Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

АЗАМАТТЫҢ АНАСЫ, ЖӘКІБАЕВТЫҢ ЖАРЫ

– Қали мен Әнуар қалмасыншы деп сәлем айтты апа, – деді танымал актер Жомарт Зейнәбіл бір кеште.

Апа деп отырғаны Нұртай Жәкібаева. Аты аңызға айналған ұлы актер, Қазақстанның халық артисі Қасым Жәкібаевтың жары. Қалмасыншы деп отырғаны Қасым Жәкібаевтың 90 жылдығына арналған салтанатты кешті қаперге салғаны.

Нұртай апа – қазақтың қаһарман қызы. Бұлай кесіп айтуға толық негіз бар. Кешегі адамдардың бәрі тең, «кемелденген» социалистік қоғам делінген заманда бір отбасына түскен қасіретті көтерген кейуана ол. Қара жердің бірде үстімен, бірде астымен жүрегі жылжыған жылдарды апайдың қазір еске алғысы келмейтін-ақ шығар. Бірақ бүгін, ертең үшін бәрі де айтылуы керек. Кешегі қазақты жаппай қорлау науқанға айналған тұста жасындай жарқ етіп, заманынан озық туған, бүгінгі күнді сол кездің өзінде-ақ батыл болжай білген, алғашқы мүшеліне енді бет бұрған, «ертең-ақ партбилеттеріңнің қайда қалғанын білмейтін күн туады» деп «туған компартиямызға» қарсы сөйлеп, айбат шеккен бозбала Азамат Жәкібаевтың анасы болғандығы үшін де осы бір қарапайым қазақ әйеліне қай кезде де бас игің келіп тұрады. «Қайран біздің шешелер арды ойлаған».

Нұртай сол – Азаматтың анасы, сол Азамат ақталғаннан кейін халық артисі атағы берілген Жәкібаевтың жары.

Қасым Жәкібаев кім еді? Кинода елуден астам рөл ойнап, сахнада 200-ге жуық бейне қалдырған ол қырық беске келгенше шал да, дана да болып ойнады. Өте білімді адам болды. Көп оқыды. Білгірлер актерлердің ішінде Жантөрин мен Жәкібаевты оқымысты санайды. Қазақта Қасымдар көп пе еді? Көп емес, әрине. Ал Жәкібаевтың жалғыз болғаны енді анық. Жәкібаев дегенде бұл тағдырдың пендесінің маңдайына жазып тұрған азабы соншалықты аткөпір болатыны несі екен деп те ойлайсың. Тәңірі оған талант берді, ал талантты адамға қай кезде де, әсіресе, кешегі кеңестің заманында өмір сүру оңайға түспегені және анық. Ол сол тәңірі ерекше сыйлаған өнер өлмес үшін қандай тәуекелге де барды. Тағдырдың жазуымен оған сахнаны сағынып өтуге де тура келді. 1984 жылы театрдан тұңғыш ұлының жылын бергеннің ертесіне кеткен. Мұндай сәттер оның өмірінде қайталанып тұрды. Арасында зауытта пеш жағушы болды, тіпті Медеуді салуға қатысқанын біреу білсе, біреу білмес. Тағдырдың басқа салғанына қанша көндіксе де, ұлы өнерден ұлы өнерпаздың соншама жылдар жырақтауын көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Әрине, ол сахнаны сағынып, көрермен оны сағынып өткен жылдардың өтеуін енді кімнен сұрарсың. Бірақ тәңірі оған соншалықты өлшеусіз талант беріп қана қоймай, асқан төзімділік, қайсарлық сыйлады, соның арқасында Жәкібаев өзін жоғалтқан жоқ. Атақты актер Досқан Жолжақсынов Жастар театрына басшылыққа келгенде бір қолқа салған. Бәлкім, жылдар бойы ұлы өнерпаздың бойын кернеген ұлы сағыныш сол күнді күткен болар. Келісімін беріп, сексеніне дейін бір самғады. Осы бір жасалған соңғы мүмкіндік үшін Досекеңе тәңірі ұзақ ғұмыр бере берсін дейміз. Дейтұрғанмен де, Қас-ағаңның осы бір тақырыпқа орайлас келетін бір әңгімесін бір заманда қойын дәптерге түсіріп қойыппыз. Соны оқып берейін.

«Қалибек Қуанышбаев науқастанып жүрген кезінде бір топ әртіс жағдайын сұрап бардық. Театрға қашан келесіз деп жатырмыз. «Енді театрдан кеткенім дұрыс болар, менің жалақыма үш адам алуға болады. Соның бірі Қуанышбаев болып қалар» деп еді. Неткен тектілік, тазалық! Қазақ өнеріне Қуанышбаев қанша жүрсе де аздық етпейтін, ғұмыр бойы халқы, сахна сағынып өтер тұлға ғой. Ал ол кісінің сөзі әне. Түйсігі бар адамға соның өзі жетіп жатыр. Бізде жүре беретін адамдар бар. Бұл кетсін деген сөз емес. Әр нәрсе өз уақытында. Мен өзімді Қалекеңмен салыстырғалы отырған жоқпын. Ол кісілер тау ғой, біз төмендегі қой тастармыз. Кейде театрға оралғандарды екінші тынысы ашылды деп жазып жатасыңдар. Осы бекер сөз. Театрда мүмкін емес, ал кинода басқа. Бүгінде театр туралы ойласам, қайран Қалекемнің осы бір сөзі ақыл болады да тұрады. Қаллекидің Шораяғын сендер көрген жоқсыңдар. Құдай-ау, бұл талант дегенге бәрібір екен ғой. Болмаса ақылман Абай, Абыздарды сомдаған адамның комедиялық бейнені шегіне жеткізе ойнағанын мен әлі күнге ұмыта алмаймын. Ұлылық деген осы-ау, сірә».

Әрине, Жәкібаев өзі піріндей табынған Қаллеки емес. Әр жүйріктің шабысы бөлек. Сөз жоқ, талантты адам. Талантты адамға қашан да оразбайлары ортаймайтын заманда өмір сүру де оңай болған емес. Алайда, ол сол бір тұнжыр күндерде күні кешегі асыл ағаларын еске алып, өзгеше рухпен тыныстап жүретіні бар еді. Бірде сол киелі сахнадан шеттеп жүргенде жолыққанбыз.

Саин көшесін өрлеп келеміз (Ол кісі өмірінің соңғы жылдарында Саин–Ташкент көшесінің қиылысында тұрды).

…Қас-ағаң темекі тұтатты. Өңі нұрланып, екі бетінің ұшында қызғылт сәуле ойнайды. Әлсін-әлі жөтел қысады. «Әй, бала, сен де қайдағы-жайдағыны еске түсіріп, өзімізден де бар ғой, – деп булығып сөйледі, – бірақ біз армансыз адамбыз». Осынау қоладан құя салған мүсіндей, қаршығадай қатқан қара шал қарапайымдылықтың жарқын үлгісіндей. Осындай бітімі бөлек әсердің жетегіне еріп бара жатқанда, «неге демейсің бе енді» деді Қас-ағаң ентігіп. «Неге, аға?» дедім. – Өйткені, біз бар ғой, біз Қаллеки, Аймановтардың алдын көрген адамбыз, вот солай. Солармен айбарлы, рухтымыз. Әйтеуір сол кісілерден алып қалған, жұққан бірдеңе әлі күнге өлтірмей сүйрелеп келеді ғой. Оларды көрмесек, өстіп көгерер ме едік, қайтер едік деп ойлаймын бүгінде.

Аңыз ағаларды есіне алған сайын арқаланып кеткендей. Біртүрлі нұрлы, асқақ күй кешіп келе жатты.

– Айналайын, әңгіме болсын, Аймановтың алдында қарыздар болып қалмайын, мына бір жай есіме түсіп келе жатыр, – деп Қас-ағаң өзіне ғана тән әдетімен сұқ саусағымен мұрнын қаққыштай берді. – Шәкен аға да Абайды қойған. Инсценировкасы өзінікі. Ойхой десейші, Құнанбайды Мұхтар Бақтыгереев, жас Абайды Алтынбек Кенжеков ойнады. Жігіттердің жанып тұрған кезі еді ғой. Мен Дәркембайды ойнадым. Ол кездің ғажабын тіл жетпеген соң тек тамсанып айта бересің. Шәкенше өнерді сүю, жұмыс істеу деген ғанибет қой. Қай рөлді кімге беретінін тек өзі біледі. Жүрексініп жүрдік. Соның әсері ме екен, кейде батылырақ боламыз деп ұрттап та қоятынбыз. Оның үстіне бұл Ел-ағаңдар ойнаған Дәркембай ғой. Содан бір күні сахнаға шығатын болдық. Ол күнде жұмыс көп… Шәкен аға шақырды. «Жүр, мен сені киіндірейін» деді. – Ағатай өзім, өзім киінемін, – деп басымды алып қаша беремін. – Әй, сен тоқта аптықпа, сен менің социальный геройымсың ғой. Көп дүние саған байланысты. Құнанбайды бас, Меккеге бара жатыр, – деді. Шынында, ішіндегі ең кедейі менмін. Қалғанының бәрі мықтыны ойнайды. Өзімше иісті сездіргім келмейді, шегіншектей беремін. Сезбеуші ме еді, «ештеңе етпейді…» деп қарап тұр. Мақтанғаным емес, сол күнді әлі күнге сағынам.

Оны алдағы күндерден үміт үздірмеген де осы ұлы сағыныш еді.

Басқасын былай қойғанда, Жәкібаев дегенде, «Жансебіл» жадыңнан шықпайды.

Бәлкім, осы актер болмаса сол дүние кезекті бір туынды болып қалар ма еді, кім білген? Режиссер де, сценарист те бақытты екен. Солардың бар ойлағанын жеткізген Жәкібаев (Мұқатай) секілді көрінеді де тұрады. «Жансебіл» актердің есіне өмір өткелектерін түсірді. Бас кейіпкер Мұқатай төбесінен жай түсіргендей болды. Режиссерге «Әй, бала, сен менің аяқ-қолымды байлама, бәрін өзім атқарам. Бұл не көрмеген бас» деген бір ауыз сөзі жеткілікті еді. Осынау психологиялық тартысты, терең иірімді, күрделі бейнені Жәкібаев ғажап ойнады. Жүрегі тола сыр екен, жыр екен. Осы орайда Таханның (Т.Ахтанов) Серағаңның Қоңқайы туралы «Кішкентай адамның ұлы образын жасады ғой» деген сөзі еріксіз еске түседі. Осы киноның үстінде отырып академиктің жылағанын көрдік. Академик тегін жыламаса керек.

Академик демекші, кейінгі жылдары тасадан қалған тұлғалар тағдыры туралы өзгеше қалам тербеп жүрген атақты академик-тарихшы Мәмбет Қойгелдиевті Азамат Жәкібаевтың тағдыры толғандырғанына да бек қуанышты болып жүрміз.

Ол тумысы комик. Қазақ сахнасында егер Қаллекиден бастап айтсақ, комедиялық образдардың талай керемет үлгілері жасалған.

Сер-ағаңның Қоңқайы ше? Сахнаға шыққаннан жұрт ішін басып күле беретін Сейфолла Телғараевтар ше? Міне, осыларды көріп жүріп, олар салған сара жолды Жәкібаев, кешегі Жайсаңбаев, Жайлыбековтер жалғастырды. Қас-ағаңның театрда жасаған комедиялық образдарының экранға түсуі неғайбыл. Ал кинодағы кейіпкерлері көрермендердің көз алдында.

«Мәдениет дегеніміз – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деген Аймауытовтың ақиқат сөзіне ден қойсақ, бір отбасында еліне адал қызмет етудің үлгісін, тағы да қайталап айтамыз, кешегі қазақты қорлауындай қорлаған өкіметтің тұсында көрсеткен оларды бүгінде әркім батыр заманда ердің ері десе болғандай ғой. Қаншалықты білімді болсаң да, егер тәңірі мінез бермесе соның бәрі бекер. Тәңірі оларға сол мінезді де берді. Бәрінен де сол сұрапылды жылдар бойы жүрегіне жиған нәзікжанды Нұртай апаның да көзге көрінбес ерлігін атап өту де парызымыз деп түсіну керек. Әсіресе, Қасым Жәкібаевтай тұлғаны осынау азаптан аман алып қалып, сақтау дегеннің не екенін бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сондықтан да жазылуы өте ауырға соққан мақалада олардың тағдырын бір-бірінен бөле-жармай қарауымыздың себебі де оқырманға енді түсінікті бола түсер деп ойлаймын.

Сірә, дүниені ұстап тұрған сағыныш болар. «Сағынған көздің моншағы шашылып жатыр төсекте» деп Төлеген ақын айтқандай, Нұртай апаның бойындағы ұлы сағынышты да біз қазір түсінген халдеміз. Мұндай адамдарды сағынып өмір сүрудің өзі де бір байтақ бақыт. «Сағыныш – жұмақтың сегізінші есігі» депті ғой бір дана. Сіз соның табалдырығында тұрсыз Нұртай апа, сіз өйткені Азаматтың анасы, Жәкібаевтың жарысыз.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/azamatty-anasy-zh-kibaevty-zhary/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Роза Әшірбекова «ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ» БАҒДАРЛАМАСЫнда қонақта 14.10.15

admin

МҰҚАҒАЛИДЫҢ ҰЛЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТЕДІ

admin

1 Наурыз Алғыс айту күні құтты болсын!!!

admin