Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Данияр БАЗАРҚҰЛОВ, актер: Менің кумирім – Махамбет

Данияр БАЗАРҚҰЛОВ

1981 жылы 16 қараша Алматы қаласында дүниеге келген. 1998-2002 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр жəне кино институтын «Музыкалық драма театрының» актер мамандығы бойынша бітірді. 2002-2010 жылдары Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театрында актер болып еңбек етті. 2010 жылдан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып жұмыс істейді.

Данияр Базарқұловтың басқа актерлардан ерекшелігі – театр сахнасында да, кинода да ылғи жағымсыз образдарды сомдайды. Сондықтан оны өмірде де жағымсыз адам екен деп қаласың. Көрермендердің есіне тек жаман адам болып қалған актер Данияр Базарқұловпен сұхбаттасудың сəті түсті…

– Данияр аға, сұхбатымызды балалық шағыңыздан бастасақ…

– Менің  балалық шағым Жезқазған қаласында өтті. Əкем Жоламан Базарқұлов деген актер болды. Өзіңіз білетіндей, актер деген сыған халқы сияқты көшіп жүреді ғой. Ең алдымен Арқалықта тұрдық, сол жерде балабақшаға бардым. Арқалық қаласы қатты суық боранымен есімде қалған. Көз алдымнан қарындасымды шанаға сүйреп жүгіретінім кетпейді. 1989 жылы əкемнің қызметімен Жезқазған қаласына қоныс аудардық. Біз тұрған үйдің маңында əртістер көп тұрды. Балалық шағым қызықты өтті. Əлі күнге дейін сағынамын. Əртістердің балалары бірге өстік. Жеті бала үнемі бірге жүрдік. Арамызда актерлардың да балалары болды. Сол жеті жігіттен құрылған кішігірім бірлестігіміз болатын. Жиналсақ жеті бала, қашсақ жеті бала болатынбыз. Бос қирап жатқан биік ғимараттардың үстінен секіретінбіз. Неше түрлі ойымызға келген трюктарды жасайтынбыз.  Бірдей армандап, бірге биіктерді бағындырғымыз келетін. Əлі күнге дейін арамыз сөгілмей, бірге араласып, сыйласып тұрамыз.

– Актерлық өнерге қалай келдіңіз?

Мен бала күнімнен заңгер болуды армандадым. Əкемнен сол үшін де талай сөз естідім. 1998 жылы əкем Ұлттық университетке түсіре алмаймын, өнер институтына барасың деді. Ешуақытта əртіс болам деп армандамаппын. Ондай мақсат та, талап та болмаған. Заңгер болмасам да əскери қызметкер  болғым келді. Спортқа да ынтам жақсы болды. Себебі, бала кезден бірге өскен жеті бала екінші сыныптан бастап спортпен айналыстық. Бокстан бастап барлық спорт үйірмелеріне қатыстық. Жеті баланың бірі Нұржан Əбдіраманов самбодан екі дүркін чемпион болды. Еркебұлан Омаров деген досымыз да спортқа кетті. Қалғандарымыз əр саладамыз.  Мені Өнер институтына жетектеп əкелген əкем болды. Екі жылдай университетте жүріп қиналдым. Өнердің ортасын көпке дейін жатырқап жүрдім. Мектеп қабырғасында жүргенде сахналық қойылымдарға актердың баласы болғаным үшін қатыстыратын.  Оқушы кезімде Қозы Көрпешті сомдадым. Сол уақытта да өзімді актер ретінде сезінбедім. Бірақ актер мамандығына қатысты пəндерді сүйіп оқыдым (күліп). Үлгерімімнің жоғары болуының арқасында сыныптан-сыныпқа секіріп, мектепті он алты жасымды бітірдім. Тарих пен əдебиетке жүйрік болдым.  Жеті баланың арасында бір-екі бала ғана актер болуға талпынды. Арамызда Еркебұлан деген жігітіміздің қалауы актер болу еді, сол қасымдағы бір-екі жігітті актер болуға көндіріп жүр. Өзі актердың баласы емес, бірақ актер болуды армандайды. Біздікі керісінше, əкеміз – актер, балалары актер болғысы келмейді. Солай Алматыға келдік, əкемнің ықпалы болды ма, мен жəне қасым-дағы  еріп келген жігіт екеуміз оқуға түсіп кеттік. Еркебұлан түсе алмай қалды. Арманының орындалмағанына қатты налып, көңілі босағаны есімде қалыпты.

image-15-09-15-10-11

– Ең алғаш бекітілген рөл есіңізде ме?

– Басқа актерлер сияқты біз де массовкадан бастадық қой. Мұрат Ахмановтың «Құрманғазы» деген спектаклінде Əубəкірдің жендеті болып ойнадым. Кейін біраз басты рөлдерді ойнадым. Эпизодтық рөлдердің де біршамасын сомдадық. Ең алғашқы рөліміз сол дипломдық жұмыстан бастау алады. Кішкентай эпизодтық рөл берілсе де, барымды салып сəтті алып шығуға тырысамын.

– Орал қаласының қазақ драма театрына қалай тап болып жүрсіз? Олардан шақырту түсті ме?

– Оралға 2002 жылы Өнер академиясын бітірген жеті жігіт жолдамамен бардық. Мен ол кезде 20 жаста едім. Театр өнеріне алғаш Орал қаласында қадам бастық. Менің театрға деген қызығушылығымды оятқан да Орал өңірі. Орал театрында тəжірибе жинап, əртіс болып қалыптасып, шеберлігімізді шыңдадық. Боранбай Молдабаев, Қуаныш Амандықов деген  ұстаз-ағаларымнан тəлім алдым. Оралдағы театрда қызмет істеп жүргенімде Нью-Йорк қаласында өткен фестивальге барып, лауреат болдым. Қазақстаннан барған алғашқы театр екенбіз. «Ең үздік қойылым», «Ең үздік режиссер», «Ең үздік актер»  деген марапаттардың бəрін біз алып кеттік. Менің бағымды ашқан – Орал қаласы. Оралдан Алматыға келуімнің себебі, бойымдағы өнерімді дəлелдегім келді. Қайнаған өнердің ортасына барайын деген оймен осы жаққа келдім. Биыл Алматыға келгеніме алты жыл болады.  Біраз  жұмыссыз жүрдім. Ең алғаш жұмыс сұрап, Əуезов театрына бардым. Ол кезде Есмұхан аға басшылықта болды. Барлық жерде ашық айтып жүрем,  ол кісі мені бұрыннан танитын, сол уақытта «танымай»  қалды. Штаттың жоқ екенін айтты. Ағама қатты ренжідім. Қиямет күн туғандай, қатты налыдым. Шетелде өнерімді дəлелдеп келгесін, мен жұмыссыз қалам деген ой миыма кіріп шықпаған. Жұмыссыз жүргенімде, «Қазақстан»  ұлттық арнасында Тоқтарбек Қамшыбай ағамыз дубляж  бөліміне шақырды. Сол жерде жұмыс істедім, бірақ мен істейтін жұмыс емес. Қолымнан келеді, тырысамын бірақ, қызықпаймын. Қызықпаған істің өнбейтіні белгілі. Сол қызметте жүргенде, Ғ.Мүсірепов атындағы  балалар мен жасөспірімдер театрына шақырту алдым.  Содан бері осы театрдамын. «Актердың бəрі Əуезов театрында жұмыс жасау керек» деп ойлаппын. Олай ойлауымның өзі балалық шығар. Қазір еліміздегі театрлардың  деңгейі бірдей. Театрлардағы актерлар да кəсіби актерлар. Ешқандай өкінішім жоқ, əріптестерімді қатты сыйлаймын, құрметтеймін. Басқа  театрларға барып, бəрін басынан бастағым да келмейді.

– Киноға қалай келдіңіз? Театрдан гөрі, кино сізге көп танымалдылық əкелді емес пе?

– Əрине. Кино арқылы танымал болдым. Еліміздегі киноөндірісіне өз  үлестерін қосып жүрген  режиссерлердің  біраз киносына  түстім. Театрда  ешқашан танымал болмайсың. Онда өзің тек жаныңның рахаты үшін қызмет етесің. Кейіпкеріңді сəтті алып шықсаң, содан лəззаттанасың. Театр – тірі ағза. Сол сəтте сол уақытта болады, өтеді, кетеді.

– Бір байқағаным, үнемі осы заманғы кейіпкерлерді сомдайсыз. Бір жағынан сондайобраздар  сізге үйлесетін де сияқты. Бірақ, тарихи қойылымдар мен кинолардан мүлдем көрінбейсіз…

– Сізге ең қызығын айтайыншы, мен тарихи кинолар үшін жарияланған кастингтердің бəрінен өтіп, соңғы шешім қабылданар кезде үш-ақ адам қалсақ, соның арасынан мен өтпей қаламын (күліп).Сыртқы бет-əлпетім, сұстылығым тарихи киноларға келгенімен, бірде-бір рет тарихи киноларға шақырылмаппын. Режиссерлардың таңдауы да маған түспейтін шығар, бəлкім. Дегенмен, өкінбеймін. Алланың қалауымен маңдайымызға жазылған рөлді сомдап жатырмыз.

– Тарихи тұлғалардан кімдерді сомдағыңыз келеді?

– Ойланбай жауап берейін, Махамбет Өтемісұлын. Ол менің жаныма жақын тарихи тұлға. Менің кумирім десем де қателеспеймін. Жиі-жиі Махамбеттің жырларымен «ауырып» қаламын. Жаным күйзеліп, құлазығанда мені «құтқарып» қалатын да соның термелері мен жырлары. Махамбеттің рөлін сомдау – менің арманым. Өзімнің бойымнан да Махамбетке тəн ұлтжандылық пен батылдылықты көргім келеді. Ұрпақ ұсақталып кеткен заманда Махамбетке ұқсағысы келетін бір баланы көрсем, елжіреп кетемін.

16-03-2016-ol-2-591x480

– Сомдаған кейіпкерлердің басым көпшілігі – сатқын, азғындық жолға түскен жандар. Үнемі жағымсыз рөлді ойнайсыз. Ал, өмірде қандай адамсыз?

– Соңғы күндері өзім де осы туралы жиі ойлайтын болыппын.  Режиссерларыма да əзіл-шыны аралас «жүзінен мейірім төгіліп тұратын кейіпкер беріңдерші маған» деп əзілдеймін. Сенің түрің жағымсыз образға сəйкес келеді деп  үнемі жағымсыз рөлдерге бекітілемін. Актерлық  өнердің   түрге қарамайтыны белгілі. Жақсы кейіпкерлерді сомдау да қолымнан келеді.  Көрерменге жол тартқан «Қара шекпен» қойылымындағы  Тұзар иттің рөліне бекітілдім. Тұзарды өте сəтті алып шықтым, өйткені сол кезде менің өмірімде достарымның сатқындығы, түрлі қарама-қайшылықтар, келіспеушіліктер болып жатты. Ал мен соларды өзімнің кейіпкерім арқылы жеткізгім келді.  Өмірде жүрегі өте жұмсақ адаммын. Талапшылмын. Еңбекқормын. Əр күніме есеп беретін адаммын. Өнерде де, өмірде де тұлға болып қалыптасқым келеді.

– Шет елдердің сахнасында өнер көрсетіп жүрсіз. Жаңа марапаттауларыңызды да айтып кеттіңіз. Сұрайын дегенім, барған елдеріңіздегі театр өнерінің дамуы қалай? Еліміздегі театрлардан айырмашылығы қандай?

– Еуропаны қозғамай, көршілес жатқан Украина, Грузия, Түрікменстан мен Мəскеудің театрымен салыстырып көрейінші. Біздің еліміз аталған мемлекеттердің театрынан 30-40 жылға артта қалып қойған. Ол жақта билеттер екі-үш ай бұрын сатылып қояды екен. Бұл халықтың театрға деген ерекше ықыласын көрсетпей ме?! Жарнама агенттігінің шақыртуымен Киевке барып, театрына соғып, спектакль көрейін десем, орын жоқ, билеттер сатылып кетіпті. Кіре алмай, қайтып кеткенмін. Елінің басындағы қиын – жағдайға қарамастан, олар өнерді бəрінен биік қояды. Біздің елімізде де театрға деген халықтың махаббаты ерекше, бірақ, басқалармен салыстырғанда өте төмен деңгейде екені байқалып қалады.

– Өз режиссерімді күтіп жүрмін дегенсіз. Таптыңыз ба? Əр актердың өз режиссері болу керек пе?

– Ол менің философиялық тұрғыда айтқан сөзім болатын. Əр актердың бағын жандырып, жолын ашатын режиссерлар бар. Менің де өзімнің жаныма жақын режиссерларым бар. Мысалы, Қанағат Мұстафин. Жас режиссер Асхат Маемиров – өте ізденімпаз, еңбекқор, жаңаша ойлайтын, тың идеяларды көтеріп жүретін адам.  Өзім де режиссерларыммен «жағаласып» түсіп жатқан киноммен қойылымдарыма пікірімді білдіріп отырамын. Актердың пікірімен санасатын да, санаспайтын да режиссерлар бар. Адам-дардың бір ғана көзқараспен өмір сүруі мүмкін емес нəрсе…Тіпті, мені мойындаса да, мен мойындамайтын режиссерлар мен актер-актрисалар бар.

– Кейбір əріптестеріңіздің жеке театрлары бар. Сіздің енші алып, бөлек театр құру ойыңызда бар ма?

– Ерлан бауырым (режиссер) екеуміз «ЭГО» деген лабораториялық  орталық аштық. Онда шеберлік сыныптары өте көп ұйымдастырылады.  Сəуір айының жетісі күні осы орталығымыздың  дайындаған «Ол» моноспектаклі болады. Павлодар қаласында өтетін фестивальге шақырту алдық. Енді шетелге  тəжірибе алмасып, олардың спектаклін біз тамашалап, біздікін олар көріп бағалайды.

– Əңгімеңізге үлкен  рахмет!

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

 «Ақ желкен», №4

Сәуір, 2016

Ақпарат көзі: http://zhasorken.kz/?p=15014

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сахна сырлары бағдарламасы – Рахман Омаров

admin

ОРАЛДА Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНЫҢ ГАСТРОЛІ ӨТУДЕ

admin

Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры көрермендерімен қайта қауышты

admin