Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Мұрат АХМАНОВ: «Ақтабан шұбырындымен» қазақтың тағдыры аяқталған жоқ

15193-212-m_rat_ahmanov_a_taba_ruМұқағали ақынның:

– «Қара таудың
басынан көш келеді».
Қара жорға шайқалып,
бос келеді.
Қара түнді жамылып,
қара қазақ,
Қара түнді басынан кешкен еді.
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шұлғау болып қыздардың
кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді, – деп басталатын «Райымбек! Ра­йым­бек!» тарихи дастаны жаңа бір қойылымның арқауына ай­налды.
DSC_0093Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театры өзінің 70 маусымын «Райымбек! Райым­бек!» поэмасымен ашты. Мұқағали ақынның ел тарихын, батырлық шежіресін жырмен суреттеген дастаны Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай сах­наланып отыр.
Қойылымда актерлер бимен, көлеңкелі театрмен, әнмен, қимыл­мен өз ойын анық, әрі көркем тілмен жеткізе білді. Спектакльдің қоюшы режиссері Мұрат Ахма­новтың «Райымбегінен» өзгеше қолтаңбаны байқадық. Режиссер «Фатима» мен «Естайдың Қорла­ны­нан» бөлек сахнаға жаңа ритм алып келді. Спектакльде сөзден гөрі, би, қимыл басымырақ. Неге? Мұқағали дастанында «Райымбек! Райымбек!» шежіресі «Ақтабан шұбырындымен» ғана аяқталады. Ал спектакльде Мұқағалидың образы да, зұлмат жылдардан кейінгі тоталитарлық жүйенің де келеңсіз тұстары көрініс тапқан. Атом бомбасынан кейінгі қазақтың халі де баяндалады. Ре­жиссер аяқталмай қалған дастанның соңын ақын тірі болса, осылай түйіндер еді деген ойды айтады.
– Мұқағали Мақатаевтың Ра­йымбекті жазуға барғандағы себебі сұрақпен қалды. «Ақтабан шұбы­рын­дымен» қазақтың тағдыры аяқ­талған жоқ. Ұлт-азаттық қозға­лысы, 37 жылғы қырғын, атом бом­­басы – қазақтың басына төнген үлкен қауіп-қатер еді. Қандай зұлмат болса да, бірінші қазаққа тиетін маңдайының соры бар ел екенімізді айтқысы келді ақын. Ақынның 1981 жылы «Шолпан» деген кітабы шықты. Кішкентай ғана жинақ. «Шолпан» жинағын Қуандық дейтін досым сыйға берді. Досымның сыйлығын содан бері жанымнан тастаған емеспін. Мұ­қағалидың «Райымбек! Райым­бек!» поэмасын сахналасам деген идея сол кезден бастап ойымда жүрді. Қойылымда, өздеріңіз де көріп отырсыздар, басында ақ қағаздай аппақ ниеті бар халық еді. Сондай халықты соңында атом бомбасымен мүгедек қалыпқа жеткізді. Мұқаға­лидың негізгі айтқысы келген ойы – осы. Ақын дастанды оңай жазған жоқ. Бабалары оның түсіне кіріп, маза бермеді. «Өткенің мен кет­кеніңді жаз. Бабаларыңның өмірін жырла. Ұрпағың білсін» деген сөз ақынға аян боп берілді. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» деп тегін айтқан жоқ. Қазақтың өзінің болмысын өзіне қайта жырлады.
DSC_0037– Сценарий өзіңіздікі ме?
– Негізгі қойылым идеясы – өзім­дікі. Оған балет пен хорды кір­гізіп отырмын. Драма – өнердің барлық жиынтығы. Мұнда бәрін қолдануға болады: көлеңкелі театр, кино, би, хор, балет, поэтикалық дастан да бар. Бидің тілімен жеткізген дүниені сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сөзбен айтатын тұсын музыканың тіліне сала алмайсың. Музыканың тілімен көрсетілетін тұсын сөзбен алмастыруға болмай­ды. Сондықтан түрлі көріністер ар­қылы бимен, қимылмен жеткізуге тырыстым. Мұның өзге қойылым­дарыма ұқсамайтын тұсы да – осы.
«Райымбек! Райымбек!» спек­таклінде көрерменді елең еткізетін бір дүние бар. Ол – 13 жасар Ра­йымбектің сахнаға шығуы. Он үш жасар жеткіншектің албырттығын, намысқойлығын, азаттығын кішкентай актер шебер көрсеткен. Естеріңізде болса, жырда Қабай жырауға келіп, тайсалмастан қасқайып:
– Ата, біздің өлкені қара
жаулар шаппады,
Жауларына біздің ел
сәйгүлігін баптады.
Қойын сойып, қолдарын
қусырды да, сорлылар,
Аяғына бас ұрды,
бірі садақ тартпады.
Тартпаған соң олар да
әуреленіп жатпады,
Алды-дағы аларын,
белімізден аттады.
Батыр емес, қария,
қатындар бар бұл елде,
Беруге әзір барлығын билігі
асқан біреуге.
Батырлар жоқ бұл елде,
Қатындар бар бұл елде,
Әркім қара басының амандығын тілеуде,
– дейтін Райымбектің сөзі бар емес пе? Жырдың сол тұсын сахнада қаймықпай жеткізген 13 жасар актердің ерекше дарынына сүйсінбеске амалың жоқ. Мұрат Ахмановтан дарынды жасты қайдан тауып алғандығын сұрағанбыз.
– 13 жасар Райымбектің рөліне таңдау жасағанымызда, театрға Мұхамеджанның өзі келді. Бұған дейін ол Сәбит Әбдіхалықовтың «Зұлмат» қысқаметражды фильміне түскен екен. Ауылда тұрады. «Аға, Райымбектің рөліне алсаңыз, ауылды тастап, осы рөл үшін қалаға келер едім» деді. Бір-екі рет да­йындықта байқасам, жалындап-жанып тұрған бала екені көрініп тұр. «Әке-шешеңе айт, сөйтіп, қалаға біржола кел» деп айттым. Сөйтіп, осы рөл үшін әке-шешесі қалаға қоныс аударды. Ата-анасы да баласының тілегін аяқасты еткісі келмеген болар. Өлең жазатын, өнерлі бала екен. Жастар мен бала­лар театры болғандықтан, Райым­бектің он үш жасар кезін үлкен актерге ойната алмаймын ғой. Баланың рөлін бала, жастың рөлін жас жеткізуі тиіс. Сонда ғана спектакль шынайы шығады.
Осылайша, он үш жасар Райым­бектің рөлі Алматы қаласындағы №176 мектептің 9 сынып оқушысы Мұхамеджан Байзаққа бұйырды. Райымбек рөлі үшін ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданынан Алматыға көшіп келіпті. Спектакльден кейін Мұхамед­жаннан алғашқы әсерін сұраған едік. Оның бойынан сахнадағы өршілдікті, өзгеше жалынды бірден байқауға болады.
–Менің рөлім Райымбектің алғаш атқа қонып, жауға шыққан кезін суреттейді. Райымбектің рөлін ойнау кез келген баланың бағына бұйыра бермейді. Сондық­тан осы рөлге бекітіп, мені таңда­ғаны үшін театр басшылығына, оның ішінде театрдың директоры Сәбит Әбдіхалықов пен көркемдік жетекшісі, спектакльдің қоюшы режиссері Мұрат Ахмановқа ал­ғысым шексіз.
– Қойылым кезінде қиындық­­тар кездесті ме?
–Театр сахнасына алғаш шығып отырған соң, қиындықтар болмай тұрмайды екен. Алғашқы дайындық кезінде сөздерімді өлеңдетіп жі­берген кездерім де болды. Күн­делікті сабағымнан кейін театрда көбірек уақыт өткізуге тырыстым. Театр мәдениетін, сөйлеу мәдение­тін игеруге тырыстым. Бұл тұрғыда Дариға апайдың сахна тілін үйре­туде көп көмегі тиді.
– Өлең жазатыныңды естідік. Ал театр мүлдем бейтаныс әлем болған шығар. Бойыңда қорқыныш сезімі болмады ма?
–Кішкентай кезімнен ақын­дардың өлеңдерін жаттап өстім. Мұқағали атамның да өлеңдерін жатқа білемін. Аудандық сайыстарда да топ жарып жүрдім. Респуб­ликалық көркемсөз оқуларына да қатысқаным бар.
Қойылымда Райымбектің 18 жасын белгілі актер Асылхан Тө­лепов ойнады. «Райымбек! Райым­бек!» спек­таклі – режиссердің неше жыл­ғы арманының жемісі. «Бұл – менің айғайым» дейді Мұрат Ах­манов. Ол не айғай деп таңдануыңыз да мүмкін. Сахнада атом бомбасын алғаш жарылған кезде қуанған, шаттанған адамдардың бейнесін көрсететін тұсы бар. Расында да, біз бұл зауалдың ақыры неге соғатынын сол сәтте сезінген жоқпыз. Жарым­жан ба­лалар, туа бітті мүгедектер көбейген тұста ғана зауалдың зауалын түсіне бас­тадық. Иә, біз атом бомбасы жа­рылған тұста шын қуандық. Неге қуандық? Өйткені мықтылығымызды осылай көрсет­кіміз келді. Ал оның зардабын қазақ қазір тартып келеді.
Режиссердің: «Райымбек арқы­лы өткен ғасырдағы ұлы шайқас­тарды ғана емес, әр замандарда қазақ басынан арылмаған «Ақтабан шұбырындыны» көрсеткіміз келді» деуінің басты себебі – осында.
Ақиық ақынның:
– Жалғанның жартысындай мынау өлкең,
Кім білсін, сорың ба, әлде ырысың ба?
Пайдаланып былығың-шылығыңды,
Жауың кеп, шырылдатты шыбыныңды.
Жау да, өзің де ластап тұнығыңды,
Жаяу ұстап қолыңа құрығыңды,
Қайда босып барасың, қайда, қайда?

Ақтабан шұбырынды! – дейтін тұсы спектакльдің негізгі уәжіне айналды.
Қойылымдағы көріністердің дені қызыл мата астында өтеді. Мұның себебін режиссер «қанға бөк­кен қазақ даласы «Ақтабан шұ­бырындыда» да, одан бергі кеңес­тік кезде де бейнеттен арылмағанын көрсету еді» деп түсіндіреді.
Бұл қойылым – бүгінгі жастарға қажет дүние. Өйткені мұнда Райым­бекке ғана тән емес, қазаққа тән мінез бар. Бүгінгі жастарға жетпей жүргені де осы – қазақы мінез, қа­зақы қалып. Осы тұрғыдан алғанда, спектакльдің көрерменге айтары да, жеткізері де көп.

Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/news/show/15193-m_rat_ahmanov_a_taban_sh_byryndymen_aza_ty_ta_dyry_aya_tal_an_zho_

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Лидия Кәден ұлының қалыңдығының құлағына сырға салды

admin

«Судағы із» сериалдарды жаңа деңгейге көтереді

admin

Театр артисі – Бақыт Тушаев «Білім және мәдениет» телеарнасының «Қайырлы таң» бағдарламасында қонақта.

admin