Ғ.Мүсрепов театрының ұжымы тұңғыш рет аудиоқойылым ұсынды.
Аудиоқойылымның тұсаукесері 10-11 наурыз күндері өтті. Идея авторы – театрдың көркемдік жетекшісі Фархат Молдағали. Ұлан Болатбек және Шағуан Үмбетқалиев сынды актерлермен біріге жасаған туындысы.
Қазақстанда алғаш рет аудиоқойылым көрерменге ұсынылды. Бізге таныс классикалық қойлымдарға қарағанда аудио формат ерекше болды. Қойылымға арқау болған театр актерлерінің ана жайлы шынайы оқиғалары. Мереке қарсаңы бұл тақырыпқа мотив болды.
“Қойылымда он түрлі кейіпкер бар. Он түрлі спектакль, он түрлі тағдыр, он түрлі махаббат, он түрлі сағыныш. Актерлерден сұхбат алу арқылы ойларын шынайы жеткізуі. Бұл жазылған пьеса емес, жүрекжарды әңгіме. Басқа қойылымдарға қарағанда көрерменге тез жетеді. Өйткені актердің өз сағынышы, жанайқайы, анаға деген махаббаты”, – деді актер Шағуан Үмбетқалиев.
Сахнада әр оқиға желісіне қарай реквизиттер қойылған. Көрермен «оқиға орына барып» естелік әңгімелерді тыңдайды, сезінеді. Алдыңыздағы тігін машинасы, патефон, кассета, жейде, шам, айна, шелпек сынды дүниелер құлаққаппен тыңдап отырған әңгімеңізді шынайы ете түседі.
“Ана ұғымының аясы кең ғой. Әр адамның ешкімге айта бермейтін сыры бар. Соның өзін әртіс жүрегінен шығарып бөліскені маған қатты ұнады. Еріксіз көз алдыңа жас келеді. Әрбір шаң басқан зат сол мезетке апарып, жүрегіңді дүр сілкіндіреді. Үнемі тың идея, жаңашылдықпен өзгешеленіп тұратын Мүсрепов театры тағы да сүйсіндірді”, – деді көрермен, жас театртанушы Жарық Айым.
Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді. Шағуан Үмбетқалиевтың айтуы бойынша көрермен аудиоформатты жақсы қабылдады. Алдағы уақытта да бұл бағытта жаңа туындылар жасау жоспарларында барын айтты.
“Жаңа көрермен қыз екі кейіпкердің әңгімесін тыңдады. Жылап келіп жаныма отырды. Мен көрейін деп телефонын қарамадым, көзім түсіп кетті. WhatsApp-тан «Анашым» деген номерді ашып хат жазып жатыр екен”, – деп актер қойылымды дайындағандағы мақсатына жеткенін қуана жеткізді.
Photo: Әшір Марлен
Ақпарат көзі: https://bugin.kz/18969-qazaqtildi-teatr-korermenge-alghash-ret-audioqoyylym-usyndy