Астанада UMAI өнер саласындағы тұңғыш Ұлттық сыйлықтың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. 5 айға созылған конкурсқа қатысу үшін 400-ден астам өтінім түсті. Сыйлық «Астана опера» театрының Үлкен сахнасында «Оскар» форматында табысталды.
UMAI сыйлығының салтанатты рәсімін мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ашып, байқаудың барлық қатысушысын құттықтап, өнер саласының өкілдеріне үлкен шығармашылық жолда жаңа жетістіктер тіледі. Жалпы, 19 лауреат UMAI мүсіншесі мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
«Елімізде тұңғыш тағайындалып отырған UMAI ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын, өнер саласындағы жыл үздіктерін анықтауға арнайы жиналып отырмыз. «Ұмай» ұлттық сыйлығы – сахна арқылы санаға төңкеріс жасайтын, жүректерден ізгілік іздейтін нағыз өнер майталмандарына арналған.
Өздеріңіз білесіздер, кез келген адам күнделікті күйбеңнен өзін тек театр, би, сурет, музыка, әдебиет арқылы ғана құтқарады. Сондықтан, бұл премияның маңызы біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде деп санаймын. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын!», – деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, жеңімпаздарды комиссия мүшелері анықтады. Барынша әділ төрелік жасау мақсатында қазылар алқасының есімдері соңғы сәтке дейін құпия болып қалды.
Сонымен, сыйлықтың лауреаттары:
«Театр өнері» номинациясы бойынша:
- «Опера өнері» – ерлер партиясының үздік орындаушысы – «Астана Опера» жетекші солисі Медет Шотабаев (Каварадосси партиясы, «Тоска», Дж. Пуччини). Әйелдер партиясының үздік орындаушысы – «Астана Опера» жетекші солисті Жұпар Ғабдуллина (Аида партиясы, «Аида», Дж. Верди);
- «Актерлік шеберлік» – Үздік ер адам рөлі үшін сыйлықты Ғалымбек Оспанов алды (Генри Хиггинстің рөлі, Б.Шоудың «Менің сүйікті періштем» пьесасы бойынша, режиссері – А.Оразбеков, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театры). Үздік әйел рөлі үшін сыйлықты Ольга Коржева алды (Марина Цветаеваның рөлі, «ARS Amandi. Махаббат өнері». Режиссері – Г. Ефимова, Н. Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры);
- «Үздік режиссура» – В.Шекспирдің «Король Лир» қойылымы үшін Фархат Молдағали. Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театры;
- «Спектакльдің үздік көркемдік безендірілуі» – Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов. Е. Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы, «Астана Опера»мемлекеттік опера және балет театры;
- «Үздік музыкалық-драмалық спектакль» – «Бөрте» Д. Исабеков. Түркістан музыкалық-драма театры.
Бес сыйлық «Хореография өнері» номинациясында анықталды:
- «Үздік би ұжымы» – «Аққу» би ансамблі. Жетекшісі-Гүлнара Мамбетова. «Ене тәрбиесі» биі. Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы;
- «Балеттегі Үздік орындаушы» – Үздік солист-Айнұр Әбілғазина, «Астана Балет» театры. Үздік солист-Азамат Асқаров. Абай атындағы Қазақ Ұлттық академиялық опера және балет театры;
- «Үздік хореограф» – Мұқарам Әбубахриева, «Сұлтан Бейбарыс» балеті. «Астана Балет» театры.
- «Үздік балет қойылымы» – «Дала қоңырауы». 2 бөлімнен тұратын балет, композиторлар-Қ. Шілдебаев, Р.Гайсин, Т. Момбеков, К. Пино-Кинтана. Көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры. «Музыкалы-орындаушылық өнер» номинациясының жеңімпаздары үш марапатқа ие болды:
- «Үздік дәстүрлі орындаушы» (ән айту) – Диас Мұратхан, «Алатау» дәстүрлі өнер театры (Алматы).
- «Үздік дәстүрлі орындаушы» (аспапшы) – Жанғали Жүзбай, Қазақ ұлттық өнер университеті (Астана).
- «Үздік музыкалық ансамбль» – DUET CLASSIC Ермек Құрманаев / Анара Камельинова. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы (Алматы), Қазақ ұлттық өнер университеті (Астана).
«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» номинациясында үш сыйлық табысталды: - «Үздік сәндік-қолданбалы өнер туындыс» үшін – Сәуле Бапанова. Киізден жасалған коллекция. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы;
- «Суретшінің / графиктің үздік жұмысы» -суретші Вячеслав Лю-Ко «Умайдың оралуы» (графика).
- «Заманауи өнердегі үздік жоба» үшін – Сәкен Нарынов. «Алтын жүрек» жобасы. Қазақстан Республикасы Сәулетшілер Одағы.
«Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы жүлдесін жариялау үшін жеңімпаздардың есімі жазылған конвертті символдық түрде Балалар жылында балалар сахнаға алып шықты және ашты. Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қолынан үлкен марапатқа Қазақ ұлттық хореография академиясы Рикардо Дригоның «Раушан бүршігі мен көбелектің романы» балеті үшін және Маңғыстау облыстық қуыршақ театры «Айжан әжесінің ертегісі» (Айжан әжесінің ертегілері), «Қайта жаңғырған өрнек» (ою-өрнекті жандандырған), «Дастархан» трилогиялары үшін жеңіп алды.
«Биыл біз мәдениет және өнер саласындағы көптеген жобаларды іске асырдық. Umai-дан басқа, Dala Dauysy шығармашылық байқауы, «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі, Роза Бағланова атындағы вокалистер байқауы, Astana Piano Passion жас пианистер байқауы, «Алтын домбыра» республикалық айтысы, «Еуразия» кинофестивалі, «Айбоз» әдеби сыйлығы және басқа да жобалар. Біз сөзбен айтқанда ұлтымыздың ат үстіндегі айбынды рухын көтерген, қаламгерлеріміздің, өнер өкілдерінің шабыттарына шамшырақ болған жүйелі жұмыстар бір жыл ішінде ғана атқарылды.Министрліктің басқа да салаларына, яғни спорт пен туризмге қатысты қолға алынған іс-шаралары да жетерлік. Өз кезегінде, осы іргелі істерді бірлесіп атқарған барлық әріптеске айрықша алғыс білдіргім келеді. Келесі жылы мұндай жобалар одан да көп болады», – деп түйіндеді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, үлкен шоу-бағдарламаға децін театр фойесіне сурет және эскиздер көрмесі қойылды, ал өнер майталмандары қызыл кілем үстінен жүріп өтті.