Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ҮЗДІК ҚОЙЫЛЫМ – “ОЛ”

Үстіміздегі жылдың 18-20 мамыр аралығы Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы облыстық Қазақ драма театрында Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің 60 жылдығына орай Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы оқу орындарының студенттік ұжымдары мен театр жастарының II Халықаралық “Дидар” театр өнерінің экспериментальдық фестиваль – лабораториясы өтті, – деп хабарлайды Qamshy.kz.

Оған  Ақтөбе қаласынан АГУ Тарлан колледжі “AL*ART” студенттік театр Еврепид желісі бойынша “Медея” және А.П.Чехов “Қараңғылық”, А.Володин “Махаббатты бағала”; Петропавл қаласынан Гу ШОД-өнер колледж кешені, В.Красногоров “Режиссер массовых зрелищ”, Алматыдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы У.Шекспир “Макбет”, Лу Шун “Қояншықтың қолжазбасы”, Қ.Қасенов “Арманшылдар” және “Алматы-Musik” театры “Жазығым не менің, анашым?”, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Е.Аманшаев “Ол” моноспектаклі, Көкшетаудан Ақан сері атындағы мәдениет колледжі Р.Мұқанова “Мәңгілік бала бейне”, А.С.Пушкин “Мой Пушкин”, М.Чехов “Медведь”, У.Шекспир “Ромео мен Джульетта”; Марий-Эл Республикасынан И.С.Палантай атындағы мәдениет және өнер колледжі Е.Исаева “Про мою маму и про меня” үзінділері мен экспериментальді қойылымдар қатысып, бақ сынасты.

Фестивальде бағдарлама бойынша экспериментальді қойылымдармен қатар түрлі шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Яғни, фестиваль тек спектакль көрсетуді ғана мақсат тұтпаған. Оның басты нысанасы – театр өнерінің деңгейін көтеріп, оны дамыту үшін  тәжірибе алмасу, пікір алысу.     Фестиваль жастықтың жалын атқан жаңа буын жастардың қатысуымен форматтары бір-біріне ұқсамайтын әр түрлі  қойылымдармен ерекшеленеді. Солардың ішінде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қойған Е.Аманшаевтың “Ол” моноспектаклі өнерсүйер қауымның көзайымына айналды. Қойылымның көркемдік-идеялық мақсаты –қазіргі әлеуметтік қоғамға сай саналы ұрпақ, салиқалы тұлға қалыптастыру. Бұл спектакльдің көрерменге рухани азық беруде маңызы орасан зор екендігі қойылым барысында айқындалды.

Режиссер Ерлан Кәрібаевтың трактовкасы бойынша жеке адамның сан түрлі ойлары мен оның мағынасыз тағдырының өзі бүгінгі замандағы әлеуметтік қайшылықтарды көрсетеді. Басты рольдегі актер Данияр Базарқұлов – “Ол” кейіпкерінің өмірден өз орнын іздеген философиялық толғанысын, шынайы шындықтың құпиясын жан-жақты қарастыруға ұмтылған іштей тартысы фестиваль көрермендерін толғандырды. Ал, Жансұлу Төлеген орындауындағы қобыздың мұңлы үні қойылым атмосферасын жандандырды. Бұл спектакль қазылар алқасының шешімімен “Ең үздік қойылым” жүлдесін жеңіп алды. Жалпы, феcтивальге қатысқан өнер ордалары мен жан-жақтан жиналған көрермен қауым спектакльдерді көріп қуаттанып, рухани азық алды. Осындай тәжірибе арттыратын өнер сайыстары ары қарай өз жалғасын табатынынына сеніміміз мол.

«Қамшы» сілтейді

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНДА «СЕҢ» ҚОЗҒАЛДЫ

admin

Топырағына аунап өскен жерді қалайша сағынбаймын?!

admin

БАҚ БІЗ ТУРАЛЫ. “Өнердің деңгейі көрермен санымен өлшенбейді”. Театрымыздың актеры, тележүргізуші – Рахман Омардың “Түркістан” газеті тілшісіне берген сұхбаты. ‪#‎Мүсіреповтеатры‬ ‪#‎РахманОмар‬ ‪#‎Түркістангазеті‬

admin