Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ЖАСТАР ТЕАТРЫ ЖАҢА МАУСЫМ ШЫМЫЛДЫҒЫН ҚОС ҚОЙЫЛЫММЕН АШАДЫ

Балнұр АХМЕТ
Келесі сәрсенбіде Ғ.Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мерей­тойлық 70-маусымның шымылдығын екі жаңа қойылыммен ашады. Көрермендерге жол тартатын қойылымның бірі – Мұқағали Мақатаевтың поэмасы желісінде сахна­ланған «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық тарихи драмасы болса, екіншісі – кішкентай көрермендерге арналған «Алтын мүйізді киік» атты қызықты ертегі болмақ.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық тарихи драма көрермендерге терең тарих қойнауындағы ғасырлардан сыр шертіп, ат дүбірі құлақтан кетпеген дәуірлерді көз алдыңа елестетеді. Төл тарихымызда еліміздің азаттығы жолында қан кешіп, кең-байтақ жерімізді қорғаған батыр-баһадүрлеріміз аз болмаған. Қазақ елінде ұрпаққа тарихымыздан тағылым беретін таудай тұлғаларымыздың қатарында қасқайып тұрар батырларымыздың бірі – Райымбек бабамыз болған. Сахнаға жол тартқан тарихи туынды – 13 жасынан атқа қонып, батырлық пен әулиелік қатар дарыған қасиетімен танылған батырдың бозбала шағынан жігіт шағына дейінгі ерліктерін, ерекшеліктерін сүбелі суретпен күрделі шиеленістер арқылы айшықтайтын драма. «Елім-айлаған» елдің зарын, ақтабан шұбырынды, зар-заманның үні, ақтаңдақтардың ізі, ашаршылық, ұлт үшін қасақана жасалған қырғындар, міне, осының бәрін өн бойына арқау еткен «Райымбек! Райымбек!» қойылымының жүгі ауыр.
Айта кетерлігі, Жастар театры биыл дүние жүзіндегі балалар мен жасөспірімдер театрларымен бірге жұмыс істеп, тәжірибе алмасатын дүниежүзілік «АССИТЕЖ» ассоциациясының Қазақстандағы орталы­ғы болып жарияланды. Әлемнің 83 мем­лекетінің өнер ордалары құрамына енетін бұл ұйымға Қазақстанның өнер ошақтары 84-мүшесі болып қабылданды. Театр ұжымы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ха­лыққа Жолдауындағы жалпы қазақстан­дық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру мақсат-міндетін жүзеге асыруға жан-жақты атсалысып келеді. Сондай-ақ, жаңа маусымдағы театр ұжымының құрамы жас буын өкілдерімен толықты. «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы жұртшылыққа таныс болған Асылхан Төлепов пен Аян Өтепберген енді театр сахнасындағы жаңа қойылымдарда көрермен қауымды талантымен тамсан­дыратын болады.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2015/10/07/жастар-театры-жаңа-маусым-шымылдығын/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Өткен маусымның жарқын премьерасы, көптің көңілінен орын алған “ҚҰЛАГЕР” soundrama-сының режиссері Молдағали Фархат Ерланұлы ресми түрде театрымыздың режиссері қызметіне тағайындалды.

admin

Театр артисі – Бақыт Тушаев «Білім және мәдениет» телеарнасының «Қайырлы таң» бағдарламасында қонақта.

admin

Құрметті көрермен! 14-қараша сағат 18.30-да студенттер күніне арналған ”Айтылмаған махаббат” театрландырылған ән-думан кешіне шақырамыз! Жастық шақтың ұмытылмас сол бір қызықты сәттерін суреттейтін әдемі кештің куәсі болғыңыз келсе, театрға келіңіз!!!

admin