Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«ҚАПТАН ШЫҚҚАН ҚАРА ҚЫЗ» неге «СУПЕР СЕРКЕШКЕ» АЙНАЛДЫ?

Ғабит Мүсірепов атындағы Жас­өспірімдер мен балалар театры жақында белгілі ақын Баянғали Әлімжанның «Қаптан шыққан қара қыз» пьесасының желісінде «Супер Серкеш» атты спек­такльді қойды.

 Сахналаған режиссер – Жанат Хаджиев. Қойылымға көңілі толған көрермен де, көңілі толмағандар да бар. Ал бұған автордың өзі не дейді? Спектакльден соң көкейімізді маза­лаған көп сауалды Баянғали Әлімжанға қойған едік.

– Баянғали мырза, «Супер Серкеш» спектакліне көңіліңіз толды ма? Толса, қай жағынан?
– Екі күнгі премьераның қызу әсе­рімен көңілім көкке көтеріліп, фейс­буктағы парақшама: «Ғабең театрында менің «Қаптан шыққан қара қыз» атты комедиям «Супер Серкеш» деген атпен қойылды. Қырғын қызық болды, күткенімнен де асып түсті.
– Көмкерген күлкіменен көп парызды,
Қол соқты әртістерге достар ізгі.
Супер Жанат Хаджиев «Қара қызды»,
Жарқыратты сахнада от тәрізді.
Осындай өнерпаздар тұрған кезде,
ТЮЗ-дан асқан театр жоқ тәрізді
– деп жазып жібердім. Шыным осы! Режиссер Жанат Хаджиевтің шеберлігі мен артистердің жалынды ойыны сәтті үйлесіпті. Спектакльдің суретшісі де келіскен екен.
– Спектакль жылтыраққа әуес, жа­ғым­паздық дерттеген бүгінгі қоғамның келбетін көрсетуге тиіс еді. Бірақ қойы­лымнан ойлы шығарманы, жүрек ауыртар мұңды байқай алмадық. Керісінше, арзан күлкіге көбірек ауып кеткендей. Әлде, біз қателесеміз бе?
– Көрермендер қатарында отырған, жасы тоқсанды алқымдап қалса да, қарағайдай тіп-тік қазыналы қария Жақия Кәкішұлы (Тұрсынбек Кәкі­шевтің туған інісі) алғашқы сахналар­дан кейін-ақ, шалдың немересіндей қызға ұятсыз қылық көрсеткен сах­насында: «Мынау нағыз трагикомедия ғой!» – деп, дауыстап жіберді. Жаңа ғана мәз болып, күліп отырған ақсақалдың аузынан еріксіз шығып кеткен осы бір сөзі мен үшін аса жоғары бағадай сезілді.
Өз шығармамды өзім талдағаным жөн болмас, бірақ, сіз сұрақ қойғасын айтпасқа амал жоқ. Әуелде, көрермен бір көңілін көтеріп, рахаттанып күлетін жеп-жеңіл комедия жазғым келді. Өйт­кені сіз айтқандай астарлы, шыншыл, өткір дүниелерді қазір қазақ театрлары аса хош көре бермейді. Дұрысы, оларға да талап бар, сұрау бар. Ар жағын айтқызбай түсінерсің. Мәселен, он-он бес жыл «Қазақы сайлау» деген са­тиралық комедия жаздым. Еш театр қоймайтынын біле тұра, көркем пьеса ретінде жазып, кітабыма басып қойдым. Айтуым керек болды, қысқасы. Енді осы жолы ешкімнің басын ауырт­пай­тын, көрерменге өте қызықты бо­латын дүние жазбақшы болдым. Бірақ жаза келе көркем шығарма өз жолына түсіп алды да, талай дүниелер туып, талай қатпар қозғалып кетті. Ой дегенде, қай ойды айтайын? Әр образда, әр сахнада тұнып тұр ғой, көре білген, сүзіп ала білген адамға аз жүк емес. Қазыналы қарт болып, қақ төріңде отыратын атаң қап түбінде масқара боп жатқаны аз ба? Ауылға барып, сауна мен саунада сабындайтын сұлу сұрап отырғаны сізді ойландырмай ма? Ол жай шал емес, бастық шал! Қарамағындағы қызмет­керіне билігін бұлдап, бикешке жұмсап отырғаны ше? Немесе қалағанымды сатып аламын деген байбатшаның жо­лын бір шолып көріңіз. Сондай қорқау­лардың ортасында шырылдаған бейбақ қыздың тағдырын қайда қоясыз? Әуелде мәртебе көрген облыс аруы атағынан енді қашып құтыла алмай, өз махаббаты үшін арпалысқанын қайда қоясыз? Ал қазіргі Қозы-Көрпештері көшіп кеткен заманның Тазы – Серкешінің бір өзі неге тұрады? Оның адал махаббаты мен ақша жолындағы амал-айласының астары тіпті бөлек әңгіме ғой. Қызды алып қашып кел­генде, зар еңіреген бейбақты көндіруге бар амалдарын жұмсап, ата жолын, салт-дәстүрді алға тартып, маймаң қақ­қан апа мен жеңгенің, енді сол қыздан құтылу керек болған сәтте қолма-қол құбыла қалған «хамелеондығы» сіз айтып отырған «жылтыраққа әуес, жағымпаздық дерттеген бүгінгі қоғам келбетінің» көрінісі емей не? Қаптан шыққан қара қыздың гротескілік бей­несіне бір назар аударып көріңізші. Оның тағдырында да бүгінгі өмірдің ащы-тұщы жиынтық сәулесі көрініп тұрған жоқ па? Азуын айға білеген Айбатша Байбатшаевты, өзін қапқа салып әкелген алпауытты ақыры амалын тауып, қапқа тығып жібергені неге тұрады? «Мен қапқа Меңсұлу боп түсіп, қара қыз болып шықтым. Мені қара қыз қылған сендерсіңдер!» деп бүкіл ерлер қауымына, қоғамға қарата күйіне айтқан сөзінде аз нәрсе жатқан жоқ тәрізді. Тіпті мистер планеты, мен деген миллионерді мақтаумен миын майлап-майлап, маймыл қылып жүгіртіп қойғаны тіпті бөлек әңгіме.
– Рас, «Супер Серкештің» көтерген жүгі жеңіл емес. Алайда бұл спектакльден Леонид Гайдайдың «Кавхаз тұтқыны» кинокомедиясынан үзінді көргендей болдық. Вицин – Моргунов – Никулин үштігі спектакльге неге қажет болды?
– Комедияны жаза бастағанда, бұл жөнінде мүлдем ойлаған жоқ едім. Тоқетерін айтқанда, кейіннен осы қапқа салып қыз алып қашудың ұқсай­тынын байқадым. Бірақ ұқсастық осы ғана және ол сыртқы ұқсастық. Бүкіл ішкі мазмұны мүлде бөлек, қазақ өмірінен жинақталған дүние. Осы ұқсастықты тап басқан режиссер Жанат Хаджиев спектакльдің өн бойында әйгілі фильмнің белгілі сарындарын еске салып отырса, ол да өзінше бөлек, ерекше сахналық шешім деп қарау керек. Қызық, тартымды болып шық­қан. Ал артистердің де әйгілі үш тұлғаға ұқсатып ойнауы – тапқырлық дер едім. Ұқсатып тұр, бірақ, қайталау жоқ қой. Өйткені, біздің үш – кейіпкеріміз мүлде бөлек тұлғалар. Аттарына назар ауда­рыңыз – Доңғал, Аңғал, Саңғал. «Даусынан дүрбіт үркіп, жоңғар сасқан, торғауыт толқып, қалмақ қашқан дулығалы Доғалаң батырдың дойман тұқымы Доңғал палуан» мен асылдар­дың сынығы, тұлпарлардың тұяғы Аңғал, Саңғалдардың бүгінгі тірлігі, сиқы қандай деп бір ой жүгіртіп қойса­ңыз болады.
– Жалпы, сіз режиссер Жанат Хад­жиевтің шешімімен келісесіз бе?
– Ол кісі өте көп еңбектенген. Тіпті бұл шығармаға әуел назар аударып, осы театр сахнасына алып келген де, шы­ғарған да сол кісі. Менімен біраз пікір алмасып, пьесаға бірталай өзгерістер де енгіздік. Қазақ сахнасының тарлан­бо­зы өз атына лайық көркем дүние жаса­ған. Қалың көрерменнің рахаттана күліп, «күліп отырып, ойландық!» – деп алғы­сын білдіруі де тегін болмас. Спек­такльдің басындағы казиноның ойын алаңы, ілулі тұрған жүз долларлық банкноттың астынан ең соңында ата-бабаларымыздың суреті, домбыра мен бесік шығуы да тегін емес. Немесе адал махаббаты мен ақша, мансаптың арасында сенделіп қалған жігіттің арғы тағдыры не болады деген сауалға жауап іздеп көрсек те, біраз жерге барып қайтуға болады. Өзіңіз тарата беріңіз арғы ойды.
– О баста «Супер Серкеш» пьесасын жазуыңызға не себепкер болды?
– Өзіне өзі күле білген халық – күшті халық. Ол қиындықтарды да жеңе біледі. Халқым оқысын, көрсін, күлсін, ойлансын деген ниетпен осы шығарма жазылды. Мен оған жаным­ның бөлшегін, жүрегімнің нұрын, ақы­лымның қуатын бердім, ол тірі, жанды дүние. Сондықтан да, қара қыздың қаптан шығып, халықпен қауышқанына қуаныштымын!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС

Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/articles/show/31113-_aptan_shy_an_ara_yz_nege_super_serkeshke_ainaldy_

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театрымыздың актрисасы, Қазақстан Жастар Одағы “Серпер” сыйлығының лауреаты – Жанар Мақашева, Əзиз Бейшеналиевтің “ИГРА НА ВЫЛЕТ” фильмінде Аида рөлін сомдауда. Фильмнің тұсаукесері 24-қараша 7 арнадан көрсетілмек.

admin

Ғабит Мүсірепов атындағы театр Павлодарға гастрольдік сапармен келді

admin

“Театр майталмандары – буындар сабақтастығы”

admin