Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Театрдың көктемгі тәбәрігі

23042015-0©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Өткен аптада Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Қарағанды қаласына гастрольдік сапармен келген еді. 9-13 сәуір аралығында қала тұрғындары мен қонақтарына өнерлерін паш етті.

Қазақтың біртуар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің атымен аталған, қазақ театрларының ішінде шоқтығы биік, алыс-жақын шет елдерді мойындатқан бұл театрдың ашылғанына биыл 70 жыл толғалы отыр. Соғыстың соңына қарай жұмыс істей бастаған өнер ордасы осы жылдар ішінде Қасым Жәкібаев, Әмина Өмірзақова секілді сахна саңлақтарын шығарды. Қазір де елге танылған аға буын мен жас таланттар қатары осы театрда қызмет етеді. Солардың ішінде Лидия Кәденова, Сағат Жылгелдиев, Жібек Лебаева, Шолпан Сергебаева, Рахман Омаров, Әсет Иманғалиев, Бақыт Тушаев, тағы да басқа таланттар шоғыры көрерменге жақсы таныс.
С.Сейфуллин атындағы Қа­рағанды облыстық қазақ драма театрының кіші залында өткен баспасөз мәжілісінде театрдың көркемдік жетекшісі Ерлан Біләл: «Арқа өңірі Мәди Бәпиұлы, Жүсіпбек Елебеков, Сәкен Сейфуллин сынды өнер саңлақтары шыққан жер болғандықтан, көрермендерден күтер ықыласымыз мол және де ерекше жауапкершілікпен қараймыз», – деп, театрдың Қа­ра­ғанды және Темір­тау қала­ларында қоятын репертуарымен таныс­тырған болатын.

Сол бағдарлама бойынша, С.Сей­фуллин атын­дағы Қарағанды облыс­тық драма театры ғимаратында 9 сәуірде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы (авт. Ғ.Мүсірепов, реж. Ж.Хаджиев), 10 сәуірде «Қара шекпен» әфсанасы (авт. Г.Хугаев, реж. А.Маемиров), 11 сәуірде «Ер Көжек» ертегісі (авт. Ө. Боранбаев, реж. И.Әбілмәжінов, бұл қойылым 9 сәуір күні де қойылды) және «Мен ұмытылмаймын…» лирикалық драмасы (авт. М.Мақатаев, инсц. және реж. Б.Сейітмамытұлы), 12 сәуірде «Келіндер көтерілісі» комедиясы (авт. С.Ахмад, реж. М.Ахманов),         13 сәуірде «Естайдың Қорланы» махаббат-намасы (авт. Иран-Ғайып, реж. М.Ахманов) қойылды. Ал Теміртау қалалық Балалар мен жасөспірімдер театрында 13 сәуір күні «Ер Көжек» ертегісі мен «Мен ұмытылмаймын…» лирикалық драмасы сахналанды.

Қарағанды жұртшылығын осы­лай қуантқан театр Көкшетау қаласына аттанды.

Арман ӘЛМЕНБЕТ, «Орталық Қазақстан»
ortalyk-kaz.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ТЕАТР ШЫМЫЛДЫҒЫН «РАЙЫМБЕК! РАЙЫМБЕК!» ҚОЙЫЛЫМЫ АШАДЫ

admin

Сахна сырлары бағдарламасы – Рахман Омаров

admin

“Кейіпкер келбеті” мейман бұрышының қонағы – Данияр Базарқұловтың көрермендермен кездесуінен естелік #сурет

admin