Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ТЕАТРДАН ШЕНЕУНІК КӨРДІК

 Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Жуырда Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында  жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Әдеттегідей қойылымды тамашалауға мектеп оқушылары мен студенттер көбірек келгендей. Театрға барған сайын  «елге танымал адамдардан, жазушылардан, өнер адамдарынан,  мемлекет қызмет­керлерінен кімдер бар екен?» – деп төңірегімді түгендейтін дағдым бар еді. Сол әдетіммен   төңірегіме көз тастай бергенім сол еді,  Алматы қалалық Еңбек, бақылау және көші-қон департаментінің басшысы көзіме жылыұшырай кеткені.

 Зиядин Байғожаұлын көргенде елсіз жерде жүріп, адам көргендей қуанып кеттім.  Сәлемдесе салысы­мен, «О-о, шенеуніктерді де театрдан көреді екенбіз ғой, біздің газеттің «Тазарғың келсе, театрға бар» деген қағидасын бұлжытпай орындайтын адамдарды құрметтейміз» дей бер­генім сол еді, Зиядин көкеміз: «Қателесесіз, журналист қарын­дасым, мәселе шенеуніктігімізде емес, бұл қазақ театры емес пе, оған біз келмесек, басқа кім келеді?    Біз төрт отбасылық достар театрға баруды тұрақты дәстүрге айнал­дырғанбыз. Осы театрда ғана емес, басқа театрларда болатын жаңа қойылымдарды тамашалап, одан кейін дастархан басында отырып  спектакльді талқылайтын  да дәс­түріміз бар. Тобымызды басқаратын командир  тағайындағанбыз. Ол – өздеріңізді жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Алатау жарық» компа­ниясының қызметкері Молдахмет Мырзағалиев. Ұйымдастырушымыз да, арамыздағы театрлар, актерлер жөніндегі насихатшымыз да сол.  Бұл жолғы кезек  Молдекеңдікі болғандықтан, бүгінгі қойылымның сыншысы да, актерлердің ойын­дары­на баға беретін де  – Мол­дах­мет. Ал біз  оның  пікірін толық­тыру­шылар­мыз. Тек премьера кезінде ғана емес, бір-біріміздің туған күндерімізде, әйелдер мерекесі, басқа да мере­келерде  болсын, жұрт  бірін-бірі саунаға, моншаға  шақырып жатса, біз осы театрға, болмаса сол күні болатын жақсы концерттерге барамыз. Театрдан шыққан соң сол күні театрға шақырған адам дастархан жайып, бізді қонақ етеді.   Жастық шақтарымызды еске алып,  сағынған әндерімізді айтып, рухани азықтанып, үйге қайтамыз.  «Театрға баруға қалай уақыт табасыңдар?» – дейтіндер де жоқ емес.  Өз басым театрды өте жақсы көремін, өйткені,  біз кітап оқып өскен ұрпақтың өкілдеріміз ғой, ал театр жөнінде әңгіме айт десе, таңды  ұйқысыз атыратын Молдекең біздің қалай театртанушыға айналғанымыз жөнінде айтып берсін», – деді де, сөз бағытын  театрсүйер топтың жетек­шісі Молдахмет Мырзағалиевқа бұрды.  Зәкең, айтса айтқандай-ақ, ол кісі театр әлеміне сүңгіп кетті. Өздерінің  1974 жылдан бері  дос екендіктерін, театрға баруды  Алматы ауыл шаруашылығы институтының бірінші курсында оқып жүргенде бастағандарын, театрға, өнер мұра­жайларына баруға қызықтырған  – кураторлары   Шаламов Виктор Ива­нович екендігін, Шаламовтың топ­тағы  жиырма бес адамға билетті өзі сатып алып беретінін, Ғ.Мүсірепов театрының актер қыз-жігіттерінің аты-жөнін Молдекең жатқа айт­қанда,  аузымыз ашылып қалды. Арасында «актерлер туралы неге көп жазбайсыздар?» – деп бізді сынап та алды. Молдекең алғаш көрген қойылымдары – «Беу, қыздар-айды» да ұмытпапты.  Демек, біздің жастар­ға қазір  өз ұлтының өнерін ғана емес, өзі нанын жеп отырған жердің ұлтының да өнерін құрметтеуді үйрететін рухани жетекшілер жетпей тұрған шығар.  Молдекеңдер мен Зәкеңдерді өз ұлтының өнерін құрметтеуге үйреткен Шаламовтарға  қалай риза болмайсың мұндайда. Сол Шаламов әкемтеатр әлемдегі ең мықты театрлардың бірі екендігін айтып, оны қазақ жастарының арасында насихаттап жүреді екен. Ауыл шаруашылығы институтында оқитын ауыл жастары шаруашылық­тан басқа да әлемнің барын  білсін дегені болар.  Жұмысбастылықтарына қарамай театрға, өнер мұражай­ларында өтіп тұратын көрмелерге қатысып, театр актерлерінің аты-жөнін жатқа білетін   Молдахмет, Зиядин – Гүлнар, Бауыржан – Салтанат, Жұматай – Саралардың   рухани дүниені де қызықтауға уақыт тауып, қазақ өнерін бағалай білген­діктеріне  ризашылығымызды білдір­дік.  Қазір театрсүйер   достар немере­лерін театрға  әкелуді дәстүрге айнал­дырып жүрген көрінеді. Ұйымдастыра білсе,  тек тоймен ғана уақыт өткіз­бей,  рухани демалуға уақыт табуға болады екен. Осы жерде бір оқиға есіме түсті.  Өткен жылы  газетімізге жазылушылар арасында өткізілген байқау қортындысы бойынша  бір оқырманымыз  әкемтеатр атанып кеткен М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында өтетін қойылымдарға жыл бойы тегін кіру  мүмкіндігін беретін абонементті ұтып алды.  Сонда әлгі оқырманымыз оған қуанудың орнына «театрдың билеті керек емес, маған телевизор, немесе компьютер беріңдер» демесі бар ма?  Жанын дүние аштығы жайлаған адамдар аз емес қазір.

Қазақтың өнерін қадірлейтін, оның қадірін білетін ұлтжанды азаматтарымыз  көп болса,  театр­лары­мыздың киелі шаңырақтары­ның шамдары бұдан да ары  жар­қырай түсер еді. Ал қазір  көбіне театрға мектеп оқушылары мен студенттер  оқытушылардың  ұйым­дастыруымен келетіні жасырын емес. Келсін-ақ, бірақ, оларға Ша­ломов сияқты мәдениеттану сабағын өткізетін сынып жетек­шілері жоқ-ау. Сол себептен де  болар, олар сах­надағы қойылымнан гөрі, ұялы телефондарындағы ақпа­рат­тарды қызықтап, сықырлатып чипсы жеп, кола ішуге көбірек көңіл бөледі. Бірақ, сол  жолғы Әлімбек Ораз­бековтің  «Бір түп алма ағашы» чип­сы жеп отырған жастардың  біразын сілкіп алды-ау деймін.  Қасымда отырған жетінші сынып оқушы­сының   жанарына үйірілген жасты көргенде, оның  жыла­ғанына емес,  кішкентай жүрегін­де мейірім­нің болғанына, адамгер­шілік деген қасиетті түсіне білетін түйсіктің барына  бір түрлі риза болдым.  Біздің газеттің  «мек­тептерде мәдениеттану, театртану деген  дәрістер оқылса»  деген тағы  бір  бастамасы бар еді, үлкен-кішіміздің бойымызды  Ба­тыс­тың жеңіл дүниелері дендеп алған  дәл қазіргі уақытта сол дәріс ауадай қажет болып тұрғандай.  Тіпті, музыка сабағының алдында мұға­лім­деріміз  оқушыларға театр­дың тәрбиелік мәні туралы аз-кем әңгіме айтып тұрса,  ауылдан Ал­матыға оқуға келген жастарға кураторлар Шаломов секілді бағыт беріп тұрса, театрға деген  нем­құрайдылықтан біртіндеп арылар едік. Ал  Молдекең бастаған, Зия­дин Ағыбетов сияқты шенеунік көкелеріміз қоштаған театрға ұйым­дасып барып тұру дәстүрі жастары­мызға ғана емес, көпші­лікке ой салсын, үлгі алсын дейміз.  Жыл енді басталды ғой, театрға келетін шек­пенділердің  де  қатары көбейсін.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/01/29/театрдан-шенеунік-көрдік/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«АЛТЫН САҚА» ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ

admin

ЛИДИЯ КӘДЕНОВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ: ӨНЕРГЕ ІҢКӘР ЖАННЫҢ НИЕТІ ТҮЗУ БОЛАДЫ

admin

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Дарын” мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театрымыздың актрисасы – Әсел Мәмбетованы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры атағын алуымен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!!!

admin