Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

САҢЛАҚТАРДЫҢ САРҚЫТЫ

Тамара Қосыбаева – Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының тұңғыш қарлығаштарының бірі. Нұрмұхан Жантөрин, Бәйтен Омаров сияқты театр қайраткерлерімен өнер мектебін қатар бітірген, Кененбай Қожабеков, Әнуар Молдабеков сияқты майталман актерлермен әріптес болған, театр және кино өнері саңлақтарымен қатар жүрген дарынды актриса бүгінде торқалы тоқсан жасын тойла­ғалы отыр. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген – осы. «Долана» фильміндегі Райхан ана, театрдағы Аягөз ару – Тамара әже әлі де тың, сұлу, мейірімді. Жүзінен нұр төгіліп тұр. Тамара әжемен өткен күндерді еске алып, өмір парағын бірге ақтардық. 

Балалық шаққа саяхат

Ел басына ауыр күн туған қиын заман­-да дүние есігін ашыппын. 1928 жылдың 15 нау­рызында Павлодар облысының Ақсу ауданына қарасты №4 елдімекенде дүниеге келдім. Әкем қуғын-сүргінге ұшырады. Алақұйын заман еді ғой. Ел ішін ашар­шылық жайлап жатқан. Есімді білер-білмес шағымда Новосібір қаласына көштік те, сол жерде бес-алты жыл тұрдық. Отбасында бес ағайынды едік. Әлі есімде, анам таңер­тең ұйқыдан тұра салысымен, базарға ке­теді. Қолда барды құрап, сауда-саттық жасайды. Күнкөрістің қамы ғой. Бала-шағаны асырау керек. Біз Новосібірге көшкенде марқұм әжем де тірі болатын. Алты жасымда анамнан, сегіз жасымда әкемнен айырылдым. Анам мен әжемнің сүйегі сол жақта қалып қойды. Ол кезде ағам Нұрдың жасы – жиырмада. Бәрімізді сүйреп жүрген сол кісі. Анамның қаза­сынан кейін елге, Семейге көшіп келдік. Семейде бір-екі жыл тұрдық. Нұр ағамды Алтай аймағына жұмысқа жіберді. Алтын шығаратын кен орнына қызметке тұрды. Бірінші сыныпты Новосібірде бітірдім. Семейде екінші сыныпта оқыдым да, ағам­ның жұмысы Самар аймағына ауысқан­нан кейін бәріміз сонда көштік. Самар айма­ғына келгеннен кейін орыс мектебіне баруға тура келді. Алғашында тілім келмей, сабақ оқи алмай жүрдім. Бәрімізді тәр­биелеп өсірген – Нұр ағамыз. Соғысқа да ерте аттанды. Екінші ағам – Аман соғыстан оралмады. Әпкем Зүбәйраның қайтыс бол­ғанына он шақты жыл болды. Екінші әпкем Зейнеп тоқсанның бел ортасына келіп, жақында қайтыс болды. Азан шақырып қойған атым – Мәһәрбану. Әкемнің аты – Хикмет. Әжемнің аты – Күнекей. Есіміме тұрғылықты халықтың тілі келмей, Тамара атап кетті. Әкемнің де аты құжатта қате жазылған. Құжатта – Окиметовна деп тұр.
Бізде бақытты балалық шақ болған жоқ. Бала болып қуыршақпен ойнау, доп қуу деген біздің қатарластардың маңдайына жазылмаған екен. Әке-шешемнің бет-әлпеті еміс-еміс көңілде қалғаны болмаса, анық есімде жоқ. Кішкентайымыздан жетімдік тауқыметін тарттық. Ашаршылық, одан бергі қанды майдан қасіреті жүре­гімізге мәңгі жара болып қалды. Соғыс басталған жылдары оқу-тоқуымыз бітіп қалды да, құйтақандай болсақ та, еңбекке ерте араластық. Ағам соғысқа аттанғанда Балқаш қаласында жұмыс істейтін. Сон­дағы мыс қорыту зауытына жұмысқа тұр­дым. Осылайша, балалық шақпен ерте қош айтыстық та, еңбек майданына араласып кеттік. Еңбек етіп алған орден-медаль­дарым, алғысхаттарым әлі бар.

Махаббат қызық мол жылдар…

Біздің бағымызға бауырымыз Нұрдың соғыстан аман оралғаны еді. Мектепте түрлі үйірмелерге қатысқаным болмаса, өнер адамы боламын деген ой мүлдем болған жоқ. Тіпті армандаған да емеспін. Мектепте оқып жүргенімізде көркемөнер­паздар үйірмесін құрып, оның белсенді мүшесі болдым. Бас көтерер азаматтарын соғысқа шығарып салып, оның аман-есен оралатынына күмәнмен қарап жүрген, қамкөңіл ауылдағы ағайынға концерт қоя­мыз. Көңіл көтеруге тырысамыз. Айту­лы өнерпаз да емеспіз. Бірақ ән айтамыз, өлең оқимыз, би билейміз. Зейнеп әпкем Ал­матыда тұратын. Соғыс басталған соң, оқу­ға түсе алмай қалып, Алматыға жұмыс­қа кетті. Кейінірек тұрмысқа шықты. Күйеуі екеуі Қарағандыға көшті. «Балқашта тұр­маймын» деп әпкемнің артынан іздеп бардым. Әпкем: «Алматыға оқуға барасың ба?» деп сұрады. Жеті класты бітірген мені оқу алмайтын шығар деген күмәнім бар. Соған қарамастан, жездемнің інісі екеу­мізді Алматыға жіберді. Түскен үйіміздің баласы кино актерлік оқудың бірінші курсын бі­тірген екен. Ол маған: «Кино актер­лік бөлімі ашылды. Соған оқуға түс­сеңші» деді. Барсам, адам көп. Қуат, Майра Әбусейітова да жүр. Абдолла Қар­сақбаев та бар. Этюд орындауымыз керек екен. Оның не екенін білмейміз. Бір апта бойы үйретті. Орманның ішінде ән салып, құстармен сырласуым керек. Ахмет Жұба­новтың «Қарлығашы» шыққан кез. Сол әнді жаттап алдым да, этюдті орындап шық­тым. Же­текшіміз – Асқар Тоқпанов. Өзге мұғалім­дердің бәрі –Мәскеуден кел­ген артистер. Емтиханнан сүрінбей өттік. Жатақхана берді. Біздің тобымызда Бәйтен Омаров, Суат Әбусейітов, Бәкір Тәжібаев, менің жолдасым Мұрат бар. Бізден кейін Нұр­мұхан Жантөриндер келді. Үшінші курс­ты бізге қосып жіберді. Зәмзагүл де сол жыл­дары біздің топқа қосылды. Үшінші курсты бітірген соң, Мұратқа тұрмысқа шықтым. 1947 жылы оқу бітіріп, диплом алған соң, мені Жастар мен балалар театрына жұмысқа алды. Киноактерлік бөлімді бітіргендерден Нұрмұхан, Зәмзагүл үшеуміз ғана театрда қалдық. Қалғандары жан-жаққа кетті. Басқа салаға кеткендері де бар. Наталья Сац жұмысқа қабылдағанда жасым 20-да ғана болатын. Труппада Құланбаевтар: Мәкіл, Ақыл және Бибиза үшеуі бар. Сапарғали Шәріпов, Кәмәсия Өмірзақов жұмыс істейді екен. Бірінші спектакль – «Алтын кілт». Қазақ тілінде қойылған тұңғыш спектакль. Үш айдан кейін Бура­тиноның рөлін берді. Қазақ тіліндегі спек­такль төрт-ақ рет жүрді. Аққағаз Мәмбетова екі рет, мен екі рет Буратиноны ойнадым. Онда қазақша көретін көрермен жоқ. Ақы­рында «Алтын кілтті» орыс тілінде қоя бас­тадық. Қасым Жәкібаев, Ыдырыс Қасымов бәріміз орыс спектакльдерінде ойнадық. Кейін бөліп жіберді.
Мәдениет басқармасының жетекшісі Ахметовтің ұсынысымен үш адам Ташкент қаласындағы Өнер институтының актер­-лік бөліміне жіберілдік. Ташкенттегі Щел­ковичная көшесіндегі 75-үйде театр өнер институты орналасқан. 50-жылдардағы Қазақстан мен Орта Азия республика­ларынан шыққан кіл мықтылардың бәрі – осы институт қабырғасынан дәріс алған­дар. Жігіттердің арасында Мұрат Қосыбаев режиссерлік дарынымен, тағылым-таны­мы­мен ерекше көзге түсті. Ол режиссура­мен қатар, актерлік шеберліктен де тың­ғы­лықты білім алды. Бұл сабақты Е.Вах­танговтың шәкірті М.Рубинштейннің беруі – үлкен бақыт болатын. Мұратты өзге жі­гіттерден бөле-жара айтып отырғанымды да түсініп отырған шығарсың. Ол менің өмірлік жарым, сырлас-серігім болды.

Нұрмұхан, Кененбай, Әнуар – дара тұлғалар

Жастар театрының қабырғасында жү­ріп, қаншама спектакльдерде ойнадым. Аң-құстан бастап, ханшайымға дейін рөлдерім болды. «Біздің Ғани» спектаклі әлі есімде. «Аягөз аруда» – Аягөз, «Ақбө­педе» – Ақбөпе, «Алтын сақада» – Күнбала, «Ботагөзде» – Айбала, «Күшік күйеуде» – Биғайша, «Бүлікте» – Зәуре рөлдерін ойна­дым. «Қызыл сұңқарлар», «Алтын сақа», «Күн мен көлеңке», «Пай-пай, жас жұ­байлар-ай», «Бажалар мен балдыздар», «Беу, қыздар-ай», «Қобыланды», «Құдағи келіпті», «Тергеу аяқталды», «Жәмила» сияқты спектакльдерде әже-ана рөлдерін сахналадым. Театрда жүргенімде елуге жуық рөл ойнаған екенмін. Драматург Қ.Сатыбалдиннің «Аягөз ару» спектаклі шығармашылығымның биік шыңы секілді. Пьесаның өзегі – драмалық тартысқа толы, шынайы өмірде болған құбылыстарға жақын аңыз оқиғадан құралған. Аңыз-ертегіге ұқсас элементтері болмаса, сах­на­дағы барлық көрініс, қимыл-әрекеттері психологиялық-философиялық ойды құ­райды. Жақсылық пен жамандық, адам­гершілік пен зұлымдық, әділдік пен әді­лет­сіздік – «Аягөз арудың» негізгі желісі. Әрі режиссер С.Шәріповтің талғамынан шық­қан қойылым болды. Шынайы беріліп ойнаған болсам керек, көпке дейін көп­ші­лік мені «Аягөз ару» деп атап келді. Асанәлі Әшімов әлі күнге дейін «Аягөз ару» деп атайды.
Нұрмұхан, Кененбай, Әнуар – керемет актерлер. Шынайы таланттар еді. Сахнада ойнағандары қандай! Қаншама спектакль-де сахнада әріптес болдық. Нұрмұхан әйелі Ритамен Ташкентте танысқаны да есімде. Қатар жүрдік, қызық-шыжығымызды бірге бөлістік. Нұрмұхан «Менің Баяным» дей­тін. Дипломдық жұмысымыз – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі болды. Онда Қозы – Нұрмұхан, Баян рөлінде – мен.
1960 жылы жолдасым Мұратты қызмет бабымен С.Сейфуллин атындағы Қара­ғанды облыстық академиялық драма театрына жіберді. Ол жерде бес жыл қызмет атқардық. Мұрат аса талантты режиссер еді. Ш.Хұсайыновтың «Есірткен ерке» пьеса­сын тұңғыш рет қойды. Одан бөлек, кез келген қойылымға жауапкершілікпен, тал­ғам­паздықпен келетін. Әрі ол спектакль­дері де өте сәтті шықты деп айта аламын. Әсіресе, Назым Хикметтің «Әпендесі» Жас­тар театрының сахнасында қойыл­ғанда, көпшілік ерекше ықыласпен тама­шалаған спектакльдің біріне айналды. Амал не, өмірден ерте кетті. Ешқандай атақ-дә­реже алған жоқ. Кейде іштей соған өкі­не­мін…

«Долана» – Мұрат Омаровтың жалғыз фильмі

Кино саласында отызға жуық рөлдерім бар. Соның ішінде шоқтығы биігі – «Долана». Жалпы, киноға келуім де қызық. Марқұм Абдолла Қарсақбаев 1968 жылы «Балалық шаққа саяхат» дейтін фильмге шақырды. Әспет ананың рөлін ойнадым. Опера театрының да, Мұхтар Әуезов атын­дағы академиялық драма театрының да артистері бар. Кинодағы қадамым сол кез­ден басталды. Нұржұман Ықтымбаев, Рая Мұхамедьярова сияқты артистермен кинода әріптес болдым. Жас режиссерлер фильмге түсуге шақыра бастады. Қырғыз бен өзбек фильмдеріне де түстім.
«Долана» – адалдық пен арамдықты, жауыздық пен жамандықты насихаттай­-тын фильм. Кинодағы әріптестерім – Ес­болған Жайсаңбаев, Рая Мұхамедьярова, Мейір­ман Нұрекеев. «Долана» – Мұрат Омаровтың жалғыз фильмі. Әрі өте сәтті шыққан фильмдердің бірі. Одан кейін Мұрат кино түсірген жоқ. Ұмытпасам, әлі күнге «Қазақфильмде» жұмыс істейді. Өте талантты, білікті режиссердің бірі. Өкі­ніш­ке қарай, жолы болмады. Кей көрер­мен­дерім сол фильмді көрсе, әлі күнге мені із­дейді екен.
Одан кейін «Құрақ көрпеде» – әже, «Исатай – Махамбетте» – Исатайдың анасын, «Арман қалада» әже рөлін ойна­дым. «Жаным», «Астана – махаббатым менің», «Шоқ пен Шер», «Нан мен тұз», «Жамбылдың жастық шағы», «Өрнек», «Өгей әке», «Шаңырақ» секілді фильм­-дерге түстім. Шәкен Аймановқа да риза­шылығым шексіз. Ол кісі мені дубляжға алып барды.
Бір өкінетінім – театрдағы біз ойнаған спектакльдер сақталған жоқ. Қандай спектакльдер жүріп еді? Көбісі аншлагпен өтетін. Қандай дарынды актерлер ойнады десеңші. Бірі де сақталмады. Ол заманда бей­нежазбаға жазылмайтын еді. Бір жұба­татыны – кинодағы рөлдерім. Көпшілік мені іздесе, фильмдерден табатыны анық.
Қайран, Жамал! Қайран, Қасым! Театрдағы сол күндерім әлі сағыныш. Жастығымыз өтті сол сахна төрінде. Театр­дан кеткен кезімде қатты қиналдым. Қа­раң­ғы қапаста қалғандай сезіндім. Жаным ауырды. Театрды, театр сахнасын сағын­байтын өнер адамы болмайды. Мен де солай сағынамын. Қандай мықты актер болсаң да, сенің тағдырыңды шешетін – режиссер. Театр сахнасында қандай мық­-ты рөл ойнасам, ол – режиссердің еңбегі. Талай таланттар сахнада бүр жарып жатса, ол да – режиссердің арқасы. Театрда жақсы рөлдерім болса, сол режиссерлердің еңбегі деп білемін.
Қазір заман басқа. Бұрынғыдай өнерге ұмтылып тұратын көрерменді де байқа­маймын. Көрермен бізді де ұмытқан болар, бәлкім. Кім білсін?!
Қатарластарымның да қатары сиреді. Зәмзагүл жиі қоңырау шалып тұрушы еді. Қазір оның да жағдайы мәз емес. Күлпан Ахметова да биыл қайтыс болды.
Балалық шақтың азабын көрсем де, жаман ғұмыр кешкен жоқпын. Балаларым, немерелерім, шөберелерім бар, Құдайға шүкір!

Бағыбек Құндақбаевтың: «Аягөзді» Тамара Қосыбаева өзінің шынайы махаббатын, адамгершілік ар-намысты өте бағалай білетін, байдың дәулетіне қызық­пайтын, ханның зорлық-зомбылығына жас­тық жігермен, қайсарлығымен қарсы тұра білетін, қандай қиын жағдайдан да шыға алатын сұлу да ақылды қыз етіп шебер бей­нелейді. Спектакльдегі Аягөз – Тамара жал­пы қазақ қыздарына тән сұлулық, тәкап­парлық, қайсарлығы мен ақылы теңескен, жинақталған образ десек те болады…» деген пікірі бар. Бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ. Аягөз – Тамара биігі төмендемек емес. Қазақ театр-кино өнерінің тарихында Тамара Қосы­баеваның есімі алтын әріптермен жазу­лы тұр. Бұл – анық.
Ғұмырыңыз ұзақ болсын, Мәһәрбану – Тамара актриса, ардақты әже, аяулы ана!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2018/03/16/46106.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

admin

А не голубая ли наволочка у твоей подушки?

admin

Ғ.Мүсірепов театры Түркияда спектакль қояды (фото)

admin