Оразгүл Абдулла: Екі сахнаны бірдей алып жүру қиындық тудырмай ма?
Б.Тушаев: Біздің мамандығымыз сол – театр жəне кино əртісі. Дипломға солай жазып берді. Бірақ негізгі жұмысым – театр, сонда көп боламын. Ол бірінші орында. Кинодан ұсыныс болса, əуелі театрдан сұранамыз. Екеуі де қиын, екеуінде ойнау екі бөлек. Қиындығы да, қызығы да бар.
Мейіржан Мелдеқұлов: Сіздің актер болуыңызға кім себепші болды? Сіз үшін актер деген қандай болу керек?
Б.Тушаев: Ешкім себепші болған жоқ. Актер болуыма себепші болған – жоқшылық. Біздің балалық шағымыз қиын кезеңге тап келді. Өз-өзімізді қамтамасыз ете алмайтын едік. Сыныпқа бор алатын ақша болмайтын. Сонда не істемек керек?! Біз сонда кішігірім сахналық қойылымдар дайындаймыз. Көбіне сатиралық кеш қоятынбыз. Оған кіру үшін билет жасап, кірушілерге сататынбыз.
Аяжан Сағиева: Осыған дейін ойнаған рөлдеріңізден ең сəтті шыққаны қайсысы деп ойлайсыз?
Б.Тушаев: Актер үшін əрбір рөл туған баласы секілді. Əр рөлге жандүниеңді салып дайындаласың. Бірақ өзіме ұнағаны, оң жамбасыма келгені – «Күшік күйеу» қойылымындағы Бекболаттың рөлі.
Əйгерім Асанхан: Мына əлемді жалған дүние деп қабылдайсыз ба, əлде жарық дүние деп пе? Толағай теңіз бақытқа қайткенде жетуге болады?
Б.Тушаев: Əркім əртүрлі қабылдайды. Көбінесе оптимистік бағытта қабылдаймын. Өмір эстафета секілді, келесі ұрпаққа өз міндетіңді сəтті тапсыру керек. Ал екінші сұраққа Абайдан асырып жауап бере алмаспыз. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» дейді ғой Абай атамыз. Ең əуелі – дұрыс тəрбие.
Нұрайна Сəулебай: Қазіргі кезде театрға келіп жатқан жас əртістерге айтар кеңесіңіз, пікіріңіз. Өзіңіз қай əртістерді үлгі тұттыңыз?
Б.Тушаев: Қазіргі жастар бəріне оңай қол жеткізгісі келеді. Көбірек еңбек ету керек, ізденіс керек. Қазақ өнерінің үлкен əртісі Əнуар Молдабековті үлгі тұтып өстім, сол кісінің өнеріне тəнтімін. Менің кумирім сол кісі.
Дина Бөкебай: «Бəсеке» деген фильм халыққа ұнап жатыр. Осы фильмге кастинг арқылы өттіңіз бе? Қазір көптеген фильмдер, сериалдар шығып жатыр. Қазақ киносы əлемдік сыйлықтарды жеңетін дəрежеге жетті деп ойлайсыз ба
Б.Тушаев: Кастингке қатыспадым, режиссердің шақыруымен келдім. Қазақ киносы əлі де даму үстінде. Түсіріле бергені жақсы, əрине. Себебі, кино – идеология. Фестивальге арналған кино бөлек, көпшілікке арналған кино бөлек. Екеуі екі бөлек мақсатта түсіріледі.
Жансая Тұрмағанбет: Сіздің шеберлігіңіз аздық ететін, актерлік қабілетіңізге бағынбайтын рөлдер кездесті ме? Қандай рөлден қорқасыз?
Б.Тушаев: Актердің рөлді бөліп-жаруға ешқандай құқығы жоқ. Режиссер бекітсе, ойнап шығу керек. Режиссер даладағы адам емес, ол да өзі сарапқа салады.
Жансая Тұрмағанбет: Өнердегі бір ағамыз «Театр – əйелім, кино – көңілдесім» деген екен. Сіз үшін қалай?
Б.Тушаев: Жақсы айтыпты. Бірақ, бұл қосылам деген сөз емес. Бұған бірінші сұрақ арқылы жауап бердім деп ойлаймын. Екеуі екі бөлек əлем. Қайталап айтам, негізгісі – театр.
Айнұр Тəжібаева: «Бəсеке» сериалы бəсеке емес, екі əйелдің салғыласуы секілді. Сіз қалай ойлайсыз? Осы фильм абыройыңызды арзандатып жіберген жоқ па?
Б.Тушаев: Жоқ, олай ойламаймын. Сұрақ қоюшы жас болса да, қырағы жан екен. Шынында, бір-екі бөлімі сондай. Біздің сценарийді өзгертуге құқымыз жоқ. Ал «Бəсекенің» қазақ киносына қосқан үлесі зор деп ойлаймын.
Дайындаған Асылан ТІЛЕГЕНОВ
(«Ұлан» газеті, №2, 12 қаңтар 2016 жыл)
Ақпарат көзі: http://zhasorken.kz/?p=14351