Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

АСЫЛ АЗАМАТ — АЛТЫНБЕК

Есмұқан Обаев,
Қазақстан Республикасының халық әртісі
Шәкен ағаның репетициясы
Ұлы режиссер Шәкен Аймановтың жастар театрында «Жас Абай» спектаклін қоюы сахна өнерінің тарихындағы бір тамаша кезең болды.
Абай ролін сол кездегі жас актер, жалындап тұрған тума талант Алтынбек Кенжеков ойнады. Шәкен аға өзінің сүйікті шәкіртінің өнеріне риза болып, қуанған шақта: «Мен бұл пьесаны осы Алтынбек үшін таңдап алғам!» деуші еді.
Қайран, Шәкен аға… Ұлы таланттардың жаратылысы жұмбақ, табиғаты тосын болады емес пе. Ол кісінің бізге қалдырып кеткен құпиясы, тереңіне көз жетпейтін тұңғиық сыры көп әлі…
Соның бірін айтайын: Шәкен ағаның репетицияға кешікпей келетін кезі сирек болушы еді. Таңғы сағат онда басталатын репетицияға жиналған актерлар режиссер қашан келеді деп тағатсыздана күтіп отырады. Ал ол кісінің үйі театрға жап-жақын. Қазіргі Қабанбай көшесі (бұрынғы Калинин) мен Фурманов көшесінің қиылысында. Жолда бір танысы кездесіп, бөгеліп қалмаса, бес-ақ минутта жетеді.
Сағат тілі сыртылдап уақыттың зымырап өтіп бара жатқанын сездіреді. Есік жаққа жалтақтап қайта-қайта қараймыз. Бір кезде актерлар шыдамсызданып: «Шәкен аға кешікті ғой. Не болды екен, білсеңші» дегендей маған қарайды. Өйткені, мен оның ассистентімін.
Амал жоқ, телефонның құлағын бұрай­мын.
— Иә-ә, — деген Шәкен ағаның даусы естіледі ар жақтан.
— Сізді күтіп отырмыз, — деймін ақырын ғана.
— Әй-и, бара жатырмын!
Шамасы, өзі ұйқыдан жаңа тұрып жат­са керек. Себебі, мына дауыс жуынып-ша­йынып, таңғы асын ішіп, көшеге шы­ғайын деп тұрған кісінің даусына ұқса­майды.
Арада бір сағаттай уақыт өтеді. Ак­терлар енді тықыршып, арлы-берлі жүріп, қайта-қайта терезеден сыртқа үңіледі. Мен тағы да телефонның тұтқасына жарма­самын.
— Шәкен Кенжетаевич, қашан келесіз?
— Әй-и, жаңа айттым ғой! – дейді ол кісі құдды бір сахнада Отеллоның ролін ойнап тұрғандай саңқылдап. – Міне-е, театрға кіріп келе жатырмын!
Бірақ, өзінің әлі үйден шықпағаны білініп тұрады. «Уһ!» деп, трубканы орнына қоямын.
Содан, не керек, сағат тілі он екіден асқанда асықпай аяңдап келеді.
Сонсоң…  Репетицияны бірден бастап кете қоймайды. Бәрімізді жинап алып, әңгіме-дүкен құрады. Театрдағы болған қызықтарды, Кремль сахнасында «Асауға тұсауды» қалай қойғанын, ондағы образ­дарды қалай ашқанын, тағы да басқа оқи­ғаларды есіне алып, ара-арасында актер­ларды қыран-топан күлкіге батырып оты­рады. Әлгіндегі күбір-күбір сөз, шамдану, шыдамсыздық таныту секілді жәйттердің бәрі жайына қалып, актерлар труппасы жайлауға шыққандай жадырап, арқа-жарқа болып қалады.
Содан соң репетицияны бастаймыз. Ал кейде Шәкен ағаның әңгіме айтып бол­ғаннан кейін: «Ал, жарайды енді, бара беріңдер!» деп, бәрімізді таратып жібере салатын да әдеті бар.
Қызық. Талант табиғатын айтамын да… Бір-біріне мүлде ұқсамайды. Шәкен аға өз ойындағы дүние қашан пісіп-жетілгенше күтіп, сабыр сақтап, міне, енді бабына келді-ау деген кезде ғана ұсынатын өнердің кәнігі, тәжірибелі бағбаны болатын.

Ай-хай, Шәуілдірдің шілдесі-ай!

Міне, осы спектакльдегі басты рольді сомдаған актер Алтынбек Кенжеков екеу­міз түйдей құрдас едік. Дос едік.
Жаз айларында өзі туып-өскен өлкеге бір барып келмесе, жер-дүниеге сыймай кететін қызық әдеті бар-тұғын Алтын­бектің. Арыс өзеніне шомылып, Шәуіл­дірдің борпылдаған май топырағын жалаң аяқ басып, қара шаңырағында аунап-қунап, күш-қуат жинап қайтушы еді.
Жас кезімізде талай рет құшақтасып, жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Шілде айында Шәуілдірдің күні от шашып тұрады емес пе. Үп ете түскен самалдың өзі ып-ыстық леп боп лапылдап, беті-қолыңды үй­тіп жібере жаздайды. Тау бөктерінде өскен мен бұрын-соңды ондай алапат аптапты көрген емеспін. Содан да болар, ел-сел боп терлеп, жейдем арқама жабы­сып, быршып кетемін. Ал ол болса, аяқ киімін шешіп тастап, май топырақты жалаң аяқ басып, рақатқа батады.
Алтынбек көп балалы үйде өскен жігіт қой. Біз барғанда Күмісбек, Жарқынбек секілді тағы да басқа бектер алдымыздан тізіліп шығып келе жатады. Үйіндегілер өте ақ көңіл, нағыз жомарт жандар. Күн ара қорасында бір қой сойылып жатады. «Кө­ке-ау, мұны қайтесіз? Кеше ғана сойып ек қой,» десең, «Ойбай, бүгін кешкісін мына балалардың нағашылары келеді. Анау Бөріжар жақтағы жиендеріміз де осылай қарай барамыз деп жиналып жатқан көрін­еді», деп жымиып отырады.
Менің әкем жастайынан мал баққан кісі ғой. Бала күнімізде: «Әй, мынаның бір сирағын ұстап, зер сап қарап тұрыңдар. Үйреніп алғандарың өздеріңе жақсы. Ертең керек болады», деп, сойылып жатқан қой­дың тірсегін бізге ұстатып қоюшы еді. Есейе келе әбден көзіміз үйреніп, нағыз қасапшы болып алдық. Ол кісінің «кейін керек бо­лады» дегені де рас екен. Әсіресе, Шәуіл­дірге барған кезде менің бұл өнерім керемет іске асып кетті емес пе.
Өйткені, Алтынбек қой соя алмайды. Үй іші маған риза болып, қой соятын кезде: «Әй, біздің қасапшы бала қайда?» деп жүгіріп жүреді. Содан мен Алтын­бекке қарап: «Әй, ұста мынаның бір сира­ғын!» деп әзілдеймін де, жеңді түріп, білекті сыбанып тастап, кірісіп-ақ кетемін.
Тапшанның үстіндегі концерт
Шіркін, Шәуілдір көне Отырардың көмбесін күзетіп жатқан киелі жер емес пе. Екінің бірі өнерлі, сауықшыл болып келеді. Ондай жерден ұлттық өнер­дің тайқаза­нында қай­нап өскен талант­тардың көптеп шығуы, бір жағы­нан, заңды да.
Біздің Алтынбек те бала күнінен көзге түсіп, Алматыдағы А.Жұбанов атындағы музыка мектебінен бір-ақ шыққан сабаз. Домбыраның құлағында ойнайды. Нағыз виртуоз. Әнді де, күйді де нәшіне келтіріп орындайды.
Оның осындай музыкалық шеберлігіне тәнті болған Нұрғиса Тілендиев ағамыз бірде оған өзінің Америкаға алып барған кішкентай қызыл домбырасын сыйға тартқан еді. Қазір балаларының қолында болса керек. Ол домбыраның енді аса құнды, тарихи дүниеге айналғаны анық.
Иә сөйтіп, Шәуілдірге қайтып ора­лайық. Ол кезде машина дегенің ілуде бір кездеседі. Алтынбек екеуміз атқа мінгесіп, арбаға мініп, кей тұстарда жаяу жүріп Түркістанға — Әзірет Сұлтанның кесене­сіне барып қайтамыз. Өз басым, Мекеге барғандай керемет әсерге бөлен­генім рас. Ал әйгілі Арыстан баб кесенесі Шәуілдірдің шет жағында. Ол жаққа жолымыз жиі түседі.
Кешкілік есік алдындағы тапшанның үстінде отырып екеуміз кішігірім концерт қоямыз. Алтынбек домбыра тартады, мен ән айтамын. Кейде екеуміз қосылып шыр­қаймыз. Ол күй тартқанда, бүкіл жұрттың делебесі қозып кетеді. Тұс-тұстан: «Әйда, бас!», «Қалай-қалай жорғалатады-ей!», «Па, шіркін!» деген дауыстар жамырап естіліп жатады.
Күй аяқталған кезде «концертке» жиналған көрші-қолаң ду қол шапалақ­тап, ысқырып, мәз-мәйрам болады.
Еһ, шіркін, жастық шақ сонысымен қызық, сонысымен қымбат екен ғой!..
Масаханадағы мазасыз қонақ
Түн ортасында әлгі тапшанның үстіне үйдегілер жүп-жұқа дәкеден масахана құрып, бізге төсек салып береді. Біраздан соң пысылдап ұйықтап кетеміз. Менің жатысым, құрығыр, өте жайсыз. Ары-бері аунап, қол-аяғымды ербеңдетіп, таң атқан­ша масахананың быт-шытын шығарамын. Алтынбектің әбден мазасы қашады.
Азанда екі қолымен көзін уқалап, бұр­тиып отырып: «Ой, сенің бүйтіп ұйықта­ғаның бар болсын! Жан-жақтағының бәрін қиратып, масаға талатып өлтірдің ғой!» дейді.
«Е, қойшы-ей, ол маса мені де шаққан шығар!» деп мен бет-аузымды уқалап, өзімше ақталған боламын.
«Қайда-а-ан! Масаның өзі сенен қа­шып бас сауғалап, безіп кеткен жоқ па!» — дейді ол.
Сөйтеді де, менің жайсыз жатысымнан үрейі ұшып, безіп бара жатқан масаларды көз алдына елестеткендей тырқылдап, ішек-сілесі қатқанша күледі.
Ал енді, Алтынбек бір күлмесін деңіз, күл­се бар ғой, оны тоқтату мүмкін емес. Тоқпақтап ұрсаң да қоймайды.
Достардың кейде қалжыңдап, оны оты­рысқа шақырған кезде: «Әй, әлгі күлдіретін аккумляторыңды зарядтап алдың ба?» деп жататыны да содан еді.
Асауға тұсау
Тағы да сол Шәуілдірдегі бір ыстық сәт­тердің есіме түсіп отырғанын қара­ңызшы.
Бір күні азанда оянып, орнымнан тұрайын десем, аяғым қозғалмайды. Әдетте быт-шыт боп қирап жататын масахананың бүгін «мұрты» да қисаймапты. Ал қасым­дағы Алтынбек көрпенің астынан маған қарап тырқылдап күліп жатыр.
Сөйтсем, ол түнде мен ұйқтап жатқанда екі аяғымды арқанмен шандып, байлап қойған екен ғой. О, тоба, мұның да әдісін табуға болады екен-ау деп ойлауы мұң екен, енді өзімді де күлкі қыстай жөнеледі.
— Міне, нағыз «Асауға тұсау»! – дейді Алтынбек селкілдеп.
Бағананың түбіндегі ой
Көз алдыма жиі оралатын тағы бір көрініс – олардың үйінің алдындағы бір электр бағанасында кешке қарай сығы­райып шам жанып тұратын-ды. Алтынбек кейде сол бағананың түбіне барып, тұн­жырап отырушы еді.
Неге өйтеді? Қандай ойлар мазалайды? Білмеймін. Ары-бері күтіп, орнынан қоз­ғала қоймаған соң, қасына барып: «Неғып отырсың? Ұйықтамаймыз ба?» деймін. «Сен барып, жата бер. Мен роль жаттап отыр­мын»,  дейді ол мұңайып.
Алтынбектің де тіс жарып, жан адамға айтпаған сырлары көп еді…
Шәуілдірдің түнгі аспанында жұлдыз­дар жарқырап, көздерін қысып, жымыңдап тұрады. Айналасына әлсіз ғана жарық түсіретін бағанадағы шамның астында Алтынбек отырады ойланып…

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.
Жалғасы бар.

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/03/11/асыл-азамат-алтынбек/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Белгілі режисер 68 жасына қараған шағында дүниеден озды

admin

«ҚАРАГӨЗ» БАКУ ҚАЛАСЫНДА

admin

Талғамға сай тарту

admin