Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Министрліктің жаңалықтары

Қазақстанға келетін саяхатшылар санын 9 млн-ға жеткізу жоспарлануда

Қазақстан алдағы жылдары туристік салада бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мақсатта арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындалып, заң жобаларына өзгерістер енгізілмек. «Атамекен» палатасында құжаттың алғашқы таныстырылымы өтті.

2025 жылға қарай еліміздегі туризм жалпы ішкі өнімнің 8 пайызын құрау керек. Қазіргі көрсеткіш 2 пайызға жетер-жетпес. Бұған қоса, туристік салада 650 мың адам жұмыспен қамтылып, елдегі саяхатшылар ағымын 9 миллионға жеткізу мақсаты тұр. Сөздің шыны керек, сылдыр сандар мен жүзеге аспайтын жоспар сияқты көрінеді сырттай. Бірақ салаға жауапты мамандар оны орындайтын орайды таптық деп отыр. Президент тапсырмасы бойынша, қысқа мерзімде арнайы бағдарлама әзірленіп, ондағы жоспар бұрынғыдай жүрдім-бардым емес, жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.

Еркебұлан Хасенов, мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу штабының үйлестірушісі:

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен бірігіп, киелі жерлерде туризмді дамыту керек. Ол үшін жол салу, көліктің бағасын түсіру сияқты халыққа көрсетілетін қызметтердің стандартын көбейту қажет. Осы жұмыстар жүргізілуде.

Әрине еліміздегі жүздеген тарихи, яки туристік орындарды қатар көркейту мүмкін емес. Сондықтан бағдарламаны әзірлеушілер ең алдымен республикалық деңгейдегі нақты 10 орынды таңдап алды. Бұл – Бурабай, Алакөл, Маңғыстау сияқты төрткүл дүниеге танымал жерлер. Енді онда туристік инфрақұрылым жетілдіріледі. Қарапайым мысал, біздегі қонақүйлердің 8 пайызында ғана жұлдыз бар екен. Енді олардың үлесін арттыру керек. Мемлекеттік бағдарламада осындай барлық элемент ерекше ескерілген.

Қарлығаш Алтаева, «Атамекен» ҰКП Туризм департаментінің директоры:

– Біз осы бағдарламаның аясында жұлдызды болу үшін стимулдар қарастырып жатырмыз. Мысалы, егер коммуналдық төлемақыны субсидияласақ, сол кезде ынта болады. Шаралар мемлекеттік органдармен талқыланып жатыр.

«Саяхатшыларды шетелдік не жергілікті» деп бөлмейміз дейді мамандар. Өйткені барлығы да сапалы қызмет алуға лайықты. Ең бастысы – құжатта көрсетілген мақсат-міндеттерді барлық тарап мінсіз орындаса, туризм бойынша әлемдегі үздік елуліктен табылуға мүмкіндік бар және бұл асқақ арман емес, нақты қолдан келетін шаруа екенін алға тартты жиналғандар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген фильм Үндістанда өткен ШЫҰ кинофестивалінде жоғары марапатқа ие болды

admin

Аида Балаева ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Минмен кездесті

admin

Ұлттық палатада туризмді дамыту бағдарламасы таныстырылды

admin