Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Театр ЭКСПО-ға екі спектакль апарады

Балнұр АХМЕТ

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық балалар мен жасөс­пірімдер театры биыл жазда Астанада өтетін EXPO-2017 Халықаралық маман­дан­дырылған көрмесінде көрермен наза­рына екі спектакль ұсынбақшы. Театр ұжы­мы 5 шілдеде «Астана Балет» театрында Г.Хугаевтің «Қара шекпен» әфсанасын, ал 6 шілдеде У.Шекспирдің «Бір сен үшін тудым…» (Ромео мен Джульетта) трагедиясын сахналамақ. 71 жылдық тарихы бар өнер ордасының ұжымы күллі әлемнің назарын аударатын ізгі шарада өнерсүйер қауымға тағылымы терең қос қойылымды тарту етпек.    Соны­мен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша театр ұжымы жаңа қойылым сахналамақ. Театрдың көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек өз сөзінде қос қойылымның құндылығын атап өтті.   

– Биыл жазда Елордамызда өтетін бүкіл Қазақ елінің абыройын күллі әлемге асқақтататын халықаралық көрме – Қазақ­станның беделді әрі белесті кезеңін айшықтайды. Бұл халықаралық көрме қазақ халқының бүгінгі күнге дейін бар­лық салада жеткен жетістігін сән-салта­натымен паш ететін дүбірлі думанға ұлас­пақ. Осыған байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі отандық өнер ордаларының үздік қойылымдарын әлем жұртшылығының алдында сахналауға ұсыныс жасады. EXPO-да көрермен назарына ұсынылатын қос қойылым театрымыздың шығармашылық келбеті ретінде репертуарымызда жүріп жатқан тәрбиелік әрі рухани маңызы зор спектакльдер саналады. Ұлы драматург У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясының желісімен сахналанған «Бір сен үшін тудым…» атты спектаклі көрерменге терең ой салары сөзсіз. Екі ғашықтың қайғылы оқиғасы жайлы баяндайтын трагедия бүгінгі күнге дейін әлемнің әйгілі театрларында барлық жанрда сахналанған. Бұл спектакльді театрымызда өткен жылы жас режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналап, өзіндік қолтаңбасымен жастықтың жігерімен, жалынымен жарқыратып шығарды.       «Бір сен үшін тудым…» деген атауының өзінен-ақ режиссер бұл шығарманы қазақтың қанына, тамырына, мінезіне жақындатқанын байқауға болады. Қазақ халқының махаббат гимніне айналған Мариям Жагорқызының «Дударай» әнін­дегі «Бір сен үшін тудым…» деген қайыр­масы әр қазақтың тербетіле, төгіле, толғана айтатын әніне ұласқан. Қойы­лымда бұл әуен спектакльдің музыкалық лейтмотиві ретінде жүріп отырады. Қойылымдағы қос ғашықтың ең алғашқы кездесуі, жүректерінің бірге соғатынын түсінуі – спектакльдің ең тамаша шешім тапқан жері. Қайғылы қастандық қос ғашықтың бір-біріне деген ынтызарлығын тоқтата алмайды. Нәтижесінде бұл дүниеде кездесе алмасақ, о дүниеде бірге боламыз деген ғашық жандардың өмірден өткеніне куә боламыз. Режиссердің қол­данған тәсілдері, актерлердің кейіпкер­лерді бейнелеудегі сахнадағы образдары көрермен көзін сүйсінтеді. Әсем әнмен, тамаша бимен өрнектелген спектакль көрермен жүрегіне жол тапқан. Ал, адам­заттың жандүниесіне үңілдіретін «Қара шекпен» қойылымы да өткен жылы Түр­кияның Кония қаласында өткен халық­аралық фестивальде көрермен қошеме­тіне ие болған қойылым, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

The Football Team, Football Game at The Stadium

admin

Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫ ҮШІНШІ РЕТ ГРАН-ПРИ ЖҮЛДЕСІН ИЕЛЕНДІ

admin

Данияр Базарқұлов: Театр – нан табатын жер емес…

admin