Тамара Қосыбаева – Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының тұңғыш қарлығаштарының бірі. Нұрмұхан Жантөрин, Бәйтен Омаров сияқты театр қайраткерлерімен өнер мектебін қатар бітірген, Кененбай Қожабеков, Әнуар Молдабеков сияқты майталман актерлермен әріптес болған, театр және кино өнері саңлақтарымен қатар жүрген дарынды актриса бүгінде торқалы тоқсан жасын тойлағалы отыр. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген – осы. «Долана» фильміндегі Райхан ана, театрдағы Аягөз ару – Тамара әже әлі де тың, сұлу, мейірімді. Жүзінен нұр төгіліп тұр. Тамара әжемен өткен күндерді еске алып, өмір парағын бірге ақтардық.
Балалық шаққа саяхат
Ел басына ауыр күн туған қиын заман-да дүние есігін ашыппын. 1928 жылдың 15 наурызында Павлодар облысының Ақсу ауданына қарасты №4 елдімекенде дүниеге келдім. Әкем қуғын-сүргінге ұшырады. Алақұйын заман еді ғой. Ел ішін ашаршылық жайлап жатқан. Есімді білер-білмес шағымда Новосібір қаласына көштік те, сол жерде бес-алты жыл тұрдық. Отбасында бес ағайынды едік. Әлі есімде, анам таңертең ұйқыдан тұра салысымен, базарға кетеді. Қолда барды құрап, сауда-саттық жасайды. Күнкөрістің қамы ғой. Бала-шағаны асырау керек. Біз Новосібірге көшкенде марқұм әжем де тірі болатын. Алты жасымда анамнан, сегіз жасымда әкемнен айырылдым. Анам мен әжемнің сүйегі сол жақта қалып қойды. Ол кезде ағам Нұрдың жасы – жиырмада. Бәрімізді сүйреп жүрген сол кісі. Анамның қазасынан кейін елге, Семейге көшіп келдік. Семейде бір-екі жыл тұрдық. Нұр ағамды Алтай аймағына жұмысқа жіберді. Алтын шығаратын кен орнына қызметке тұрды. Бірінші сыныпты Новосібірде бітірдім. Семейде екінші сыныпта оқыдым да, ағамның жұмысы Самар аймағына ауысқаннан кейін бәріміз сонда көштік. Самар аймағына келгеннен кейін орыс мектебіне баруға тура келді. Алғашында тілім келмей, сабақ оқи алмай жүрдім. Бәрімізді тәрбиелеп өсірген – Нұр ағамыз. Соғысқа да ерте аттанды. Екінші ағам – Аман соғыстан оралмады. Әпкем Зүбәйраның қайтыс болғанына он шақты жыл болды. Екінші әпкем Зейнеп тоқсанның бел ортасына келіп, жақында қайтыс болды. Азан шақырып қойған атым – Мәһәрбану. Әкемнің аты – Хикмет. Әжемнің аты – Күнекей. Есіміме тұрғылықты халықтың тілі келмей, Тамара атап кетті. Әкемнің де аты құжатта қате жазылған. Құжатта – Окиметовна деп тұр.
Бізде бақытты балалық шақ болған жоқ. Бала болып қуыршақпен ойнау, доп қуу деген біздің қатарластардың маңдайына жазылмаған екен. Әке-шешемнің бет-әлпеті еміс-еміс көңілде қалғаны болмаса, анық есімде жоқ. Кішкентайымыздан жетімдік тауқыметін тарттық. Ашаршылық, одан бергі қанды майдан қасіреті жүрегімізге мәңгі жара болып қалды. Соғыс басталған жылдары оқу-тоқуымыз бітіп қалды да, құйтақандай болсақ та, еңбекке ерте араластық. Ағам соғысқа аттанғанда Балқаш қаласында жұмыс істейтін. Сондағы мыс қорыту зауытына жұмысқа тұрдым. Осылайша, балалық шақпен ерте қош айтыстық та, еңбек майданына араласып кеттік. Еңбек етіп алған орден-медальдарым, алғысхаттарым әлі бар.
Махаббат қызық мол жылдар…
Біздің бағымызға бауырымыз Нұрдың соғыстан аман оралғаны еді. Мектепте түрлі үйірмелерге қатысқаным болмаса, өнер адамы боламын деген ой мүлдем болған жоқ. Тіпті армандаған да емеспін. Мектепте оқып жүргенімізде көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, оның белсенді мүшесі болдым. Бас көтерер азаматтарын соғысқа шығарып салып, оның аман-есен оралатынына күмәнмен қарап жүрген, қамкөңіл ауылдағы ағайынға концерт қоямыз. Көңіл көтеруге тырысамыз. Айтулы өнерпаз да емеспіз. Бірақ ән айтамыз, өлең оқимыз, би билейміз. Зейнеп әпкем Алматыда тұратын. Соғыс басталған соң, оқуға түсе алмай қалып, Алматыға жұмысқа кетті. Кейінірек тұрмысқа шықты. Күйеуі екеуі Қарағандыға көшті. «Балқашта тұрмаймын» деп әпкемнің артынан іздеп бардым. Әпкем: «Алматыға оқуға барасың ба?» деп сұрады. Жеті класты бітірген мені оқу алмайтын шығар деген күмәнім бар. Соған қарамастан, жездемнің інісі екеумізді Алматыға жіберді. Түскен үйіміздің баласы кино актерлік оқудың бірінші курсын бітірген екен. Ол маған: «Кино актерлік бөлімі ашылды. Соған оқуға түссеңші» деді. Барсам, адам көп. Қуат, Майра Әбусейітова да жүр. Абдолла Қарсақбаев та бар. Этюд орындауымыз керек екен. Оның не екенін білмейміз. Бір апта бойы үйретті. Орманның ішінде ән салып, құстармен сырласуым керек. Ахмет Жұбановтың «Қарлығашы» шыққан кез. Сол әнді жаттап алдым да, этюдті орындап шықтым. Жетекшіміз – Асқар Тоқпанов. Өзге мұғалімдердің бәрі –Мәскеуден келген артистер. Емтиханнан сүрінбей өттік. Жатақхана берді. Біздің тобымызда Бәйтен Омаров, Суат Әбусейітов, Бәкір Тәжібаев, менің жолдасым Мұрат бар. Бізден кейін Нұрмұхан Жантөриндер келді. Үшінші курсты бізге қосып жіберді. Зәмзагүл де сол жылдары біздің топқа қосылды. Үшінші курсты бітірген соң, Мұратқа тұрмысқа шықтым. 1947 жылы оқу бітіріп, диплом алған соң, мені Жастар мен балалар театрына жұмысқа алды. Киноактерлік бөлімді бітіргендерден Нұрмұхан, Зәмзагүл үшеуміз ғана театрда қалдық. Қалғандары жан-жаққа кетті. Басқа салаға кеткендері де бар. Наталья Сац жұмысқа қабылдағанда жасым 20-да ғана болатын. Труппада Құланбаевтар: Мәкіл, Ақыл және Бибиза үшеуі бар. Сапарғали Шәріпов, Кәмәсия Өмірзақов жұмыс істейді екен. Бірінші спектакль – «Алтын кілт». Қазақ тілінде қойылған тұңғыш спектакль. Үш айдан кейін Буратиноның рөлін берді. Қазақ тіліндегі спектакль төрт-ақ рет жүрді. Аққағаз Мәмбетова екі рет, мен екі рет Буратиноны ойнадым. Онда қазақша көретін көрермен жоқ. Ақырында «Алтын кілтті» орыс тілінде қоя бастадық. Қасым Жәкібаев, Ыдырыс Қасымов бәріміз орыс спектакльдерінде ойнадық. Кейін бөліп жіберді.
Мәдениет басқармасының жетекшісі Ахметовтің ұсынысымен үш адам Ташкент қаласындағы Өнер институтының актер-лік бөліміне жіберілдік. Ташкенттегі Щелковичная көшесіндегі 75-үйде театр өнер институты орналасқан. 50-жылдардағы Қазақстан мен Орта Азия республикаларынан шыққан кіл мықтылардың бәрі – осы институт қабырғасынан дәріс алғандар. Жігіттердің арасында Мұрат Қосыбаев режиссерлік дарынымен, тағылым-танымымен ерекше көзге түсті. Ол режиссурамен қатар, актерлік шеберліктен де тыңғылықты білім алды. Бұл сабақты Е.Вахтанговтың шәкірті М.Рубинштейннің беруі – үлкен бақыт болатын. Мұратты өзге жігіттерден бөле-жара айтып отырғанымды да түсініп отырған шығарсың. Ол менің өмірлік жарым, сырлас-серігім болды.
Нұрмұхан, Кененбай, Әнуар – дара тұлғалар
Жастар театрының қабырғасында жүріп, қаншама спектакльдерде ойнадым. Аң-құстан бастап, ханшайымға дейін рөлдерім болды. «Біздің Ғани» спектаклі әлі есімде. «Аягөз аруда» – Аягөз, «Ақбөпеде» – Ақбөпе, «Алтын сақада» – Күнбала, «Ботагөзде» – Айбала, «Күшік күйеуде» – Биғайша, «Бүлікте» – Зәуре рөлдерін ойнадым. «Қызыл сұңқарлар», «Алтын сақа», «Күн мен көлеңке», «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», «Бажалар мен балдыздар», «Беу, қыздар-ай», «Қобыланды», «Құдағи келіпті», «Тергеу аяқталды», «Жәмила» сияқты спектакльдерде әже-ана рөлдерін сахналадым. Театрда жүргенімде елуге жуық рөл ойнаған екенмін. Драматург Қ.Сатыбалдиннің «Аягөз ару» спектаклі шығармашылығымның биік шыңы секілді. Пьесаның өзегі – драмалық тартысқа толы, шынайы өмірде болған құбылыстарға жақын аңыз оқиғадан құралған. Аңыз-ертегіге ұқсас элементтері болмаса, сахнадағы барлық көрініс, қимыл-әрекеттері психологиялық-философиялық ойды құрайды. Жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен зұлымдық, әділдік пен әділетсіздік – «Аягөз арудың» негізгі желісі. Әрі режиссер С.Шәріповтің талғамынан шыққан қойылым болды. Шынайы беріліп ойнаған болсам керек, көпке дейін көпшілік мені «Аягөз ару» деп атап келді. Асанәлі Әшімов әлі күнге дейін «Аягөз ару» деп атайды.
Нұрмұхан, Кененбай, Әнуар – керемет актерлер. Шынайы таланттар еді. Сахнада ойнағандары қандай! Қаншама спектакль-де сахнада әріптес болдық. Нұрмұхан әйелі Ритамен Ташкентте танысқаны да есімде. Қатар жүрдік, қызық-шыжығымызды бірге бөлістік. Нұрмұхан «Менің Баяным» дейтін. Дипломдық жұмысымыз – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі болды. Онда Қозы – Нұрмұхан, Баян рөлінде – мен.
1960 жылы жолдасым Мұратты қызмет бабымен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театрына жіберді. Ол жерде бес жыл қызмет атқардық. Мұрат аса талантты режиссер еді. Ш.Хұсайыновтың «Есірткен ерке» пьесасын тұңғыш рет қойды. Одан бөлек, кез келген қойылымға жауапкершілікпен, талғампаздықпен келетін. Әрі ол спектакльдері де өте сәтті шықты деп айта аламын. Әсіресе, Назым Хикметтің «Әпендесі» Жастар театрының сахнасында қойылғанда, көпшілік ерекше ықыласпен тамашалаған спектакльдің біріне айналды. Амал не, өмірден ерте кетті. Ешқандай атақ-дәреже алған жоқ. Кейде іштей соған өкінемін…
«Долана» – Мұрат Омаровтың жалғыз фильмі
Кино саласында отызға жуық рөлдерім бар. Соның ішінде шоқтығы биігі – «Долана». Жалпы, киноға келуім де қызық. Марқұм Абдолла Қарсақбаев 1968 жылы «Балалық шаққа саяхат» дейтін фильмге шақырды. Әспет ананың рөлін ойнадым. Опера театрының да, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының да артистері бар. Кинодағы қадамым сол кезден басталды. Нұржұман Ықтымбаев, Рая Мұхамедьярова сияқты артистермен кинода әріптес болдым. Жас режиссерлер фильмге түсуге шақыра бастады. Қырғыз бен өзбек фильмдеріне де түстім.
«Долана» – адалдық пен арамдықты, жауыздық пен жамандықты насихаттай-тын фильм. Кинодағы әріптестерім – Есболған Жайсаңбаев, Рая Мұхамедьярова, Мейірман Нұрекеев. «Долана» – Мұрат Омаровтың жалғыз фильмі. Әрі өте сәтті шыққан фильмдердің бірі. Одан кейін Мұрат кино түсірген жоқ. Ұмытпасам, әлі күнге «Қазақфильмде» жұмыс істейді. Өте талантты, білікті режиссердің бірі. Өкінішке қарай, жолы болмады. Кей көрермендерім сол фильмді көрсе, әлі күнге мені іздейді екен.
Одан кейін «Құрақ көрпеде» – әже, «Исатай – Махамбетте» – Исатайдың анасын, «Арман қалада» әже рөлін ойнадым. «Жаным», «Астана – махаббатым менің», «Шоқ пен Шер», «Нан мен тұз», «Жамбылдың жастық шағы», «Өрнек», «Өгей әке», «Шаңырақ» секілді фильм-дерге түстім. Шәкен Аймановқа да ризашылығым шексіз. Ол кісі мені дубляжға алып барды.
Бір өкінетінім – театрдағы біз ойнаған спектакльдер сақталған жоқ. Қандай спектакльдер жүріп еді? Көбісі аншлагпен өтетін. Қандай дарынды актерлер ойнады десеңші. Бірі де сақталмады. Ол заманда бейнежазбаға жазылмайтын еді. Бір жұбататыны – кинодағы рөлдерім. Көпшілік мені іздесе, фильмдерден табатыны анық.
Қайран, Жамал! Қайран, Қасым! Театрдағы сол күндерім әлі сағыныш. Жастығымыз өтті сол сахна төрінде. Театрдан кеткен кезімде қатты қиналдым. Қараңғы қапаста қалғандай сезіндім. Жаным ауырды. Театрды, театр сахнасын сағынбайтын өнер адамы болмайды. Мен де солай сағынамын. Қандай мықты актер болсаң да, сенің тағдырыңды шешетін – режиссер. Театр сахнасында қандай мық-ты рөл ойнасам, ол – режиссердің еңбегі. Талай таланттар сахнада бүр жарып жатса, ол да – режиссердің арқасы. Театрда жақсы рөлдерім болса, сол режиссерлердің еңбегі деп білемін.
Қазір заман басқа. Бұрынғыдай өнерге ұмтылып тұратын көрерменді де байқамаймын. Көрермен бізді де ұмытқан болар, бәлкім. Кім білсін?!
Қатарластарымның да қатары сиреді. Зәмзагүл жиі қоңырау шалып тұрушы еді. Қазір оның да жағдайы мәз емес. Күлпан Ахметова да биыл қайтыс болды.
Балалық шақтың азабын көрсем де, жаман ғұмыр кешкен жоқпын. Балаларым, немерелерім, шөберелерім бар, Құдайға шүкір!
Бағыбек Құндақбаевтың: «Аягөзді» Тамара Қосыбаева өзінің шынайы махаббатын, адамгершілік ар-намысты өте бағалай білетін, байдың дәулетіне қызықпайтын, ханның зорлық-зомбылығына жастық жігермен, қайсарлығымен қарсы тұра білетін, қандай қиын жағдайдан да шыға алатын сұлу да ақылды қыз етіп шебер бейнелейді. Спектакльдегі Аягөз – Тамара жалпы қазақ қыздарына тән сұлулық, тәкаппарлық, қайсарлығы мен ақылы теңескен, жинақталған образ десек те болады…» деген пікірі бар. Бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ. Аягөз – Тамара биігі төмендемек емес. Қазақ театр-кино өнерінің тарихында Тамара Қосыбаеваның есімі алтын әріптермен жазулы тұр. Бұл – анық.
Ғұмырыңыз ұзақ болсын, Мәһәрбану – Тамара актриса, ардақты әже, аяулы ана!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2018/03/16/46106.html