Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

«АДАМ-ЗАТ» – ӨМІР ЖАЙЛЫ ТОЛҒАНЫС

Театр қоржыны жаңа қойылыммен толықса, бұл ұжымның кәсіби жағынан толысқанын білдіреді. Репертуарын жаңартып, көрерменге қажетті дүниені ұсына білу де үлкен еңбек. Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры жаңа қойылымның тұсауын кеседі дегенді естіп, біз де тамашалауға асықтық. Бұл жолы өнер ұжымы әлемдік әдебиеттің жауһарын сахналауды жөн көріпті.

Белгілі украин драматургы Мария Ладоның «Очень простая история» атты тырнақалды шығармасын әлем­дік жауһар деп айту артық па, жоқ па, білмеймін, бірақ бұған дейін Ресей, АҚШ және ТМД, Еуроодақ елдерінде, дәлірегінде әлемнің 36 мемлекетінің театрында жоғары деңгейде сахналанған пьеса өз бағасын алып үлгерген. Енді міне, бұл пьесаның желісі бойынша әзірленген «Адам-Зат»  спектаклі қазақ театрының репертуарына еніп отыр. Пьесаны қазақ тіліне тәржімалаған – Құжырғали Төлеуішов, қоюшы режиссері – Данияр Базарқұлов, қоюшы суретші – Тамара Охикян (Грузия).

Қойылым әдеттегі көріп жүрген спектакльдерден мүлде өзгеше бас-талды. Адамзат, қоршаған орта, пендешілік, тағы басқа тұла бойымызды күн сайын шырмап алатын жайттарды көз алдыңызға әкеле отырып, сан алуан сұраққа жауап іздеуге шақырады. Бұл кәдімгі бұйығы жатқан ауылдағы екі отбасының басындағы күйбең тіршілік. Бақуатты тұратын қожайын мен оның қорасындағы үй жануарларының айтыс-тартысы. Бірде қожайынның қызы сіңірі шыққан әрі ішімдікке әуес көршінің ұлынан екіқабат болып қалады. Оны естіген әкесі қалаға барып, жасанды түсік жасатуға мәжбүрлейді. Алайда, оған қорадағы әтеш, қошақан, ит, жылқы араласып, қызды бұл қылмыстан арашалап қалуға тырысады. Үй жануарларының адаммен тіл табысып, айналаны өзінше танып, өзінше пікір қалыптастыруы спектакльдің ерекше құбылысы деуге болады. Адам баласының өмірінде орын алып жатқан оқиғаларды сырттай таразылап, бір-біріне деген зұлымдық қарым-қатынасына куә болған үй жануарлары ақыл мен сана берген бізге қарағанда әділетті дерсің. Әрқайсысының өз пайымы бар. Олар да адам баласының бойындағы қасиеттерге ие болып, солар сияқты сезінгісі келеді. Кейде қанат жалғап, алысқа ұшқанды армандайды. Бір сәт ауқымды мәселе жөнінде пікір алмасып, кейбір түйткілге бас қатырады. Жасанды түсік деген не? Кішкентай нәрестені өлтіру нағыз қылмыс емес пе? Қойылымның шымылдығы жабылғанша ойыңыздан «Неге?» деген сұрақ кетпейді. Осы сынды адамның қолы барып жатқан түрлі әрекеттің себебі мен салдарын іздеуге талпынады. Тіпті, олар адамдар үшін өлуге дайын екенін айтып бәйек. Бірақ сәт сайын жауыздық әрекетке баратын адам үшін өзін құрбандыққа шалудың қажеті бар ма? Түптің түбінде, адамға жаны ашып, құрақ ұшып жүрген қошақан да қожайынының жарқ-жұрқ еткен пышағының жүзіне ілігеді. Бұдан кейінгі көрініс нағыз ой саларлық. О дүниеге барған қошақан өзі армандағандай періште кейпінде оралып, онда жұмақ пен тозақтың болатынын және жұмаққа жақсылық жасап жарысқан жандар ғана келетінін айтады. Шындығында, періштені тек бала мен жануарлар ғана көре алады. Бір қызығы, қойылымда үй жануарларының әңгімесі Аңсардың әкесіне ғана естіледі. Әйелі өмірден өткен соң, жалғыздықтан құса боп, ішіп кеткен ол нәрестенің өмірге келуін құп көріп, жасанды түсік жасатуға қарсы болады. Өмірге сәби келу үшін бір адам о дүниелік болуы керек деген пәлсапа бар. Осыны сана-сезімімен түйсінген әке болашақ немересінің жарық дүние есігін ашуы үшін өзін құрбан етуі біраз сұраққа жауап бергендей. Махаббат, адамгершілік, сенім, өмір мен өлім туралы толғаныс. Адамның басы – Алланың «добы». Қайда апарса сонда қаласың. Бәрі де бір Алланың құдыретіндегі шаруа. Пенденің өмірі пендеге ғана тәуелді емес. Кім-кімді де орнына қоятын, тәубесіне келтіретін Алланың өзі.

Қойылым режиссері Данияр Базарқұловтың айтуынша, спектакльдің түпкі идеясы – түсік жасатуға қарсылық. «Қойылымның ерекшелігі – формасында. Эмоция шектелген, ойға құрылған. Адам қандай жағдайға тап болып, шарасыз, дәрменсіз күй кешсе де, ешқашан тіршілік иесін өлтіруге құқы жоқ. Себебі Алла құрсаққа нәресте бітірсе, ол періште дүниеге келуі керек. Сондай-ақ, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас та сөз болады. Өкініштісі, қазір біз бір-бірімізді тыңдамаймыз, естімейміз. Кез келген түйткілді ақылға салып, шешуге болатыны жайында, әр адамның таңдау еркі өз қолында екенін біле бермейміз. Міне, көрермен қойылым астарынан осыны аңғарады», – дейді режиссер.

Бұл премьераға үлкен дайындықпен келген театр ұжымы қойылымның ғұмыры ұзақ болатынына сенімді. Театр директоры Азамат Сатыбалды: «Премьера – іңгәлап дүние келген нәресте іспеттес. Оның үстіне бұл осы ұжымға басшылыққа келгендегі алғашқы дебютім. Тоғыз ай толғағы жеткен дүниені қоюдың алдында да көп ойландық. «Көрермен жаңа стиль, жаңа бағыттағы спектакльді қалай қабылдайды?» деп қобалжыдық. Бірақ бүгінгі көрермен қырағы, көзі ашық. Ең бастысы, көркемдік деңгейі жоғары, сапалы дүние ұсынсаң, бәрі де түсінеді» деген пікірін білдірді.

Динара Мыңжасарқызы

Ақпарат көзі:  https://turkystan.kz/article/81954-adam-zat-mir-zhajly-tol-anys 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алматыда “Аманат” концерт-спектаклінің премьерасы өтеді

admin

Рутковскаяның құрметіне арналды

admin

«БОЛМАҒАН БАЛАЛЫҚ ШАҚ» спектаклінің ПРЕМЬЕРАСЫ

admin