Есмұқан Обаев,
Қазақстан Республикасының халық әртісі
Баритондар королі
Тетрда да, кинода да жарқырап көрінген дарынды актер Мұхтар Бақтыгереевтің даусы, расында да, ерекше еді. Біз оны «Баритондар королі» дейтінбіз. Әсіресе, дубляж жасауға келгенде алдына жан салмайтын. Қандай кейіпкер болса да, Мұхтардың даусымен сөйлеген кезде тіріліп, көрерменді соңынан ерте жөнелгендей әсерде қалдырушы еді.
Мен онымен алғашқы рет жастар театрында М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» драмасын қойған кезде жақын танысып, бірге жұмыс істедім. Ә дегеннен-ақ бір-бірімізге бауыр басып, жақсы әріптес, қимас дос болып кеттік. Ол әлгі спектакльде қиын да күрделі образды — Дәруіш бейнесін сомдады.
Мұхтардың көзін ашып-жұмып ойланғаны, сонсоң жалт етіп қарағаны көп нәрсені аңғартушы еді. Актерлік шеберлігі, бітім-болмысы ерекше болатын.
Бүгінде есімі аңызға айналған Шәкен Айманов сол бір жылдары жастар театрында М.Әуезовтің «Жас Абай» пьесасын сахналады. Міне, осы спектакльде Мұхтар атақты Құнанбайдың рөлін ойнады. Ал мен режиссердің ассистенті болдым.
Шіркін-ай, сол кездегі Шәкен ағаның, драматург Мұқаметқали Хасеновтың, жастар театрының сол кездегі директоры, қазақ өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Гүлжаһан Жанысбаеваның, актер Мұхтар Бақтыгереевтің шығармашылық достығы, әзіл-қалжыңдары қандай жарасымды еді.
«Космонавт та қонды, ол да ұтты!..»
Кей күндері олар Гүлжаһан Әбуқызының үйіне жиналып алып, карта ойнайтын. Жастар театры ол кезде – Коммунистический (қазіргі Абылай хан) мен Калинин (қазіргі Қабанбай батыр) көшелерінің қиылысында болатын. Ал Гүлжаһан Әбдуқызының үйі сәл жоғарыда, Коммунистік даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысында. Екі ара онша ұзақ емес.
Театрдағы репетиция біткен соң, төртеуі сол үйге келеді. Мен онда студенттік шақтағы ашқұрсақ күндерді әлі ұмытпаған жап-жас жігітпін. Сондықтан да болар, маған шай-пай құю секілді жеңіл-желпі жұмыстарды тапсырып қояды. Карта ойнау дегенге о бастан әуес емеспін.
Сонда да байқаймын, Гүлжаһан Әбдуқызы әдеп сақтап, көбірек ұтылады. Мұқаметқали Хасенов те ұзаққа бармайды. Ал енді, Шәкен ағамен айқасатын да, шайқасатын да – Мұхтар. «Ал кетті! Міне, келді!» деп дуылдасқанда үстелдің үстіне қалай ақша үйіліп қалатынын аңдамай да қаласың.
Әлі есімде, ғарышқа космонавт ұшқан күн. Радиодан соның әрбір сәтін баяндап, бүкіл елге хабар таратып жатыр.
Мен карта ойнап отырғандарға қарап: «Оу, тыңдасаңыздаршы! Қазір қонады» деймін елеңдеп.
Тап осы кезде үстел үстіндегі олжа да үйіліп қалған екен. Мұхтар содан көзін алмай: «Әй, ол космонавт қонар-ау, ал мына ақшаны кім алар екен?!» дейді құлшынып.
Содан бір кезде космонавт та қонды, Мұхтар да әлгі мол олжаны ұтты.
Күліп барып, жылап қайттық
Жастар театрында Мен Дон Ук деген танымал режиссер жұмыс істеді. Кезінде біраз сүбелі туындыларды сахналады. Ұлты – кәріс еді. Қазақ әріптестерімен қоян-қолтық араласып, жақсы дос болып кетті. Қазір Мәскеуде тұрады.
Міне, сол Мен Док Ук мырзаның бір ағасы Талдықорғанның бер жағындағы Мұқыры деген жерде совхоз директоры болып істейді екен. Бір күні Мұқтар: «Сол кісі бізді қонаққа шақырып жатыр. Бәріміз бірге барайық» деген соң, Мұқаметқали Хасенов, Мен Дон Ук, мен және Мұхтардың жұбайы, тамаша актриса Мәрияш (Мәриям)Жақсымбетова бесеуміз жолға шықтық.
Ол кезде «Волга» деген машинаны бастықтар, ілуде бір қолы жеткен бақытты жандар ғана мінетін. Міне, сондай тұлпарға актерлардың арасында алғаш қолы жетіп, тізгінін ұстаған жайсаң жігіт – Мұхтар еді. Оған театрдағы, кинодағы жалақысымен бірге дубляждан тапқан табысы көбірек мүмкіндік туғызса керек.
Өзі де тынбай жұмыс істеуші еді ғой. «Мен күніне екі-ақ сағат ұйықтаймын!» дейтін. Кейде театрдың қаржысы кешігіп қалғанда, бөлмесіндегі сейфін ашып жіберіп, актерлерге өзінің жеке қорынан «айлық» тарататын кездері де болатын.
Тумысынан жомарт, сері жігіт еді.
Иә, сөйтіп, Мұхтардың «Волгасымен» Мұқыры қайдасың деп, тарттық та кеттік. Арқарлы асуынан асып, Сарыөзекке жақындағанда күн тұмандана бастады. Бір жерде көпір салынып жатыр екен. Оны айналып өтуге тура келді.
Міне, Мұқырыға да жеттік. Мен Дон Уктың ағасы қуана қарсы алды бізді. Сондай бір көңілді, жақсы отырыс болды. Түнгі сағат он екінің шамасында артынып-тартынып кері қайттық.
Түнгі дала жым-жырт. Мүлгіп жатыр. Машинаның сирек жүретін уағы. Рульде — Мұхтар. Оның жанындағы орындықта Мәрияш. Ал біз, Мұқаметқали Хасенов, Мен Дон Ук және мен үшеуміз арт жақта отырмыз.
Содан манағы көпір салынып жатқан жерге келгенде Мұхтар байқамай қалды ма, әлде қараңғыда жолдың бағыты теп-тегіс болып көрінді ме, кім білсін, әлгінің үстіне зымырап шықтық та кеттік. Ә дегенше болған жоқ, суы тартылып, кеуіп қалған өзеннің аңғарына машина гүрс етіп, тұмсығымен шаншыла құлады. Тарс-тұрс!.. Есік ашылып кетті. Айқайлаған, шыңғырған дауыстар естілді…
Есімді жисам, Мұқаметқали Хасенов: «Не болды, а? Не болды?» деп үрейі ұшып, маған қарап отыр екен. Мен Дон Ук болса айқайлап, жоғарыға қарай жүгіріп барады. Машинаның алды жаншылып, бір аунап тұрған сияқты. Алдыңғы екі есік шалқайып ашылып кеткен. Мұхтар да, Мәрияш та жоқ…
Сөйтсек, есік ашылған кезде екеуі екі жаққа ұшқан екен. Қараңғы түнде Мұхтардың: «Мәрияш… Мәрияш…» деп солқылдап жылаған даусы естіледі.
Желкемнен жып-жылы бірдеңе ағып жатқан сияқты. Қолыммен сипап көрсем, қан екен. Машинаның әйнегі тіліп кеткен сияқты. Мұқаметқали Хасеновке түк болмапты. Тіпті, көзілдірігі де түспепті. Мен Дон Ук та сап-сау.
Бірақ, машина құлаған кезде әудем жерге ұшып кеткен Мәрияштың хәлі тым ауыр еді. Ес-түсін білмей жатыр… Біраздан соң Сарыөзекке қарай бара жатқан бір машинаны тоқтатып, Мәрияшты әскери госпитальге жеткіздік. Сол жерде оған жедел түрде ота жасалды…
Міне, осындай қиын күндерде Ғабеңнің – сөз зергері, классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің үлкен жақсылық жасағанын біз әрдайым ризашылықпен еске алып отырамыз.
Сарыөзектегі әскери госпитальда жатқан Мәрияшты Алматыға жеткізу керек болды. Ондағы дәрігерлер қолына операция жасағанымен, сырқаттың халі ауыр еді. Кейін белгілі болғанындай, бел омыртқасына зақым келген екен ғой.
Ғабең орталық комитетке телефон шалып, Мәрияшты Алматыға арнайы дәрігерлік ұшақпен алғызды. Раиса жеңгей екеуі оның қай ауруханаға, қай палатаға орналасқанын, жағдайы қалай екенін жиі-жиі сұрап, қадағалап отырды. Бұл Мәрияштың үлкенге де, кішіге де сыйлы, сүйкімді жан, талантты актриса екендігінің тағы да бір дәлелі деп ойлаймын.
Иә-ә, сөйтіп… Мұқырыға күліп барып, жылап қайтқанымыз бар.
Қатал тағдыр, қайран Мәрияш!..
Ол негізінен, лирикалық пландағы рөлдерді шебер ойнайтын, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» Ж.Луизаның, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтестің, М.Хасеновтың «Махаббат неге оянбады?» драмасында Махаббаттың, т.б. бейнесін сомдады.
Қатал тағдыр Мәрияшты еріксіз төсекке таңып қойды. Қайта-қайта омыртқасына ота жасатып, ұзақ уақыт ауруханада жатты.
Жалпы, менің түсінігімде, лирикалық пландағы актриса тәрбиелеу мүмкін емес. Ол табиғаттың өзі сыйлаған бақ. Сондықтан да, Мәрияш секілді нәзік, сұлу, сезімтал актриса өте сирек. Ол кейде репетиция кезінде залда үн-түнсіз жылап отырушы еді. «Өй, Мәрияш, саған не болды? Қойсаңшы» дейтінбіз. «Қалай жыламаймын?.. Жүрегім езіліп кетті ғой» деп, өзін-өзі тоқтата алмай, одан сайын егілетін. Сахнадағы оқиға оған ерекше әсер етуші еді.
Мәрияш қатты жарақаттанып, төсек тартып жатып қалған соң, үй-ішіне, балаларына Мұхтар енді жалғыз өзі қарайтын болды. Соның арасында жүгіріп ауруханаға барады, театрға келеді, киностудияға кетеді. Қысқасы, жұмыс та, үй тірлігі де бастан асады. Бірақ, ол соның бәріне үлгерді. Сөйтіп, жүріп «Жас Абайдағы» Құнанбайды, «Махамбеттің жебесіндегі» Қайып ханды ойнады, киностудияда көптеген рөлдерді дубляж жасады. Міне, ерлік, міне, азаматтық!
Мәрияш жазылып шыққан соң, 1976 – 86 жылдар аралығында Алматыдағы театр және көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) сабақ беріп, көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Біздің Ғазиза Әбдінәбиева секілді бүгінгі тамаша актрисаларымыз: «Мәрия Жақсымбетова деген ғажап, күн бейнелі актриса болды. Мен театрға сол Мәриям апайдың өнеріне ғашық болып келдім» деп сағынышпен еске алып отырады.
«Бұлар менің ішкенімді ұнатпайды»
Кейін Мәрияш дүниеден қайтқан соң, араға біраз жыл салып ол Ғалия деген бір жақсы әйелмен бас қосты. Қаладағы үйін ержеткен балаларына қалдырып, саяжайға көшті.
Бір-бірін сыйлап, тату-тәтті өмір сүрді. Ғалия кейін Мұхтар туралы естеліктер кітабын шығарды. Әлі есімде, саяжайда олардың екі иті болатын. Мұхтар солардың басынан сипап, бауырына қысып, еркелетіп отырушы еді. Олар да иесін сондай жақсы көретін.
Кей кезде біз қонаққа бара қалғанда қуанып, Ғалия екеуі кең-мол дастарқан жаятын. Сол кезде Мұхтар: «Әй, мен ішпей-ақ қояйыншы осы!» дейтін күліп. «Ой, неге?» дейміз ғой біз омыраулап. Сонда Мұхтар: «Менің ішкенімді мына достарым жақтырмайды» деп әлгі екі итке жалтақтап қарап, біртүрлі ыңғайсызданып қалушы еді.
Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.