Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНДА «СЕҢ» ҚОЗҒАЛДЫ

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театрында қазақ әдебиетінің классигі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» атты роман-дилогиясы «Сең» деген атпен сахналанып, көрерменге жол тартты. Романның сахналық нұсқасын жазған әрі сахналаған қоюшы-режиссері – Сырым Асқаров. Қоюшы-суретшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайртакері Есенгелді Тұяқов.

Жазушының жиырма жылға жуық уақытын сарп еткен туындысы – Арал жағасындағы адам мен табиғаттың траге­диясын тереңнен қозғаған шығар­ма. Құрылымдық және мазмұн­дық жағы­нан күрделі де терең, оқиғасы ша­шыраңқы, ішкі монологтар мен еске алу сияқты көріністерге құрылған роман-дилогия­ның идеясын жоғалт­пай, жұп-жұмыр етіп екі сағаттық қойы­лымға айналдыра білу режиссер­ден үлкен дайындық пен шебер­лікті талап етсе керек. Спектакль жайлы сөз қозғамас бұрын Ә.Нұрпейіс­овтей классик жазушымыздың айтулы туын­дысын жастығы мен тәжірибесінің аздығына қарамастан үлкен академия­лық сахнаға қоюға режиссер С.Асқа­ровты не итер­меледі екен? «Романның сахналық нұс­қасын жазуға және қоюға қанша уақыт кетті?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. Режиссер: «Бұл роман­ды сахналауыма біріншіден – марқұм анам Бақыт Жанғалиева түрткі болса, екіншіден – шығарма идеясының тереңдігі қызықтырды. Кейіпкерлері де кесек-кесек. Мұнда ойнайтын дүние бар. Осындай кесек шығармамен жұмыс істеу барысында режиссер ретінде өзім де, спектакльде ойнайтын актерлер де шың­дала түседі. Әбдіжәміл ағамыз романға байланысты «бұл менің заман­мен араз­дасуым» деген еді. Аралдың тартылуы – адамның ар-ұжданының тар­тылуымен бірдей аллегориялық параллель дүние. Өзімшілдіктің белең алуы, адасып жүрген тағдырлар – тек қазаққа ғана тән емес, жалпы адамзатқа қойылған диагноз сияқ­ты. Алғашқы жазылған сахналық нұсқама қарасам, төрт жылдай уақыт кетіпті. Сахнаға шыққанша бірнеше нұсқасы жазылып, талай өзгеріске түсті. Театрдың көр­кем­дік жетекшісі Е.Жуасбек ағамыз бен анам Б.Жанғалиева пьесаның драма­тур­гия­лық жағынан көмектессе, театр ар­тис­тері де дайындық кезінде өздерінің ой­ларын қосты. Эпикалық дүние бол­ған­­дықтан, спектакльдің драма­тур­гия­сы – көппен бірге біткен іс. Ә.Нұрпейі­сов ағамызға инсценировкасын көрсет­тім. Автор ойын алып жүретін Арал шал бейнесін символикалық образ ретінде мәтінге енгізген едім. Осыған байла­нысты ағамыз «Сахнадағы екі картинаны байланыстырып отыратын символика­лық образды жақсы тапқан екенсің» деп ризашылығын білдіріп, рұқсатын берді. Жалпы, спектакльдің дайындығына төрт ай уақыт кетті. Мұндай дүниелерді әбден пі­сіріп, толықтырып шығармаса, шикі дүние боп шығар еді», – дейді.
Романның жазылу процесі сияқты ұзақ дайындықтан өткен «Сең» спектаклі көрер­мен тарапынан да жылы қабыл­данды. Негіз­гі кейіпкерлер Жәдігер, Бәкизат пен Әзім үшеуінің арасында өрбитін оқиға махаббат пен сатқындыққа құрылғанымен, автор ру­хани азып-тозған, ауыр тұрмыстан шарша­ған, өмір­дің сынағынан қажыған кейіпкер­лердің тағдыры арқылы Аралдың тағды­рын, ұлттың тағдырын қозғайды. Осы тұрғыдан алғанда, режиссер спектакльдің көркем­дік деңгейін ұлттың трагедия дәрежесіне дейін көтеріп жеткізе білді. Сахна шы­мылдығы ашылған сәттен көзге түсетін көпір іспетті қозғалмалы үш сең мен алдыңғы пландағы қуаң тартқан Аралдың орнында қалған сим­во­ликалық кішкене кеме, төбеде ілінулі тұрған балық аулай­тын тор сияқты бірін-бірі толықты­рып тұрған сахна безендірілулері спектакльдің эмоциялық әсерін күшейтіп, актерлер де ойындарының табиғилығына үлкен әсерін тигізіп жатты. Аралдың тағды­рын өз өмірінен бөліп қарай алмайтын, жарына деген сезімін жүрегінің түбіне сақтап қана қоймай, күресе де алатын, балықшы Жәдігердің бейнесін Руслан Ахметов ойнаса, Аралдың орнына қала салып, үлкен орындардан көрінгісі келетін, сол жолда неден болса да тайын­байтын ғалым Әзімбектің қайрат­кер болып көрінуге ұмтылуы мен қайта күй­ре­уі, әшкереленуі сияқты мінездік өзге­ріс­терін сомдау актер Данияр Базар­құлов­қа бұйырып, осындай екі азаматтың ешбірі­нен баянды бақыт таба алмай, шарқ ұрған, ақырында жарын да, кемтар қызын да тастаған Бәкизаттың екіұдай бейнесін актриса Толқын Нұрбекова керемет сомдап шықты. Жәдігердің адуынды анасының образын актриса – Л.Кә­денова, Сары шал – К.Демесінов, Жә­ді­гердің қызы – Д.Нұрболат, Көшен шал – Ж.Құрманбеков ойнаған бейнелердің қай-қайсысы да өздеріне ғана тән мінез­дерімен, шынайы болмыс­тарымен ерек­шеленіп жатты. Спек­такльдің негізгі жүгін, яғни автор ойын арқалап жүрген, режиссердің ойлап тапқан Арал шал бейнесі Еділ Рамазанов­тың бейнелеуінде қойылым­ның көркем­дік деңгейін биіктетіп, үш негізгі кейіпкердің тағдыры мен Арал трагедия­сына филосо­фия­лық биіктіктен қарап, ой түйгізетін абыз шалға айналып жүре берді. Қоюшы-суретші Е.Тұяқовтың ойлап тапқан кіш­кентай кемесі де символикалық деталь ретінде Арал шалдың бейнесімен бірдей спектакльдің жүгін арқалап, көз алдыңа сусыз жетімнің күйін кешкен, қаңсыған ойпат пен кеменің аянышты күйін елестете түседі. Табиғат пен адам жаны­ның экологиялық апат алдында тұрған қорқынышты бейнесін түрлі көркем­дік детальдар мен актер ойындары, түрлі режиссерлік шешімдер арқылы жеткізе белген қойылымның куәгері жазушы, дра­ма­тург Дулат Исабеков спектакль соңында алған әсерімен сахнаға шығып бөлісті: «Романның аты «Соңғы парыз» болғаннан кейін менің де осы спектакльді көруім парыз болды. Себебі, бұл роман­ның түпнұсқадағы алғашқы оқырма­нымын. Бір емес бірнеше рет оқыған романым. Мұндай романды оқудың өзі қиын. «Романның жиырма бетіне шейін әрең оқыдым. Ары қарай оқи алмадым. Оған тұздық араластырыңыз. Әйел керек. Махаббат керек» деген пікірімді Әбе­кеңе жазып бергенімде «Маған ең құнды пікір айтқан сен ғана болдың. Қалғанда­ры­ның бәрі жалаң мақтай берді. Сен орынды пікір айтыпсың» деген еді. Мұндай роман­ды оқу үшін адамға үлкен шыдам және жаңа бір термин керек. Ол термин­нің аты – «искус­ство медленнего чтения». Жалпы, романның бүкіл сюжеті сеңнің үстінде өтеді. Япыр-ай, үш адам. Жәдігер, Әзім, Бәкизат. Үшеуінің монологтары өте ұзын. Еске алумен өте береді, өте береді. «Мұны сахнаға қалай шы­ғарды екен?» деп уайымдап едім. Бүгін қау­пім сейілді. Сырым – жас режиссер. Мынан­дай өте күрделі, оқып түсінудің өзі қиын романды сахнаға шығара білу және ішіндегі оқиғалардың бәрін іріктеп алып, сах­на­лық әдебиет жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ мұндай дүниені жасау режиссердің қолынан келіпті. Міне, бізге осындай дүниелер керек. Ұлттық траге­дия, ұлттық проблема. Барлық кейіпкерлер, әсіресе, Бәкизаттың образы романда қай жағына шығарын білмей, анда-мұнда қақпақыл болатыны, халықтың тра­гедиясы және мұздың үстіндегі махаббат – осылардың бәрін бір жүйеге түсіре біліпті, бір ұстынның бойына байлай отырып, өзекті оқиға етіп тағдырды алыпты. Кеме кішкентай етіп алынса да символикалық мәні зор. Міне, сол кемені Арал шал тартып бара жатыр. Енді ұлттың ертеңі не болады? Романды оқып отырғанда Әзімді де қол­дайсың. Өйткені бәрібір Арал теңізі құриды. Арал теңізін сақтаймыз деп Сыр­дария мен Амударияның бойында адамдар егін екпей отыруы керек пе? Осы орайда айтылған «Атамекен адамға азық болмайды» деген жақсы сөз бар екен.
Спектакльден артық-кем ештеңе таба алмадым. Қазір мұндай дүниелерді сирек көреміз. Жәдігер, Әзім, Бәкизат үшеуінің де бейнесін ойнаған актерлердің рөліне риза болдым. Бәкизаттың өзі романда сахнадағы­дай көп ашыла қоймаған. Ол образдың тірі адамға айналғанда қатты әсер ететіні көрініп тұрды. Актриса Бәкизат трагедиясын ашып бере білді. Бүгінгі таңда ұлттың трагедиясын қозғайтын осындай спектакльдер керек-ақ. Бұл спектакль – біздің қазақ сахна өнеріндегі соңғы кездегі ең үлкен табыстарының бірі. Өмірі ұзақ болсын дегім келеді» деп, Ә.Нұрпейісов ағамыздың денсаулығына бай­ла­нысты келе алмаған, көре алмаған спек­такліне құтты болсын айтып, театр ұжы­мы­ның мерейін көтеріп өтті.
Классикалық әдеби көркем шығар­маның сахналық нұсқасын жазу мен оны қою ұйқысыз түндерді таңдарға асырып, жаныңды азапқа салдыратын режиссерлік шеберлікті қалыптастыруда үлкен мектеп болатынын ескерсек, ал сол қойған дүниең­нің сәтті шығуы бола­ша­ғыңа деген сенімінің кілті болмақ.
Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыс­тық драма театрында төрт жылдай бас режис­сер қызметін атқарып, Өскемен, Теміртау сияқ­ты қалалардың театр­ларында да спек­такль­дер қойып, шы­ғармашылық шыңдалудан өтіп кел­ген жас режиссер Сырым Асқа­ров­тың
Ғ.Мүсірепов атын­дағы қазақ мемле­кеттік ака­демиялық жас­­өс­пі­рім­дер мен бала­лар театрында сахналаған алғашқы та­быс­ты қойылымы бү­гінгі қазақ сахна өне­рі­нің же­тіс­тігіне айнала берсін деген тілек білдіреміз.
Ақмоншақ АХМЕТ

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/11/14/33324.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Әңгіменің ашығы” (024) – 20.11.15

admin

«Айтылмаған махаббат» ән-думан кеші өтеді

admin

Гүлбаһрам БАЙБОСЫНОВА, актриса:

admin