Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Енелер мен келіндер» комедиясы сахналанды
Балнұр АХМЕТ
Ұлтымыздың рухани болмыс-бітімінен бастау алатын салт-дәстүріміздің, төл мәдениетіміздің, ұлттық құндылықтарымыздың адам өміріндегі рухани маңыздылығын көрсететін бұл қойылым Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Роза Әшірбекованың 80 жылдық мерейтойына және сахнадағы шығармашылығының 60 жылдығына арналды. Бір отбасының күнделікті күйбең тіршілігінің көрінісі арқылы бүгінгі енелер мен келіндердің кейпін көрсетіп, көрерменді күлкіге кенелткен қойылым жиналған жұртшылықты қазіргі қоғам өміріне үңілдіргені анық. 72 жылдық тарихы бар театр сахнасындағы спектакль сан ғасырлардан бері сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміз тағылымды тәрбие көзі әрі қазақ жанының ажырамас бір бөлшегі болып қала беретінін айқын аңғартты. Комедиядағы бір әулеттің анасының бейнесін (Риза) Роза Әшірбекова сомдаса, келінінің кейпін (Айнагүл) Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева кескіндеді. Сондай-ақ, спектакльдегі басты рөлдерде Қуаныш Тұрдалин (Тұрсынбай), Аида Жантілеуова (Нұржайна), Ерден Жақсыбек (Алмат), Динара Нұрболат (Ақмарал), Дарxан Манақов (күйеу бала) Ербол Идрисов (шал) ойнады.
Ата-бабалардың салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген киіз туырлықты қазақ халқында салт-дәстүр мен әдет-ғұрып тұрмыс-тіршілігінің тірегі, әрі алтын діңгегі болып табылады. Тамыры терең тарихтың тұңғиығына зер салдыратын салт-дәстүрлеріміз қазақ халқының өмірінің, болмыс-бітімінің, тұрмыс-салтының айнасы іспетті. Жаңа дәуірдегі жаңғыруымыздың негізі, руханиятымыздың өзегі – төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан тамыр жаяды, бастау алады. Жас ұрпақ тарихи тамырымыз – ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, ана сүтімен жанымызға, қанымызға сіңген салтымызды жаңаша жаңғыртып, бүгінгі өмірімізбен сабақтастыру арқылы ұштастыра білгені абзал. Ұлт тағдыры ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Еліміздің ертеңін жалғайтын, келешегіміздің кірпішін қалайтын ұрпақ тәрбиесі отбасындағы ажарына ақылы сай келіндерге қатысты екені анық.
«Келін жолы – үлкен жол» деген халық даналығынан дүниеде адамзат баласының ұрпағын жалғастыратын нәзік жандардың өмірдегі орны ерекше екені айқын аңғарылады. Жазушы Әзілхан Нұршайықов «Мәңгілік махаббат жыры» атты кітабында «Өз балаларыңа ұрыссаң да, келіндеріңе ұрыспа. Келін – ұрпағыңның анасы ғой» деп отбасындағы келіндерге құрметпен қарау қажеттігі туралы ақыл-кеңесін айтады. Келін – келешек ана. Ал ана – отбасының ұйытқысы әрі темірқазығы. Ойлап қарасақ, келін бір ғана әулеттің ұрпағын жалғастыратын ана ғана емес, ол – болашақта қоғамның қозғаушы күшіне айналатын жастарды дүниеге әкелетін ұлт ұрпағының анасы болып табылады. Сондықтан ұлт тағдыры мен ұрпақ тәрбиесі мәселесі бүгінгі әрбір қазақ отбасындағы келіндерге тікелей байланысты екенін ешқашан ұмытпағанымыз абзал.
Көрерменге енелер мен келіндер туралы сыр шертетін бұл комедияны жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев өнерге өмірін арнаған сахна саңлағы Роза Әшірбековаға арнайы жазғандығын айтып, комедия тарихына тоқталды.
– Бүгінгі қазақ театры өнеріндегі жарық жұлдыздардың бірі – Роза Әшірбековамен 80-жылдардың ортасынан бастап, ұзақ жыл бірге жұмыс істедім. Ол осы өнер ордасында актриса болды. Мен театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Шығармашылығымдағы пьесалардың бірнешеуін театр актрисаларына арнап жаздым. Атап айтсақ, Лидия Кәденоваға арналған «Ең әдемі келіншек» драмасы осы театрда сахналанды. Ал Фарида Шәріповаға арналған «Ғашықсыз ғасыр» драмасы М.Әуезов театрында қойылды. «Ғашықсыз ғасырдың» жазылуында Роза Әшірбекованың тікелей әсері болды. Осыдан 20 жыл бұрын Дүние жүзі қазақтары қауымдастығында жұмыс істеп жүрген кезімде бір күні кеңсеге Роза Әшірбекова мен Фарида Шәріпова кіріп келді. Біз біраз әңгімелесіп отырдық. Фарида Шәріпованың 60 жылдық мерейтойына арналған пьеса жазу керек екен. Екі актриса сахнада бірге өнер көрсеткісі келетін ниетін білдірді. Фарида Шәріповаға арналған «Ғашықсыз ғасыр» спектаклі М.Әуезов театрында сахналанғандықтан, Роза Әшірбекова ол қойылымға қатыса алмады. Сол кезде «мен сізге арнап пьеса жазамын» деген уәде менің мойнымда қарыз болып қалған еді. Әр түрлі себептермен уәдемді орындай алмай жүргенімде биыл Ғ.Мүсірепов атындағы театр басшысы Сәбит Әбдіқалықов пен театрдың көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек Роза Әшірбековаға арнап пьеса жазсаңыз деген өтініш айтты. Бұл комедияның қысқаша тарихы, міне, осындай. Бүгінгі таңда келіндер мәселесін көбінесе сатиралық жанрда көрсетеді. Ал негізі, келіндер қазақ халқының болашағында үлкен рөл атқарады. Жаңа ұрпақты дүниеге әкелетін біздің осы келіндеріміз ғой. Қазақ халқының болашағы, ұлт ретінде өсіп-өркендеуі келіндерге тікелей байланысты. Бізде мақтан тұтатын жақсы келіндер бар. Біз түскен үйінің түтінін түзу шығару үшін күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген көркем мінезді келіндерімізді көрсетуіміз керек. Қойылымға өнерсүйер қауым өз бағасын беріп жатар, – дейді Сұлтанәлі Балғабаев.
Өнер жолында Роза Әшірбековадан өшпес өнеге алып жүрген Айгүл Иманбаева біраз жылдан бері сахнада оның келінін сомдап жүргенін айтты.
– Бұл қасиетті қарашаңырақта жұмыс істеп жүргеніме 21 жыл болды. Осы театр сахнасында Роза апаймен 15 жылдай әріптес-серіктес болдым. Ойлап қарасам, сахнада көбінесе Роза апайдың келінінің рөлінде ойнайды екенмін. Оралхан Бөкейдің «Атаукере» спектаклінде ол кісінің келінін ойнаған едім. Бұл қойылымда да оның келінінің бейнесін сомдадым. Театр репертуарының қоржынын толықтырған бұл қойылым сахнада ұзақ жылдар жүреді деген үміттеміз.
Сұлтанәлі Балғабаевтың шығармашылығын қатты құрметтеймін. Оның жазған туындылары қазақ театрларының сахнасында үлкен сұранысқа ие. Бұл шығарма Роза апай екеумізге арнайы жазылған дүние. Сұлтанәлі аға актердің шеберлігіне байланысты кейіпкер кескінін көре отырып шығарма жазамын деп өзі жиі айтады. Осы жолы да солай жазылған болу керек. Сахнаға шыққаннан Роза апай екеуміздің серіктестігіміз бірден үйлесім тауып, бір-бірімізге қабысып кеттік. Негізі, сахнадағы серіктестікте бір-бірін үнсіз түсіну, қанат бітіру деген өте жақсы. Жалпы, өнерде де, өмірде де Роза апайдан үйренетініміз көп. Киелі сахнамызда өнердің биік белестерін бағындырған міне осындай театр тарландарының көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған мен бақытты жанмын. Театрдағы талантты тұлғалардың өнердегі ізін жалғап келе жатқан Роза апамыз 80-ге толып отыр. 80-ге толды деп айтпайсың «біздің қызды». Роза апамызды «Біздің қыз» деп еркелетіп қоямыз. Сахнада секіріп, билеп, өнер көрсетіп жүрген оған Құдай күш-қуат берсін деп тілеймін. Өнер жолында өзінің дара ізін салған оның ғұмыры ұзақ, дені сау болсын. Соңынан ерген жастарға жол көрсетіп жүрген апамызға тек денсаулық, бақыт, шығармашылық табыс тілейміз. Роза Әшірбекованың өнегеге толы өнердегі жолы біз үшін тәлім-тәрбие алатын үлкен мектеп, – дейді актриса Айгүл Иманбаева.
«Енелер мен келіндер» қойылымынан кейін театр сахнасында мерейтой иесін салтанатты құттықтау рәсімі болды. Сахна төрінде 60 жыл бойы көрермендерді өз өнерімен тамсандырып келе жатқан сахна саңлағының көңілі қуанышқа, құшағы гүлге толды. Мерейлі жиында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылы лебіздерге толы Құттықтау хатын табыстады.
«Құрметті Роза Әшірбекқызы! Мәртебелі мерейтойыңыз құтты болсын! Халқымыз Сізді театр өнерінің хас шебері, үлкен дарын иесі ретінде жақсы біледі әрі қадірлейді. Табиғат берген қабілетіңізді шығармашылық ізденіспен ұштастыра біліп, өмірде биік белестерге қол жеткіздіңіз. Сіз Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 60 жыл үздіксіз қызмет етіп, көрермен қауымның шынайы құрметі мен қошеметіне бөлендіңіз. Өнер жолыңыздың бастау шағында Сіз сомдаған Тоғжан, Ботагөз, Мәншүк пен Ақбөпе бейнелері қазақ қыздарының жарқын үлгісі болды. Сонымен қатар, шет ел классикасынан қойылған спектакльдердегі «Гертруда патшайым», «Аркадина», «Клеопатра Львовна Мамаева» секілді кейіпкерлерді қазақ театры сахнасына алғаш рет шығарған әртіс ретіндегі еңбегіңіз көрермен жадында қалатыны сөзсіз. Ал бүгінгі таңда қазақтың өнегелі, ұлағаты мол аналары мен әжелерінің рөлін тамаша бейнелеп келесіз. Көп жылғы қажырлы қызметіңіз мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағына ие болдыңыз, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталдыңыз. Деніңіз сау болып, еселі еңбегіңіз бен зор абырой-беделіңіздің жемісін ұзағынан көре беріңіз. Сізге зор денсаулық, амандық пен игіліктер тілеймін» деп жазған Елбасы өзінің Құттықтау хатында.
Сондай-ақ, салтанатты рәсімде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстан театр ассоциациясының Президенті Асанәлі Әшімұлы, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин, Алмалы ауданының әкімі Ж.Естенов, Медеу ауданының әкімі Е.Жылқыбаев мерейтой иесіне ақ ниетке толы Құттықтау хаттарын жолдады.
Жиналған жұртшылықпен қуанышын бөліскен мерейтой иесі сахнадағы сұлулығының сыры өнерге деген шексіз сүйіспеншілігінде екенін атап өтті.
– Театр – адамның жан-сарайын көрсететін, көңіл терезесіне үңілдіретін, тарихпен тілдестіретін руханият ордасы. Киелі өнер әлемі адамның жан-дүниесін күнделікті күйбең тіршіліктің тозаңынан тазартады, көңілдің кірін кетіреді. Адамның жан-сарайын нұрландыратын театр – өмірдің айнасы. «Біздің өмірімізде театр бос думан емес, тіршіліктің ісі, қоғамның өсуіне көмектесетін өнер, жаңа өмірдің насихатшысы» деп К.Станиславский театр өнерінің адам өміріндегі рухани маңыздығын атап өткен. Өнер – киелі әлем. Әлі күнге дейін сахнаға шығар алдында жан-дүниеміз теңіздей толқиды, іштей қатты қобалжимыз, уайымдаймыз. Ал сахнаға шыққанда дүниенің бәрін ұмытып кетесің, кескіндеген кейіпкеріңе айналып кетесің. Кейіпкер келбетінің кілтін тауып, бейнесін, жан-дүниесін жарқыратып көрерменге көрсетудің әр түрлі әдіс-тәсілін үнемі үздіксіз ойлап жүресің. Себебі, сахнадағы саған сеніп тапсырылған кез-келген рөлдің өз жүгі бар, жауапкершілігі бар. Қай жерге барсаң да, кейіпкер бейнесін сомдаудағы саған жүктелген жауапкершіліктің салмағын сезініп жүресің. Тіпті, түннің бір уағында оянып кетіп, осы жердің қисынын қалай келтірсем екен деп теңіздей терең ойға батып кететін кездерім көп болған. Осы қасиетті қара шаңырақтың кірпішін қалап кеткен театр тарландарымен сахнада серіктес болғаныма бақыттымын. Өнердегі солардың салып кеткен сара жолымен жүріп келемін. Қазіргі таңдағы менің ұжымым ұйымшыл, тату-тәтті тұратын алтын ұжым. Өнер киелі дүние ғой. Өнерге келген адамның ішкі жан сарайы таза болу керек. Өнерді жан-дүниесімен шексіз сүйген, өнерге шын берілген адам ғана сахнаның тылсым сырын сезіне алады. Жалпы, әртістің сахнадағы сұлулығының сыры өнерге деген өлшеусіз сүйіспеншілігінде болса керек. Сүйіспеншілігі ғана қанат бітіріп, әртісті өнердің өріне жүздіре алады. Өнерге деген сүйіспеншілігінің арқасында оның қанаты талмайды, өнер әлемінің биігіне самғайды, – дейді өнерсіз өмірін елестете алмайтын сахна саңлағы Роза Әшірбекова.
Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/aktrisa-a-arnau/