Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары

Өз балаң өзекке теппесін

Әрбір қия-қатпарына дейін қазақ көрер­меніне таныс оқиға алыстағы Америкада өтіп жатыр. Елу жыл отасып, бес бала бағып өсіріп, ақырында үйсіз-күйсіз далада қаңғып қалатын қариялардың қасіре­тін өткен ғасырдың басында-ақ драмаға айналдырған кезде Америка жазушысы Вина Дельмар дәл осы мәселенің бүкіл дүние халқына ортақ проблемаға айналарын қаламгерге тән жүрекпен алдын ала сезген секілді. Ал аударған Қалтай Мұхаметжанов пьесаны қазақ көрерме­ніне мейлінше жақындатып, ата-анасы­нан алыстап бара жатқан балалардың жүрегіне иман нұрын себуді мұрат тұтқаны анық.

«Өз балаң өзектен теппесін», перзенттен қайыр көрмеу де қорлық. Оқиға Қазақстанда емес, құрлықтың арғы жағында өтіп жатыр деп өзімізді жұбатқанымызбен, өткен ғасырдың басындағы америкалық қасірет бүгінгі қазақ қоғамының да бас ауруына айналды.

Люси мен Баркли Куперлердің кең әрі қо­нақжай шаңырағында әлдеқашан үйлі-баранды болып кеткен балалары жиі бас қосып тұрады. Бәрі де өмірден өз орнын тапқан, ішкені алдында, ішпегені артында, байлыққа кенеліп, бақуат тұратын жандар. Міне, төбесінен құс ұшыр­май өсірген сол ата-анасына қамқорлық жасап, бағып-қағу кезегі енді балаларына келіп тұр. Өздері өскен балалық шақтың жылы ұясы болған қарашаңырақты ата-аналары банкке кепілдікке қойып қарыз алған еді, ал оны босатып, жаңа пәтер жалдау үшін азғантай ғана ақша жетпей тұр. Баладан қайыр ғана күтетін аңқау ата-ана «жоғымды тауып берер» деп үмбетіне үміттене қараған. Әке-шешенің мұң-мұқтажын естіген бойда ұл мен қыз сараң екенін байқатып, бір-біріне сілтей бастайды. Түрлі себеп тауып, ақша беруден бас тартқан балалары қаржыны айтасыз, үйінен айырылып, қайда барарын білмей тұрған қарт әке-шешені қолдарына алғысы келмейтін ниетін ашық аңғартады. Бесеуінің бірде-біріне не ананың, не әкенің керегі жоқ. Бесеуінің бірде-бірінің үйінен қарттар үшін қуықтай бір бөлме табылмаған олар, ақыры әке-шешені қақ бөлуді құп көреді: әкесін амалсыз Калифорниядағы қызы алмақ, ал аналарын қарт әйелдерге арналған пансионатқа жөнелтуді жөн көреді. Елу жыл бойы бірге тұрып, аяулы жандарға айналған екеу балаларына керек болмағанымен, бір-бірі үшін ең керек кезінде мәңгілікке екі айырылғалы тұрғаны драма оқиғасын бірден өрістетіп ала жөнеледі.

1

Кемпір мен шал, әлде қария мен кейуана, мей­лі қалай аталса да, Люси мен Беркли жаңа ғана жолығысып, сезімі енді бүр жарып, жү­регі кеудесіне сыймай бұлқына соққан бұла ­ қыз бен жігіт дерсіз. Өмірдің дауылы мен жауы­нына қарамастан, қиындық атаулыға қас­қая қарсы жүріп, бірін-бірі сүйеп, демеп, ақы­рын­да қимас жандарға айналған. Жарты ға­сыр бойы жұбы жазылмай келе жатқан қос қария­ның бірі екіншісі дегенде жүрегін жұлып беруге даяр жанашыр сезімі бөлінбейтін бір бү­тін­ге айналып, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын жағдайға жеткен. Адам қартайғанымен, жүрек­тегі жастықтың оты өшпейді. Екеуі айырылысар алдындағы Барклейдің соңғы рет Люсиді тура жігіт күніндегідей, жастық шақта сан рет кел­ген мейрамханаға шақырып, сүйікті шарабы­мен сыйлап, сүйіктісінің көңілінен шыққысы ке­ліп абдыраған бейнесіндегі шынайылық, кіші­пейілділік адал сезімнің жылдармен бірге күш­тірек тартатынына сендірмей қоймайды. Ауырт­палық түсе қалса, ең алдымен аяушылығын, мейі­рімін ала жүгіретін жаны нәзік қариялардың бала­лары мұншама қатыгез болып өседі деп ойлама­ды. Қорқыныш, қорғансыздық, алда күтіп тұр­ған жалғыздық қарияларды тығырыққа тіреді. «Ұлым­ның үйіне барамын» деп, бірақ шабаданын көтеріп қарттар үйіне кетіп бара жатқан Люси артына бұрылып ұлына бір ғана өтініш ай­тады: «Менің қарттар үйіне кеткенімді әкең білме­сінші. Бұл менің әкеңнен жасырған ең алғашқы және жалғыз құпиям, әкеңе өмірімде бірінші рет өтірік айттым». Қамқор пейілден туған жылы сөз сияқты, алайда салмағы сонша ауыр, жан дүниенің тереңіне дейін бойлап, жүрек дейтін ең талмау тұсты тауып алып, аяусыз осқылайды…

«Спектакльдің басты табысы неде?» деген сұрақ туындаса, сөз жоқ, актерлік ойынды алға тартар едік. Жасы келген қарттардың қасіретті оқиғасын ғана емес, қарым-қатынасын, махаббатын, бір-біріне құрметін романтикаға айналдыра білген Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Гүлжамал Қазақбаева мен Сағызбай Қарабалиннің образдары сахна өнеріндегі ең есте қаларлық бейнелер қатарын толықтыратыны сөзсіз. Қос сахна шеберінің бірін-бірі іліп алып, өзіне іңкәрлікпен тартып ойнағаны, өз рөлдерін биікке көтере ірі бейне жасағаны мұның шағын пьеса желісіне құрылған спектакль екенін ұмыттырып, көрерменді құдды бір кино көріп отырғандай әсерде қалдырды. Көзінен де, сөзінен де мейірімі төгіліп тұратын Г.Қазақбаева Люсидің рөлінде ойлы, мұңлы болса да, онысын сездіргісі келмейтін ойнақы, тіпті қамқор ананың кейпіне еніп алды, ал С.Қарабалиннің Барклейі адалдығымен тартымды. Қойылымның екінші құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденнің де ойнайтынын айта кетуіміз керек. Әрине, олардың балаларының рөліндегі Рахман Омар, Әсет Иманғалиев, Жанар Мақашева, Гүлбахрам Байбосынова, Аида Жантілеуова сынды актерлер тойынған, әке-шешеден суынған перзенттерді келістіре ойнағанымен, бұл спектакль о бастан басты кейіпкерлердің дуэтіне құрылған. Сондықтан да олар сахнада өмірдің бір бөлшегін, махаббаттың ғажап үлгісін көрсетті, бірін-бірі толықтырды, сүйеді, бірге ғұмыр кешті…

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Дельмарды, Дельмардың дәл осы пьесасын таңдауы арқылы репертуар салмағын арттыра түскені анық. Бұл ең алдымен жастарға керек спектакль. Қойылымды тамашалаған әрбір жас көрермен өз ата-анасымен арадағы қарым-қатынасы туралы ойлануға және өзінің ойы мен әрекетін тереңірек саралауға ғажап мүмкіндік табады. Қаталдығы мен өкпесі көп, мейірімі аз мына өмірде аздаған жылу тауып, сол жылылықтың мәнін біліп жүру үшін қайталап көріп тұрса да артық емес. Қойылымда қан-жоса болған кісі өлімі жоқ, зорлық, соғыс жоқ, бірақ көрермен көз жасына ие бола алмайды. Сонда көрерменді не жылатты? Себебі жас режиссер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лау­реаты Фархад Молдағалидің сахна арқылы жолдағысы келген «өлімнен де өткен, ажалдан да асқан жауыздық болады – махаббат пен ізгілік жоғалған жерде адам жыртқышқа айналып, тіпті туған әке-шешесін де аямайды, ал әке-шешенің көңіліне қаяу түскенде, әлемді қара түнек басады» деген ойымен үнсіз келісті. Залдың әр тұсынан мұрнын қос-қостан тартып, жүзін жуып жатқан жасты орамалымен құрғатып та үлгере алмай егілген көрермен өмірде яки бар, яки жоқ ата-анасынан үнсіз кешірім сұрап отырғанына ешкім күмәнданбады. Өнердегі катарсис деген осы. Дүниені ұмытып, адам өзімен өзі ғана қалып, қателігі мен кінәсін мойындап, көз жасымен тазалануы, адамдығын танып, Құдаймен қауышуы. Спектакльді көрген адам үйіндегі анасы мен әкесіне асығып, оларды мүлде басқа қырынан танып, жақсы көріп, құрметі арта түсетініне сендірді. «Баянсыз бақты» бір көрген адам оны оңайлықпен ұмытпайды. Заман басқа, ұрпақ басқа, құндылық басқа деп қаталдықты қорғап алудың қажеті жоқ, барлық құндылықтың ішінде әке мен бала мұратына айрықша мән берген қазақ үшін отбасы құндылығының орны бәрібір бөлек.

 Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

АЛМАТЫ

Ақпарарт көзі: https://egemen.kz/article/257761-oz-balanh-ozekke-teppesin
© egemen.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«А счастье было так возможно»

admin

Ключик к сердцу зрителя

admin

Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫ ТҮРКИЯДА ӨТЕТІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬГЕ АТТАНДЫ

admin