Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ХАТ ЖАЗУДЫҢ КЕРЕМЕТІН ҚАЗІРГІ ЖАСТАР БІЛМЕЙТІНІ ӨКІНІШТІ

Балнұр АХМЕТ

Сағыну, аңсау, қуану… Бұл шуақты сезімдер кезінде күн санап хат күткен, апта сайын хат жазған жастарға жақсы таныс. Сезім сырлары мен ғашықтық жырлары ақтарылған ақ парақтар сүйгендердің сезімін жалғаған ақ қанатты аққуларға айналған. Хат ғашықтардың жүрегінің лүпілін, тамырының бүлкілін бір-біріне тыңдатқан. Хат сағыныштан сарғай­ған ғашық жүректі сезіммен суарған, сағыныштан солған ғашық жүректерді жақындатқан. Ғашықтардың арасында ашылған сезімнің ақ гүліне айналған хат екі жастың сырға толы сезім әлемін аралатқан. Махаббат хаттары – сезім парақтары, жүрек сырлары. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған драматург Альберт Гернидің «Махаббат  хаттары» атты драмасын тамашалаған өнерсүйер қауым екі ғашықтың жүрегіндегі, міне, осындай сезім парақтарын ақтарғандай керемет күй кешті. Сүйген жандардың махаббат хикаясы жайнаған жастық шағын көрерменнің көз алдына келтірді. Сезіммен өрілген махаббат хаты жұртшылықтың жүрегіне махаббат отын салды.

Қос ғашықтың тағдырын махаббат хаттары арқылы көрерменге баяндаған қойылым Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері, талантты актриса Тынышкүл Сұлтанбердиеваның мерей­тойлық  бенефисіне орай сах­наланды.  Спектакльдің басты кейіп­керлерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Т.Сұлтан­бердиева мен Қ.Қуандықов сомдады. Бала кезінен бірге өскен Мелисса мен Энди өмір бойы бір-бірімен хат жазысып өтеді. Хат арқылы бір-бірімен сыр бөлісіп, өздерінің өмірге деген көзқарастарын білдіреді. Тағдыр олардың жолдарын айырып, бірге болуды жазбаса да олар хат арқылы бір-біріне рухани байланысты болады. Отбасын құрып, балалы-шағалы болса да олар 40 жылға жуық хат алысып тұрады. Осылайша жылдар бойы бір-біріне жазған хаттары арқылы олардың сыйластық сезімдеріне сызат түспейді. «Энди, маған жиі-жиі хат жазып тұршы. Сенің даусыңды естудің жалғыз амалы сол» дейді бір хатын­да Мелисса. Дәулет­ті әулет­тен шықса да, Ме­лисса өмір­ден өз орнын, өз бақытын таба алмай өтеді. Тұр­­мыс құ­рып, екі қыз­дың анасы атан­са да, ол үнемі өзін іштей рухани жалғыз сезі­неді. Басын­дағы байлығы оған бақыт әкел­мейді. Аналық құқы­­ғынан айрыл­ған ол жан жа­расын ащы сумен жаз­бақ болып, ауру­ха­наға тү­седі. Рухани жал­­­ғыз­дық оның көңі­лін кеміреді. Кейін­нен Мелис­са әлеу­меттік жағ­дайы орта­ша әулет­тен шы­ғып, мансабы­ның арқасында сенатор атанған Эндимен жасырын кездесіп жүреді. Алайда, бала кезден бірге өскен олар арада 40 жыл өткен соң ғана бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімдерін түсінеді. 40 жыл бойы жазған хаттары екі ғашықтың махаббатының ескірмес естелігі болып сақталып қалады. Міне, осы оқиға қос кейіпкердің бір-біріне жазған хаттары арқылы өте әсерлі баяндалады. Ғашықтардың тағдыры­мен таныс­тырған театрдың талантты актер­лерінің кәсіби шеберлігіне көрермен қауым орындарынан тұрып қошемет көрсетті.

Спектакль соңында театр дирек­торы Сәбит Әбдіқалықов Тынышкүл Сұлтанбердиеваға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­меди­ұлының Құттықтау хатын тапсырды.

«Құрметті Тынышкүл Берікбай­қызы! Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің театр өнеріне сіңірген ұлан-ғайыр еңбегіңізді бүгінгі өнерсүйер қауым ерекше құрметтейді. Актер болуды арман­даған жас шәкірттер өзіңіз ойнаған рөлдер мен шынайы сомдаған бейне­лер­ден, өнер құдыретіне деген ізденіс пен шеберлігіңізден мол тағылым алуда. Түрлі жанрдағы спектакль­дерде сан-қилы мінез-құлықтағы кейіпкерлер бейнесін шебер сомдап, нағыз шынайы талант иесі екеніңізді көрсете білдіңіз. Сіздің сахна төрінде қырық жылға таяу уақытта сомдаған жүздеген рөлдеріңіз өзіндік ерекшелі­гімен, қайталанбас шебер­лігімен еліміз­дің театр өнерінің тарихына алтын әріппен жазылды. Осынау айтулы күнмен өзіңізді тағы да құт­тық­тай отырып, деніңізге саулық, қажымас қайрат, шығар­машылы­ғы­ңыз­ға толағай табыстар тілеймін!» делін­ген министрдің Құттықтау хатында.

Құшағы гүлге, көңілі қуанышқа толған Тынышкүл Сұлтанбердиева қойылым туралы былайша ой бөлісті:

– Кейіпкерімнің ішкі жандүниесін көрерменге жеткізу оңай болған жоқ. Мелисса мен Энди бала кезінен бірге өсті. Сондықтан, қойылымда сол кейіпкерлерге айналып, баланың қылықтары мен қимыл-қозғалыстарын жасау қажет болды. Мәскеуде білім алып келген жас режиссеріміз Жұлдызбек Жұман­байдың көмегімен осындай қойылым­ды дүниеге әкелдік. Жан тебірентер бұл спектакльдің жастарға беретін тәлім-тәрбиелік маңызы зор. Кейіп­керім­нің қателіктерін қайта­ламаңдар, сезімдеріңді сақтаң­дар, бір-біріңді сыйлаңдар деп барша қыз-келіншек­терге айтқым келеді. Бұл рөлдің бұрын сомдаған кейіпкер­лерімнен айырмашы­лығы көп. Мен мұндай рөлде бұрын ойнаған емеспін. Бұл рөл әртүрлі қырларымен, сырларымен, жан күйзеліс­тері­мен маған қызық болды. Студент кезімізде біз де құрбы-құрдастарымызбен хат арқылы жан тебіреністерімізді жеткізіп, сырла­рымызды айтатын едік. Хат жазу, хат алудың кереметін қазіргі жастар білмейтіні өкінішті, – дейді ол.

Айта кетерлігі, белгілі актриса Тынышкүл Сұлтанбердиева Жастар театрында 1993 жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Ол Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Баян, Мақпал, «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Ақтоқты, Ш.Аймановтың «Желсіз түнде жарық ай» драмасында – Ана, Иран-Ғайыптың  «Желжуан» трагико­медиясында – Бәйек, М.Әуезовтің «Ай-Қарагөз» трагедиясында – Текті, Б.Мұқайдың «Шындық детекторы» трагикомедиясында – Нұрия бейнесін сомдаған.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/04/22/хат-жазудың-кереметін-қазіргі-жастар/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

«АЛМАТЫ ТҮНІ» Тақырып: «Адам-Зат» спектаклінің премьерасы туралы. Студия қонағы: Спектакль режиссері Данияр Базарқұлов және актриса Гүлбархам Байбосынова

admin

Азамат САТЫБАЛДЫ: Мұқағалидің рөлін армандап жүрмін…

admin

Театрымыздың актрисасы Динара Шымырбаева “Жаңа күн” бағдарламасында. #Жаңакүн

admin