Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Мәдениет министрінің мәлімдемесіне қатысты театр әртістері жауап берді

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутаттар алдында сөз сөйлеп, әртістерге берілетін атақтың сатылануын қайтару жөнінде ұсыныс жасаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзі көпшілік арасында қызу талқыға түскен болатын.

Осы орайда, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы министрдің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

“Қадірлі оқырмандар, өнер, театр, жалпы, мәдениет майданында ат терлетіп жүрген әріптестер! Соңғы кездері әлеуметтік желі торабында Мәдениет және спорт министрінің жылдық есеп беру жиынында сөйлеген сөзінің айналасында сан-саққа жүгірте желдей есіп жүрген әңгімелер төңірегінде біз де ойымызды ортаға салғымыз келді.

Арыстанбек Мұхамедиұлының аталмыш жиында тәп-тәуір айтқан оңды пікірін әдейі бұрмалап, оны жалпы халыққа сүйкімсіз етіп көрсетуге тырысқан жазбалардан аяқ алып жүре алмай қалғанымыз анық. Әрине, бастапқыда ол ойды әлдебір бір-жар журналистер  бұрмалап берген болса керек, оған қалған азаматтық тұлғалар сеніп қалып, біржақты тұжырымға ұрынуға тап болды ғой деп есептейміз.

Ақты ақ деп, барды бар деп, жақсы ойды жақтай білу – кім-кімнің болса да азаматтық парызы болуы керек! Сондықтан, әлеумет, кімнің болса да атына кір келтіріп, затына тиіспей тұрып, бәріміз де өзіндік ой-тұжырымы бар дап-дардай кісілер болғаннан кейін, аз-кем ойлануымыз, әр нәрсені таразы безбеніне сала білгеніміз құп…

Әрі-беріден соң, Мәдениет министрлігі қол қусырып қарап отырған жоқ. Осы соңғы жылдардың өзінде қаншама игілікті шаралар, байсалды бағдарламалар қолға алынып, табысты шешімін тапты. Олардың қатарында: Франция төріндегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қанаттас «Жаһандық Әлемдегі Қазақстанның қазіргі мәдениеті» еуропалықтарға паш етілді. Сонау Лос-Анджелесте Қазақстан киносының күндері өтті. Америкалық аудиторияға «Қыз Жібек», «Алмас қылыш», «Анаға апарар жол» және «Оскар» сыйлығына ұсынылған, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы туралы баяндалған «Балалық шағымның аспаны» фильмі ұсынылды.

Бұдан өзге де біраз жұмыстар атқарылып, тынбай қызмет етуде. Осының бәрін ескере отырып, бізге осы уақытқа дейін әрі бұдан кейін де театр саласының өркендеуіне септігін тигізген мәдениет министріне алғыс білдіргіміз келеді. Сондай-ақ, қазақ мəдениеті мен өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, шын жанашыр боп жүрген азамат ретінде оған жағылған күйе мен тағылған кінәға ортақтаспайтынымызды білдіреміз.

Ендігі жерде, біздегі, яғни, барша қазақстандық артистердің арман-тілегі, ол – бұрынғыдай, Қазақстанның халық артисі және ҚР-ның еңбек сіңірген артисі деген атақтары қайтадан қалпына келтірілсе екен дейміз. Өйткені, қазіргі беріліп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы былайша, ауызекі тілмен айтқанда актерға да, басқаға да беріліп жүр.

Бұны әрине, орынды деп айтуға келмейді. Басқасының бәрі хал-қадарынша қалыпты өз деңгейінде атқарылып жатыр. Сондықтан, үлкен бір мемлекеттің білдей бір атқарушы орнын сөге жамандау – азаматтығымызға сын, ағайын! Одан да, әрқайсымыз орынды ой қозғап, нақты ұсыныс-тілектеріміз болса білдіріп, жанашыр, ниеттес болсақ екен деген тілек бар.

Құрметпен, театр ұжымының атынан – Қазақстанның халық артисі Роза Әшірбеков

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Казахский государственный театр для детей и юношества им. Мусрепова открыл сезон сразу двумя премьерами

admin

Құрметті əріптестер! Қуаныштарыңыз құтты болсын! Қазақ театры жасасын!!

admin

Театрдың шығармашылық тобы жаңа режиссермен толықты

admin