Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
  • Басты бет
  • БАҚ жаңалықтары
  • Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 70 жылдық мерейтойын өткізбекші
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 70 жылдық мерейтойын өткізбекші

Өтетін орны: Ғ. Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық балалар  мен  жасөспірімдер  театры

Өтетін күні: 14 қазан 2016 жыл

Басталуы: 16.00-де

Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театры 1946 жылдың 4 шілдесі  күні  А. Толстойдың  «Алтын  кілт»  пьесасы  бойынша  қазақ  тілінде тұңғыш рет спектакль қойып, ресми түрде тұсауын кесті.  Спектакльді  Кеңес  Одағы  бойынша  балалар  театрының  негізін  қалаған  режиссер Н.И.Сац  қойды. Ол Қазақстандағы жас жеткіншектерге арналған  театрдың ашылуы мен қазақ труппасының өз алдына шымылдық көтеру жұмыстарына  тікелей  бел  шеше  араласты.

Балалар мен жасөспірімдер театрының қазақ труппасындағы алғашқы қарлығаштар: атап айтқанда, «Алтын кілт» спектакліндегі Буратино рөлінде – А.Мәмбетова, басқа қуыршақтарды ойнаған артистер: Ж.Бектасова, Қ.Жәкібаев, Д.Шәріпов, К.Өмірзақов, Х.Камардинова, К.Закарина, Т.Қосыбаевалар  болды.  Бұлармен  бірге,  театрдың  шаңырағын  көтерісіп,  керегесін керіскен Т.Жармұхамедова, Е.Қонақбаев, Ы.Қасымов,  Қ.Жаманов,  Н.Бәйімбетов, С.Ысқақова, Х.Әзімбаева, С.Омарходжаева есімдері де айрықша  ілтипатпен  аталады.  Олардың  ізін  баса  әр  жылдарда  театрға  келген  сахна  шеберлері  Қазақстан  Республикасының  халық артистері: Б.Қалтаев, С.Саттарова, К.Қожабеков, Ә.Өмірзақова, М.Бақтыгереев,  Р.Әшірбекова, А.Кенжеков, Д.Жолжақсынов, Т.Мейрамов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артистері: М.Құланбаев, Б.Құланбаева, М.Жақсымбетова, К.Мұраталиева, А.Айдарбеков, С.Есенқұлов, К.Қажығалиева, Г.Қазақбаева, Л.Кәден, Т.Құралиев, К.Демесін, А.Бектеміров, Е.Төлеубай, С.Жылгелдиев, Ж.Лебаева, С.Қарабалин.

Сонымен қатар, бүгінде, репертуар жүгін көтеріп жүрген: Ж.Құрманбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Б.Сейітмамытұлы, Т.Сұлтанбердиева, Ә.Мәмбетова, С.Рақышев, Қ.Қуандықов, К.Белжанова, Р.Қалиолдина, Ш.Сіргебаева, Ж.Бектемірова; және де Е.Әбдірешов, С.Бектау, Ж.Зейнәбіл, Р.Омаров, Л.Серікова, сондай-ақ, театрдың жас таланттары: Е.Садырбаев, С.Тұрдахунова, Е.Рамазанов, Ә.Иманғалиев, Д.Базарқұлов, Д.Әбікеева, Ж.Мақашева, А.Қаймақбаева, А.Дайрабаева, Р.Ахметов, С.Ерзатқызы, Б.Камаранов, Б.Тушаев, Е.Отарбаев, М.Әжібеков, Қ.Тұрдалин, Г.Байбосынова, Т.Нұрбекова, Е.Кәрібаев, М.Сәбитов, Д.Сүлейменов, Д.Абдуллина, Д.Шымырбаева, А.Жантілеуова,  тағы  басқа  артистер  қазақ  театрының  тұғыры  биік  болуы  мен  сахна  өнерінің  одан  әрі  іргелі  өрлеуі  жолында  жігерлі  еңбек  етуде.

0_33966_13f85b3d_xl

        1992 жылы  Ғ. Мүсіреповтің  90 жылдығының  құрметіне  театрға  Ұлы  жазушының  есімі  берілді. 

Ал,  1996 жылы  театрдың  50 жылдық  мерейтойына  орай,  «Академиялық»  дәрежесі  берілді.  

Театрдың өсіп-өркендеуі мен кәсіптік деңгейінің көтерілуіне Н.И.Сацтан бастап,  режиссерлер: С.Шәріпов,  Т.Сидоров,  Мен Дон Ук,  С.Естемесова,  Г.Хайруллина, В.Пұсырманов, Е.Обаев, М.Байсеркенов, Қ.Жетпісбаев, Р.Сейтметов,  Н.Жақыпбай,  Ж.Хаджиев  мол  үлес  қосты.

Бүгінде,  театр  ұлттық  сахна  өнерінің  ұлы  көшбасшылары  салған  жолдағы  ұлағатты  да  дәстүрлі  үрдіс  құндылықтарын  сақтай  отырып,  шығармашылық  жаңа  белестерге  жету  жолындағы  ізденіс  қарымын  одан  әрі  жан-жақты шыңдап  келеді.

Театр өзінің  70 жылдық тарих жолында түрлі  асулы  кезеңдерді  артта қалдырып, талай жетістік белестеріне көтерілді. 1958 жылы  Мәскеуде  өткен Бүкілодақтық жастар театрларының фестивалінде «Ыбырай Алтынсарин»  (авт. М. Ақынжанов) спектаклі  екінші  дәрежелі  дипломды  иеленді.  Бұл  спектакльдегі үздік өнерлері үшін артистер: Б.Қалтаев, С.Саттарова, Ә.Өмірзақова, қоюшы-режиссер А.Тоқпанов фестиваль лауреаттары атанды. 1966 жылы Мен Дон Ук қойған Ш.Хұсайыновтың «Алғашқы ұшқындар»  спектаклі театрға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын әперді. 1983 жылы  М.Әуезовтің «Алуа» пьесасын сахналаған режиссер Р.Сейтметов пен спектакльде ойнаған артистер: Г.Қазақбаева, М.Құланбаев, М.Бақтыгереев  Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған Бүкілодақтық байқауда «Жау тылындағы  бала» (авт. Қ.Қайсенов, инсц. О.Бөкей, реж. Н.Жақыпбай) спектаклі ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық  мерейтойына орай өткізілген Республикалық театр фестиваліне қатысқан  «Желсіз түнде жарық ай» (авт. М.Әуезов, инсц. Ш.Айманов) спектаклі  бірінші орынды жеңіп алды және қойылым режиссері Н.Жақыпбай «Ең үздік  режиссерлік шешімі үшін» жүлдесімен марапатталды. 1998 жылы Каир қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінде «Жан азабы» (авт. Ш.Айтматов, реж. Н.Жақыпбай) қойылымы ең үздік спектакльдер  қатарынан  көрінді.

1994 жылы режиссер Е.Обаев қойған  Ә.Таразидың «Індет» траги-комедиясының  сахналануы  қазақ  театрына  тақырыптық  жағынан  елеулі  жаңалық  әкелді.  Спектакль  1997 жылы  өткен  Республикалық  театр  фестивалінде  Гран-При – Бас  жүлдені  иеленсе,  1998 жылы  өткен  Түркі  халықтарының  театр  фестивалінде  арнайы  дипломға  ие  болды.  Осы  фестивальде  қойылымдағы  басты  рөл – Әзберген  образын  шебер  де  шынайы сомдаған  Қазақстанның  халық  артисі – Д.Жолжақсынов «Ең үздік ер адам бейнесі» үшін, артист Б.Сейітмамытұлы – «Ең үздік қосалқы ер адам  бейнесі» үшін жүлделерінің лауреаттары атанды. Д.Жолжақсыновтың  аталған спектакльдегі еңбегі бағаланып, 1998 жылы оған, Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  сыйлығы  берілді.

Сондай-ақ,  театр  шығармашылық  даму  мен  қалыптасудың  әртүрлі  кезеңдерінен өтіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын бүгінгі ұлттық сахна өнеріндегі өзіндік орнын белгілей алған, айқын да нық қадамдармен аттады.  2002 жылы Иран-Ғайыптың «Қорқыттың Көрі» (Аңыз-Дастан) спектаклі  Қазан қаласында өткен «Түркі  халықтарының  театр  фестиваліне» қатысып,  Қорқыт  рөлін  ойнаған  Б.Сейітмамытұлы  актерлық табысы  үшін  лауреат  атанды.  Сонымен  қатар,  2003 жылы  Махамбеттің  200 жылдығына  орай  өткізілген Республикалық театрлар фестивалінде  І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» тарихи драмасы, 2004 жылы өткен кезекті Республикалық  байқауға қатысқан С.Жүнісовтің «Тұрымтайдай ұл еді…» спектаклі Бас  жүлдені иеленіп, қоюшы-режиссер Ж.Хаджиев қойған аталған қос спектакль  екі жыл қатарынан еліміз театрлары арасынан  мәреден  бірінші  болып  көзге  түсті. Ал, 2006 жылы Тәуелсіздіктің 15 жылдығына  орай  Астана  қаласында  өткен Республикалық  театрлар  фестиваліне  қатысқан  Т. Теменовтің  «Алма  бағы» лирикалық драмасы «Замандас тақырыбы» номинациясы бойынша  жүлдегер  атанды.  Осы  жылы  Уфа  қаласында  өткен  ІV Түркітілдес  елдері  театрларының Халықаралық «Туғанлык» фестиваліне қатысқан «Алма  бағы»  спектаклінде  шалдың бейнесін сомдаған Қазақстан Республикасының  еңбек  сіңірген артисі Т.Құралиев «Аталар дәстүріне құрмет» арнайы сыйлығымен  марапатталды.

2007 жылдың 27 – 30 наурыз аралығында Халықаралық театр күні мерекесіне орай, Шымкент қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне  қатысқан С.Сматаев, Т.Теменовтің «Көгілдір такси» мелодрамасы үздік  қойылымдар қатарынан табылып, спектакльде Мариям рөлін сомдайтын жас  актриса Күнсұлу Шаяхметова «Ең үздік әйел бейнесі үшін» лауреат атанды.

Театрдың «Жұмақтағы жасын»  ( авт. У.Сароян,  ауд. Д.Рамазан,  реж. 

Т.Ахметов ) спектаклі 2008 жылдың  2 – 7 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өткен ІІ Халықаралық Орта Азия мемлекеттерінің театр фестиваліне қатысып,  «Ең  үздік  шетел  классикасын  сахналаған  қойылым»  Жүлдесін иеленді. Осы фестивальде «Жұмақтағы жасын» спектаклінде  ойнаған  театр  артистері:  Мақашева  Жанар,  Әбікеева  Динара  «Ең  үздік  эпизодтық  рөл  үшін»  Жүлдесіне  ие  болды.

2009 жылдың  17 – 27 қараша аралығында Сеул қаласында өткен «Ұлы Жібек жолы» театр фестиваліне «Мулен Ружға шақыру» ( авторы және реж. Т.Теменов ) спектаклімен  қатысып  келді.

2010 жылдың  22 – 24 сәуір аралығында Мәскеу қаласында  «Бұлбұлдар түні» (авт. В.Ежов, ауд. Ә.Сығай, реж. Т.Теменов),  «Қорқыттың  Көрі»  (авт. Иран-Ғайып, реж. Ж. Хаджиев),  «Мулен Ружға шақыру» ( авторы және реж. Т. Теменов )  спектакльдерімен  гастрольдік  сапарда болып, ресейлік өнерсүйер көрермен мен белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлерінің ыстық ықыласына бөленіп, сондай-ақ, сыншылар  қауымының  жоғары  бағасын  алып  қайтты.

2010 жылдың  27 – 30 мамыры аралығында Алматы қаласында өткен  ІІІ Халықаралық Орта Азия халықтарының театр фестиваліне қатысқан  Ш.Айтматовтың (инсц. жаңа нұсқасын жасаған Т.Теменов) «Қызыл  орамалды  шынарым»  лирикалық  драмасында  бас  кейіпкер  Әселдің  рөлін  сомдаған  актриса  Аида  Жантілеуова  «Ең  үздік  әйел  бейнесі  үшін»  номинациясы  бойынша  лауреат  атанды.

2011 жылдың 25 – 30 наурызы аралығында театрымыздың «Қызыл  орамалды шынарым» (авт. Ш.Айтматов, инсц. және реж. Т.Теменов)  драмасымен  Түркияның  Адана  қаласында  өткен  «Ұлы  Жібек  жолы»  атты  Түркітілдес елдердің халықаралық театрлар  фестиваліне;

        Ал, 2012 жылдың 15 – 19 сәуірі аралығында Түркменстанның Ашхабад  қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне қатысып, еліміз мәдениетінің жетістіктерін паш етіп, ұлттық төл өнеріміздің айбынын  аспандатып келді.

2012 жылғы  21 – 27 қазан  аралығында  Алматы  қаласында  өткен  ІV

Халықаралық  Орта  Азия  елдерінің  республикалық  театр  фестиваліне  Т.Теменовтің «Карменсита» («Кармен» повесіне фантазия) спектаклімен  қатысып,  Кармен  рөлін  сомдаған  жас  актриса  Жанар  Мақашева  фестивальдің – «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы  бойынша,  лауреат  атанды.

2013 жылдың  15-16 қарашасы  күндері  театрымыз  Ш.Айтматовтың  85 жылдығына орай, Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен «Арт-Ордо» Халықаралық театр фестиваліне М.Әуезовтің «Ай-Қарагөз…» (инсц. және реж. Т. Теменов) трагедиясымен қатысты. Көрермендер мен өнер додасына қатысушылар  қойылымға  жоғары  баға  беріп,  М.Әуезов пен Ш.Айтматов өмірі мен шығармашылығы тығыз байланыста екенін айқындауда аталған қойылымның  орны  өте  жоғары  екенін  баса  айтты.

2014 жылдың 10 – 19 қыркүйек аралығында Әзірбайжан  Республикасының Шеки қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне репертуарда жаңадан сахналанған «Естайдың Қорланы»  (авт. Иран-Ғайып, реж. М. Ахманов) спектаклімен қатысып, қазақ театр өнерінің соны жетістіктерінің  бірі  ретінде  ұсынып  келді.

2016 жылдың 20 – 30 сәуір аралығында Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тынысбір дауыс» атты Халықаралық театр фестиваліне «Қара шекпен» (авт. Г.Хугаев, ауд.Қ.Төлеуішов, реж.А.Маемиров) спектаклімен қатысып, түркітілдес туысқан елдер көрермендері алдында театр ел абыройын ақтап қайтты.

Сондай-ақ, театрдың соңғы жаңалықтарының бірі, екі театр актерының жеке жұмысы – «Ол» моноспектаклі. Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» шығармасының желісі бойынша сахналанған аталған спектакльдің ерекшелігі – қойылымның сахнада емес, театр фойесінде өтуі. Моноспектакль – көрермендердің сұрауымен бірнеше мәрте ұсынылып, 2016 жылдың мамыр айында «Дидар» ІІ Халықаралық театр өнерінің эксперименттік фестиваль-лабораториясында «Ең үздік қойылым» номинациясына ие болды.

2015 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры әлемнің 83 мемлекеті қатысатын  «АССИТЕЖ» дүниежүзілік балалар мен жасөспірімдер театрлары ассоциациясының қатарына 84-ші болып қабылданған қазақстандық өнер ошақтары ұйымының орталығы болып бекітілді.

Құрылғанына  70 жыл  толып  отырған  Ғ. Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының  жоғарыдағыдай аталмыш жеңістері шығармашылық ұжымның қол жеткізген  соны  жетістіктері  болып  табылады.

Сахнагерлеріміздің  арасында  біздің  театрдың  ғана  емес,  бойдағы  бұла  талантының  арқасында  бүгінде,  қазақ  жұртына танылып, есімдері еліне елеулі болған сайыпқыран саңлақтарымыз,  Қазақстанның халық артисі – Роза Әшірбекова, ҚР-ның еңбек сіңірген артистері: Лидия Кәден, Кәдірбек Демесін, Гүлжамал Қазақбаева, Сағызбай Қарабалин, Сағат Жылгелдиев, Жібек Лебаева, Тұрсын Құралиев; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Балтабай Сейітмамытұлы, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Әсел Мәмбетова, Райхан Қалиолдина, Шолпан Сіргебаева, Қадырғазы Қуандықов, Күлжәмилә Белжанова, т.б. және де дарынды жастардан: Рахман Омаров, Айгүл Иманбаева, Әсет Иманғалиев, Бақыт Тушаев, Бейбіт Камаранов, Елдар Отарбаев, Жанар Мақашева, Сәния Ерзатқызы, Аида Жантілеуова, Гүлбаһрам Байбосынова, Динара Абдуллина сияқты артистеріміз бар. Олар біздің киелі шаңырақтың ғана емес, талантын бағалай білер өнерсүйер жұртымыздың көз қуаныштары екені даусыз.

Бүгінде, театр ұжымында 200-ден астам адам қызмет етеді. Оның  70-ке жуығы артистер. Қалғаны әкімдік, шығармашылық құрамның жетекші  қызметкерлері  мен  техникалық  құрам  жұмыскерлері.

Ағзия  КӨЛБАЕВА,

әдебиет бөлімінің қызметкері,

ҚР Мәдениет қайраткері

Ақпарат көзі: http://www.baistars.kz/post/view/ғ-мүсірепов-атындағы-қазақ-мемлекетт-3

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Бiз – актермыз, бiз – патшамыз,

admin

“Қазақ елі” тұңғыш анимациялық фильмінің қайырымдылық көрсетілімі

admin

Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫ ТҮРКИЯДА ӨТЕТІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬГЕ АТТАНДЫ

admin