Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

КЛАССИКТІҢ ХАТТАРЫ ҚАЙДА ЕКЕН?

Көрнекті қоғам қайраткері, көркемсөздің хас шебері Ғабит Мүсіреповтің жазушылық қыры мен адами болмысы көзіқарақты оқырманға жақсы таныс. Алайда, оның жалпақ жұртқа беймәлім құпиялары жайында көпшілігіміз біле бермейміз. Жақында «Время» газетінің 12 қаңтардағы санында жазушының қыздары Гүлнар мен Гауһар Мүсіреповалар ата-аналары жайында естеліктерімен бөлісіп, сұхбат берген-ді. Мақаламыз осы сұхбат негізінде жазылды.

Құралай Иманбекқызы

Кезінде ұлы жазушы жас актриса Раиса Мұхаме­дия­роваға ғашық болып, үйленуі қоғамның талқы­сына түсіп, түрлі алып-қашпа әңгімелерге арқау бол­ғаны рас. Өзінен 37 жас кіші арумен тағдыр қосқан жазушыны көпшілік онша құп көрмеді. Тіпті, сол кездегі Ғабеңнің әріптестері де: «Мүсірепов неме­ре­сіндей бүлдіршін қызға үйленді» деп арыз да жазға­н екен. Алайда екеуінің арасындағы нәзік сезім жас алшақтығына қарамастан шаңырақ көтеруіне себепші болды. Отбасында Гауһар мен Гүлнар есімді екі қыз өмірге келеді. Ол кезде жазушы 62-де, талантты актриса 25-те еді.

«Шамасы, араларындағы жас айырмашылығы себеп болса керек, әкем анамның көңілін табу үшін ұзақ жүріпті. Өзінен әлдеқайда үлкен азаматтың ұсынысын ол көпке дейін қабылдамапты. Анам әкеме деген алғашқы сезімі қалай тұтанғаны жайында жиі айтатын: «Бірде ол маған телефон шалып, сыртқа шығып кетуімді өтінді. Шықсам, көлік ішінде отыр екен – көзінің асты қарайып, құдды бір махаббат дерті­нен әбден күйзеліске түскендей… Тіпті, түрі науқас адам секілді әбіржіп кетіпті. Сол сәттен бас­тап менің жүрегімде алғаш рет махаббат оты тұтан­ғандай болды деді» деп  еске алады қызы Гүлнар. Заңғар жазушының өзіне деген шын махаббатын сезген арудың махаббат хикаясы осы тұстан бастау алады.

%d1%80%d0%b0%d0%b8%d1%81%d0%b0

Ғабит Мүсіреповтің бірінші және екінші некеден туылған балалары бір-бірімен (Мүсіреповте тек қана қыздар болған) өте жақсы араласады. Олар бір-біріне қонаққа барып, отбасылық мерекелерді бірге атап өтіп, балалары мен немерелерінің жетістіктерін бірге тойлауды әдетке айналдырған.  Жазушының алты қызы бар: бірінші некеден — Энгелина, Мара, Роза және Райхан, ал екінші некеден — Гауһар мен Гүлнар. Араларында Розаның қызы Дина Ғабит Мүсіреповтің атына жазылған. Ал шығармашылық жолды таңдаған Райханның ұлы Бекет қана екен. Ол суретші, анима­тор әрі зергерлік мамандықты жақсы меңгерген.

Гүлнардың  Ғабит, Мәди атты екі ұлы, ал Гауһардың Аделя есімді қызы бар. Гүлнар үлкен ұлы­ның есімін атасының құрметіне Ғабит деп қо­йыпты. «Таныстарымыз кішкентай Ғабитті әкемнің жас кезінен айнымайды дейді. Ата-анам туралы көптің талқысына түскен және бір оқиға мынау еді.

Мен өмірге келгенде әкем 64 жаста екен. Мұндай жаста екінің бірі сәбилі болуы екіталай ғой.  Сол себепті әкемді көре алмағандар «шынымен бұл Ғабиттің қызы ма?» деп күмәнмен қарапты. Ұлым Ғабиттің атасына ұқсағандығы көп нәрсеге жауап бергендей… Соның арқасында өрттей лаулаған өсек сөніп, көптің күдігі сейілгендей болды» дейді Гүлнар әңгімесінде. Кіші Ғабит 16-ға келгенде өзі шешім қабылдап, фамилиясын Мүсірепов деп өзгертіпті. Қолына қалам алып, аздап өлең де жазған. Ешкімге тіс жарып айтпаған бұл құпиясын олар Ғабиттің келіншегі Жаннадан естиді.

Жазушының сөз өнеріндегі үлкен шеберлігін һәм шығармашылық жолын әулетте ешкім таңдамаған. Мамандықты қан­шама  игеруге талпынсаң да, тағдыр пешенеңе жазбаса, бәрі бекер. Рас, Мүсірепов ұрпақтары әке жолын қуып, сөз зергері атанбады, аналары секілді өнер адамы болып, киелі сахнаны бағындырмады. Барлығы — қарапайым мамандық иелері. «Анамыз керемет өмір сүрді деп айта алмай­мыз. Себебі, оның әр басқан қадамы үнемі ел наза­рында болды. Қандай да бір істі қолға алғанымен, оның жоспары іске аса бермейтін. Жаны нәзік, шығармашылық адамының мұндай соққыға төтеп беретіні некен-саяқ қой.

%d1%85%d0%b0%d1%822

Раиса Мұхамедиярова «Қазақфильм» киносту­диясы түсірген «Ән шақырады» атты көркем фильмде бас­ты рөлді сомдаған. Сол тұста оның жұлдызы жарқырай түседі. Жас актри­са­ның атағы бүкіл КСРО-ға тарап кетеді.Сұлулығымен қоса оның жасты­ғы да көптің жүрегіне сезім отын жақ­қаны жасырын емес. Оған әр жерде­гі жігіттерден толассыз келіп жататын сезімге толы ғашықтық хаттар дәлел. Себебі, мұндай әдемілікке тамсанбау мүмкін емес еді! Тіпті, бір кездері тоты­дай таранған сұлулығына сүйсінгендер Раиса Мұхамедияроваға қазақтың Софи Лорені деп те баға берген екен.Тағдыры талайлы актриса қыздарының сахна төрінен көрінуіне аса қарсылық танытпаған сыңайлы. Бірде Раиса үлкен қызы Гүлнарға сту­дияда қандай да бір байқау өткізілетінін айтады. «Менің аңғалдығым ба, кім білсін, анамның ұсынысын қабыл алып, әлгі байқауға қатыстым. Сол кезде адам төзгісіз халді бастан кешірге­німді білсеңіз ғой…Жалпы, біз Гаухар екеуміз ТЮЗ-дің сахнасына басқа актерлердің балалары секілді мәдени шараларға жиі шығатынбыз» деп еске алады Гүлнар.

Адам табиғаты қызық қой. Бүгінде қырыққа, елуге, тіпті, алпысқа келіп бала сүйіп жатқандар баршылық. Он­дайда бет-әлпетіне қарап бірден «неме­реңіз бе?» деп ойланбай сауал тастай­тынымыз бар. Сол секілді Ғабит Мүсі­репов те екі қызын алпыстан асқанда көрген. Өзіне де, сөзіне де аса талғампаз жазушы  серілігі мен сырбаздығының арқасында өзін ешқашан қартайдым демейтін. Сол себепті де оны ешкім ата деп атамаған. Үнемі заманға сай үлгіде киініп, кербез жүретін. Мәселен, жазу­шының үйде киіп жүретін сүйретпесі  болмапты. «Ұй­қы­ға жатарда ғана аяғын шешкені болмаса, жалпы, әкеміз үйде туфлимен жүретін» дейді Гауһар.

Жазушының екі қызы да атасы мен апасының қолында тәрбиеленіпті. Ата-аналары ажырасып кеткеннен кейін де олар әкелерінен алшақтап кеткен жоқ. Үнемі кездесіп, ойларымен бөлісіп тұрған екен. «Әкеміз үнемі шындықты жақтайтын. Оның қара сөздің қаймағын сапыра білетін шеберлігі, жалпы, әдебиеттегі алар орны өз алдына. Ал қанға сіңген қайтпас қайсар мінезі бөлек әңгіме. Соның бір дәлелін, сонау оты­зыншы жылдардың басында Голо­щекиннің қазақ жерінде қолдан ашар­шылық ұйымдастырғаны үшін жоғары билікке батыл наразылық білдіріп, «Бесеудің хатын» жазғанынан аңғаруға болады. «Сонда әкеміз көп уақытқа дейін күнін Горький паркі жақтағы бірін­ші отбасымен өткізетін. Үйге кеш қарайғанда бір-ақ оралатын. Билік қай заманда да шындықты бетке айтатын­дарды жақтыра бермейді емес пе?! Сол себепті әкемдіжандайшаптар кез- келген уақытта тұтқындап әкетуі бек мүмкін еді. Мұндай сәтті біздің көргенімізді қалаған жоқ».

Ғабең мен Раисаның махаббат дас­таны қоғамның талқысына түсіп, үлкен дау-дамайға себепші болғанын қыз­дары әбден есейгенде бір-ақ түсі­неді. Бірақ, олар ата-аналарын еш жаман­дыққа қиғылары жоқ. Раиса Мұхамедиярова өзінің сұлулығымен қатар, әдепті­лігі­мен, әйелге тән нәзіктігімен қыздарына үлгі бола білген жан. Бүгінде қыздары олардың ғұмыры жайында зор мақта­нышпен еске алып отырады.

Алайда, махаббаты аңыз бен әңгі­меге толы жұптың бақыты баянды болмады. Оған себеп те, сылтау да көп еді. Алғашында Мүсіреповтің сцена­рийі бойынша түсірілген фильмде Раиса сомдайтын рөл табылмай, кейін­нен актрисаның сахнада және кино әлемінде өзін толық көрсетуіне мүмкіндік болмайды. Үй шаруасы мен бала тәрбиесі оның қолын байлады. Осылайша өнерден қол үзгісі келмеген талантты актриса Мүсіреповке өзі күткен деңгейдегі махаббатты сыйлай алмады… Ғабит Мүсірепов 70-ке кел­генде Раисамен ажырасып кетеді. Одан кейін Ғабең Ғазиза Бисеновамен тағдыр қосады. Ол кезінде Мұхтар Әуе­зовтің машинист­касы болған. Ғабең шығармаларын арабша жаза­тындықтан, оны кирил­лицаға аударып жазу сол заманда екінің бірінің қолы­нан келе бермейтін. Ғазиза апай Ға­бең­нің шығармаларын басып беріп жүріп танысқан екен.

Бірақ, Ғазизаны жазушының екі отбасындағы балалары да қабылда­мапты. Алайда, ол өмірінің соңына дейін, соңғы он үш жылында жазушы­ның қасында болады. Жазушы соңғы сапарға аттанарында артында қалған шығармаларын кітап етіп басып шыға­ру құқығын екі қызы мен немересі Динаға аманат етіп қалдырған.

– Біз қазіргі уақытта әкеміздің шы­ғармаларын өзіміз шығаруды ойлас­тырып жатырмыз. Коммер­циялық бағытта емес, әрине, оның артында қал­ған мәңгі өшпес мұрасы қарапайым халыққа қолжетімді болса деген ой. Өкінішке қарай, кітаптың орыс тілін­дегі нұсқаларын өзіміз әрең таптық. Кітап дүкендерінде Мүсіре­повтің қазақ тіліндегі кітаптары ғана бар. Бүгін­де Алматыда оқырмандардың басым көпшілігін орыстілділер құрай­ды. Өкініштісі сол, қазақ тіліндегі әдебиеттерді онша ешкім оқымайды. Бұл шындық. Сондықтан да әкеміздің кітабын орыс тілінде шығарғанды жөн санап отырмыз» дейді Гүлнар.

Кейіннен кинорежиссер Сергей Әзімов Ғабеңнің ғашығына жазған сезімге толы хаттары негізінде «Клас­сиктің кеш оянған махаббаты» атты фильм түсіреді. Алайда, сол хаттар бүгінде ізім-қайым жоғалып кетті. Демек, аманатқа қиянат жасалды. Ол жайында жазушының қыздары былай еске алады:

– Біздің үйде әдемі қобдиша бар болатын. Оның ішінде әкемнің анама жазған сезімге толы хаттары сақта­лушы еді. Анам сол қобдишаны маған бірнеше рет көрсетіп, көзі тірісінде бұл хаттарды ешкімнің оқымауын, еш жерде жарияланбауын ескерткен еді. Алайда, сол хаттар кейіннен жоғалып кетті. Кинотүсірушілердің қолында кетті ме, әлде, анамның көңілін сұрап келіп жүргендер жымқырып кетті ме, ол жағы біз үшін жұмбақ. Хаттар әкем мен анамның өмірінен қалған құнды естелік-тін. Біз әлі де болса, сол хат­тарды алған адамдар қайтарып береді деген үміттеміз».

Шынымен де, классиктің ғашығына арнаған хаттары қайда екен?

 

басқа басылымнан

«…Ғабеңнің Раисаға арнаған құпия хатының кіріспесінде: “Бір данасы саған, бір данасы маған, үшінші данасы – екеуміздің қайсымыз тұрақсыздық істеп, басқа біреуге бұрылып кетсек – соған” деп жазуы да тегін емес.

 

* * *

…Көп жылдан соң, 2002 жылы ЮНЕСКО шеңберінде өткен Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығы құрметіне қаламгердің туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысында болған мерекеге Раиса Мұхамедиярова Ғабең екеуінің қос қарлығашы Гауһар мен Гүлнарды да ерте барыпты. Кешкілік ас үстінде менің Ғабең туралы толғана айтқан пікірімнен кейін Раиса: “Ғұмырымның ең сәулелі, шуақты күндері Ғабеңмен бірге өткізген күндерім екен. Егер өмірімді қайта бастар болсам, жастықпен, аңғалдықпен жіберген қателіктерімнің біріне де жол бермес едім. Қайтейін, енді бәрі кеш… Қазір Ғабең менің рухани шыңыма, сүйенер жал¬ғыз тірегіме айналды” деп көзіне жас ірікті».

М.Шаханов, «Мүсіреповтің екі ерлігі және дара талғам қасіреті».

 

(“Қырғыз Эвересі…” атты Ш.Айтматов туралы эсселер кітабынан үзінді).

Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2017/03/04/%D0%BA%D0%BB%D0%B0%D1%81%D1%81%D0%B8%D0%BA%D1%82%D1%96%D2%A3-%D1%85%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80%D1%8B-%D2%9B%D0%B0%D0%B9%D0%B4%D0%B0-%D0%B5%D0%BA%D0%B5%D0%BD/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жарықты қосыңыз!

admin

Роза Әшірбекова «ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ» БАҒДАРЛАМАСЫнда қонақта 14.10.15

admin

“Кейіпкер келбеті” қонақтары мен көрермендері кездесуінің жақсы өтуіне қолғабыс көрсетіп, өздерінің тың идеялары, қызықты ойындары, ұшқыр ойлары және кейіпкерлерімізге арнап өлең шығарып, кештің қыза түсуіне керемет атсалысқан – театрымыздың ФАН-КЛУБ жастарына алғыс білдіреміз!

admin