Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
  • Басты бет
  • БАҚ жаңалықтары
  • Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Әрі қарай оқу: https://sputniknews.kz/spravka/20190226/9417899/gabit-musirepov-atyndagy-balalar-men-jasospirimder-teatry.html
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Әрі қарай оқу: https://sputniknews.kz/spravka/20190226/9417899/gabit-musirepov-atyndagy-balalar-men-jasospirimder-teatry.html

Жуырда театрдың басшылық қызметіне актер Азамат Сатыбалды келді. Ал бұрынғы басшысы Сәбит Әбдіхалықов Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып тағайындалды

Театр қалай құрылды

Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 1946 жылы 4 шілдеде Алексей Толстойдың “Алтын кілт” атты спектаклімен ашылды.1992 жылы Ғабит Мүсіреповтің 90 жылдығының құрметіне театрға қазақ жазушысының есімі берілді. Бұдан кейін 1996 жылы театрдың 50 жылдық мерейтойына орай “академиялық” дәрежесі берілді. Театрдың өсіп-өркендеп, жаңа деңгейге көтерілуіне Наталья Сац, Серік Шәріпов, Мен Дон Ук, Есмұхан Обаев, Виктор Пұсырманов, Нұрқанат Жақыпбай, Жанат Хаджиев және т.б.-лар үлес қосты.

Театрдың жүлделері

1958 жылы Мәскеуде өткен бүкіл одақтық жастар театрларының фестивалінде “Ыбырай Алтынсарин” қойылымы екінші дәрежелі диплом иеленді. Сондай-ақ, осы қойылымда өнер көрсеткен Байділдә Қалтаев, Салима Саттарова, Әмина Өмірзақова мен қоюшы-режиссер фестиваль лауреаты атанды.

1966 жылы Мен Дон Ук сахналаған Шахмет Құсайыновтың “Алғашқы ұшқындар” спектаклі Ленин комсомолы сыйлығын иеленді.

Тағы оқыңыз: Жасампаз “Жастар” театрының құрылу тарихы

1983 жылы Мұхтар Әуезовтің “Алуа” пьесасын сахналаған режиссер Райымбек Сейтметов пен әртістер — Гүлжамал Қазақбаева, Мәкіл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев қазақ ССР мемлекеттік сыйлығын алды.

1985 жылы Ұлы жеңістің 40 жылдығына арналған бүкілодақтық байқауда “Жау тылындағы бала” спектаклі ІІІ дәрежелі диплом иеленді.

1995 жылы қазақ ақыны Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық фестивальде “Желсіз түнде жарық ай” қойылымы 1-орынды алды. Сондай-ақ, қойылымның режиссері болған Нұрқанат Жақыпбай “Ең үздік режиссерлік шешімі үшін” жүлдесімен марапатталды.

1998 жылы Каир қаласында өткен халықаралық театр фестивалінде “Жан азабы” туындысы ең үздік спектакльдер қатарынан көрінді.

1994 жылы режиссер Есмұхан Обаев қойған Әкім Таразидың “Індет” трагикомедиясы 1997 жылы өткен республикалық театр фестивалінде бас жүлдені иеленді.

1998 жылы өткен түркі халықтарының театр фестивалінде театр ұжымы арнайы дипломмен марапатталды.

2002 жылы Иран-Ғайыптың “Қорқыттың Көрі” спектаклі Қазан қаласында өткен “Түркі халықтарының театр фестиваліне” қатысты. Аталған байқауда Қорқыт рөлін сомдаған Балтабай Сейітмамытұлы лауреат атанды.

2003 жылы республикалық театрлар фестивалінде Жанат Хаджиев қойған Ілияс Жансүгіровтің “Исатай-Махамбет” тарихи драмасы бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, 2004 жылы республикалық байқауға қатысқан Сәкен Жүнісовтің “Тұрымтайдай ұл еді…” спектаклі бас жүлдені иеленді.

2006 жылы Астана қаласында өткен республикалық фестивальде Талғат Теменовтің “Алма бағы” драмасы “Замандас тақырыбы” номинациясын жеңіп алды. Осы жылы Уфа қаласында өткен ІV түркі тілдес елдер театрларының халықаралық “Туғанлык” фестиваліне қатысқан “Алма бағы” спектаклінде шал бейнесін сомдаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Тұрсын Құралиев “Аталар дәстүріне құрмет” арнайы сыйлығын иеленді.

2007 жылдың 27 — 30 наурыз аралығында Шымкент қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне қатысқан Софы Сматаев, Талғат Теменовтің “Көгілдір такси” мелодрамасында Мариям рөлін сомдаған актриса Күләш Шаяхметова “Ең үздік әйел бейнесі” үшін лауреат атанды.

2008 жылдың 2-7 қыркүйек аралығында Алматы қаласындағы ІІ халықаралық Орта Азия мемлекеттерінің театр фестивалінде өнер ордасының “Жұмақтағы жасын” спектаклі “Ең үздік шетел классикасын сахналаған қойылым” жүлдесін жеңіп алды.

2009 жылдың 17-27 қараша аралығында Сеул қаласында өткен “Ұлы Жібек жолы” театр фестиваліне “Мулен Ружға шақыру” спектаклімен қатысты.

2010 жылдың 22-24 сәуірі аралығында театр Мәскеу қаласына гастрольдік сапармен барып, көрермен қауымды қойылымдарымен қуантты.2010 жылдың 27-30 мамыры аралығында Алматы қаласында өткен ІІІ халықаралық Орта Азия халықтарының театр фестиваліне қатысқан Шыңғыс Айтматовтың “Қызыл орамалды шынарым” лирикалық драмасында Әсел рөлін сомдаған Аида Жантілеуова “Ең үздік әйел бейнесі үшін” лауреат атанды.

2011 жылдың 25-30 наурызы аралығында “Қызыл орамалды шынарым” драмасымен Түркияның Адана қаласында өткен “Ұлы Жібек жолы” атты Түркітілдес елдердің халықаралық театрлар фестиваліне, 2012 жылдың 15 — 19 сәуірінде Түрікменстанның Ашхабад қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне қатысып келді.

Тағы оқыңыз: “Наз” мемлекеттік би театры туралы қызықты мәліметтер

2013 жылдың 15-16 қараша күндері Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына орай Бішкек қаласында өткен “Арт-Ордо” халықаралық театр фестиваліне Мұхтар Әуезовтің “Ай-Қарагөз…” трагедиясымен қатысты.

2014 жылдың 10-19 қыркүйегінде Әзербайжан Республикасының Шеки қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне “Естайдың Қорланы”туындысымен, 2016 жылдың 20-30 сәуір аралығында Түркияның Конья қаласында өткен “Мың тыныс — бір дауыс” атты халықаралық театр фестиваліне “Қара шекпен” қойылымымен қатысты.

2016 жылдың мамыр айында “Дидар” ІІ халықаралық театр өнерінің эксперименттік фестиваль-лабораториясында Ермек Аманшаевтың “Ол” моноспектаклі “Ең үздік қойылым” номинациясына ие болды.

2015 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры әлемнің 83 мемлекеті қатысатын “АССИТЕЖ” дүниежүзілік балалар мен жасөспірімдер театрлары ассоциациясының қатарына қосылды. Аталған ұйымға қабылданған қазақстандық өнер ордаларының ішінде 84-ші болып бекітілді.

2017 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен ІІ республикалық “Балауса” экспериментальдық спектакльдер фестиваліне “Ол” атты психологиялық драмамен барды. Аталған туындыдағы актер Данияр Базарқұлов “Ең үздік ер адам бейнесі” номинациясына ие болды.

2017 жылдың 22-24 мамырында ақын-драматург Иран Ғайыптың 70 жылдығына орай өткізілген “Мәңгілік елдің Алтын адамы” атты республикалық театр фестивалінде “Естайдың Қорланы” спектаклінде Қорлан бейнесін сомдаған актриса Жібек Лебаева “Ең үздік әйел бейнесі” номинациясын иеленді.

Осы жылдың 9-13 қыркүйегінде танымал театр сыншысы Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына орай өткізілген ХХV республикалық драма театрлары фестиваліне қатысқан “Шыңырау” драмасы “Режиссерлік дебют” номинациясын жеңіп алды.

2017 жылдың 8-12 желтоқсаны аралығында Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының 45 жылдығы аясында, белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиевтің рухына арнап өткізілген І аймақтық театр фестивалінде “Ант” драмалық дастаны “Қарағанды облысы әкімінің арнайы сыйлығымен” марапатталды.

2018 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына арналған ІІІ республикалық “Балауса” экспериментальды спектакльдер фестивалінде “Шыңырау” драмасы “Үздік спектакль” номинациясын жеңіп алды.

Мұнымен қатар, осы жылдың маусым айында, ІІ дүниежүзілік “Астана” театр фестивалінде “Қара шекпен” әфсанасын қалың көрермен назарына ұсынды.

2018 жылдың қыркүйек айында Ақтау қаласында өткен Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналған Каспий жағалауы елдерінің ІI халықаралық театр фестиваліне “Шыңырау” спектаклімен қатысып, сыншылардың жоғары бағасына ие болды.

Театрда кімдер жұмыс істейді

2016 жылдан бері театр ішінде 27 наурыз — халықаралық театр күніне орай, “Алтын сақа” дәстүрлі жаңа қойылымдар фестивалі өтіп келеді. Аталған фестиваль аясында 70-ке жуық әртістері арасында бір жыл аясында сахналанған спектакльдердегі рөлдер бойынша жұмыстары сарапқа салынады. Кейін түрлі номинация бойынша жүйріктер анықталып, ақшалай сыйлық пен диплом беріледі.

Театр актерлері мен актрисалары — Роза Әшірбекова, Күләш Қажығалиева, Жақсыбек Құрманбеков, Гүлжамал Қазақбаева, Хазима Нұғманова, Лидия Кәден,  Кәдірбек Демесін, Жібек Лебаева, Сағат Жылгелдиев, Сағызбай Қарабалин, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Сәкен Рақышев, Сүндет Бектау, Күлжәмила Белжанова, Қадырғазы Қуандықов, Еркін Әбдірешов, Жібек Бектемір, Шолпан Сіргебаева,Райхан Қалиолдина, Жомарт Зейнәбіл, Лиза Серікова, Раушан Байзақова, Рахман Омаров, Айгүл Иманбаева, Сафуан Шаймерденов, Сауле Тұрдахунова, Руслан Ахметов, Еділ Рамазанов, Әсет Иманғалиев, Данияр Базарқұлов, Ақмарал Дайрабаева,  Динара Әбікеева,  Ерлан Кәрiбаев, Қуаныш Тұрдалин, Сәния Ерзат, Нұргүл Мыңғатова, Бақыт Тушаев, Әсем Қашағанова, Ақбота Қаймақбаева, Жанар Мақашева,  Есжан Хмидуллин, Бейбіт Камаранов, Мерей Әжібеков,  Гауһар Сағынғалиева, Толқын Нұрбекова, Анар Әділова, Гүлбаһрам Байбосынова, Елдар Отарбаев, Дархан Сүлейменов, Мақсат Сәбитов және т.б.-лар.

Бүгінгі таңда театрда 200-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 70-ке жуығы — әртістер. Қалғандары — әкімдік, шығармашылық қызметкерлері және техникалық құрам жұмыскерлері. Театр директоры болып келген Сәбит Әбдіхалықов Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына басшылық қызметке барды. Оның орнын актер Азамат Сатыбалды алмастырды.

Ақпарат көзі: https://sputniknews.kz/spravka/20190226/9417899/gabit-musirepov-atyndagy-balalar-men-jasospirimder-teatry.html?fbclid=IwAR25ey_lsJGt0CP0JB5GPpLDsyyX-LgVTuqrbiUqOkJhmx4W1zabKlL-Yqw

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Маңғыстауда

admin

Ақтөбеге Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры келе жатыр

admin

Театрымыздың әдебиет бөлімінің меңгерушісі – Бақыт Беделхан “Жаңа күн” бағдарламысының “Кітап сөресі” айдарында.

admin