Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Аққулар оралады…

Жуырда Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Аққулар ұйықтағанда» спектаклінің премьерасы өтті. Қарасаздың қарлығашы атанған Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған қойылымға жиналған халықтың қарасы көп болды. Спектакль ақын поэмасындағы жыр жолдарымен ашылды. 

Өзен де жоқ сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға.
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мына көл тау басына?!
Мөлдірейді, қарайды қарға, шыңға,
Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә.
Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман?
Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам?
…Ортаймаған «Жетім көл» толмаған да,
Болған өмір ұқсайды болмағанға.
Сызат та жоқ бетінде, сызық та жоқ,
Айдынына аққуы қонбаған ба?!
Көрермен назарына аққуы қонбаған айдын көл аясындағы саябақ көрінісі ұсынылып, сол маңдағы тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі көрсетілді. Саябақ ішінде қол ұстасқан қос ғашықтың әсем бейнелері, жалғызбасты қарияның бақ ішінде терең ойға шомуы, бәрі-бәрі осы сахналық қойылымда көрініс табады. Оқиға бір ауыл тұрғындарының төңірегінде өрбіп, сан түрлі мінез-құлық иелерінің образы ашылады.
Спектакль көрерменге отбасылық құндылықтар, ата-ананың алдындағы перзенттік парыз, жақын жандардың бір-бірін түсінуге талпынуы туралы ой салады. Сондықтан да жастар үшін тағылымдық мәні зор.
Драмалық қойылымның авторы – жазушы-драматург Нұрғали Ораз. Режиссері – Ержан Қауланов. Қоюшы суретшісі – Нұржан Сәменов. Басты рөлдегі қыз бен жігіттің рөлін Нұржамал Әбілқиясқызы мен Мерей Әжібеков сомдады. Бас кейіпкерлері – балиғат жасына енді жеткен жасөспірімдер. Ал қарт адамның рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жомарт Зейнәбіл ойнайды. Спектакльде Қазақстанның халық артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Роза Әшірбекова, ҚР-ның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Кәдірбек Демесін, сонымен қатар Сүндет Бектау, Анар Әділова, Нұргүл Мыңғатова, Рахат Халық, Диас Мырзахмет, Олжас Сақ, Шыңғыс Жаңабай, Абзал Құралбаев, Шағуан Үмбетқалиев, Арайлым Оқас секілді талантты артистер өнер көрсетті.
Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының мазмұны көпшілікке жақсы таныс. Баласының өмірі үшін күрескен ана, айдынында жүзген аққуын қимайтын Жетімкөл қасіреті жырланады. Ал қойылымға қазіргі заманның ащы шындығы, яғни жастардың басындағы сан түрлі күрмеулі мәселелер өзек болған. Жастардың бас­панасыз сенделуі, жалақысының аздығы олардың ертеңгі күнге үмітпен қарауына кедергі болады. Жасанды түсік жасату мәселесі де, үлкенге деген құрметтің азаюы да осы көрініс кезінде байқалады. Жалғыз қалған адамның басындағы қиыншылық, өткен күндерге деген сағыныш көпті көрген қарияның өзегін өртейді. Жалғыз ұлы шетел асқан, кемпірі қайтыс болған, төрт бөлмелі үйде бір өзі қалған қарияның жастармен арасындағы ­диалогы тебірентпей қоймайды. Байлыққа мастанбай, қиындыққа, жоқшылыққа мойымай отбасылық өмірдің шырқын бұзбауға шақырады.
Спектакльдің бір ерекшелігі – ақын мен кейіпкер қыздың бір-бірімен үн қатысуы. Кішкентай қызынан айырылған ақынның басындағы трагедия жаныңды жабырқатады. Бала жүзіндегі қуанышты, шаттықты ештеңеге де айырбастай алмайтынына осы жолы тағы бір көз жеткізесің.
«Аққу дегеніміз аңдап бақсаңдар құс қана емес, адам баласының көңіліндегі аппақ арманы мен кіршіксіз таза сұлулықтың нышаны ғой. Сондықтан да мына хауызға олардың тезірек оралғанын тілеп аттанбақпын. Қош, сау болыңдар!» деп қойылымның шешуші бөлігі ақын сөзімен қорытындыланады.
Қойылым соңында сан түрлі кедергілер мен қиындықтардан өткен қос ғашыққа ақыл айтып, тура жол сілтеген қария қыз бен жігітті өз қамқорлығына алады. Оларға пана болып, өзімен бірге бір шаңырақ астында тұруға шақырады.
Нұрғали Ораз: «Көрермен спектакльді жақсы қабылдады. Бұл қойылымдағы негізгі айтар ойымыз – ұрпақ мәселесі. Біз ұлт ретінде өзімізді-өзіміз сақтауымыз керек. Бүгінде ұрпақты тәрбиелеуге келгенде бір-біріне қарама-қайшы мәселелер бар. Қарапайым отбасынан шыққан екі жас қосылғысы келеді. Бірақ көпшілігінің жағдайы жоқ. Бала асырауды айтпағанда, өзін асырауға жағдайы әрең жетіп жүр. Баспанасы жоқ, әр жерде пәтер жалдайды. Ал бай отбасынан шыққан балалар шетелге кетіп қалып жатыр. Олардан тараған ұрпақ қазақ тілін, халқының ұлттық құндылықтарын білмей өседі. Бұл қойылымның басты мақсаты – жастарға аз да болса ой салу, жақсылыққа үгіттеу, насихаттау. Олардың өмірге деген құштарлығын арттыру» дей келе, спектакльді шебер сомдап шыққаны үшін театр ұжымы мен актерлеріне шын жүректен ризашылығын білдірді.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Шадияр Ғалымжанов өз пікірін былайша жеткізді.
– Меніңше, қойылым көпшіліктің көңілінен шықты. Қос ғашықтың арасындағы махаббатқа жоқшылық қарсы тұрғанын аңғардым. Қарияның жас жеткіншектерге жол сілтеп, ақыл-кеңесін айтуы да қазіргі жастарға айтылған өсиет іспетті болды, – дейді ол.
«Аққулар ұйықтағанда» драмасының көрермен қауымға ұнағанын олардың автор мен актерлерге көрсеткен қошеметінен байқауға болады. Сахналық безендірулер де ерекше форматта жасалғаны бірден аңғарылады. Сюжет желісі көктемгі аспанда ары-бері жөңкілген бұлттар арқылы ширыға түседі. Бұлт торлаған аспан сахна төбесінде орнатылған үлкен жарықтың көмегімен бейнеленеді. Найзағайдың жарқылы, күннің күркіреуі, саябақтың сыртқы көрінісі көрерменге ерекше әсер сыйлайды.
Сөз соңында айтпағымыз, «Аққулар ұйық­тағанда» поэмасы мен драмалық қойылымның байланысы жөнінде. Дастанда аққу мен баланың демі қатар үзілсе, қойылымда сәбидің жарық дүниеге келуі, аққудың көлге қайта оралуы әдемі үйлесімділікті аңғартады.
Поэмада оқиға:
«Аққулар…
Аңыз көп қой олар жайлы,
Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды.
Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар,
Шошыса, енді қайтып оралмайды.
Орнында екен «Жетім көл», жоғалмапты
Ортаймапты немесе тола алмапты.
Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз,
Қасиетті аққулар оралмапты» деп аяқталса, спектакльдің соңында бәрі керісінше – жақ­сылықпен бітеді. Аққулар айдын көліне оралып, екі жас бақыт құшағында тербеледі.
Спектакль көрерменін шым-шытырық оқи­ға­ларға толы сериалдардан бетер буырқандырып, өзіне тартып әкетеді. Режиссер аталмыш қойы­лымды көрермендер қабылдауының жаңа пішіміне көшіріп, мәтіндегі ойларды жеткізудің жаңа тәсілдерін іздестіруге әрекет еткені көрініп тұр. Басты рөлді сомдаған қыз бен жігіт те, қария да өз кейіпкерлерін сәтті орындап шықты. Өзге уақыттың екпіні мен үрдістерін бере отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін шешуге деген талпыныс қойылымды қызықты әрі тартымды ете түскен.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Ақпарат көзі: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=46956

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Екінші пландағы үздік актриса”

admin

Балаларға арналған қызықты ертегі назарларыңызға ұсынылады!!! Касса: 271-42-37 Онлайн билеттерді ticketon.kz, толық ақпаратты musrepov.kz сайтынан ала аласыздар! Томпақпен Жаңа жылды бірге қарсы алайық!

admin

ДИНАРА АБДУЛЛИНА: «МЕН ӨЗІМДІ ӘРТІСПІН ДЕП ЕСЕПТЕМЕЙМІН»

admin