Кәрібаев деген актер, өзінің ойын да, пікірін де дұрыс жеткізе білетін, кеңесін де жаныңды жараламай айтатын актердің, досымның бірі. Театрдың шығармашылық жетекшісі Данияр Базарқұлов жақсы ойлап, жақсы түсінісетін аға-досымыз. Ал жастарымызға тіпті таңғалып отырамыз. Бізде сен жассың, сен білмейсің деген әңгіме жоқ. Өйткені қазір үлкендер мен жастар ой алмасып отырса, жастарға үлкен көмек болар еді.

– Бұрын қай шығармашылық орта болсын бір-бірімен етене араласып жататын. Қазір бізде ондай дәстүр жоқ секілді. Осы тұрғыдан келген кезде шығармашылықтың басқа саласындағы өкілдерімен араласу, олардың шығармашылық еңбегімен танысу, оларды бағалау мәселесі қалай?

– Менің әкем күйші-композитор ғой. Сол бұрынғы шығармашылық адамдарының бір-бірімен тығыз қарым-қатынасы туралы жиі айтатын. Қазіргі жастар басқа бағытпен кетіп бара жатыр ма, әлде көре алмаушылық па? Не болмаса орысшаланып кету ме… Мүмкін қызға­натын шығар… Анығын айта алмаймын…

– Қандай кітап оқисыз?

– Өнер адамы, әсіресе театр актерлері жиі кітап оқиды. Себебі біз ойнайтын спектакльдер сондай көркем шығармалардан алынған пьесалар. Мен де әртүрлі кітап оқимын, дәл қазір оқып жатқаным – ­«Махаббат, қызық мол жылдар». Өйткені жуырда осы спектакльді қоямыз.

–Әңгімеңізге рақмет!

P.S.

Әлемдегі пандемияға қарамастан, өткен жыл Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры үшін жемісті жыл болды деуге болады. «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» өткен жылы атқарылған жұмыстың нәтижесін анықтау мақсатында еліміздегі театрлар арасында жүргізілген арнайы сауалнама қорытындысында «Үздік актриса» номинациясы ­бойынша «Шағала» қойылымындағы Аркадина рөлін сомдаған Жанар Мақашева, «Үздік ­режиссер» номинациясы бойынша «Құлагер» қойылымы үшін Фархад Молдағалиев, «Үздік қойылым» номинациясы бойынша «Шағала» спектаклі (автор А.Чехов, режиссер Е.Нұрсұлтан)  үздік деп танылды. Аталған театрда үлкендермен қатар, орта және жас буын өкілдері де еңбек етіп, театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне өз үлесін қосып жүр.

Индира СӘТІМ

Ақпарат көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/news/58930

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғ.Мүсірепов театры Ақтөбеге гастрольдік сапармен барады

admin

Ғабит Мүсірепов атындағы Академиялық драма театры «Ұмытыңдар оны …» қойылымын ұсынады

admin

АКТРИСАҒА АРНАУ

admin