Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Рутковскаяның құрметіне арналды

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Халықаралық театр күніне орай театртанушы, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, профессор Галина Рутковскаяның жеке кітапханасын тапсыру рәсімі өтті. Қатарында 474 кітап академия кітапханасының қорына берілді. Қатарында 1892 жылы басылып шыққан кітаптар, тарихи альбомдар, К.Станиславскийдің ең көне еңбектері де бар. 

Галина Рутковская – М.Лер­монтов атындағы орыс драма театрының негізін қалаған Юрий Рутковский мен Елизавета Кручининаның қызы. Өмірінің 51 жылын өнерге арнаған ол 1933 жылы Алматыға келді. 1946 жылы ҚазПИ-ді, 1955 жылы Мәскеудің Театр өнері институтын бітірген. Еңбек жолын Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрында педагогика бөлімінің меңгерушісі болып бастап, осында 32 жыл қызмет етті. Сондай-ақ 1955-1988 жылы Алматы консерва­ториясында, 1988-1997 жылдары республикалық эстрада және цирк колледжінде дәріс оқыды. Бірнеше буын шәкірттер тәрбиелеген. Көп­шілігі еліміздің беделді театрларында қызмет етеді. 1997 жылы еңбек демалысына шығып, 2014 жылы өнер иесі өмірден озды.

Клара БЕЛЖАНОВА,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Галина Рутковская жолдасым актер, режиссер Исабек Әбілмажи­нов екеумізді жастайы­мыздан қамқорлы­ғына алып, баласындай көрді. Бізге ақылшы, ұстаз болды. 23 жыл бір шаңырақ астында тұрдық. Көзі тірі­сінде «Барлығы адамдардың игілігіне қалады» деп айтып отыратын. Ол кісінің кітапханасы өте бай. Жолдасым екеуміз ойласып, сол бай мұрасын ака­демияның кітап­ханасына тапсырайық деп шештік. Екеуміз де сабақ береміз. Көбінесе, сту­денттерден керек кітаптарды, пьесаларды таба алмай жүрміз дегенді естиміз. Сондықтан осы құнды мұра жастардың игілігіне қалса деген ой болды. Бұл жерде Батыс Еуропа драматургиясы, орыс және кеңестік драма театры жайлы очерктер және түрлі сөздіктер бар. Тек қана театрға байланысты емес, көркемсурет, кескіндеу өнеріне қатысты еңбектер де қамтылған. Ұлттық кітапхананың алтын қорына енетін бағалы дүниелер.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Ақпарат көз:https://aikyn.kz/2017/03/28/8110.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Біздің сүйікті анамыз тірі

admin

Театрдың 70-ші маусымы 7 жаңалыққа ұласады

admin

ӘШІРБЕК СЫҒАЙДЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

admin