Қазақ әдебиетіндегі, оның ішіндегі батырлар жырларындағы, эпостық дастандар мен поэмалардағы басты кейіпкерлердің һәм батырлардың, сол сияқты тарихи тұлғалардың қасында өмірлік серігіне айналған тұлпарларының болғандығы белгілі. Бұған Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы, Абылай ханның аңыз болған Көкбалағы, Кенесарының Ақтаңгері тәрізді т.б. иесін жауға тастамаған қасиетті сәйгүліктер дәлел бола алады.
Шымылдық ашылғанда ұзын қара киімдегі Қанатты мен қарт Ақан қатар көрінеді. Қанатты – Құлагердің басына түскен өлім және Ақан басындағы қайғы ретінде сөйлейтін символдық бейне. Қойылым экспозициясында айтылатын оның сөзінен Көкшетау баурайында жүрген «перінің» осыған дейінгі өмірінен бір сәт хабар алғандай боламыз. Одан әрі сол Көкшенің сұлу табиғатынан сыр шерткенде Сағынайдың асына жиналған халық «Маңмаңгер» әнін заманауи үлгіде айта жүріп, келесі әрекетте жерде жатып, қолдарының әсем қимылдарымен бірде шалғын шөптің, жайқалған гүлдердің, енді бірде ағып жатқан өзен-көлдердің бейнесін береді. Бұл пластикалық қимылдардың барлығы музыканың әуезді үнімен байланыста орындалып, қазақ жерінің сұлулығынан, халық дәстүрінен сыр шертеді және мұнда халық арасында кең тараған Ақан әндерінің асқақ рухы бар.
Бір-біріне үзіліссіз жалғасқан келесі көріністе Сағынайдың асына алыстан келген Ақанның хабары жетіп, бұған дейін тек атын ғана естіген Құлагердің кескініне көңілі толмаған тобырдың «Салпы ерін, сала сүйек, салбыр тірсек» дескен сыны мен әжуа күлкісіне куә боламыз. Осы тұстағы ат сыншысы Күреңбайдың: «…Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас, артынан жөнелгенде жетпес жылқы!» деген болжамы олардың көңілін сап басады. Жылқы баласын сыртқы тұрпаты мен дене қимылынан-ақ танитын осы тәжірибелі сәуегейдің рөліндегі Сағызбай Қарабалинге берілген трактовкада режиссер тұлпарды үркіту арқылы оның болмысын тануды жүктеген. Актер қайта-қайта қамшы сілтегенде Құлагер оқыранып, секіре шауып, жанына бөтен адамды жолатпайтын асаулығын байқатады. Негізінен «Күреңбай көзі тұнып көп қадалды» деп жазған І.Жансүгіров бойынша сыншы алдында тұрған атқа көзін сүзіп, тамсанып қарап қалуы керек-тін. Бұл жерде Ф.Молдағалидың режиссерлік мақсаты – Құлагердің мінезін, өзгеше жаратылған тектілігін барлығынан биік көрсетіп, оның иесіне деген адалдығын байқату болған. Дегенмен «атағы үш жүзге жайылған» сәйгүліктің өзіне ғана тән қасиетін тану үшін оған қамшы сілтеу қазақ дәстүріне жат, тіпті ондай қимыл артық та.
Осындай оқиғасы адам мен жануар арасындағы қақтығыспен өрбіген спектакльде режиссер сахнаның оң жағына Батырашты, сол жағына Ақанды орналастырып, мизансценаны әдемі құрған. Сол сахнада Батыраштың рөліндегі тәжірибелі актер Рахман Омаровтың ойыны өзгеше әсер қалдырды. Кербездене басқан әрбір қадамы, Ақанның өнерін, оның адами келбетін мойындамайтын кескіні, Құлагерді көргендегі ішкі әлемінде ойнақшыған арамза ойдың ұшқыны актердің көзіндегі оттан байқалады. Күреңбай «Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан» немесе «Егер де шын жылқыны мен танысам, хақ мұның қырып-жойып бәйге алмағы» деп Құлагерге мадақ айтқанда бет-жүзі құбылып, жарылардай ісініп тұрған Батыраш – Р.Омаров Ақанға сол отты көзімен ұшқын шаша жалт қарайды. Бүкіл қазақ жұрты мақтаған тұлпардың кісінеген сұлу үні құлағына қайта-қайта естілген би ағаш төсегінде аунап, дөңбекшіп жата алмайды, бірде тұрып, бірде қайта жатып, қараңғы түнде аласұрып, өзінің ішкі ойымен арпалысады. Бұған дейін барлық атақ пен абыройды өзі ғана иеленіп жүрген оны осылайша қалтыратып өткен ертеңгі болатын бәйгеде «Құлагер озып келер» деген қорқынышты ой мен жүйкесін жаулап алған үрей болатын. Батыраш – Р.Омаровтың іштегі сол күйінішті сыртқа дірілдеген демімен шығару әрекеті мен «қап, қап, қап!!!» деген өзекті өртеген айғайы қатар беріліп, кейіпкердің мінезін жоғарғы нотадан бір-ақ шығарды. Құлагер өліп, Көктұйғын бірінші келгенде дегеніне жеткен тоғышар бидің езуіне күлкі үйіріліп, ордасында той-думан, жеңіске қуанған тобырдың қуанышты әндері естіледі. Ал қайғыдан қан жұтып, адам атаулыдан баз кешкен Ақанның зарына өзін кінәлағандай көзіне жас толған Батыраштың өкініші тағы да «қап, қап!» деген сөзбен ғана беріледі. Әрине оның бұдан басқа айтар сөзі де жоқ еді. Мұнымен актер Алтай биінің байлықтың, барлықтың, атақтың буына қанша мастанғанымен түптің түбінде адами қасиетінің барын аңғартады. Осындай контрастық ойын бедері Р.Омаровтың орындаушылық мәнерінің өзгешелігін танытады. Сондай-ақ, осы Батыраштың киім үлгісі келісті пішілген. Түлкі жаға, кең етек, барқыт шапан кейіпкердің ешкімді көзге ілмейтін тәкаппар болмысын, оның қазақ даласындағы әлеуметтік орнын айқындап берген.
Ал Ақанның рөліндегі түр-тұлғасы келіскен Еділ Рамазанов – өзіне тән әдемі қоңыр даусы бар өнерпаз. Ол Ақанның «Маңмаңгер», «Шырмауық», «Құлагер» әндерін келісті орындауымен көрерменге ерекше әсер етті. Өліп жатқан Құлагерді көрген Ақан – Е.Рамазанов алғашында өз көзіне өзі сенбей теріс айналып, аз кідірістен (пауза) соң қайта оралып, тұлпарының жанына келгеннен кейін ғана болған жағдайды түсінеді. Осы тұста актер серінің ішті жарып шыққан қайғысын көрсете алмады. Е.Рамазановтың Ақаны қандай қайғы болса да көнген, көтере алатын, жалғыз серігінен айырылса да сыр бермейтін, қандай қайғы-қасірет болсын іште сақтай алатын адам болып шыққан. Актердің «Бай-бай, бай-бай!!!» деген айғаймен ғана жоқтауы, нақтысын айтқанда, серінің қайғысын білдіруге ішті өртеген күйінішпен, өзгеше эмоциямен, психологиялық күйзелу жолымен емес, керісінше сыртқы әдіспен, дауыс-үнінің барынша басымдылығымен келуі кейіпкердің болмысын ашып бере алған жоқ. Құлагер өлгеннен кейінгі өз еліне кетуге ыңғайланған сәтінде Ақан Батырашқа қарай бағыттап, ащы запыранға толы «Құлагер» әнін орындайды. Жәй сарында басталып, өрістей келе ащы өксікке ұласқан бұл әуен бірте-бірте созылып, ауырлай түседі, сөйтіп қаныпезер биге қатал үкім шығарғандай болады. Дегенмен актер өмірде жан жолдасы, қимас серігі болған сол сәйгүліктің күйігінен, құсалықтан өлген, жазбаларда «Адамның падишасы» деп суреттелген Ақанның трагедиялық күйін жеріне жеткізе алмады.
Керісінше, Мақсат Сәбитовтің дене бітімі, аяқ-қол қимылдары, Күреңбайды жанына жақындатпаған асау мінезі, жер тарпып кісінеуі текті жануар – Құлагердің зор кейпін кескіндеуге мүмкіндік берген. Актер шашының бір жағын тым қысқа алдырып, келесі жағын өсірген. Құлагердің жалын білдіретін толқынды осы шаш үлгісінің өзі үлкен рөл атқарып тұр. Шығармадағы межелі жерге көмбеге қарай ойысқанда оза шауып, бәсекелестерінің ең алдында келе жатқан Құлагер – М.Сәбитовтің бойындағы отаншылдық рухты оның мәтіннен тыс айтылған М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!», С.Торайғыровтың «Шәкірт ойы», «Алаш ұраны» өлеңдерінен байқау қиын емес. Бұл – қайткенде алға ұмтылып, өзінің дағдысына айналған тек жеңіске жету мақсатын алға қойған жануардың, дәлірек айтқанда жазықсыз атылып кеткен Алаш арыстарының кейінгі ұрпағына қалдырып кеткен аманат-ұраны болатын. Режиссер көздеген мақсатына жете алмай кеткен, туған жері мен халқының жарқын өмір жолына барлық күші мен қайратын жұмсаған Алаштың арда азаматтарының арман-мұратын солармен тағдырлас Құлагердің осы сөзіне сыйғыза білген.
Сол сияқты асыл тұқымды Көктұйғынның рөліндегі Ерлан Кәрібаев та – орындаушылық шеберлігі қалыптасқан, шыңдалған, кескіндейтін қаһармандарын қиял қалыбында әбден танып барып сахнаға шығаратын өнерпаз. Аталған қойылымдағы соңғы бес жыл бойы бәйгені ешкімге бермеген Көктұйғын – Е.Кәрібаевтың көзінің астымен сүзіле қарасынан, сахналық әрекет-қимылынан Құлагер сынды дүлдүлмен ғана тең келетін қасиет байқалады. Мұны актер сахна ортасындағы жарық тек екі тұлпарға ғана түсірілген көріністе аяғын көтеріп, сәл иілген ишаратпен аңғартып өтеді.
Спектакльде Құлагердің өлгенін естіген Сағынай кемпірінің Батырашты «Сүйегіме дақ түсірдің!» деп қамшымен сабайтын тұсы бар. Қазақ жеріндегі феодалдық уақыттың қалыптасқан стереотипі бойынша бұл әрекет дұрыс емес. Алайда бүгінгі буын өкілі Ф.Молдағалидың тұжырымында жаһандық уақытта қарқынды дамып жатқан гендерлік саясатқа жүгіну сипаты бар сияқты. Қалай болғанда да бұл әрекет хас шебер Лидия Кәденованың ойынында ақталған. Актрисаның жарқын, таза даусынан, қазақ әйелдеріне тән биязы жүріс-тұрысынан, заманында «жарты патша» деп дәріптелген Керейдің биі Сағынай өлгенімен ақсүйектік ортаның өзіндік тынысына үйреніп қалған, билікті қолынан бермейтін бәйбішенің биік болмысын көрдік.
Ф.Молдағали осындай драмалық қайшылықтарға толы спектакльдің жанрын
«саунд-драма» деп алған.
Саунд-драмада басымдылық музыкаға, үн мен дыбысқа негізделеді. Бұл – 2003 жылы ресейлік режиссер Владимир Панковтың «Красная нить» спектаклімен бірге пайда болған жанр. Бірақ осы уақытқа дейін мұның нақты анықтамасы жоқ. Белгілісі, шығармадағы оқиғалар желісі, әрбір көріністегі әрекет-қимылдар музыканың немесе актердің үнімен, қолданылатын реквизиттердің дыбысымен параллелдікте үн қатуы тиіс. Жалпы қазақ театрларында бұл жанрдың негізгі анықтамасын ақтайтын көркем дүниелер сахналана қоймағанымен, Ф.Молдағалидың шығармашылық ізденісі осы көркем бағытты елімізде жалғастыруға, дамытуға негізделіп отыр. Ол поэзиялық шығарманың жекелеген көріністерін бастан-аяқ әрекетке құрып, сөз бен сахналық қимыл-қозғалыстарды осы қойылымға арнайы шақыртылған «Steppe sons» этно-модерн джаз тобының орындауындағы түрлі аспаптық дыбыстармен тығыз байланыстыра білген.
Сол сияқты спектакльде мың үш жүз тұлпар қатысқан бәйге көрінісіндегі жоғарыдан түсірілген ат тұяқтарының дыбыстық әсері ерекше. Оларды екі-екіден қолына ұстаған орындаушылар жерге соғу арқылы аттардың шабысын береді. Додаға қатысқан аттардың кейпін кескіндеген актерлердің әсерлі «шабысы» мағыналы ритмге, күмбірлеген музыка үніне, қазақтың кең даласында көсіле шапқан тұлпарлардың аяқ дыбысының дүбіріне негізделген. Осы көріністе расымен де «басқан жері ойылып, шұңқыр болып қалатын» Құлагердің ерекше шабысы көрерменнің рухын оятып, тұлпарлар тұяғының дүбірі І.Жансүгіров мәтінінің сахналық жанды үлгісін көрсетті. Құлагерді атқанда мылтық даусының, қызыл жарық пен жоғарыдан құлаған тағалардың қатар берілуінің өзі режиссердің театрлық метафораны орынды қолданғанын айғақтайды. Яғни тағаның шашылуында Еуропа елдеріндегідей «жамандық, сәтсіздік, жолы болмаушылық» деген түсінік бар. Бұл жерде шығарманың идеясы, оның мазмұны тек Құлагердің өлімін ғана баяндамайды, керісінше сахналық жүйе авторы әрі режиссер Ф.Молдағалидың тұжырымы иісі қазаққа таныс сұңғыла жануардың тағдыры арқылы автор өмір сүрген заманның үнін жеткізу болған.
Жалпы, балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарына «Құлагер» спектаклінің қосылуы жақсы атты ер жігіттің ары, бағы деп санайтын қазақ көрермені үшін айтарлықтай жаңалық болды. Мұнда жастық леп, отаншылдық рух, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны таразылайтын адам бойындағы гуманистік өлшем, әділдікті ту еткен халық тағдырының шынайы бейнесі бар. Сондықтан Ф.Молдағали мен қойылымға қатысушы орындаушылардың шығармашылық тандемі келісті өнер туғызды деп айта аламыз.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, театртанушы
Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/224467-sakhnany-dubirletken-saund-drama