Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«ADAM-ZAT» – өзіңді тану жолы

«Білінбейтін көрер көзге ағы менен қарасы,

Қандай қиын дүниеде адамдардың арасы…»
Е.ЖАҚЫПБЕК

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры тағы бір қойылымның тұсауын кесті. Ол украиналық Мария Ладоның «Очень простая история» пьесасына негізделген. Аударған – Құжырғали Төлеуішов, қоюшы режиссері – Данияр Базарқұлов, қоюшы суретші – Тамри Охикян (Грузия). Екі күн қатарынан көрермен назарына ұсынылған қойылымда екі актерлік құрам бар. Біріншісінде: Асылхан Төлепов, Гүлбаһрам Байбосынова, Сәния Ерзат, Динара Нұрболат, Лиза Серікова, Сәкен Рақышев, Райхан Қалиолдина ойнайды. Біз екінші құрамның ойынына тап келіппіз. Тұсаукесер театр алдындағы шағын көріністен басталды. Кейін ішке ендік.

«Adam-zat» деп аталатын туындыда адам мен жануардың арасындағы айырмашылық, таңдау құқығы, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, аборт мәселесі көрсетіледі. Бұл – өмір, өлім, Құдай, күнә туралы қойылым. Автор аллегория тәсілін шебер қолданған: жануарлар адам сияқты сөйлейді, ойлайды және адамдардың іс-әрекетіне баға бере алады.
Оқиға мал қорада өрбиді. Мектепті енді тамамдағалы отырған Дана ­(Зухра Сайпи) мен Аңсардың (Асылхан Төлепов) кездесу орны – осы жер. Олардың махаббат хикаясына «жасарын жасап, асарын асаған», әбден шаршаған, кәрі бие (Нұргүл Мыңғатова), ойнақтаған, айналасын енді танып-біліп келе жатқан қошақан (Арайлым Мырзахан), буаз сиыр (Ақбота Рахат), әтеш (Әли Марат) пен күшік (Ербол Ыдырысов) куә. Бірақ әдеттегідей қос ғашықтың махаббатына қарсы адамдар бар. Олар – қыздың ата-анасы (Руслан Ахметов пен Раушан Байзақова). Қора да осы кісілердікі. Ал Аңсар – жартылай жетім. Әкесі (Ұлан Болатбек) әйелі қайтыс болғалы бері ішкілікке салынып кеткен. Екі әке бала кезінен бірге өссе де, есейгенде көрші отырса да, балаларының қосылуына әлеуметтік теңсіздік кедергі. Қыздың әкесі «теледидар көріп отырғанда жаңалықтардан айтылған жамандықтың бәріне, тіпті тамақтың қымбаттап кеткеніне де» Аңсардың әкесі сияқтыларды кінәлайды. Қызының аяғы ауыр екенін естігенде де «Сенің тұқымыңды көбейттірмеймін. Аборт жасатамыз» дегені де – сол. Ал адам солай деп құрсақтағы сәбидің өміріне үкім шығарып тұрғанда оған тек қорадағы жануарлар мен алқаш әке ғана қарсы шығады…
Жануарлардың образынан адамдарға тән барлық қасиеттерді көруге болады. Өзара қарым-қатынасы, сезімдері, жақсылықтан үміттену, жамандыққа қарсы тұру. Бие – өмірдің барлық ащы-тұщысын көрген еңбекқор, күшік – адал дос, қошақан – ол кіршіксіз сезім мен ақ-адал арман, әтеш – радиодан естіген барлық жаңалықтарды жеткізуші. Қорадағыларға демократияның не екенін үйреткен де сол. «Қожайын жақсы адам. Бірақ олар радионы неге өшіріп тастады? Радио деген халықтың көзі мен сөзі емес пе? Бізге демократия қажет!» дейді ол бір сөзінде. Одан осындай жаңа сөздер естігенде қошақанның қоятын сұрақтары көрерменді де ойландырады: «Демократия деген не?», «Ақша деген не?», «Индивид деген не?», «Аборт деген не?»… Көріп отырып, осы сұрақтарға жауап іздейсің. Құндылықтарыңды қарастырасың… Жалпы аталған пьесада философия басым. Көрерменді ақиқат жолына, адалдық һәм адамдыққа шақырады.

 

 

 

 

 

Қойылым бастан-аяқ бір ғана декорацияда өткенімен, жалықтырмайды. Сахнаның дәл ортасында – бір шөмеле шөп. Оның алдында – жануарлар. Шөптің екі шетінде – екі көрші. «Аспанда» – «Құдайдың қолы». Жануар­лар мен адамдар ақиқатты іздегенде, іштей таусылғанда Құдайға қол созады… Осы ретте Грузиядан келген қоюшы-суретші Тамри Охикянның еңбегі ересен, тапқырлығы да. Жануарлардың киімі, гримі де назар аударарлық. ­Актерлер жартылай адам, жартылай ­жануар кейпінде бейнеленген. Тамридің еңбегімен бұған дейін Әуезов атындағы театрдың «Сүйікті менің ағатайым» қойылымында танысқан болатынбыз. Онда да еңбегі назар аудартқан. «Тамри Охикянмен жұмыс істеген өте ыңғайлы, себебі ол – таза шығармашылықтың адамы. Дайындық барысында тек қоюшы-суретші ретінде ғана шектеліп қалмай, ой қосып, көзқарасын да білдіріп отырды» дейді режиссер ­Данияр Базарқұлов.
«Adam-zat» – Даниярдың қоюындағы бірінші туынды емес. Бұған дейін М.Горькийдің «Шыңырауын», «Аманат» концерт-спектаклін қойған болатын. «Шыңырау» Balausa халықаралық экспериментальді спектакльдер фестивалінде Гран-при жүлдесін алған. Жалпы Д.Базарқұловтың ­туындылары – эксперименттік бағытта. Осы ретте оның Мүсірепов театрының ішінде құрылған «EGO» театр лабораториясы бар екенін де еске салайық. Одан таптаурын кейіпкерлерді, көрерменге ақыл үйрететін данышпандарды көрмейсіз. Қойылымдарында қолтаңбасы менмұндалап тұрса да, түпнұсқадан қатты алшақ кетпейді. Осы жолы да әдеби нұсқаға аздаған өзгеріс енгізген режиссер бір кейіпкерді ауыстырғанымен, оқиға желісін сақтап қалған. «Пьесаны өзім таңдадым. Өйткені мұнда қазіргі қоғамдағы проблема қозғалады, түсік тастау жайында болған соң біраз адамдарға ой салсын деген ниетпен алдым. Актерлерді де бейіміне, ішкі жан дүниелеріне қарап өзім таңдадым» дейді ол.
Иә, қойылымдағы басты жетістіктің бірі – актерлік құрамның біртұтастығы десе де болады. Ақбота Рахат, ­Руслан Ахметов, Нұрүл Мыңғатова, Ұлан Болатбектердің жасаған сан түрлі образдарын театр сахнасынан сан мәрте көргенбіз. Бәрі бірдей өнер көрсететін «Фатима» қойылымындағы рөлдері қандай! Ал Асылхан Төлепов тек «Райымбек! Райымбек!», «Махаббат по расчету» қойылымдарымен есімізде қалыпты. Енді оған «Adam-zat» қосылды. Айтпақшы, Асылхан бұл қойылымда екі бірдей рөлді ойнайды. Бірінші құрамда күшікті сомдаған болатын. Дананың образын сомдаған Зухра Сайпидің бұл дебюті екен. Соған қарамастан жас актриса көрерменін сендіре алды. «Қойылымға екі ай дайындалдық. Данияр аға көп көмектесті. Дананы барынша шынайы алып шығуға тырыстым. Рөлімді зерттедім. Көрермен жақсы қабылдап жатыр» деді ол тұсаукесерден кейін. Иә, көрерменнің ықыласы ерекше болды. Қойылым барысында көзіне жас алды, тебіренді, күлді, ойланды. Соңында тік тұрып, ұзақ қошемет көрсетті. Шымылдық жабылысымен көрермендермен тілдескіміз келді. Алған әсерін, пікірін білу үшін.


«Ғ.Мүсірепов театрының әрбір премьерасын асыға күтемін. Бұл жолы жаңа қойылым ерекше болды. Мазмұны жа­ғынан да, жарнама жағынан да, ұйымдастыру жағынан да. Актерлік құрам сәтті таңдалған. «Adam-zat» қоғамдағы көптеген мәселелерді көтерген. Меніңше екі сағаттық қойылымға осынша дүние сыйдыра білу – режиссер Данияр Базар­құловтың шеберлігі. Қойылым эмоцияға толы. Адамның ішкі сезімдерін қозғайды. Көріп отырып кей кейіпкердің бойынан өзіңді көргендей боласың. Режиссер дәл қазіргі уақытта қоғамда өзекті болып отырған мәселелерді қамтығандықтан, ынтыға тамашаладық. «Adam-zat»-ты адамдар бүгінгі қоғамға сырт көзбен қарап, өзін тануы үшін көруі керек деп ойлаймын» деді Дана Маратова есімді көрермен.
Ал Айзада Жайықова қойылымды мұншалықты әсерлі болады деп ойламаған. «Арасында әтештің кейбір сөздерін түсінбей қалғаным болмаса, қойылым өте қатты әсер етті. Екіұдай сезімде тұрмын» деді ол.
Көрермендер арасында осы театрдың ұжымынан басқа, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының проректоры Сәкен Майғазиев, Әуезов театрының актерлері Еркебұлан ­Дайыров, Асан Мәжит және бірқатар танымал өнер майталмандары болды. Солардың бірі театр режиссері Мұрат Ахмановтың пікірін сұрадық.
«Қойылым жаңа бағытта, жаңа шешіммен қойылған. Мұнда сөзден бұрын, әрекет көп нәрсені ұғындырады. Мизансценалары, көркемдік шешімі ерекше. Режиссер мен қоюшы-сурет­шінің тіл табысқаны көрініп тұр. Өзекті тақырыпты көтерген. Жаратылыста Алла тағала барлық жан-жануарға, жәндіктерге дейін өзінің атқаратын функциясын табыстап қойған. Олар сол міндетін толықтай адал атқарады. Ал адам ондай емес, орта жолда адасып, сан түрлі соқпаққа түскіш. Режиссер осыны көрсету арқылы адамзатты ойлануға шақырып отыр. Аборт жасату, Алланың пәрменімен жаратылған дүниенің өміріне араласу… Мұндай жағдай біздің қоғамда жиі орын алып жатады. Қу дүниенің қызылына қызығып, баланы салмақ көріп, тастап кетіп жатқандарын естиміз. Ата-бабамыз «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген. Сол сияқты әр жаратылыстың өз орны бар. Соны көркемдік деңгейде айта білді. Қойылымды екі күн қатарынан, екі құрамның ойынында көрдім. Алдындағы құрамда қобалжу басым болды ма, ­дауыстары дұрыс естілмей, сөздері түсініксіз шығып жатты. Бүгін анықтау естілді. Әлде, екінші рет көргендіктен бе, актерлердің тілі таза болды ма… Кеше қойылымды Даниярдың ұстазы Асхат Маемиров келіп көріп кетті. Фестивальге апаратын дүние деп отыр. Ақ жол тілейміз» деп ақжарма тілегін білдірді ол. Біз де тілектеспіз. Осындай ой салатын, өзіңе сырт көзбен қарауға үйрететін соны туындылардың сахнада болғаны қуантады.

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Ақпарат көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=53118

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Кездесуге қатысып, өздерінің қызықты сұрақтарымен кешіміздің көркін келтірген барша көрермендерге шексіз ризашылығымызды білдіреміз!

admin

СТУДЕНТТЕР КҮНІН АТАП ӨТТІ

admin

Ғ. Мүсірепов театры Қазақстандық олимпиада құрамасына сәттілік тіледі

admin