– «Қара таудың
басынан көш келеді».
Қара жорға шайқалып,
бос келеді.
Қара түнді жамылып,
қара қазақ,
Қара түнді басынан кешкен еді.
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шұлғау болып қыздардың
кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді, – деп басталатын «Райымбек! Райымбек!» тарихи дастаны жаңа бір қойылымның арқауына айналды.
Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театры өзінің 70 маусымын «Райымбек! Райымбек!» поэмасымен ашты. Мұқағали ақынның ел тарихын, батырлық шежіресін жырмен суреттеген дастаны Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай сахналанып отыр.
Қойылымда актерлер бимен, көлеңкелі театрмен, әнмен, қимылмен өз ойын анық, әрі көркем тілмен жеткізе білді. Спектакльдің қоюшы режиссері Мұрат Ахмановтың «Райымбегінен» өзгеше қолтаңбаны байқадық. Режиссер «Фатима» мен «Естайдың Қорланынан» бөлек сахнаға жаңа ритм алып келді. Спектакльде сөзден гөрі, би, қимыл басымырақ. Неге? Мұқағали дастанында «Райымбек! Райымбек!» шежіресі «Ақтабан шұбырындымен» ғана аяқталады. Ал спектакльде Мұқағалидың образы да, зұлмат жылдардан кейінгі тоталитарлық жүйенің де келеңсіз тұстары көрініс тапқан. Атом бомбасынан кейінгі қазақтың халі де баяндалады. Режиссер аяқталмай қалған дастанның соңын ақын тірі болса, осылай түйіндер еді деген ойды айтады.
– Мұқағали Мақатаевтың Райымбекті жазуға барғандағы себебі сұрақпен қалды. «Ақтабан шұбырындымен» қазақтың тағдыры аяқталған жоқ. Ұлт-азаттық қозғалысы, 37 жылғы қырғын, атом бомбасы – қазақтың басына төнген үлкен қауіп-қатер еді. Қандай зұлмат болса да, бірінші қазаққа тиетін маңдайының соры бар ел екенімізді айтқысы келді ақын. Ақынның 1981 жылы «Шолпан» деген кітабы шықты. Кішкентай ғана жинақ. «Шолпан» жинағын Қуандық дейтін досым сыйға берді. Досымның сыйлығын содан бері жанымнан тастаған емеспін. Мұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» поэмасын сахналасам деген идея сол кезден бастап ойымда жүрді. Қойылымда, өздеріңіз де көріп отырсыздар, басында ақ қағаздай аппақ ниеті бар халық еді. Сондай халықты соңында атом бомбасымен мүгедек қалыпқа жеткізді. Мұқағалидың негізгі айтқысы келген ойы – осы. Ақын дастанды оңай жазған жоқ. Бабалары оның түсіне кіріп, маза бермеді. «Өткенің мен кеткеніңді жаз. Бабаларыңның өмірін жырла. Ұрпағың білсін» деген сөз ақынға аян боп берілді. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» деп тегін айтқан жоқ. Қазақтың өзінің болмысын өзіне қайта жырлады.
– Сценарий өзіңіздікі ме?
– Негізгі қойылым идеясы – өзімдікі. Оған балет пен хорды кіргізіп отырмын. Драма – өнердің барлық жиынтығы. Мұнда бәрін қолдануға болады: көлеңкелі театр, кино, би, хор, балет, поэтикалық дастан да бар. Бидің тілімен жеткізген дүниені сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сөзбен айтатын тұсын музыканың тіліне сала алмайсың. Музыканың тілімен көрсетілетін тұсын сөзбен алмастыруға болмайды. Сондықтан түрлі көріністер арқылы бимен, қимылмен жеткізуге тырыстым. Мұның өзге қойылымдарыма ұқсамайтын тұсы да – осы.
«Райымбек! Райымбек!» спектаклінде көрерменді елең еткізетін бір дүние бар. Ол – 13 жасар Райымбектің сахнаға шығуы. Он үш жасар жеткіншектің албырттығын, намысқойлығын, азаттығын кішкентай актер шебер көрсеткен. Естеріңізде болса, жырда Қабай жырауға келіп, тайсалмастан қасқайып:
– Ата, біздің өлкені қара
жаулар шаппады,
Жауларына біздің ел
сәйгүлігін баптады.
Қойын сойып, қолдарын
қусырды да, сорлылар,
Аяғына бас ұрды,
бірі садақ тартпады.
Тартпаған соң олар да
әуреленіп жатпады,
Алды-дағы аларын,
белімізден аттады.
Батыр емес, қария,
қатындар бар бұл елде,
Беруге әзір барлығын билігі
асқан біреуге.
Батырлар жоқ бұл елде,
Қатындар бар бұл елде,
Әркім қара басының амандығын тілеуде, – дейтін Райымбектің сөзі бар емес пе? Жырдың сол тұсын сахнада қаймықпай жеткізген 13 жасар актердің ерекше дарынына сүйсінбеске амалың жоқ. Мұрат Ахмановтан дарынды жасты қайдан тауып алғандығын сұрағанбыз.
– 13 жасар Райымбектің рөліне таңдау жасағанымызда, театрға Мұхамеджанның өзі келді. Бұған дейін ол Сәбит Әбдіхалықовтың «Зұлмат» қысқаметражды фильміне түскен екен. Ауылда тұрады. «Аға, Райымбектің рөліне алсаңыз, ауылды тастап, осы рөл үшін қалаға келер едім» деді. Бір-екі рет дайындықта байқасам, жалындап-жанып тұрған бала екені көрініп тұр. «Әке-шешеңе айт, сөйтіп, қалаға біржола кел» деп айттым. Сөйтіп, осы рөл үшін әке-шешесі қалаға қоныс аударды. Ата-анасы да баласының тілегін аяқасты еткісі келмеген болар. Өлең жазатын, өнерлі бала екен. Жастар мен балалар театры болғандықтан, Райымбектің он үш жасар кезін үлкен актерге ойната алмаймын ғой. Баланың рөлін бала, жастың рөлін жас жеткізуі тиіс. Сонда ғана спектакль шынайы шығады.
Осылайша, он үш жасар Райымбектің рөлі Алматы қаласындағы №176 мектептің 9 сынып оқушысы Мұхамеджан Байзаққа бұйырды. Райымбек рөлі үшін ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданынан Алматыға көшіп келіпті. Спектакльден кейін Мұхамеджаннан алғашқы әсерін сұраған едік. Оның бойынан сахнадағы өршілдікті, өзгеше жалынды бірден байқауға болады.
–Менің рөлім Райымбектің алғаш атқа қонып, жауға шыққан кезін суреттейді. Райымбектің рөлін ойнау кез келген баланың бағына бұйыра бермейді. Сондықтан осы рөлге бекітіп, мені таңдағаны үшін театр басшылығына, оның ішінде театрдың директоры Сәбит Әбдіхалықов пен көркемдік жетекшісі, спектакльдің қоюшы режиссері Мұрат Ахмановқа алғысым шексіз.
– Қойылым кезінде қиындықтар кездесті ме?
–Театр сахнасына алғаш шығып отырған соң, қиындықтар болмай тұрмайды екен. Алғашқы дайындық кезінде сөздерімді өлеңдетіп жіберген кездерім де болды. Күнделікті сабағымнан кейін театрда көбірек уақыт өткізуге тырыстым. Театр мәдениетін, сөйлеу мәдениетін игеруге тырыстым. Бұл тұрғыда Дариға апайдың сахна тілін үйретуде көп көмегі тиді.
– Өлең жазатыныңды естідік. Ал театр мүлдем бейтаныс әлем болған шығар. Бойыңда қорқыныш сезімі болмады ма?
–Кішкентай кезімнен ақындардың өлеңдерін жаттап өстім. Мұқағали атамның да өлеңдерін жатқа білемін. Аудандық сайыстарда да топ жарып жүрдім. Республикалық көркемсөз оқуларына да қатысқаным бар.
Қойылымда Райымбектің 18 жасын белгілі актер Асылхан Төлепов ойнады. «Райымбек! Райымбек!» спектаклі – режиссердің неше жылғы арманының жемісі. «Бұл – менің айғайым» дейді Мұрат Ахманов. Ол не айғай деп таңдануыңыз да мүмкін. Сахнада атом бомбасын алғаш жарылған кезде қуанған, шаттанған адамдардың бейнесін көрсететін тұсы бар. Расында да, біз бұл зауалдың ақыры неге соғатынын сол сәтте сезінген жоқпыз. Жарымжан балалар, туа бітті мүгедектер көбейген тұста ғана зауалдың зауалын түсіне бастадық. Иә, біз атом бомбасы жарылған тұста шын қуандық. Неге қуандық? Өйткені мықтылығымызды осылай көрсеткіміз келді. Ал оның зардабын қазақ қазір тартып келеді.
Режиссердің: «Райымбек арқылы өткен ғасырдағы ұлы шайқастарды ғана емес, әр замандарда қазақ басынан арылмаған «Ақтабан шұбырындыны» көрсеткіміз келді» деуінің басты себебі – осында.
Ақиық ақынның:
– Жалғанның жартысындай мынау өлкең,
Кім білсін, сорың ба, әлде ырысың ба?
Пайдаланып былығың-шылығыңды,
Жауың кеп, шырылдатты шыбыныңды.
Жау да, өзің де ластап тұнығыңды,
Жаяу ұстап қолыңа құрығыңды,
Қайда босып барасың, қайда, қайда?
Ақтабан шұбырынды! – дейтін тұсы спектакльдің негізгі уәжіне айналды.
Қойылымдағы көріністердің дені қызыл мата астында өтеді. Мұның себебін режиссер «қанға бөккен қазақ даласы «Ақтабан шұбырындыда» да, одан бергі кеңестік кезде де бейнеттен арылмағанын көрсету еді» деп түсіндіреді.
Бұл қойылым – бүгінгі жастарға қажет дүние. Өйткені мұнда Райымбекке ғана тән емес, қазаққа тән мінез бар. Бүгінгі жастарға жетпей жүргені де осы – қазақы мінез, қазақы қалып. Осы тұрғыдан алғанда, спектакльдің көрерменге айтары да, жеткізері де көп.
Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/news/show/15193-m_rat_ahmanov_a_taban_sh_byryndymen_aza_ty_ta_dyry_aya_tal_an_zho_