Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
  • Басты бет
  • БАҚ жаңалықтары
  • Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙ, Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актері:Сахна – менің тәңірім!
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙ, Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актері:Сахна – менің тәңірім!

Осыдан біраз бұрын Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театры көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармасы желісінде режиссер Талғат Теменов сахналаған «Қызыл орамалды шынарым» спектаклін көрермен қауымға ұсынды. Қойылымды тамашалау барысында аталмыш театрдың директоры һәм көркемдік жетекшісі, режиссер Талғат Теменовтің спектакльді сахналау барысында бұрын-соңды кездеспеген жаңа әрі тың шешімдерге жүгініп, қойылымның барынша көркемдік шешім табуын басты назарда ұстағандығы айқын аңғарылады.

2Бұл – бір! Екіншіден, тәжірибелі режиссер қазақтың талай өнер тарландары алуан түрлі бейнелерді сомдап, халықтың құрметіне бөленген осынау киелі де қасиетті театрға талантты да өнерлі жастардың бір шоғырын жинай біліпті. Шындығына келсек, өзіміз тұңғыш рет сахна төрінен жолықтырған Жұлдызбек және Аида сынды жас актерлердің шын мәнінде, сахна үшін жаратылған жастар екендігін айқын таныдық. Сөйтіп, бүгін біз жас актер Жұлдызбек Жұманбайды сан мыңдаған оқырман қауымға таныстыруды жөн санадық. – Жұлдызбек, қырғыздың даңғайыр жазушысы Шыңғыс Айт­матовтың шығармасының желісі бойынша сахналанған «Қызыл орамалды шынарым» қойылымын­да сен осындағы басты рольдердің бірі – Ілиясты сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бө­лен­дің. Құтты болсын! Дейтұр­ған­мен, алғашқы әңгімені таныстықтан бастағанымыз жөн болар… – Мен бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы «Кеңгірбай» деген ауылда көп балалы от басында (бір әке-шешеден 10 бала) 1982 жылы өмірге келдім. Мен отбасындағы жетінші ба­ламын. Әкем Айтқали ауылшаруа­шылығы саласында жұмыс жасай­ды. Ал анам Ғалияның мамандығы аспазшы. Ауылда мектепте оқып жүрген кезімде жергілікті өнерпаз ұлдар мен қыздардан құралған «Қаламқас» деп аталатын ән-би ансамблінің мүшесі болдым. Осы өнер ұжымында жүріп, алуан түрлі спектакльдерді жергілікті тұрғындардың талқы-таразысына ұсынып, әртүрлі рөль­дерді шама-шарқымша сом­дадым. Шынды­ғын айтсам, «мек­тепте үздік не­месе жақсы оқы­дым» деп айта алмаймын. Әй­теу­ір, он­жылдықты ілделеп жүріп бітіргенім ақиқат. Керісінше, менің мектеп жаны­нан құрылған әлгі «Қалам­қас» өнер ұжымын жиі жағалап, қайт­кен күнде қандай да бір рөльді ой­нағым кеп тұратын. Сөйтіп жүріп «Қа­ламқастың» құрамында бір­талай спектакльдерге қатысып, алуан түрлі мінезді жандардың бейнесін сахналадым. Бұған қоса, мен мектепте оқып жүргенде Ақылбек есімді азаматтан «фагот» деп аталатын үрмелі аспапта ойнауды жан-жақты меңгердім. Құрбыларым мен музыка­лық сауаты бар ауыл тұрғындары менің мұндай шешіміме үнемі таңғалумен болды. Өйткені «фа­гот» деп аталатын бұл музыкалық аспапты көп жағдайда қалада тұратын балалар меңгеруге бейім тұрады екен. Сондықтан да болар, кейбір құрбы-құрдастарым «қа­зақ­қа тән емес аспап саған неге керек? Сонда сол бір аспапты өмір бойы үрлеп өтпексің бе?» деген сияқты сұрақтарды жауды­рып сан мәрте қитығыма тиген кездері де болды. Бірақ мен олар­дың сөздеріне құлақ аспастан фа­готты өте жақсы меңгеріп алдым. Одан соң мектеп жанындағы сурет үйірмесіне барып жүріп, сурет салудың қыры мен сырын меңгердім. Дегенмен театрдың, дәлірек айтқанда, сахнаның құ­діреті мені үнемі арбады да тұрды. Бір таңғалатыным, сонау бала шағымызда бізге Алматы алынбас қамалдай әрі өте алыс аймақ бо­лып көрінетін. Алматының кере­мет сұлулығын тек теледидар арқылы ғана тамашалап, тамса­на­тын­быз. Бір қуантарлығы, мен орта мектепті тамамдаған 1999 жылы Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы саз коллед­жінде профессор Дариға Тұран­құлованың (Дариға апай қазір Т. Жүргенов атындағы өнер акаде­миясының ұстазы. Ж.М.) жетек­шілігімен актерлер дайындайтын арнайы бөлім ашылып, сонда емтихан тапсырып, оқуға қабыл­дандым. Мұнда біз марқұм Әк­бәр­әлі Айтыбай деген режис­серден тәлім-тәрбие алдық. Ос­ын­да жүріп Дариға апай кол­ледж жанынан «Дариға-ай» деген театр ашты. Бір жағынан білім алып, екінші жағынан «Дариға-ай» (қазіргі күні Семей қалалық театры) театрында жұмыс істей жүріп, шынайы сахнаның қызығы мен шыжығын басымыздан өткере бастадық. Содан колледжді тамамдап, «Дариға-ай»-да тә­жіри­беден өтіп, реті келгенде группалас досым Әсет екеуіміз: «өнер академиясы, қайдасың?» – деп алыста болса Алматыға Темір­бек Жүргенов атындағы оқу орны­на жол тарттық. Әлі есімде, осы оқу орнының табалды­ры­ғында бізді алғашқылардың бірі болып көрнекті актер, ұлағатты ұстаз марқұм Жанас Ысқақов ағамыз кездейсоқ кездестірді. Ол кісі біздің өнер оқуын іздеп кел­генімізді іштей сезді білем, бізге бұрылып қарады да: «жігіттер, менің бөліміме оқуға түсесіңдер ме?» деді салған жерден. Біз де қарап қалмай «ол қандай оқу?» деп «жамырай» жөнелдік. «Менің бөлімім жаңадан ашылды, ми­ниатюра актері мамандығы бой­ын­ша дайындайды» деп мәселе­нің мәнісін түсіндірді. Ал біз бол­сақ, «жоқ, біз драма әртісін дайындай­тын бөлімге барамыз» деп қосан­жарлап қоймаймыз. Өзіміз іздеп келген, пір көріп жүрген Нұрқанат аға Жақып­ба­евты таба алмадық. Ақыры, «мені арбаған бір си­қыр» демекші, Жанас ағаға қай­тып оралдық. Ол кісі бізге ми­ниат­юра актерінің қандай бола­тынын, айырмашы­лығын т.б. егжей-тегжейлі түсін­дірді де: – Қане, өнерлеріңді көр­сетіңдер! – деп бізді бірден сы­науға көшті. Біз болсақ, кол­леджде үйренген, «Да­риға-ай» театрында сомдаған алуан түрлі кейіпкерлеріміздің образына кіріп, кезек-кезек ақ тер, көк тер болдық. Сөйтіп, Жанас аға бізге емтихан тапсыруға рұқсат берді. Амал нешік, біз екінші курста оқып жүрген кезде, Жанас ағамыз көлік апатынан қаза тауып, же­тімсіреп қалдық. Шындығы ке­рек, «келін­нің бетін кім ашса сол ыстық» дегендей Жанас ағадан қапыда айырылып қалғанымыз бізге аяздай батты. Ұзақ уақыт бойы өзімізге-өзіміз келе алмай, асыл ағамыз бейне бір іс-сапарға кет­кендей, ертең-бүрсүгүні қай­тып келетіндей күй кешітік. Осылай­ша, екі ұдай ойда жүрген біздің курсқа өзіміз өнерін театрдан ғана емес, «Тамашадан» тамашалап, айрықша тәнті болған өнер тарланы Құдайберген Сұл­танбаев ағамыз бекітілді. Қазір ойлап отырсақ, сол жылдары біз қимастық сезімнен болар, Жанас ағамыздың атын өте жиі ауызға алады екенбіз. Содан бір күні Құдайберген ағамыз: – Балалар, Жанас ағаларыңның жол апаты­нан қайтқанын білесіңдер. Әри­не, сағынасыңдар, есімін айтпаң­дар демеймін. Ол ағаларыңмен біз де әріптес болдық, оңай емес. Алайда сендердің марқұм Жанас ағаларыңның атын жиі-жиі айта бергендерің маған ауыр тиеді, – деп ағынан жарылды. Осылайша, біз Құдайберген ағаның ағалық сезімін түсініп, жылдар бойы оның өнер мектебінен дәріс алып, Жүргеновті абыроймен тамам­дадық. – Өзің үлкен өнер жолындағы алғашқы қадамды неден бастадың? – Темірбек Жүргенов атында­ғы өнер академиясының соңғы курсында оқып жүрген кезімізде «Көшпенділер» аталатын фильм­нің түсірілімі аяқталып, ондағы рөлдерді қазақ тілінде дыбыстауға касстинг жарияланды. Сөйтіп, біз бір топ студент «Қазақфильм» сту­диясына келдік. Келсек, кім­нің дауысының қандай екендігіне тексеру жүріп жатыр екен. Бар­лығымыз дауысымызды жазып, касстингтен өтуге талпындық. Осында мен алғаш рет танымал режиссер Талғат аға Теменовпен кездестім. Арада бір аптадан соң арнайы комиссияның менің да­уысымды «Көшпенділер» филь­мін­дегі Абылайханның дауысын қазақ тілінде дыбыстауға жарамды деп тапқаны туралы хабар алып, алғаш рет «Қазақфильмде» Абы­лайханның дауысын қазақ тілінде жаздым. Бұл әрине, төртінші курс студенті үшін үлкен абырой еді. Айта кетуім керек бір нәрсе, Абылайханды дыбыстаған маған Талғат аға үлкен сенім артса керек, оқуымды бітірген жылы мені өзі басқаратын Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрына қызметке шақырды. – Жұлдызбек, сен неліктен актерлік мамандықты таңдап алдың? Егер актер болмағанда, қандай мамандықты меңгеруің мүмкін еді? Бұл туралы ойландың ба? – Әсілінде, ата-анам менің әскери білім алып, ел қорғаушысы – әскери қызметкер болуымды қалады. Тіпті әскери салада қыз­мет атқарып жүрген бір ағам мені мектеп бітірген соң бірден әскери оқуға алып кетпекші де болды. Бірақ неге екенін білмеймін, әскери қызметкер болуды менің жүрегім қаламады. Бәлкім, бұл менің көпті көрген көнекөз қа­рия, үлкен атам – Жұманбайдың «қойнында» еркін еркелеп өскен­дігімнен болар. Сондықтан да болар, ата-анамның әскери оқу туралы шешімін мен алғаш рет қинала отырып атама жеткіздім. «Үрейімді» жүрегімен сезген айналып кетейін Жұманбай атам Семейдегі актер ағамыз Алтынхан Мырзақасымовқа хабар жіберіп, немересінің әртістік білім алғысы келетінін, қолдан келген көмегін беруді өтінді. Осылайша, «қай күні әскери оқуға әкетеді» деп үреймен жүрген мен тездетіп Семейдің саз колледжіне оқуға аттанып, әскери қызметтен «құ­тыл­ғаным» бар. Мен бала кезімде жаз айла­рында сабақтан қолым босағанда атқа мініп қой бағып, үйге қол­ғабыс жасайтынмын. Сондай сәт­терде астымдағы атымды тебініп­тебініп жіберіп, баяғының ба­­тыр­ларындай қолымдағы қам­шымды жоғары көтеріп, ана төбеге бір, мына төбеге бір шапқылайтынмын. Жәй шапқы­лап ғана қоймай атымның үстіне аяғыммен тік тұрып, кейде бауы­рына салбырап өзімше кинодан көрген небір трюктерді жасай­тынмын. Кейде айғай салып мә­нер­леп сөз сөйлеп, кейде қам­шымды мылтықша кезеніп алуан түрлі әрекеттер жасайтынмын. Бұл қылығым басқаны қайдам, өзіме өте қатты ұнайтын. Ұнай­тыны соншалық, мұндай «жатты­ғулардан» кейін өзімді жауын жайратып салған Һас батырларша сезініп, бір сәт анам салып берген ауқатпен рахаттана тамақтана­тын­мын. Сөйтіп жүргенде бірде ауданның жергілікті өнерпаз­дарынан құралған халық театры «Абай» спектаклін қоятын болып, жас Абайды ойнайтын баланы мектеп оқушылары арасынан іздеді. Сонда мен семейлік режис­сердің таңдауына ілігіп, жас Абайды сомдайтын болдым. Сон­дағы менің қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес. Қуаныштан төбем көкке екі елі жетпеді. Өйт­пенде ше?.. Себебі орта мектепте сабақ берген ұстаздарымның бірі Құнанбайды, енді бірі Зерені т.б. кейіпкерлерді ойнайтын болды. Әсіресе, Қодарды өлтірген кезде «әкем не деген қатал еді?» деп жас Абайдың қиналып, ауырып қалатын кезін сомдау маған өте қиынға соқты. Бірақ амал нешік, бәріне көніп, алтыншы сыныпта жас Абайды ойдағыдай сахна­лағаным бар. – Ал үлкен өнер сахнасы – Ғ. Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрындағы актер­лік қызметіңді қандай рөлді сахна­лаудан бастадың? – Алғаш мен бұл театрға келгенімде, «Қайдасың, бақыт?!.» деген ертегі спектакль сахналан­бақшы екен. Мұнда мен Құлын­шақтың бейнесін сомдадым. Бір ерекшелігі, мұнда актерлардың барлығы жылқының рөлін ой­нады. Бірақ олардың ойы мен айтатын пікірлері кәдуілгі үлкен адамдардың ой-пікірімен сәйкес келеді. Міне, сол жылқылардың ішінде Құлыншақ бақытты із­дейді. Міне, осы Құлыншақ бей­не­сі менің үлкен сахнада бейнеле­ген алғашқы үлкен рөлім еді. Бұл шығарманың авторы Зинчук, ал аударған Иран-Ғайып. Ал оны сахналаған Нұрлан Абдықадыров деген қырғыздың режиссері бола­тын. Ең бастысы, бұл спектакльде мен Гүлжамал Қазақбаева, Ты­ныш­тықгүл – біз Бота апай дей­міз, секілді танымал актриса апай­ларыммен бірге ойнау бақы­ты­на ие болдым. Шындығында, Құлыншақ бейнесін сахналау ар­қылы сахнада ойнау тәсілдерін біраз меңгердім. Мен үшін бұл күн мәңгі есімде қалатын ұмы­тылмас күн еді. Одан соң драма­тург Тахауи Ахтановтың режиссер Жанат Хаджиев қойған «Күшік күйеуінде» Кубиктің, «Ақансері Ақтоқтыда» – Сердәлінің, Марк Баджиевтың «Жекпе-жегінде» – Азиздің, режиссер Балтабай Сейіт­мамытовтың екі спектак­лінде «Сүйе білсеңінде» – Аббас­тың рөлдерін сомдау бақытына ие болдым. Осылайша, мен сахна­ның киесі мен құдіретін іштей сезінудемін. Шынына келсем, сахна – менің тәңіріме айналды. Менің бақытым – сахнада! Сұхбаттасқан Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=5668&Itemid=2

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«МЫҢ БАЛА» ƏРТІСТЕРІ МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНА НЕ БЕРЕ АЛАДЫ?

admin

«А счастье было так возможно»

admin

Мұхамедиұлы һәм шынайы болмыс

admin