Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Актриса Гүлбахрам Байбосынова ханның жары болды

24042015_004.04.2015

2-3 сәуір күндері Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың «Ант» спектаклінің премьерасы өтті. «Ант» пьесасы 1973 жылы жазылған. Автордың таңдаулы, шоқтығы биік шығармаларының бірі. Тарихи оқиғаның ізімен сахналанған қойылым қазақ тарихының қилы кезеңін, қазақ елінің тағдыры үшін күрескен ерлердің ерліктерін суреттейді. «Ақтабан шұбырындының» қайғылы кезеңі де, ойраттарды ойсырата жеңген батырлар, яғни «Аңырақай шайқасындағы» үлкен жеңіс те бар. Сондай-ақ Ресейге қосылу кезеңдері де суреттелген.

Спектакльдің қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Жанат Хаджиев, ал композиторы – ҚР мәдениет қайраткері Ермек Елгезеков. Спектакльде Әбілқайыр хан, Бәтима ханым, Сауран батыр, Барақ сұлтан, Қайып хан, Мыртық би, Бөгенбай батыр, Жанарыс және т.б. кейіпкерлер бар. Әбілқайыр ханның бейнесін Жомарт Зейнәбіл мен Әсет Иманғалиев сомдаса, Әбілхайыр ханның жары Бәтиманың бейнесін Гүлбахрам Байбосынова мен Динара Шымырбаева алып шықты. Әбілқайырға пышақ сұғатын Сауран батырдың рөлін алып шыққан жас актерлер: Дархан Сүлейменов пен Елдар Отарбаев. Бөкенбай батырдың бейнесін сомдаған Ержан Жарылқасыновты театр сахнасынан көргеніне көп көрермен риза болды. Кәдірбек Демесіін, Сағызбай Қарабалин, Данияр Базарқұлов, Ербол Садырбаев, Мұхитдин Шынтаев, Әсет Есжан секілді актерлерді де осы спектакльден көре аласыздар. Қапы қалмаңыздар. Келесі қойылым сәуір айының 24-25 күндері болмақ.

«Шын-ақпарат»

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жастар театры қартаймайды

admin

Ф.МОЛДАҒАЛИ:”ҚҰЛАГЕР” СПЕКТАКЛІ ТҮРКИЯ МЕН МӘСКЕУДЕ САХНАЛАНАДЫ

admin

Ғ.Мүсірепов театрының мерейтойы

admin