Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ШАПАННАН БАСТАЛҒАН ХИКАЯ

Есмұқан Обаев,
Қазақстан Республикасының халық әртісі
Аққуға айналған актриса
Бірде Алтынбек Кен­жеков аты аңызға айналған актриса Әмина Өмір­зақованың мерейтойында сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін біл­дірді. Сол кезде жастар театры­ның сахна­сында күндей күлімдеп тұрған Әмина апай: «Ай­налайын, «Аққу» күйін тартшы!» — деп өтініш жасады.
Алтынбек бұл күйді тартқанда қолындағы дом­быра аққу болып үн қатып, қиқулап ұшып бара жат­қандай керемет әсерге бө­лейтінін біз жақсы біле­тінбіз. Бірақ, оның осы жолғы тартысы, тіпті, ерекше болды.
Сахнада Әмина апай­дың қарсы алдына бір тізерлеп отыра қалып, қос шекті бебеулетіп қаққан кезде, залдағы барша кө­рермен қазір таңғажайып бір құбылыс болады деп күткендей, актрисадан көз алмай, қадала қарап қалды. Өйткені, Әмина апайдың көңілі қатты толқып, әне-міне аққуға айналып, ұшып кетердей әсерде тұрған-ды.
Күй аяқталғанда  құ­лақ­қа ұрған танадай жым-жырт тыныш­тық орнады да, артынша таудан құлған көшкіндей гу ете  қалған жұрттың ду қол шапалағы құлақ тұндырды.
Дубляждың аллергиясы
Алтынбек  бозбала күнінен бастап, қашан көзі жұмыл­ғанға дейін өнерге барынша адал қызмет етті.
Жастар театрында қойылған У.Шекспирдің «Гамле­тінде» — Гамлет, С.Мұқановтың «Қашқар қызында» —  Шоқан, Қ.Саты­балдин­нің «Ұзақ жолында» — Сәкен Сейфуллин, Ш.Айтматов­тың «Жан азабында» — Жуан-Жуан, Б.Жәкиев­тің «Ана тағды­рында» — Ақылбек, С.Жүнісовтің «Жам­былдың даңғыл, тарғыл жолында» — Жамбыл, т.б. бей­нелерін сомдады.
Сонау бір жылы жазушы Роллан Сейсенбаев екеуміз бірігіп жазған «Өзіңді тап» атты пьеса­дағы образдарды Алтынбек Кен­жеков, Досхан Жолжақ­сынов, Нұрқанат Жақыпбаев үшеуі дуэт болып керемет ойнады.
Өнердегі үндестік, әріптестік деп, міне, осыны айтуға болатын шығар. Үшеуі де әнші, үшеуі де әдемі, үшеуі де сымбатты, сері жігіттер!
Олардың сахнадағы даусы, қимыл-қозғалысы, көзқарасы, әні, биі, күйі – тұнып тұрған гармония.
Спектакль аяқталған кезде оларға гүл тапсырып, автограф алу үшін жүгірген жастар қандай арманшыл, ақ жүрек еді де­сеңізші.
Алтынбек кинода да бірқатар тамаша рөлдерді ойнады ғой. Олардың ішінде Ш.Айтматовтың повесі бойынша «Мосфильм» киностудиясы түсірген «Жәмила» фи­льмін­дегі Садықты көрер­мен қауым ешқашан ұмытпайтын болар.
Сонымен бірге даусы құлаққа жағымды, лири­калық тенор ретінде таныл­ған Алтынбекті дубляжға өте көп шақырушы еді. Ол образға еніп, кейіпкер тілімен сөйлей жөнелгенде, экрандағы кез-келген ұлттың актері қазақ болып, қайта туғандай әсерде қалдыратын-ды.
Оның дубляжға шектен тыс көп еңбек сіңіргені соншалықты, жасы елуден асқан кезде: «Әй, Ескен, мен осы дубляждан аллер­гия болдым. Экраннан өз даусымды естігенде пар­кинсон дертіне шалдыққан боксер секілді басым қалтылдап, дірілдеп кетем», — деуші еді.
Әрине, бұл да өнердің қызығы мен қиындығы, ләззаты мен азабы әманда қатар жүретінін білдіретін белгілі бір жәйт қой.
Жастар театрындағы езуге күлкі үйіретін қызықты оқиғалар көбіне Қасым Жәкібаев, Алтын­бек Кенжеков және Сейітхан Есенқұлов үшеуі орналасқан «Гримдеу бөлмесінде» болып жатушы еді.
Үшеуінің мінезі үш түрлі. Бір-бірімен қалай  тіл табысатынына қайран қаласың.
Ұйымшыл өздері. Театрдағы жаңалықтарды, премьера­ларды, үлкенді-кішілі қуаныштарды ең алдымен атап өтетін бөлме осы­лардыкі. Алтынбектің қалтасынан тастамайтын бір өткір бәкісі болатын. Көзді ашып-жұмғанша жайыла кететін кішігірім дастар­хандағы ет, шұжық, жеміс-жидек секілді тіскебасарларды сол бәкісімен жіп-жіңішке етіп тілімдеп турағанда, бір топ адамға емін-еркін жеткізуші еді.
Ал Қасым ағамыз нағыз қолөнер шебері, тігінші, дизайнер болатын. Сахнаға киген киім­де­рін өзі пішіп, өзі тігіп, өзі өрнектеп отырғанын талай көргенбіз. Тарихи спектакльдердегі қамшы, қанжар, найза, дулыға, сауыт секілді толып жатқан  заттарды да өзі жонып, өзі реттеп алушы еді.
Шежіре-шапан
Соңғы жылдарда жұмысбасты болып, бір-бірімізбен хабарласа алмай кеттік. Оның үстіне жас ұлғайған сайын шаршап, қажи бастаған да болармыз.
Театрда, кинода талай-талай тамаша рөлдер ойнаған халық әртісі, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген дарынды актер, біртуар тұлға Қасым Жәкібаев ағамыз кейінгі кезде өзіне ұсынылған образдардан өз еркімен бас тартып: «Әй, бұрын­ғыдай болмаған соң, қайтесің­дер?!  М-мен ө-өзім енді халықтың алдына шық­сам, шатасып қалам ба деп қорқам», — дейтін болды.
Бұл да, әрине, өнерді, сахнаны сыйлау, тереңдей түссеңіз, кие тұту, қастерлеу ғой.
Бір күні таңсәріде үйдегі телефон шар ете түсті. Не боп қалды екен деп, жастықтан басымды жұлып алдым. Әдетте, таң атар-атпаста мазалайтын қоңыраулар тегін болмайды ғой. Ар жақтағы кісі сүйінші сұраса жақсы…  Ал егер, басқаша бір жағдай болса ше?.. Бұл жолы телефоннан Қасым ағамыздың үйіндегі жеңгейдің даусы естілді.
— Айналайын, айып етпе, ағаң сенімен сөйлесем дейді, — деді де, трубканы күйеуіне ұсына берді.
— Әй, Есмұқан, бі-біз е-е-ерте тұрамыз ғой, — деген Қасым ағамның даусы жетті құлағыма. – Се-сен ұйықтап жатқан жоқ па едің?
— Жоқ, ояумын.
— Ә-ә, онда біздің ү-үйге келе ғой. Бі-бір жаңалық бар. Қа-қазір көзі тірісінде кітабы шығып жатқан актерлар тіпті аз емес пе. Со-о-ның бірі мына ағаң боп тұр. Анау бір фотоальбом деген шықты! Біреуін саған дайындап қойдым. Өзі… көп емес. Әні-міне дегенше, таусылып кететін түрі бар.
— О-оу, құтты болсын! Қазір барамын.
— Ә-ә, сөйте ғой!
Көрімдігімді алып, айналасы бір сағаттың ішінде Қасым ағамның үйінен бір-ақ шықтым. Сол баяғы қара шаңырағы. Хрущев заманындағы архитекту­ра­мен салынған ескі үй. Кухнясы қуықтай ғана. Бөксесі жуан бір әйел кірсе, басқа кісілердің амал жоқ, шыға тұруына тура келеді. Мынау қара шаңырақ көзге қанша ыстық көрінгенімен, қайран Қасым ағамның өмір бойы өнерге сіңірген еңбегі мен талантына тарлық етіп тұрғандай.
Ол кісінің өзі де өте кішіпейіл, жан дүниесі таза, көңіліне кірбің сақталмайтын жан ғой. Айнала­сындағы қарапайым жандарға, әсіресе, өзінен кейінгі өсіп келе жатқан жастарға жақсылық жасап, қамқор болып жүруші еді, әрдайым. Бірақ, өзі үшін еш­кімнен ешқашан ештеңе сұра­маған адам. Әйтпесе, сонау ал­пысыншы жылдардан бері халық әртісі, қазақ өнеріне еңбегі сіңген қайраткер екенін айтып, жоғары­дағы кісілерге барса, өз жағдайын әлдеқашан жасап алар еді-ау…
Аристократ Жәкібаев!
Қасым ағам мені қуана қарсы алды. Көзі күлімдеп, қолымды сілкілеп, әдеттегіден қаттырақ қысты. Үстіне бір жеңіл шапанды желбегей жамыла салыпты. Бірақ, әлгінің пішімі, тігісі тіпті ерекше. Нағыз шебер қолдан шыққан қымбат, таза дүние екені бір қарағаннан-ақ көрініп тұр.
Өзі туралы шыққан альбом-кітапты қолыма ұстатқаннан кейін: «Ал енді, мұны жуайық!» — деді ағам көңілденіп. Сөйтті де, шкафтан бір коньяк алды.
— Бі-біз е-е-енді баяғыдай «сасық» ішпейміз ғой, — деп өзімен-өзі сөйлеп жүр. – Бұ-бұ күнде бәріміз әрістәкрәт болып кеттік емес пе!
Өткен күндердің естелігі көңілімді толқытып, көзіме жас келіп қалғандай болды. Қайран Қасым ағам-ай, енді қанша айқайлап шақырсақ та, енді қанша бас иіп жалынсақ та, сол бір қымбат, сол бір қызық шақтар қайтып оралмайды-ау деймін іштей.
Қасым ағамның «сасық» деп отырғаны баяғыдағы етек-жеңі кең костюмінің бір қалтасына салып жүретін «Талас» шарабы ғой. Күні бойғы репетициядан шаршап шыққанда содан да дәм тататын кездеріміз болушы еді-ау…
Әлгі костюмінің бір иығы кейде қисайып, салбырап кететін. Сондай сәттерде: «Оу, Қасеке, жүгіңіз тым ауыр ғой!» — деп қалжыңдаушы едік.
Дерсу Узала
Бүгінгі ұрпақ олардың шығар­машылық биікке көтеріл­ген, театр сахнасында қайталан­бас бейнелер жасаған кездерін білмейді-ау деген ой  кейде өзекті өртейді.
Тек, әйтеуір, кинодағы рөл­дерінің ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қалың көрермен қауымның жүрегінен орын алып жатқанына тәуба дейсің.
Бұл ретте Қасым ағаның жапон режиссері Акиро Куросава түсірген әйгілі «Дерсу Узала» фильміндегі рөлі барша жұртқа белгілі болса керек.
Оған да, міне, жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті. Кейде осылай, бір ұлттың талантты өкілін келесі бір ұлттың талантты өкілі тезірек танып, бүкіл әлемге танытып жататыны бар.
Қасым ағаның бойында, ра­сында да, ұлы табиғатпен етене болып өскен, дүние-жараты­лыстағы әр түрлі құбылыстармен бетпе-бет келуге қаймықпайтын сол бір кейіпкер – Дерсу Узала­мен қандай да бір ұқсастық бар екені анық. Аты әлемге әйгілі жапон режиссері соны сезіп, біліп шақырды ғой. Әйтпесе, ол рөлге түсуге талпынып, үміткер болған актерлар аз еді ғой деймісіз.
Егде тартқан шағында ол өмір­ден ерте кеткен талантты режиссер Аяған Шәжімбаевтың «Жансебіл» атты фильмінде туған жерге жете алмай, аңсап жүрген мүгедек қарттың бейнесін сомда­ды. Бұл да бір ауыр тағдыр. Кезінде сталиндік репрессияға ілініп, бүкіл өмірі итжеккенде өткенде боздақтың елге деген сағынышын, үміті мен өкінішін актер Қасым Жәкібаев көрермен жүрегіне керемет жеткізе білді.
Қасым ағаны еске алғанда езу­ге күлкі үйіріп, көңілімізді шал­қытатын, толқытатын қымбат сәттер көп-ақ. Енді солардың біразына тоқтала кетсем бе деймін…

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.
Жалғасы бар.
Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/03/18/%D1%88%D0%B0%D0%BF%D0%B0%D0%BD%D0%BD%D0%B0%D0%BD-%D0%B1%D0%B0%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BB%D2%93%D0%B0%D0%BD-%D1%85%D0%B8%D0%BA%D0%B0%D1%8F/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

10 ҚАҢТАР – ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АЗА ТҰТУ КҮНІ

admin

Happy stylish hipster man using technology

admin

Адам-зат» қойылымы нені меңзеді?

admin