Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«Ұмытыңдар оны» ұмытылмас әсер сыйлады…

Бейбіт  Әлкеева.

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА.

«Театртану» мамандандыруы, 4 курс.

 

Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен Жасөспірімдер театры жаңа жылды премьерамен бастады. 16 қаңтар күні Г.Гориннің «Забыть Герострата!» шығармасының негізінде «Ұмытыңдар оны» трагикомедиясы қазақ сахнасына шықты. Спектакль режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.  Театрдағы жаңашыл ойларымен көңілде тұрақтап қалар әр қойылымы өз көрерменін тауып жүрген оның режиссурасымен репертуарда  «Махаббат хаттары»,  «Базарың тарқамасын»,  «Бір сен үшін тудым»,  «Жусан иісі» қойылымдары  бар.  Ал, бұл жолы тұсауы кесілген қойылымның тақырыбы да, айтар ойы да, өзгелерінен ерекше. Атағың шығу үшін  жер өртеу жеткілікті ме әлде одан да өзге қадамдарға баруды талап етеді ме?! Герострат тек ғибадатхананы өртеуімен ғана емес, ақылы мен айласы асып түскендігі үшін де тарихта қалады.  Ал, біздің қоғамдағы мәселелермен бұл қойылым қаншалықты үндес?!

Қойылымның сәтті сахналануының алғашқы себебінің бірі – драматургияның көркемдік деңгейінің жоғарылығы. Г.Гориннің аталмыш пьесасы оннан аса театр сахнасына әр түрлі режиссерлік интерпретациялармен шыққан.  Пьесаны аударған – Қ.Төлеуішов. Көркем шығармадан артық тіркесті қысқартып сахнаға лайықтап қоюда, актерлік құрам таңдауда жаңылмайтынын Ж.Жұманбай тағы да бір рет дәлелдеді. Актерлік ансамбль ерекше атмосфера түзе білгенімен, кейбір артистер ойынынан өткен бейнелерін қайталамайтын соны із байқау қиын болды. Герострат жайлы сәл кейінірек. Алдымен, оқиғалардың өтуіндегі негізгі кейіпкерлер хақында аз-кем.

Тиссаферн – өздігінен шешім қабылдап, елді басқаруға жалғыз өзінің құдіреті жетпейтін Эфес қаласының әміршісі. Өз басының абыройы үшін катігез харекетке баратын да, әу баста жіберген қателігі үшін өмірлік опық жеп өтер кейіпкер де сол. Тиссаферн ролінде – Сағызбай Қарабалин. Театр репертуарындағы «Супер Серкеш», «Ант» қойылымдарындағы бейнелерімен жақсы таныс аға буын актердің дауыс ырғағында, бейнелік ерекшелігінде осы кезге дейінгі рольдерін маңайлайтын қайталауларды аңғардық. Дегенмен, әміршінің әлсіз психологиясын, Софокл мен Еврипидтің сөздерінсіз ақылы арыға жетпейтін таным-түсінігін дәл бере білді. Сахнадағы серіктестерімен жұмыс жасауда да кәсіби шеберлік, актердің екінші планын көру қиын болмады. Осы тұрғыдан С.Қарабалин ойын өрнегі серіктестеріне (партнер) сахнада еркін көсілуіне ықпалын тигізіп тұр.

Клеминтина – өз ойындағасын жүзеге асырып, арманына қол жеткізу үшін ештеңеден тайсалмайтын әйел. Бұл бейненің қоғамдағы орынын, кейіпкерінің ішкі және сыртқа хәл-күйін Жанар Мақашева шебер жеткізе білді. Актриса амплуасы да осы сарындас рольдерге көбірек келетінін білеміз. Сондықтан, рольдің ұсынылған тосын жағдайы мен мінездер ерекшелігін бейнелеу Ж.Мақашеваға қиынға соқпағаны аңғарылады. Крисипп  ролінде – Әсет Иманғали. Әр кейіпкеріне өзіндік үн беруге тырысатын актердің бұл ролі әдеби нұсқаға өз жадынан үлес қоса отырып жан бітіруімен ерекшеленді. Артемида ғибадатханасының әулиесі Эрита бейнесіндегі Гүлжамал Қазақбаеваның кәсіби шеберлігі аталмыш бейненің қосалқы кейіпкер екендігін де естен шығарып жіберер күшке ие бола білді.

Герострат. Бұл есімді ғана емес, қойылымды ұмытпауымыз үшін жанын салған актер – Мақсат Рахмет. Театр репертуарындағы Ж.Жұманбай сахналаған «Бір сен үшін тудым» қойылымындағы Тибальт бейнесімен ғана көрермен көзайымына айналған актердің өзге жанрдағы рольдерді сомдауын көп күткенімізді жасырмаймыз. Бұл рольде актердің дауыс бояуының қанықтылығы алғашқы сахнада- ақ көрерменін елең еткізсе, актердің екінші планы көзге көрініп, әрекетпен сезілмегенімен, кейіпкер тағдырын тікелей көрермен санасына ұсынуы да бей-жай қалдырмады. Сахналық бейнені жасауда сыртқы іс-әрекетпен ғана емес, ішкі психотехника арқылы сезімін жеткізу жағы сәл кемшін болды. Бұл үлкен өмірлік әсер қорын талап ететіндігі анық. Бұл тұрғыдан М.Рахметтің ізденістері мол болғанымен, оны жеткізуде жетіспеушіліктер орын алды. Дегенмен, спектакль соңына дейін формасын сақтай білген актер көрерменді ерекше әсерден айырмай ұстап отыра білді.

Қойылымда режиссер қоғамның түйткілді мәселелерінің шетін шығарып, оларға жауап табуға тырысқан. Түрме қарауылы кейіпкерінің аузымен айтылатын: «Кешіріңіздер, егер маған көбірек жалақы төлесеңіздер, мен мынадай сұмпайыға қызмет етпейтін едім…» деген репликадан бастап, әмірші Тиссаферннің өзі шығарған заңды бұзуға хақысы барын және оны халыққа білдірмей жасайтындығына дейін бір емес бірнеше дәл қазіргі қоғамдағы мәселелердің үстінен дөп түседі. Герострат түрмеде отырса да не үшін бостандықта жүрген бізден жақсы өмір сүреді?! Оның бәріне рұқсат беріп, қолдап отырған өзіміз. Қоғам. Бас пайдасы үшін қолдан келсе қонышынан басатын Крисипптер мен өз өтірігіне өзі иланып, басшы деген аты бар да заты жоқ Тиссаферндер толып жүр ортамызда. Геростратты ұмытпауға, атын өшірудің орнына өсіруге жағдай жасаған бұл – біздің қоғам. Бәріміз де ақшаны артық көреміз. Геростраттың шаруасы шатқаяқтап, екі өгізі мен екі құлы өлмегенде, Крисипп көк қағазға құныққан адам болмағанында бәлкім бәрі басқаша болатын ба еді. Олай болмады, себебі, біздің бүгінгі қоғамда да ақша үшін тәнін жарнамаға қойып, соңында өз әрекеттері үшін халықтан ұят емес, жағымды сөздер естіп жүрген Герострат сымақтар жеткілікті. Бұдан екі мың жыл бұрын да солай болған, демек, келісі екімыңжылдықта да сондайлар кездеседі.

Режиссер айтарлықтай өзгерістер мен толықтырулар жасай қоймаған. Тек, соңғы сахнадағы қоғам болып өз қолымызбен әділдікті (Клеон – Еділ Рамазанов) өлтіріп,  Геростратты өз ортамызға қабылдап алуымыз режиссердің сәтті шешімі деп бағалауға болады.

Бұл қойылымдағы кейіпкерлер бейнесін әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Себебі, қалай десек те, жиған біліміміз бен өмірлік көзқарастарымыз сан түрлі. Қойылым да барлық көрерменге бір нәрсені ғана түсіндіруді мақсат етпейді. Театрдың мақсаты әр адам қойылымнан өз бойындағы қасиетін кезіктіруіне ықпал ету, ой салу емес ойлануға түрткі болу. Сондықтан,  режиссерлерге қандай да бір қойылым сахнаға жол тартса да тікелей түсіндіруді, арнайы репликалармен айтқыңыз келген ойды көрерменге «хабарлаудың» қажеті жоқ. Бүгінгі көрермендер білімді, олар өздерінен төмен дүниелерді қабылдай алмайды. Көрермен деңгейіне түспейік деген пікір айтып жүріп, көрермен деңгейіне көтеріле алмайтын деңгейге жетіп қалмайық. Ал, «Ұмытыңдар оны» Балаларға да Жасөспірімдерге де берері мол қойылым деп есептеуге болады.  Репертуардағы ғұмыры ұзақ болуына тілекшіміз!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Түркітілдес театрлар фестивалінде «Ең үздік спектакль» жүлдесін алды

admin

О.Жанайдаров “Жастық туралы” (Құс жастықтың құпиясы)

admin

Назарбаев Нығматулин мен Көшербаевты орденмен марапаттады

admin