Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Жаңалықтар

«Алтын сақа» театрішілік жаңа қойылымдар фестиваліне шақырамыз!

«Алтын сақа» театрішілік жаңа қойылымдар фестиваліне шақырамыз!

Театр өнерінің шығармашылық тынысын кеңейтіп, жаңа қойылымдардың көркемдік деңгейін саралауға бағытталған дәстүрлі «Алтын сақа» театрішілік жаңа қойылымдар фестивалі биыл ерекше маңызға ие. Фестиваль театрдың 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет 2016 жылы бастау алған бұл театрішілік өнер додасы жыл сайын өз ауқымын кеңейтіп, 2017, 2018, 2019 жылдары табысты түрде жалғасын тапты. Әлемді жайлаған пандемия салдарынан уақытша үзіліске ұшыраған фестиваль 2023 жылы жаңаша форматта қайта жанданып, 2024, 2025 жылы театр сахнасында дарынымен талайды таңғалдырған талантты артистердің шығармашылық бәсекесіне айналды.

Биыл 7-ші мәрте ұйымдастырылып отырған ауқымды фестивальде 2025–2026 жылдары театр репертуарын толықтырған үздік 7 қойылым өзара бақ сынайды. Фестивальдің басты мақсаты – театр артистерінің шығармашылық әлеуетін арттыру, жаңа қойылымдардың көркемдік деңгейін саралау және театр өнеріндегі кәсіби бәсекелестікті дамыту. Фестиваль аясында сахналанатын қойылымдарға халықаралық деңгейдегі білікті театртанушылар мен өнер мамандары сараптама жасап, әділ бағасын береді.

Фестиваль сарапшылары:

Темур Рашидов – өнертану докторы, профессор, театр педагогы. Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтында актерлік шеберхананың көркемдік жетекшісі, ТМД елдерінің мәдениет пен өнер саласындағы білім беру жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшесі. Өзбекстан Республикасы.

Тигран Мартиросян – театртанушы, театр сыншысы, өнер қайраткері. Армения Театр қайраткерлері одағының хатшысы. Армения Республикасы.

Анар Еркебай – Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, «Театр сыншылары бірлестігінің» төрағасы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты. Қазақстан Республикасы.

Фестиваль 24–27 наурыз аралығында өтеді. Осы күндері театр сахнасында жеті түрлі жаңа қойылым көрермен назарына ұсынылады.

24 наурыз

11:00-де  фестивальдің салтанатты ашылуы және

«Күл бикеш» (Е. Шварц, реж.: А. Зайцев) ертегісі

18:30-да «Қорғансыз» қойылымы

(авт.: М. Әуезов, реж.: Д. Жұмабаева)

25 наурыз

14:00-де «Перзентхана» қойылымы

(авт.: Н. Сатпаева, реж.: Г. Пьянова)

18:30-да «Гамлет. Соңғы күндер» қойылымы

(авт.: У. Шекспир, реж.: Д. Жұмабаева)

26 наурыз

14:00-де «Шие бағы» қойылымы

(авт.: А. Чехов, реж.: Р. Махатаев)

18:30-да «Ревизор» қойылымы

(авт.: Н. Гоголь, реж.: Ф. Молдағали)

27 наурыз

14:00-де «Бәрі жақсы»

(авт.: О. Богаев, реж.: З. Ахмет-Қазы)

20:00-де  «Театр түні»

Бұл кеште көрермендер үшін арнайы шығармашылық бағдарлама ұйымдастырылып, театрдың сахна сыртындағы өмірімен танысу мүмкіндігі ұсынылады. Қонақтар шымылдық ашылғанға дейінгі театр атмосферасын сезініп, шығармашылық процестің қызықты сәттеріне куә бола алады.

Фестивальдің ресми жабылу салтанатында жеңімпаздар анықталып, театр өнерінің дамуына және театрдың қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғалардың атымен аталатын арнайы жүлделермен марапатталады.

Фестивальге қатысушы қойылымдарда елімізге белгілі сахна шеберлері өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының халық артисі Лидия Каден, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері және театр мен кино әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған танымал артистер Клара Белжанова, Камалия Байтілеуова, Бақытгүл Серікбаева, Елдар Отарбаев, Гүлбахрам Байбосынова, Динара Нұрболат, Дархан Сүлейменов, Аида Жантілеуова фестиваль аясында сахна төрінде өз шеберліктерін көрсетіп, көрермен назарына ұсынылған қойылымдарда бақ сынайды.Аталмыш фестивальдің алғашқы қонағы болып, ақпараттық қолдау көрсетуіңізді сұраймыз!

Театрдың баспасөз бөлімі
8702 518 38 70
Адина Абзал

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Аманат” концерт-спектаклінің премьерасы өтті

admin

Қасым Жәкібаев. «Тарих. Тағдыр. Тұлға»

admin

Данияр Базарқұловтың жаңа ролі

admin