Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

БІР ТҮП АЛМА АҒАШЫ немесе адасқан мүгедек бейне

«Баяғыда бір түп алма ағашы болыпты. Ол әбден жемістері көбейіп, үлкен болып өскен тұста: «Енді қожайыныма бұдан да көп алма берсем»  деп армандаған  екен. Бірақ  бұтақтары…»

 

Міне, осы аңызды арқау еткен пьесаның қазақ театрына көптеген жылдар бойы азық болып келе жатқандығы белгілі. Жекеменшік Тазабеков атындағы жастар театры, Жамбыл облыстық қазақ драма театры, сондай-ақ, Талдықорғандағы Б.Римова, Ақтөбедегі Т.Ахтанов,  Шымкенттегі Ж.Шанин, Жезқазғандағы С.Қожамқұлов, Павлодардағы Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрларында  сәтті қойылған спектакль өнердің бас қаласы болған Алматы шаһарындағы академиялық  Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрына да келіп жетті. Сахналаған әр режиссер өзіндік трактовкамен, өзіндік ерекшеліктерге толтыруға тырысты. Осылайша әр түрлі көзқарас бойынша әр түрлі деңгейде сахналаған бұл қойылымдарға ортақ бір ғана белгі бар. Ол – көрерменге саспенс тудырып, жылатуы. Бірнеше театрда сахналанған қойылымның құндылығының жоғалмау сыры неде? Қазақ көрермендері неге бұл драмаға әуес? Драматург Әлімбек Оразбеков бастап, режиссер Мұрат Ахманов қоштаған Ғ.Мүсірепов театрындағы  қойылымның да соңыннан көзі құрғақ көрермен таба алмайсыз. Сондықтан да көрермендердің көңілінен әбден шықты деген пікір қалыптасуы мүмкін. Дегенмен, көз жастың мөлшері арқылы спектакльдің деңгейін шамалау қаншалықты орынды?!

DSC_9776Драма сюжеті бойынша кейіпкерлердің әрқайсысы өз тұрмысын күйттеп кеткені сонша, мүгедек бауыры мен жалғыз басты аналарын да ұмытқан. Бұл жолғы туған күнге де көпшілігі басқа мақсаттарын жүзеге асырып кетуге келген сыңайлы. Тіпті мүгедек бауырларының айтқан заттарын сатып әкелмегені арқылы, олардың арасындағы бауырмалдық сезімнің ізінің де қалмағанын аңғаруға болады. Қойылым міне осы сарындағы әлеуметтік драма болғандықтан,  бұдан әркім өзін көруге мүмкіндік бар. Тақырыптың негізгі өзегі – мейірімділік. Әсіресе, бүгінде әрқайсысының санасын тұрмыс билеп, өз отбасын құрып үлгерген көп балалы отбасыдан тараған бауырлардың бір-біріне, қоғамға деген мейірімсіздігі.

Режиссер қойылымды жасау барысында мизансценалық тұстарға, музыкалық шешімдерге баса назар аударғаны көрініп тұр. Әсіресе, клубтық  музыкаларды қою арқылы қойылым хронотопын бүгін заманға әкелсе, ондағы кейіпкерлер диалогы арқылы оқиғаның сонау 80-жылдары жүзеге асқанын аңғаруға болады. Соған қарай отырып, қойылым мезгілі туралы ойлар қақтығысы туындады.

DSC_9778Спектакльдегі ойды анық ашу мақсатында ондағы декорацияның да аз рөл ойнамайтыны белгілі. Бұл орайда қоюшы суретші Серікқан Омаров бүкіл сахнаны ақ түспен көмкеру арқылы мүгедек бала мен оның анасының   рухани тазалығын көрсеткісі келген. Үстіне жапырақ төгілген ақ маталар арқылы біріншіден,шатыр ретінде жаймашуақ жаздық шай ішетін орынды бейнелесе, екіншіден, спектакль финалында мүгедек баланың о дүниелік болған тұсында ақ матаны барлық заттардың үстіне жабу арқылы қаралы хабар жеткізеді. Тіпті жердегі сыпырылмаған жапырақтар арқылы анасы екеуінің соншалықты қорғансыздығын, нағыз еңбек жасында мүгедек болып қалған жігіттің шарасыздығымен, анасының бойынан күш қуаты қайта бастаған қарттығынан хабар береді.

Кез-келген сахналық туындыдағы басты бөлікті драматургия мен режисураның атқарғанымен, актерлік ойынның да көп нәрсені шеше алатындығына осы қойылым арқылы көз жеткіздік. Себебі, бұл спектакльде театрдың ең талантты актерлерінің ансамбльі шоғырланған.

Гүлжамал Қазақбаева – Дәметкен, Сәкен Рақышев – Ерғали, Хазима Нұғманова  – Әлия, Қуаныш Тұрдалин – Тұрсын, Рахман Омаров – Зарқымбек, Лиза Серікова  – Ләйлә, Дархан Сүлейменов – Мақсат  рөлдерінде ойнап шықты. Бірнеше кейіпкері бар бұл қойылымнан басты кейіпкерді табу қиын. Бір қарағанда, барлығына түрткі болып ұйымдастырып жүрген Мақсат басты кейіпкер ретінде көрінгенімен,  режиссерлік шешімнің нәтижесіне барлығы бір деңгейде тең өнер көрсетіп жүр.

DSC_9801Қойылымдағы тағы бір қозғаушы күш, комедиялық элемент енгізуші кейіпкер ретінде Зарқымбектің бейнесін қарастыруға болады. Бұл кейіпкерді ойнаушы актерлердің екеуіне де (Ербол Садырбаев, Рахман Омаров) комедиялық рөлдерді барынша сеніп тапсыруға болатына режиссерлердің көзі әбден жеткендіктен болар, олардың қай рөлін алып қарамасаңыз да шоқтығы биік тұрады. Актерлік құрамды таңдауда Хазима Нұғманова мен Қуаныш Тұрдалинді отбасылық жұп ретінде ойнату барысында жас мөлшерінің алшақтығына гримнің де көмектесе алмай тұрғанын байқауға болады. Сондай-ақ, Х.Нұғманова сомдаған Әлияның ұрыс пен ренішке толы диалогының көптігі мен актриса дикциясының ерекшелігіне байланысты көрерменді өзі де ауыр қойылым барысында біраз зарықтырып алғандығын айтуға болады.

Кейіпкерлерді жинақтау барысындағы драматургиялық үлкен тапқырлық ретіндегі қатыстырылған бейне – мүгедек Мақсат. Тапқырылықтан бұрын көрермен тарту үшін жасалған қулық ретінде қарастырғанымыз дұрыс болар. Себебі, бұл қойылымда мүгедек бейненің атқарып тұрған рөлі жоқтың қасы. Мысалы, Мақсатты мүгедек емес, жай ғана жоғарғы сыныптың баласы немесе үйленіп үлгермеген аңқылдақ мінезді жігіт ретінде ойнатсаңыз да қойылымның драматургиялық құрылымы бұзылмайды. Сондықтан да мүгедектер бейнесін тек көрермендердің жанашырлық сезімін тудыру үшін ойнату адамдық факторды дұрыс пайдаланбау болып есептеледі.

Бізді драматургиялық тұрғыда қаншама ұтымды жазылғанымен, қазақ театрына осы сынды психологиялық драмалар қаншалықты қажет деген сұрақ алаңдатады. Театрлар  тың  формадағы, заман талабына сай  жаңашыл пьесаларды сахналаудан неге қорқады? Әрине, тәрбиелік, рухани мәні жоқ қойылым болмайды. Барлығы да сол өмірлік тақырыптарды арқау етіп жүргендігі белгілі. Дегенмен де, жастар театрының репертуарындағы «Жақсы кісі», «Көгілдір такси», «Желтоқсан желі» сынды, адамның қандай да бір мейірімі мен басқа да қасиеттерін оятуға тырысатын, 80-90 жылдар аралығын қамтитын спектакльдерден құралған репертуардың тағы да сол тақылеттес  қойылыммен толығуы тағы да екі ұдай пікірде қалдырды…

Айдана АЛАМАН

М.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институты

qazaquni.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Young Woman Chef Serving Fresh Salad at Kitchen

admin

О.Жанайдаров “Жастық туралы” (Құс жастықтың құпиясы)

admin

МҰҚАҒАЛИДЫҢ ҰЛЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТЕДІ

admin