Балнұр АХМЕТ
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсіміне белгілі өнер қайраткерлері қатысты. Жиынды Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығы комиссиясы төрағасының орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор Есенжол Алияров пен КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов құттықтау сөз сөйлеп, ашты.
Биыл «Театр өнері» аталымы бойынша Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ-музыкалық драма театрының әртістері Таңсұлу Баталова мен Сая Тоқманғалиева, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері Бақыт Тушаев пен Бейбіт Қамаранов марапатталды. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері Жасұлан Байсалбеков, Талғат Сағынтаев, Ләззат Қалдыбекова мен Салтанат Бақаева, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының әртісі Жәудір Сарыпбекова марапатталды. «Әдебиет» номинациясы бойынша Саян Есжанов пен Ержан Жұмабеков, ал, «Халық өнері» номинациясы бойынша Нұрмат Мансұров пен Айсәуле Бейсенханға төсбелгі мен диплом табысталды. «Журналистика номинациясы» бойынша КТК телеарнасындағы «Жүрекжарды» бағдарламасының жүргізушісі Жадыра Сейдешева, ал, «Эстрада» номинациясы бойынша «ТТТ» театрының әртісі Залина Отарбаева марапатталды.
Елімізде ең алғаш рет 1967 жылы Қазақстан Жастар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен қолға алынған «Серпер» сыйлығымен марапаттау рәсімі жыл сайын дәстүрлі жалғасып келеді. Естеріңізге сала кетсек, кезегінде «Серпер» сыйлығымен Шәмші Қалдаяқов, Олжас Сүлейменов, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Мұхтар Шаханов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Оралхан Бөкей, Роза Рымбаева, Жәния Әубәкірова, Әлібек Дінішев тәрізді өнер тарландары марапатталған болатын.
– Ең біріншіден, біз өзіміздің театр ұжымын қуанышымен құттықтағымыз келеді. Бұл біздің ғана емес, жалпы ұйымшыл ұжымымыздың жеңісі, театр ұжымының ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Себебі, театр өнерінде адам жалғыз өзі ешқашан жетістікке жете алмайды. Бізге үлкен үміт артқан қоғам қайраткерлерінің сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз. Бұл сыйлық еліміздегі барша талантты жастарға жұғысты болсын! – деді «Серпер» сыйлығының иегерлері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері Бақыт Тушаев пен Бейбіт Қамаранов
Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2015/12/11/серпер-сыйлығы-серпілтті/