Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙ, режиссер: «Сахнаны қашанғы шегелеп, желімдей береміз»

«Жусан иісін» оқымаған бала жоқ шығар?!. Есте толығымен сақталмаса да,  шуылдаған балалардың артында тобығын тайдырып алып, ақсаңдап жүгіретін ертегіші Аянды ұмыту мүмкін емес. Аянмен бірге қуанып, бірге мұңайдық. Көпшіліктің сүйікті жазушысы Сайын Мұратбековтің шоқтығы биік туындысы. «Аянның ертегі айтатыны Сайынның өзіне аздап келеді. Бірақ Аянның прототипі бар. Ол – ауылда тобығы тайғандықтан аяғын қисаңдатып, сəл ішіне басатын Науқан деген бала. Сол баланың тағдыры шығармаға арқау болды», – дейді алғашқы оқырманы,  жазушының жары Мəриям апай. Қоюшы режиссер да Мəриям апаның сөзін растады.

Ғ.Мүсірепов театрында жаңа қойылым дегенді естіп алып, тағатсыздана күттік. «Қойылымнан «жусанның иісін» сезіне аламыз ба?» деп күмəнданғанымызды несін жасырайық?!.

Режиссері Жұлдызбек Жұманбай екенін біліп, көңілдегі күдік сəл саябырсыды. Өйткені, Жұлдызбектің  жұрт алдында сүйкімі бар. «Шалдың баласы» атанып, ауылдың шаңын жұтып өскен баланың шалыс басуы мүмкін еместей.

Бізбен бірге мектептің оқушылары да барыпты. Бір күйініп, бір сүйсіндік. Театрдағы балалардың тобырын көріп қуанғанымызды қайтейік, «Тыныштық сақтаңыздар! Қол соқпаңыздар!» деп жан-жағымызға алаңдап əбігерге түстік. Мəдени орындағы мəдениеттілік туралы тəрбие сағаттарында айтылса, балалардың қаперінде жүрер еді… Айтайын дегеніміз бұл емес.

Көптен күткен қойылым көрерменмен қауышты. Əдебиеттанушы Айгүл Ісімақованың: «Жусан иісі» – соғыс кезінде жетім қалған ұрпаққа қойылған ескерткіш», – дегені еріксіз еске түсті. Премьераны бас-аяғы екі айдың ішінде дайындап, сахнаға жарқ еткізді. Қойылымның жаңалығы – «Жабайы алма» екеуінен бір қойылым жасағаны. Біздің əңгіменің басы да біріккен қойылымнан басталып, еліміздегі режиссура саласының дамуы төңірегінде өрбіді.

Ұлан: «Жусан иісі» қанша уақыт ойыңызда пісіп жүрді? «Жабайы алманы» қосуыңызға не себеп болды?

Жұлдызбек Жұманбай: Менің қуанатыным – соңғы жылдары біздің театр балаларға бет бұрды. Оған жаңадан келген басшылар мұрындық болып отыр. Енді ғана біз өз миссиямызға қарай ойыстық. Балалар театрының негізгі мақсаты – балаларға арналған қойылымдар көрсету. Көптен бері ойда жүрген дүние болды. Аяқ астынан келген жоқпын. Шығарманың өзі балалар мен жасөспірімдерге арналған. Кейіпкерлері де – жасөспірімдер. Театрымыз да балаларға арналған. Сайын Мұратбеков – халықтың жазушысы, балалар əдебиетінің атасы. Қазақтың шығармасы қазақ театрының сахнасында қойылуы керек емес пе?!. Əрине, прозалық дүние болғандықтан, сахнаға лайықтау оңай болмады. Оқырман мен көрерменнің айырмашылығы бар. Оқырманның ойша елестетіп отырған дүниесін көз алдына əкелу керек. Мақсатым осы еді. «Жабайы алманы» қосқанымды көп адам түсінбей жатыр. Бірақ екі туындының да баяндалып жатқан кезеңі бірдей. Қос шығармада да қазақ ауылының соғыс кезіндегі өмірі, жасөспірім балалардың қарым-қатынасы, оның ішінде махаббат та, сезім де бар. Сол дəуір, сол қоғам. Қойылымның форматына келіп тұр. Қос шығарма да бір кезеңді қамтығасын біріктіру туралы ой келді. Жазушының құдіреті – тілінің қарапайымдығында. Асқан суреткер. Қарапайым тілмен оқиғаны көз алдыңа əкеле алады. Бір журналист досым келіп көріп кеткен. Кейіннен: «Шетелде оқып келсең де, бір жасандылық пен заманауи дүние қоспай, тап-таза ауылдың иісін əкелдің. Жусанның иісі – қазақтың иісі екен ғой. Мен өз иісімді біліп қайттым», – дегені бар. Маған соғыс ұғымы жақсы таныс. Біздің əулеттің төрт азаматы соғысқа кетті. Екеуі жараланып, екеуінен қаралы қағаз келді. Осының өзі қазақтың трагедиясы. Қаншама бозбалалар қызбен кездесіп, маңдайынан сүйе алмай кетті. Тағдыры əртүрлі кейіпкерге бай туындыны неге сахналамасқа?!

Ұлан: Актерлар қалай таңдалды? Қанат рөліндегі Мақсат Сəбитовтің есімі де, түрі де көрерменге жақсы таныс. Қойылымдардан бөлек, отандық киноларда да төбе көрсетеді. Рөлдері де салмақты. «Жусан иісіндегі» балалардан жас айырмашылығы едəуір аңғарылды.

Жұлдызбек Жұманбай: Мақсат сақал-мұртымен ойнағасын көп көрерменнің қабылдамағаны рас. Бұл жерде актерға екі образды жүктедім. Бірі автор болып баяндайды, екіншісі бала болып ойнайды. «Жусан иісінде» ешқандай диалог жоқ. Автордың өзін ойнатып, формасын өзгерткім келді. Авторды шетке ысырғым келмеді. Спектакльде Сайынның өзі де жүр. Автор баяндау арқылы өзінің образын берді. Қалғандары – театрда қызмет істейтін актерлер. 20-22 жастағы жас балалар. Аянның рөлін сомдаған Рахат Халық, Əжібекті алып шыққан Шағуан Үмбетқали болды.

«Жусан иісі» – менің режиссерлік жолдағы алтыншы қойылымым. Театрда жүргендіктен актерлікті де, режиссерлікті де қатар алып жүретінің анық. Бірақ көтергенде режиссердің салмағы басым болады. Актер өзіне берілген рөлді ғана алып шығады. Өзінің кейіпкеріне ғана жауап береді. Ал режиссер рөлді сомдайтын актерлардан бөлек, қойылымның командасына жауапты. Режиссер – ұйымдастырушы. Режиссерлік сала күрделі екенін жоққа шығаруға болмайды.

Ұлан: Шетелдің театр сахналарында болып жүрсіз. Екі жыл Мəскеуде болып, театр өнерін зерттедіңіз. Біздің театрға не жетіспейді екен?

Жұлдызбек Жұманбай: Біз ақырын өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай дамып келеміз. Осылай баяу жылжып қана отырамыз. Театр өнері ешқашан бір-бірімен бəсекелеспеген. Өйткені, əр театрдың өз менталитеті бар. Қазақтарда театр ұғымы ілгеріде пайда болды. Оған дейін жайлауда əн салып, ақындар айтыс жасап, күй шертті. Міне, дала театры! Əлемде дала театры болмаған. Жалғыз көшпелі қазақта ғана бар. Бұл – біздің ұлттық кодымыз. Шетелге де жалт-жұлт еткен, «бір қайнауы ішінде» қойылымдарды емес, біздің өміріміз бен тұрмысымызды айшықтайтын дүние апаруымыз керек. Қолдан мінез жасамай-ақ, табиғи болмыспен рөлдерді сомдап шық. Кино мен театр актерінің бет-бейнесі, сол кездегі қазақ жігіттерінің сақалының өзі сүйсіндіреді. Сұрағыңа орай жауабымды да айта кетейін. Шетелден алатын да, алмайтын да дүниелер болады. Еліміздегі барлық театр өз деңгейінде өсіп жатыр.

Ұлан: Театрда нені өзгерткіңіз келеді?

Жұлдызбек Жұманбай: Театрға жаңа технологияны қосқым келеді. Балалардың театры болғандықтан оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын жалт-жұлт еткен 3D форматындағы үлкен экрандар керек. Қашанғы сахнаны шегелеп, желімдеп безендіре береміз? Сахнада өзінен-өзі ашылып-жабылатын аппаратуралар болса, қанекей?!. Бұрын адамдар баспалдақпен көтерілетін, қазір лифт пайда болды. Өзгере келе, лифтінің көтеретін салмағы ұлғайып, оның технологиясы өзгерді. Бірақ лифтінің қызметі өзгерген жоқ. Сол секілді театрдың да технологиясы өзгергенімен, халық үшін жасаған қызметі өзгермесе екен деймін.

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет!

P.S: «Бетімнің формасы балалардікіндей, елуді алқымдап, бетіме əжім түскенде тарихи тұлғалардың рөлін сомдауым мүмкін. Жасап жатқан жұмыстарымның дені балаларға арналған. Өзім де əлі күнге дейін баламын», – дейді қырығы қыр астында тұрған режиссер. Балалардың əлемінде жүргендіктен олай болуы заңдылық та шығар. Сайын Мұратбековтің де балаға тəн еркелігі болғанын көзі көргендер айтып жүр. Иттен қатты қорыққаны сонша, аяқ астынан сырқаттанып қалған жарына: «Түн ішінде сені қайда апарам? Мені ит талап тастайды. Таңға дейін шыда», – дегені ел аузында.  Айтпақшы, «Жусан иісі» басқа облыстардың да сах-наларында қойылуы мүмкін.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №3
16 қаңтар 2018 жыл

Ақпарат көзі: http://zhasorken.kz/zh%D2%B1ldyzbek-zh%D2%B1manbaj-rezhisser-sahnany-%D2%9Bashan%D2%93y-shegelep-zhelimdej-beremiz/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Балалар драматургиясы неге әлсiз?

admin

ТАЛАНТТЫ СЫЙЛАУ КЕРЕК ТІРІСІНДЕ немесе «Тағдыр тақтасындағы» тоғысулар

admin

«АЛТЫН САҚА» жаңа қойылымдардың театрішілік ФЕСТИВАЛІНЕ шақырамыз!

admin