Мөлдір өнердің мерейін асқақтатып, көркем өнерге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан өнер ордаларының бірі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қыркүйектің 19-шы жұлдызында 79-шы маусымын ашады.
78-ші маусымында жаңа қойылымдардың тұсаукесерлерін жасап, фестивальдерде жеңіс тұғырынан табылып, театрдың жеке брендтік өнімдерін қалыптастырып, сондай-ақ еліміздің басқа қалаларына гастрольдік сапар жасап үлгерген ұжым 79-шы маусымын мерейлі сәттерге толтыруға мақсатты. Ұжым құрметті көрерменіне арнапқыркүйектің 19-шы жұлдызында, сағат 18:30-да таяуда тұсауы кесілген «ҰЛПАН» (авт.:Ғ.Мүсірепов, реж.:Г.Балпеисова) қойылымын шексіз махаббатпен, үлкен сағынышпен сахналайды. Қырдағы өмірдің жаңаруға деген ұмтылысы суреттелген, қазақ халқының жүріп өткен жолы бейнеленген, жомарт жүрегі мен өткір ақыл-ойы бар әйелдің тарихын баяндалған жаңа маусымның ең алғашқы қойылымы көрерменін күтеді.
Көрермен қошеметінен қанаттанып, ықыласынан шабыт алатын театр өткен маусымда Қазақстандағы ең көп көрермен келген театрмәртебесіне ие болды. Сонымен қатар, жаз мезгілінің ыстық ауа-райына қарамастан, көрерменнің сұранысымен шілде айында жұмыс жасап, сүйікті қойылымдармен қуантты.
Ұжым фестивальдерге қатысып ғана қоймай, тұңғыш рет Алматы қаласында І Республикалық жастар театрлары фестивалін өткізді. Жастар қаласында жас режиссерлердің жұмыстарымен танысып, Қазақстанның әр аймағынан келген театр ұжымдарының өнерін тамалашауға мүмкіндік туғызды. Қазақстанның барлық қалаларына баруды мақсат тұтқан театр мәңгілік махаббат дастанына айналған, көрерменнің шексіз ықыласына бөленген «Махаббат, қызық мол жылдар» (авт.:Ә.Нұршайықов, реж.:Ф.Молдағали) қойылымымен еліміздің бірқатар аумағында болған. Алыс-жақын аймақтағы көрерменнің сұранысын ескерген театр ұжымы өткен маусымда гастрольдік қойылымдар қатарын толықтырып, «Бернарда Альбаның үйі» (авт.:Г.Лорка, реж.:Д.Жұмабаева), «Қарагөз» (авт.:М.Әуезов, реж.:Ф.Молдағали), «Болмаған балалық шақ» (авт.:А.Елгезек, реж.:Ф.Молдағали) және кішкентай көрерменге арналған «Кішкентай ханзаданың оралуы» (авт.:А.Сент-Экзюпери, реж.:Д.Курочкин) қойылымдарын сахналады.